Чемпиондар лигасы. Финалда ағылшын клубтары ойнайды

Чемпиондар лигасы. Финалда ағылшын клубтары ойнайды
Фото: sport24.ru

Футболдан Чемпиондар лигасының финалына шыққан екінші команда да анықталды. Қарымта ойында "Реал Мадридті" (Испания) ұтқан "Челси" араға 9 жыл салып финалға шықты.

Лондондағы "Стэмфорд Бридж" стадионында өткен кездесуде ағылшындық клуб 2:0 есебімен жеңіске жетті. 28-ші минутта Тимо Вернер есеп ашып, командасын алға шығарды. Ал ойын аяқталар тұста Мэйсон Маунт есепті еселеді.

"Челсидің" бас жаттықтырушысы Томас Тухель екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының финалына шыққан алғашқы маман атанып отыр. Ол өткен жылы ПСЖ командасымен финалда бақ сынап, жеңіске жете алмаған еді.

Биылғы Чемпиондар лигасының финалында ағылшындық клубтар ойнайды. Естеріңізде болса, кеше бірінші болып "Манчестер Сити" жолдама алған болатын.

Финал 29 мамыр күні Стамбулда өтеді.

Н. Үсенова