"Қайрат" командасы бразилиялық шабуылшыны қатарына қосты

"Қайрат" командасы бразилиялық шабуылшыны қатарына қосты
Фото: "Қайрат" ФК

"Қайрат" футбол клубы 30 жастағы бразилиялық шабуылшы Элдер Сантанамен келісімшарт жасасып, команда қатарын толықтырды. Келісім 2024 жылдың соңына дейін есептелген.

Элдер Сантана осыған дейін "Ақтөбе" командасы қатарында ойнаған еді. Өткен маусымда ол ақтөбелік команда сапында барлық турнирде 32 матч өткізіп, 6 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді.

Шабуылшы "Атлетико Минейро" түлегі. Туған клубынан бөлек, өз елінде "Тупи", "Ферровиарию", "Сампайо Корреа", "Брагантино", "Атлетико Гойяньенсе", "Ботафого", "Сертаозиньо" командаларында өнер көрсетті.

2019 жылдың жазында шабуылшы Португалияға көшіп, онда "Санжуаненсе" және "Жил Висенте" клубтарының намысын қорғады.

Айта кетейік, бұған дейін "Қайрат" командасы қорғаушы Лука Гадраниді де "Ақтөбе" командасынан алып, қатарына қосқан болатын. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай