Күзгі сән-2017: Белдемше

Күзгі сән-2017: Белдемше
Фото: differed.ru

Белдемше қыз баласына нәзіктік беріп, көркіне көрік қосатын киім. Қазір жігіттер қыздарға, қыздар жігіттерге ұқсағысы келетін заман болса да, әлі де өз нәзіктігін жоғалтпай, белдемшені жақсы көретін қыздар жетерлік. Бүгінгі материалда суық күз-қыс мезгілінде қандай белдемшелер сәнде болатындығына тоқталамыз.

Миди белдемше

Сән подиумдарынан көптеген қысқа (мини) да, ұзын (макси) да белдемшелер кездесті, алайда миди ұзындықтағы белдемшелер подиум ханшайымына айналды. Тізеден төмен тұратын миди белдемше әйел болмысының нәзіктігін айқындай түсуімен қатар, суық ауа райында аяқты жылы ұстайтындықтан сән әлемін жаулап алды.

Қарындаш-белдемше

Қарындыш-белдемше бес жыл қатарынан сәнді трендтердің қатарында келе жатыр. Алайда осы жылы қарындаш белдемшенің түрінде өзгерістер бар. Ол қалыпсыз әрі кеңірек бола түсті. Қарындаш-белдемшені кесте, қауырсын, пайетка және т.б. заттармен әшекейлеуге болады.

Плиссе белдемшесі

Плиссе белдемшесі қатаң кеңсе үлгісіне де романтикалық киім үлгілілеріне де үйлесе кетеді. Мұндай белдемшелер жазда сәнді трендтің бірі болған, қазір де ол тек матасының қалыңдығымен ерекшеленеді. Плиссе белдемшесіне әрбір сән үйі өз ерекшеліктерін қосты. Мысалы, бірі белдемше бүрмесін басқаша ойыстырса, ал екіншісі түсі әртүрлі материал араластырып көрсетті. Сәнді көрсетілімдерден байқағанымыз плиссе белдемшесінің тізеден төмен ұзындықтағы түрлері көптеп тараған.

Қаусырмалы белдемше

Қаусырмамен толықтырылған трапеция түріндегі белдемше немесе қарындаш-белдемше де күзгі сәнге айналған. Классикалық ұзындық пен орынды бұйым бұл белдемшені күнделікті киюге ыңғайлы етеді. Дизайнерлер қаусырмалы белдемшеге үйлесімді ілгектер қатарын, өте ашық түстер және жалпақ белбеулер қолданған.

Белден жоғары тұратын белдемше

Белден жоғары тұратын белдемше аяғыңызды ұзынырақ, ал беліңізді жіңішке етіп көрсетеді. Белдемшенің мұндай түрі кеңсе киім үлгісімен жақсы үйлесім табады. Дизайнерлер оны қарапайым жейдемен, биік өкшелі етікпен және біртүсті пальтомен киюге кеңес береді.

Былғарыдан жасалған белдемше

Осы уақытқа дейін былғарыдан жасалған мини белдемшелер сәнде болатын. Биылғы күзгі сән көрсетілімдерінен олар  да кездесті, подиумнан көбінесе орташа ұзындықтағы былғары белдемшелер орын алды. Олар классикалық қара, жылтыр, сонымен қатар түрлі түсті былғарыдан да болуы мүмкін.

Күн-белдемше

2017-2018 жылдары күз-қыс мезгілінде қоңырау (жартылай күн) және күн белдемшелер сәнде болады. Белдемшенің бұл түрін нақты бір стильде кию маңызды емес. Дизайнерлердің айтуынша, оны сүйкімді етіктермен қатар, тұрпайы бәтеңкелермен де үйлестіруге болады. Ұзындығына келетін болсақ, ұстамды миди және макси белдемшені таңдаған жөн.

Сонымен қатар сән көрсетілімдерінде мөлдір (прозрачный) белдемшелер мен күрделі ассимметриялық белдемшелер де кездесті. Мөлдір белдемшелер біздің ауа райына сәйкес келмейтіндіктен жеке тоқталмадық. Алайда оны арнайы кештерге үйлестіріп киюге болады. Еер сізге киімдерді үйлестіріп кию оңайға соқпаса ассимметриялық белдемше таңдаудың қажеті жоқ. Оны кез келген киіммен үйлестіру қиын болғатындықтан, ойлағаныңыздай шықпауы мүмкін. Оның орнына бір белдемшеде бірнеше тренд кездесетінін таңдасаңыз болады. Мысалы: белден жоғары тұратын, былғарыдан жасалған қарындаш-белдемше.

Сіз қай белдемше түрін киер едіңіз?

А. Жапатова