- Негізгі бет
- Сән
- Күз-қыс 2017-2018: пальто...
Күз-қыс 2017-2018: пальто
Күз-қыс мезгілінде аң терісінен жасалған детальдары бар пальтолар сәнде болады. Сонымен қатар басқа қандай пальтолар сәннен өз орнын тапқандығы туралы айтып өтеміз.
Ұзын пальто
Күз-қыс мезгілі басты трендтерінің бірі – кеңсе үлгісі мен күнделікті киім үлгісіне сәйкес келе беретін макси-пальтолар. Ұзын бойжеткендерге мұндай пальтоның классикалық моделі және А сұлбалы түрі келеді. Денелі бойжеткендер пальтоның oversize түрлерін таңдаса болады. Ұзын пальто біртүсті болғаны жөн. Суық мезгілде бейтарап түстер (көк, қара, ақшыл сары) сәнде болады.
Қысқа пальто
Күздің жылы күндері қысқа пальто киген ыңғайлырақ. Қысқа пальтомен casual стилінде киім үлгісін жасау оңайға соғады. Мұндай пальтоның пішіміне келетін болсақ, екі жағы бірдей қаусырмалы, ілгекті немесе түймесіз, пальто-жакет, пальто-бушлат және басқа да күрделі түрлері сәнде болады. Қысқа пальтоның пішімі қандай болса да, төменгі жағына жіңішке (қарындаш-белдемше, тарылған шалбар) киімдер киіңіз.
Қысқа жеңді пальто
2017-2018 күз-қыс топтамасында пальтолар ерекше жеңмен көзге түсті. Жең ұзындығы шынтақтан түсіп тұратын пальтоларды ұзын қолғаппен кисеңіз, көзге ерекше түсетіні сөзсіз. Кей дизайнерлер жеңінде аң терісінен жасалған жұрыны бар пальтоларды ұсынды.
Жеңі жоқ пальто
Қарапайым адамдар суық ауа райында жеңі жоқ сырт киімнің қажеті жоқ деп санаса да, дизайнерлер жеңі жоқ пальтолар шығаруда. Заманауи сәнқой бойжеткендер мұндай киімдерді көлігі бар адамдар кие алатындығын айтады. Сәннен бұрын жайлылықты бірінші орынға қоятын бойжеткендерге дизайнерлер мұндай жеңі жоқ пальтоны ұзын қолғаппен немесе өте қалың свитермен киюге кеңес береді.
Иығы ұзартылған пальто
Дизайнерлер мұндай пальтоның екі түрін ұсынды. Біріншісі, иық тігісін үлкейту. Ол иықты төртбұрышты және үшкір етеді. Екіншісі, иық тігісін түсіру. Ол oversize үлгісінде жасалады.
Торлы пальто
Күзде торлы киімдер сәнде болады. Бұл тренд пальтоға да тарады. Күз-қыс топтамасында дизайнерлер торлы пальтоның түрлі түсін ұсынды. Кей дизайнерлер оны гүлді принтпен араластырып көрсетті.
Гүлмен өрнектелген пальто
Күз-қыс топтамасында ұсақ гүлдер, ірі гүл шоғы және көлемді гүл әшекейлері бар пальтолардың көптеген түрлері көрсетілді. Осы жылғы пальтолардың ерекшелігі – басқа принттармен (мысалы, гүлді мен торлы) араластырылып келуінде.
А. Жапатова