Минимализм стилі

Минимализм стилі
Фото: pinterest.com

Сән өте ашық және өрескел киімдерден минимализмге келе жатыр. Одри Хэпберн, Коко Шанель, Кейт Миддлтон – олар минимализм деп аталатын әдемі стильді таңдады және киім үлгісіндегі қарапайымдылыққа екпін қою арқылы стиль иконасына айналды.

Минимализм стилі қашан пайда болды?

Бұл стильдің пайда болуының нақты мерзімін ешкім айта алмайды. Бірақ артық шілтер, желбіршек, үлпілдек белдемше мен қабат-қабат әшекейден әйелдер Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң арыла бастады деп саналады. XX ғасырдың басында жаппай әйелдерді азат ету басталды. Әйелдер өз құқықтары үшін күресе бастады. Олар киіну жағынан да ықшамдылықты және ыңғайлылықты жөн көрді.

Бұл стильді алғаш шығарушы кім болды?

Мадлен Вионне, Андре Курреже, Коко Шанель – олардың барлығы стильдің дамуына өз үлесін қосты. Минимализм бір орында тұрмайды, ол әрдайым дамуда. Мысалы, 1990 жылы Хельмут Ланг оның заңдарын басқаша көрсетті. Австриялық дизайн өзінің қалаға арналған атақты "геометриялық" топтамасын ұсынды.

Жапон дизайнері Ёдзи Ямамото (сурет: fw-daily.com)

Қазіргі минимализм қандай?

Қазір минимализмге тренді скандинавиялық елдер беруде. Таза сызықтар, қарапайым пішім және жинақы дизайн – бұлар скандинавиялық дизайнның негіздері. Минималистік киімдерді Encircled, Kestan, Tribe Alive, Siizu, Thisispaper секілді сәнді брендтер шығарады. Мұндай брендтердің басты мақсаты – қоршаған ортаға зиянын тигізбей экологиялық таза өнім шығару. Минималист-сәнгерлер үшін жапон дизайнері Ёдзи Ямамотоның топтамалары этолонға айналды.

Минимализм стилі кімдерге жарасады?

Минимализмде жасы, дене пішіні, келбеті және әлеуметтік жағдайы бойынша ешқандай шек жоқ. Бұл жерде киімді дұрыс таңдай білумен қатар стильдің философиясын түсініп, оған ене білу керек. Бұл стильді өте ашық түсті киімдерді, күрделі шаш үлгісін, көзге түсер макияж бен макникюрді ұнататын қыздар түсінбейді.

Одри Хэпберн (сурет: m.yukle.mobi)

Стиль философиясы

Минимализмнің өз философиясы бар. Оның мазмұны бойынша, адамға өзінің ішкі әлемін көрсету үшін өте ашық, көз тартатын киім керек емес. Мысалы, Жаклин Кеннеди, Мирей Матье немесе Одри Хэпберн қарапайым футляр-көйлек, классикалық лодочка-туфли мен қарапайым інжу әшекейде де салтанатты көріне алды. Минимализмді жиі киімдерге тәуелді емес және дүниеқор емес әйелдер таңдайды. Сонымен қатар, мұндай әйелдер сапалы киімді бағалайды және киімдерді ұқыпты ұстайды.

Стиль принциптері

Минимализм стилін кей басты белгілері арқылы бірден тануға болады:

1. Біркелкілік. Киім үлгісінде жиі 1, кейде 2-3 түс қолданылады.
2. Қарапайым пішім. Мақта, жүн, зығыр, тері, жібек – киім тігуге арналған базалық маталар.
3. Бейтарап түстер. Мұнда өте ашық, қанық бояулар жоқ. Қара және ақ түс жиі қолданылады.
4. Тегіс мата. Материалда бүртігі және көлемді тоқылған жіптері, суреттері болмайды.
5. Қалтасының және ілгегінің болмауы. Олар киімде болуы мүмкін, бірақ көзге көрінбейтіндей етіп мұқият тігілген болады.
6. Сапа. Қарапайым пішім болса да, оған қымбат, экологиялық, жоғары сапалы материалдар қолданылады. Мұндай киімдер жиі эксклюзивті және брендті болып келеді.

