Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның жұрт біле бермейтін қырлары

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның жұрт біле бермейтін қырлары
Фото: uww.org

Қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан 19 жасында еркін күрестен әлем чемпионы атанды. Жай атанып қойған жоқ, осы спорт түрінен жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы спортшымыз. Бұған дейін грек-рим күресінен топ жарған балуандарымыз болғанмен, еркін күресте есе жіберіп келген едік.

Ризабек Айтмұхан Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданының тумасы. Кішкенекөл деген ауылда туған. Бұл ауылдың бұрынғы аты — Қызыл ту. Бастапқыда балуан туған өлкесінің атынан жарыстарға қатысып жүрген. Кейіннен Алматы қаласына ауысқан. Оның да себебі бар.  

Балуанның әкесі Қанат Жолдасбай да күрес саласындағы маман әрі жаттықтырушы. Анасы – Гуляр Жолдасбай. Ол мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып істейді. Отбасында 6 бала. Ризабек ұлдардың ішінде үлкені. Одан кейінгі інісі Әлішер де еркін күреспен шұғылданады. Күреске келулеріне әкелерінің жол көрсетуі сеп болған. Ризабектің кенже інісі Атажан – 1,5 жаста. 

Неге жарыстарға Солтүстік Қазақстан атынан қатыспайды?

Балуанның не себеп­ті өзге өңір атынан жарыстарға қа­ты­сып жүргенін оның жеке бапкері әрі әкесі Қанат Жолдасбай бір сұхбатында айта кеткен.

Ұлым мектепте оқып жүргенде облыстық жарыстарға жиі қатысып тұрды. Бірақ республикалық және халықаралық додаларға келгенде жергілікті спорт басқармасы қолда­мады. Басшылық қаражаттың жоқтығын айтты. “Өзіңіз табыңыз” дей­ді. Спортшының жолына, қонақүйі­не, жүріп-тұруына, тамақтануына қы­руар ақша қажет. Менде мұндай қо­мақты қаржы жоқ. Әлі күнге дейін есім­де, Ризабек әлем біріншілігіне об­лыс атынан қатысуы тиіс еді. Бі­рақ басқарма тағы үнсіз қалды. Бір күні Алматыдан жігіттер хабарла­сып, қаржы бөлетіндерін айтып, өз­деріне шақырды. Баламды алып, Ал­матыға жол тарттым. Бірден интер­натқа қабылдап, дүниежүзілік жа­рыс­қа қатыстырды. Әрине, бұл мүм­кіндікті пайдаландық, – дейді Қанат Жолдасбай.

Ризабек 2010 жылы Астанадағы Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде тәлім алған, 2019 жылы Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылданған.

Ризабек – еңбекқор балуан

Ризабек Айтмұхан – биыл еліміздің ғана емес, әлемдік күрес мамандарының жоғары бағасын алған бозкілем шебері. Ол жылдың басында Алматыда өткен күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында чемпион атанды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 2-орын алды.

Ризабек күреспен айналыса бастаған кезден бері тәртіппен жүрді. Әлі де солай, тәртіппен жүреді. Таңертең сағат 6:30-да тұрып, жаттығады. Кешкі 22:00-де ұйықтайды. Бос жүріс, бос қыдырыс деген жоқ. Бәрі сағаттай тәртіп. Осы тәртіп пен еңбектің арқасында міне, әлем чемпионы атағын жеңіп алып отыр. Ол бала кезінен «авторитеттерді» мойындамайтын. Өзіне сенімді болып өсті. Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Бұл 9 жыл еңбектің, қара тердің арқасында келген жеңіс, - дейді балуанның әкесі Халық үні сайтына берген сұхбатында.

Әлем чемпионатында волонтер болған

Күрес түрлерінен 2019 жылғы әлем чемпионаты Астана қаласында өтті. Сол кезде Ризабек волонтер болған. Жұмысы боз кілемді тазалап, балуандарға жағдай жасаған. Араға 4 жыл сала әлем мықтылары бас қосқан жарыста жеңіс тұғырына көтерілді.

Олимпиадалық салмаққа ауысады

92 килоға дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасында жоқ. Сондықтан да Ризабек алдағы жарыстарға 97 кило салмақта барғысы келеді. Бұл салмақпен Олимпиадаға қатысуға болады.

Осы әлем чемпионатынан кейін жоғары салмаққа ауысу жайлы шешім қабылдадық. 97 килоға дейінгі олимпиадалық салмаққа ауысамын. Олимпиада ойындарына бару үшін барымды саламын. Олимпиада чемпионы атанғым келеді, - дейді балуан.

"Жаттығу жасағым келмеген..."

Ризабек пен інісі Әлішердің күреске қатысуына әкесінің қолдауы себеп болған. Арғы атасы Қайырбек Тұржанұлы Жолдасбай да балуан болған.

9 жыл бұрын әкем мені күреске сүйреп алып келді. Мен мүлде жаттығу жасағым келмейтін, әкем қинап жүріп үйретті. Одан кейін өзіме де ұнап кетті. Міне, 9 жылдан кейін Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атандым. 19 жас үшін жақсы жетістік деп ойлаймын, - дейді Ризабек Бүкіләлемдік күрес қауымдастығына берген сұхбатында.

Ризабек – Ұлттық ұлан сарбазы

Осы жылдың жазында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарына мерзімді әскери қызметке шақырылған. 

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан Белградтағы әлем чемпионатының 1/8 финалында мажар елінің спортшысы Балаш Юхашты 13:3 есебімен жеңді. Одан кейін түрік балуаны Фейзулла Ақтүріктен 11:0 есебімен айласын асырды. Ал жартылай финалда грузин балуаны Мириан Майсурадзені 8:2 есебімен айқын ұтып шықты. Финалда әзербайжандық спортшы Осман Нұрмогамедовті жеңді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай