"Канеломен" қалай жұдырықтасу керек екенін білемін" – Головкин үшінші жекпе-жек туралы айтты

"Канеломен" қалай жұдырықтасу керек екенін білемін" – Головкин үшінші жекпе-жек туралы айтты
Фото: tengrinews.kz, Турар Казангапов

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Сауль "Канело" Альвареске қарсы үшінші жекпе-жегін өткізіп, бұл жолы жеңімпазға ешкім күмән келтірмейтіндей жеңуден әлі де үмітті. 72,6 келіге дейінгі орта салмақтағы қазіргі IBF чемпионы 76,2 келіге дейінгі супер орта салмақтағы абсолютті чемпионды жан-жақты зерттегеніне сенімді. Бұл туралы vringe жазды.

"Канело керемет спортшы. Онымен қалай жұдырықтасу керек екенін білемін. Иә, оның да мені зерттегеніне сенімдімін, оның да жекпе-жек кезінде маған қолданатын әдіс-тәсілі бар", - деді Головкин Walking The Floor басылымына берген сұхбатында.

Екінші жекпе-жегінен кейін Альварес үшінші жекпе-жек өткізуге ынталы болмады.

"Ол жай ғана жоғары көтеріліп, басқа мүмкіндіктерге ұмтылды. Бірақ қазір біздің жекпе-жекке қызығушылық бар. Бұл жақсы мүмкіндік. Оның қашан болатыны белгісіз. Уақыт көрсетеді", - деді Геннадий.

Еске салайық, екі боксшы 2017 және 2018 жылдары Лас-Вегаста кездескен болатын. Бірінші кездесуде тең есеп тіркелсе, екіншісінде төрешілердің шешімімен "Канело" жеңіске жетті. Мексикалық биыл мамыр мен қыркүйекте екі жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған. Көптен күткен трилогия күзде өтуі мүмкін.  

Головкин рингке 2021 жылдың желтоқсанында оралуы керек еді, бірақ WBA Super белбеуінің иегері Риота Муратамен жекпе-жегі Жапониядағы коронавирус шектеулеріне байланысты кейінге қалдырылды. Сірә, енді жекпе-жек сәуір айында өтеді.

Т. Раушанұлы