Түстік гамма

Минимализм стилінде түстік гамманың рөлі маңызды. Бұл стильдің түстері монохромды болып келеді. Классикалық түрінде гардероб үш түс негізінде құрылады: ақ, сұр, қара. Әдетте, осы үш түсті кремді реңктермен үйлестіреді.

Минимализмде терең түстер де қолданылады:

- марсала;
- қою күлгін;
- көк;
- шарап түстес реңк;
- қою көк-жасыл.

Соңғы кездері ашық түстер трендке айналуда. Сәнді тенденцияны ескере отырып, минимализм де сол реңктерді қолдайды. Бірақ оларды тек түстік екпін беруге қолданады және материалдың тегіс әрі аз детальді болуын қадағалайды.

Минимализм стиліндегі киім

Минимализм стиліндегі киімдерді таңдауда, бұл стильдің терең философиясы туралы ұмытпаңыз. Киімдер тұлғаны жауып тастамау керек. Киімдер ішкі дүниенің сұлулығы мен байлығын айқындауы қажет.

Минимализм стилін қалыптастыруға қажет 10 базалық киім:

- ақ футболка;
- кашемир жемпір;
- қара лодочка-туфли;
- ақ жейде;
- қаусырмалы көйлек;
- қарындаш белдемше;
- өкшесі жоқ аяқ киім;
- классикалық тік шалбар;
- тренч;
- джинс шалбар (жыртықсыз тегіс шалбар).

Минималистік стильдегі аксессуарлар

Бұл қарапайым стильде аксессуарларға да орын табылды. Бірақ оларды мұқият таңдау керек. Мысалы:

- Иыққа асатын сөмке немесе рюкзак. Оның біртүсті, геометриялық пішінді және экологиялық материалдан болғаны жөн.
- Сағат. Біртүсті білезігі, қарапайым циферблаты бар және артық тастары, суреттері жоқ сағат таңдаған дұрыс.
- Күннен қорғайтын көзілдірік. Қатаң үлгіде жасалған сәнді көзілдірік таңдаңыз. 2019 жылы сәнде болатын көзілдіріктерді мына мақаладан оқи аласыздар.
- Геометриялық пішінді әшекейлер. Басты ереже – артық нәрсенің болмауы. Үшбұрыш, дөңгелек немесе квадрат түріндегі қарапайым сырға жинақы киім үлгісін жақсы толықтырады. Пусеттер, шеге-сырғалар, нәзік сақиналар мен білезіктер – бұл қарапайым детальдар минималистік киім үлгісіне жараса кетеді. Киім үлгісінде әшекей саны бір-екеуден аспағаны жөн.

Минимализм стиліндегі аяқ киім

Минимализ стиліндегі аяқ киім бірнеше талаптарға сай келуі керек:

- Жайлылық. Аяқ киім ыңғайлы болуы керек.
- Жұқа табан. Ауыр табан, біртүрлі пішінді өкше – минимализм стилі үшін антитренд.
- Декордың болмауы. Аяқ киімде бантик, жылтыр, гүлдер, түрлі түсті бау болмағаны жөн.
- Тақасы жоқ аяқ киім. Тақасы жоқ аяқ киім – минимализм стиліндегі гардеробтың must-have заты.

Минимализм киім стилі ғана емес.Тек гардеробыңызды ретке келтіріп қана қоймай, дүниеге көзқарасыңызды өзгерте алу керек. Бұл стиль қарапайым, алайда стильді киінуді және барынша шынайы болуды талап етеді.

2018 жылы қандай брендтер экологияға өз үлесін қосты?

А. Жапатова