Дэвис кубогы: қазақстандық теннисшілер Болгариямен алғашқы екі матчта жеңіске жетті

Дэвис кубогы: қазақстандық теннисшілер Болгариямен алғашқы екі матчта жеңіске жетті
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

София қаласында Дэвис кубогінің плей-офф матчында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Александр Бублик есепті 2:0-ге жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Екінші кездесуде әлемнің 29-ракеткасы Бублик дүниежүзілік рейтингте 569-орында тұрған Янаки Милевпен кортқа шықты.

Бірінші партияны қазақстандық теннисші брейкпен бітірді – 6:4.

Екінші сетте Бублик бірден брейк жасап, 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:1.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Александр 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.

Осылайша, Қазақстан – Болгария матчында есеп – 2:0.

Оның алдында Қазақстанның екінші, әлемнің 123-ракеткасы Тимофей Скатов пен дүниежүзілік рейтингіде 179-орында тұрған Димитар Кузманов кортқа шықты.

Бірінші партияда корт иесі 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Скатов 3:0 есебімен алға кеткенімен, болгариялық спортшы таразы басын теңестірді. Дегенмен, Тимофей мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Содан кейін шешуші, үшінші сетте бәсекені жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Екі сағат 47 минутқа созылған кездесу барысында Скатов 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 эйс, 4 брейкпен көзге түсті.

Бүгін, жексенбі күні үш бәсеке жоспарланған. Қазақстанға матчта жеңіске жету үшін соның біреуінде ұтса, жетіп жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан