Қысқы сән 2017-2018: ішік #2

Қысқы сән 2017-2018: ішік #2
Фото: Vogue

Қыс мезгілінде классикалық үлгідегі ыңғайлы ішіктер сәнде болады. Бұрынғы кездері ішікті тек қаражаты көтеретін және жасы үлкейген әйелдер ғана кисе, қазіргі кезде дизайнерлер ішіктің барлық жастағы бойжеткендер мен әйелдерге жарасатын және қолжетімді жасанды түрлерін ұсынуда.

Басы

Терісі құрамдастырылған ішік

Түрлі фактуралық ішік – қыс мезгіліндегі нағыз must have. Дизайнерлер ішікті мозаика секілді тек түрлі түсті теріден ғана емес, сонымен қатар түрлі фактураларды құрамдастырған.

Ұзын терілі ішік

Суық күндерге табиғи теріден жасалған ұзын терілі ішіктер жақсы келеді. Мұндай ішіктер қырқылмаған теріден болғаны жөн. Себебі олар ауыр көрінгенімен, өте жылы болады. Егер теріні дұрыс өңдесе жеңіл де болады.

Түрлі түсті тері

Ішіктің классикалық болып саналатын табиғи реңкті түрлері кең таралған. Ерекшеленгісі келетін сәнқой бойжеткендерге Tadashi Shoji, Anya Hindmarch, Ellery, Miu Miu ұсынған секілді жүзім шарапы түстес, қою көк және ашық түстерді таңдауға болады. Подиумдардан қымбат табиғи терімен қатар түрлі түсті жасанды ішіктер де орын алды. Мұндай «вегетариандық» ішіктерді Ellery, Miu Miu, Emilio Pucci, Fendi, Missoni, Miu Miu. Hermès, Missoni, Marco de Vincenzo, Miu Miu өз топтамаларында көрсетті. Жалпақ әрі жіңішке сызықтар, дөңгелектер, акварельді бояулар – бұл мезгілде барлығына рұқсат берілген. 2017-2018 жылдың басты терндтерінің бірі – бір үлгіде екі немесе одан да көп түстерді үйлестіру.

Жануар принті

Қыс мезгіліндегі трендті принттердің біріне барыс және сілеусін секілді бояуды жатқызды. Алайда бұл принтті біреулер ұнатса, екіншілері түбегейлі қарсы.

Гүлді принт

Гүлдерге деген махаббат дизайнерлердің ойынан жыл бойына кетер емес. Гүлді ішік кисеңіз, барлық зейін сізде болары анық. Мұндай киім үлгісі жұмсақ әрі жеңіл көрінеді. Сондықтан мұндай ішікпен өте нәзік аяқ киімдер үйлесім табады.

Тері жилет

Жас бойжеткендерге жарасатын тағы бір тренд – тері жилет. Кей сән үйлері өз топтамаларына ұзын жилеттерді де қосты. Олар шалбарлы костюмнің, көлемді жемпірлердің және тоқылған көйлектердің сыртынан киюге болады.

Көйлек-ішік немесе халат-ішік

Егер сізге oversize үлгі де, ұзын тері де ұнамаса, фигураңызға шақ тұратын ішіктерді киіп көрсеңіз болады. Оларды сән үйлері көйлек-ішіктер деп атайды. Тізеге дейінгі ұзындық, қызықты түстер, қынама бел пішім және жағасының болмауы оны сыртқы киімнен гөрі көйлекке ұқсатады.  Тік кең пішім, тізеден төмен тұратын ұзындық, табиғи реңкті жұмсақ теріден жасалған халат-ішіктер де сәнге келді. 

А. Жапатова