Массагет бәйгесі. Бүгін топтағы бірінші ойындар аяқталады

Массагет бәйгесі. Бүгін топтағы бірінші ойындар аяқталады
Фото: Reuters, sports.ru

Бүгін футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатындағы топтағы бірінші ойындар аяқталады. Сондай-ақ Ресей мен Египет құрамалары топтағы екінші ойындарды бастайды. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі өз жалғасын табады. Олай болса ойындарға қысқа шолуымызды ұсынамыз.

Колумбия - Жапония

"Н" тобындағы алғашқы ойын Колумбия және Жапония құрамаларының кездесуімен басталады. Саранскіде өтетін ойынға словениялық төреші Дамир Скомина қазылық жасайды.

Бразилияда өткен әлем чемпионатында Колумбия құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Ширек финалға дейін шығып, алаң иелеріне ғана аздаған басымдық беріп қойды. Ал Хамес Родригес мундиальдың үздік сұрмергені әрі ең әдемі соғылған голдың авторы атанды. Жарыс аяқталысымен мадридтік Реалға ауысты. Қазір Мюнхеннің Бавария клубында ойнап жүр. Футболшының тағы бір жұлдызды сәті жақындап келе жатқан секілді...

2014 жылы жарақатына байланысты Радамель Фалькао қатыса алған жоқ. Биыл шабуылшы жарысқа жақсы бабында келді.

Жапония құрамасы да алғашқы ойында ұпай алуға бекініп келді. Жыл басынан бері 5 жолдастық кездесу өткізіп, 3-де ұтылды. Соңғы ойындарында Парагвайды ұтты. Малимен тең ойнады.

Осыған дейін қос құрама өзара 3 рет кездескен. 2 рет Колумбия ұтса, бір кездесу тең аяқталған.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Колумбия: Давид Оспина; Сантьяго Арьяс, Йерри Мина, Давинсон Санчес, Хоан Мохика; Абель Агиллар, Карлос Санчес, Хуан Куадрадо, Хамес Родригес; Луис Муриэль, Радамель Фалькао

Жапония: Эйдзи Кавашима; Хироки Сакаи, Мая Йошида, Томоаки Макино, Юто Нагатомо; Макото Хасебе, Гаку Шибасаки, Генки Харагучи, Кейсуке Хонда, Такаши Инуи; Юя Осако

Ойын Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде "QazSport" арнасы көрсететін болады.

Польша - Сенегал

Польша құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстанмен бір топта болды. Астанада өткен алғашқы ойында отандастарымыз 2:2 есебімен тең ойнады. Екінші ойында поляктар 3:0 есебімен жеңіске жетіп, 3 ұпайларын алды.

Роберт Левандовский бастаған жігіттер бүгін Сенегал құрамасымен кездеседі. Бұл ойында олар айқын фаворит болмаса да, аздаған басымдыққа ие.

Әлем чемпионаты алдында Польша құрамасы сапынан Камил Глик жарақат алып қалды. Дегенмен емделіп, бүгін алаңға шығуы мүмкін деп күтілуде. Ал Сенегал құрамасы сапынан Салиу Сессаның жарақаты ауыр болды. Бас жаттықтырушы оның орнына Адам Мбенгені шақырды.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Польша: Щенсны - Рыбус, Паздан, Беднарек, Пищек - Крыховяк, Линетти - Гросицки, Зелински, Блащиковски - Левандовски

Сенегал: Н'Диайе - Сабали, Сане, Кулибали, Гассама - Куяте, Гейе - Ньянг, Мане, Сарр - Сахо

Астана уақытымен сағат 21:00-де басталатын кездесуге бахрейндік төреші Наваф Шүкіралла қазылық жасайды. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсететін болады.

Ресей - Египет

Бүгін топтағы бірінші ойындар аяқталып, Ресей мен Египет құрамалары екінші кездесуді бастайды. Егер алаң иелері жеңіске жететін болса, плей-оффқа шыққан алғашқы команда атанады.

Ресейліктер беташар ойында Сауд Арабиясын 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Ал Египет болса, соңғы минуттарда өз қақпасына гол соқтырып, Уругвайға 3 ұпай сыйлады. Мысырлықтар үшін не бел кетеді, не белбеу кетеді деген ойын болмақ.

Жанкүйерлердің көпшілігі бұл ойынға Мұхаммед Салахтың қатысқанын қалайды. Футболшы қазір негізгі құраммен жаттығып жүр. Бүгінгі ойынға шығып қалуы да мүмкін.

Ресей мен Египет құрамалары өзара кездеспеген. Ресейліктер осыған дейін қатысқан әлем чемпионаттарында (үш рет) топтан шыға алмаған. Ал мысырлықтар мундиальда бірде -бір рет жеңіске жетіп көрмеген екен.

Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:

Ресей: Акинфеев – Игнашевич, Кутепов, Смольников - Жирков, Газинский, Зобнин, Самедов – Дзюба, Головин - Смолов

Египет: Аль-Шенави - Али Габр, Генази, Фатхи, Абдель Шафи - Хамед, Аль-Нани, Трезеге, Саид - Собхи, Салах

Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталатын ойынға парагвайлық төреші Энрике Касерес қазылық жасайды. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсететін болады.

Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз. 

Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.

Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Өйткені алда әлі  50 ойын бар. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Болжамдар бәйгесінің ережесі

О. Сансызбай