Ризабек Айтмұхан Азия чемпионатына жаңа салмақта қатысады

Ел тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан 11-16 сәуір аралығында Бішкекте өтетін Азия чемпионатына қатысады. 

Ризабек 97 килоға дейінгі салмақта бақ сынайды. Басты бәсекелестерінің бірі Бахрейн елінің атынан күресетін Ахмед Тажудинов болмақ. Ол былтыр Белградта өткен әлем чемпионатында Кайл Снайдер, Абдулрашид Садуллаев сынды балуандарды жеңіп, әлем чемпионы атанған еді.

Айта кетейік, Ризабек 92 килоға дейінгі салмақта әлем чемпионы атанғаннан кейін жаңа салмаққа ауысып, Олимпиадаға баруды көздеген еді. Алайда жуырда ғана Астанада өткен Спартакиадада Әлішер Ерғалиға жол беріп, лицензиялық жарысқа қатысу мүмкіндігін мүлт жіберген. Ал Әлішер де Азия чемпионатынан Бішкекте өтетін Олимпиаданың лицензиялық жарысына қатысады.