"Реалдың" бас жаттықтырушысы 5 жылға сотталуы мүмкін

"Реалдың" бас жаттықтырушысы 5 жылға сотталуы мүмкін
Фото: instagram.com/realmadrid/

"Реал Мадрид" командасының бас жаттықтырушысы Карло Анчелотти 5 жылға сотталуы мүмкін. Маманды Испания прокуратурасы салық төлеуден жалтарды деп айыптауда, - деп жазады Relevo басылымы. 

Танымал жаттықтырушы 2014-2015 жылдары салықты заң аясында төлемей, 1 миллион еуро көлемінде мемлекеттік қазынаға шығын келтірген. Бұл үшін маман 4 жыл 9 айға сотталуы мүмкін. 

AS ақпарат құралы ақпараты бойынша Карло Анчелотти жалақысынан бөлек имидждік табыстарын жасырып қалған. Одан бөлек өзге елдегі екі жылжымайтын мүлігі туралы ақпарат бермеген. 

Карло Анчелотти алғаш рет "корольдік клуб" тізгінін 2013 жылы ұстады. 2015 жылдың мамырына дейін Испания кубогы, Чемпиондар лигасы, УЕФА Суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. 

2021 жылы "Реалды" жаттықтыруға қайта келді. Қазіргі таңда оның командасы 66 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр.

Айта кетейік, осыған дейін "Барселонада" ойнаған бразилиялық футболшы Дани Алвес жас қызды зорлағаны үшін 4,5 жылға сотталған болатын. Кейіннен каталондық клуб футболшыны команданың аңыз ойыншылары қатарынан алып тастады. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай