Күз-2019: Сәнді маникюр

Күз-2019: Сәнді маникюр
Фото: pinterest.com, unsplash.com

Қыркүйек – күзгі гардеробқа көшетін уақыт. Киім үлгісінің бір бөлігіне әдемі маникюр де жатады. Осы күзде қандай маникюр түрлері трендте болады?

Француз маникюрі
Френч – мәңгі классика. Әр жылы оған аздап өзгерістер еніп тұрады. 2019 жылдың күзгі френчін қызықты элементтермен, гүлдермен және ассиметриялық сызықтармен толықтырыңыз.

Інжу
Інжуі бар әшекейлер осы жазда кең тарағанын білеміз. Енді сән подиумдарынан дизайнерлер модельдердің тырнақтарына інжу жабыстырғанын байқадық. Тырнаққа інжу жабыстыру күнделікті өмірде ыңғайсыз болуы мүмкін, бірақ оның шағын түрлерін бір-екі тырнаққа жабыстыру арқылы ерекше әрі сәнді маникюр жасауға болады.

Жылтыр
Күміс және алтын түсті жылтырлар – күздің хиты. Жылтырмен бүкіл тырнағыңызды бояуға немесе қоюдан әлсізге ауысым жасауға болады.

Пикассо
Атақты суретшіден шабыт алынған маникюр 2019 жыл бойы трендте болды. Осы уақытқа дейін мұндай маникюр жасап көрмеген болсаңыз, күзде байқап көруге кеш емес.  

Графика
Соңғы жылдары трендтер қаншалықты жылдам өзгеріп жатса да, минимализм өз орнын сақтап тұр. Тырнақтағы минимализм де әрқашан сәнде болады. Біртүсті маникюрге аздап сызықтар немесе графикалық элементтер қосыңыз.

Үлкен әріптер
2019 жыл – логотиптің уақыты. Логотипі бар киімдер, сөмкелер, аяқ киім, тіпті әшекейге дейін сәнде болды. Бұл тренд маникюрге де өз әсерін берді. Сондықтан біртұтас маникюрдің үстіне әріптер салдыруға болады.

Қара түс
2019 жылғы күз мерзімінің басты түсінің бірі – қара. Сондықтан маникюрге қандай реңк таңдарын білмесеңіз, ойланбастан қара түске тоқтаңыз.

Табиғи маникюр
Табиғи, нюд немесе «жалаңаш» маникюр – сәннен шықпайтын тренд. Сарғыш, дене түстес және кремді реңктер кез келген мерзімде тырнақты әдемі әрі күтімді көрсетеді. Мұндай маникюр кез келген ұзындықтағы тырнаққа және барлық киім үлгісіне жараса береді.

А. Жапатова