- Негізгі бет
- Сән
- Қыздар не үшін...
Қыздар не үшін боянады?
Жігіттер қыздардың не себепті боянатынын түсінбейді. Ер адамдар «қыздың табиғи түрі маңызды», «боянбаған қыздарды жақсы көреміз» дегенімен, бір күн боянып келгенде «құлпырып кетіпсің ғой» деп мақтау сөз айтады, сонымен бірге, қарапайым қыздың қасында боянған қызға есі кетіп қалатын жігіттер де бар.
Көпшілік қыздар өз түрін айқындау үшін боянады. Мәселен, көзі сұлу, өз көзіне көңілі толады, бірақ одан да сұлуырақ етіп, ажарын айшықтау үшін бояу жағады.
Ал кей қыздар кемшілігін жасырғысы келеді. Ерні кішілеу болса, үлкейтіп көрсеткісі келеді, беті томпақтау болса, сопақша бетті боп көрінгісі келеді. Әйтеуір, бір дене мүшесіне көңілі толмайтын қыз көп.
Сырлану – оның хоббиі. Ғаламтор желісінде макияж сырларын үйрететін видеосабақтар көбейіп кеткендіктен де болуы керек, қыздардың басым бөлігі осы іске әуестеніп алды. Біреуді бояндырса да, өзі боянса да, өткен замандағы арулардың кесте тігіп, киім тоқығанындай осы шаруаға құмартып алғандар бар.
Қасында жүрген адамға сөз келтіргісі келмейді. Мысалы, жігітімен бірге жүрсе, «жігіті көрікті, қызы оған сай емес екен», «жігітінің келбеті келісіп тұр, қызы өзіне қарамайды екен» деген сөздер естігісі келмейді.
Бір қыздар жай ғана көпшілік ортада өзін макияжбен жақсы сезінетін болса, екінші қыздар тобы жігіт жүрегін жасанды түрімен жаулағысы келеді. Макияж жасау арқылы бойына сенім ұялайды. Өз түріне сеніп, өзге қыздардан, боянбайтын қыздардан артық тұрмын деп ойлайды.
«Өзім үшін боянамын» деген сөз – жай ғана ең оңай жауап. «Онсызда әдемісің ғой», «несіне боянасың, ешкім көрмейді» деген сөздерге тойтарыс беретін, әркімнің санасында жатталып қалған, автоматты түрде айтылатын үйреншікті сөз. Мейлі, өзі үшін боянсын, мейлі өзге үшін боянсын – сұрағанға осы қатып қаған стереотип шеңберінде жауап қайтарады.
Шынында да, өзі үшін боянатын қыздар да бар. Оған жоғарыда жазылған кей себептер жауап бола алады. Мысалы, өзі үшін боянатын қыздардың көбі ерні мен кірпігін ғана бояйды. Бұл макияждың ең жеңіл түрі саналады. Тысқа шыққанда, желге, суыққа ерін тез жарылады, осы әсермен күресу үшін үнемі ерін далабын қолданатын қыздар бар.
Енді бір қыздар сыртқа шыққанда боянады да, үйге келген соң бетіндегі бояуын өшіріп тастайды. Өйткені, бояу сапасына қарай бетті қышытып, ашытып, артық нәрсе тұрғаны білініп, кедергі келтіреді. Әрі макияж бетте ұзақ тұрса, тері қартаюына әкеп соғаы. Осы себепке сүйеніп, көпшілік көзінде бояумен, өз жаны жақсырақ қабылдайтын түрімен жүреді де, үйге келген соң терісінің қамын ойлап, макияжын сүртеді.
Өзіне өзі күтім жасағанының дәлелі бояну деп түсінеді. Боянбаған түрімен тысқа шықса, өзін жақсы көрмейтін, күтінбейтін кісі кейпінде жүрмін деп сезінеді.
Табиғат сыйлаған түр тұрғанда барды қанағат етіп, табиғи бейнесін сақтағанға не жетсін! Бесіктен белі шықпай жатып, бетін бүлдіріп, бес батпан бояу жағатын аруларымызға айтар кеңесіміз бар. Үнемі боянып, ел көзін жасанды түріңізге үйретіп алсаңыз, бір күні боянбаған түріңізді көрер жұртты шошытып аласыз. Шарасыздықтан, макияжға тәуелді болсаңыз, мейлінше аз мөлшерде қолданып, бет әжімдеріне ерте жол салып бермегейсіз. Тым көрнекті макияжды атаулы мейрамдарда ғана пайдаланып, жұртты неге солай таңдандырмасқа?!
@. @assel_assanova