- Негізгі бет
- Сән
- Асыл тастар: Бирюза...
Асыл тастар: Бирюза
Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тастар мен минералдар – әшекейге арналған материал, табиғаттың таңғажайып сыйы. Тастардың түрлі қасиеттері бар. Адамдар әрқашан бағалы тастардың жұмбақ күшіне сеніммен қараған. Тастар мен минералдардың күші адамға жалпылай және жекелей нақты мүшесіне де әсер етеді. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда бирюза тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы жазамыз.
"Бирюза" атауы "firuza" парсы сөзінен аударғанда "жеңіп шығу" деген мағынаны білдіреді. Бұл минералдың бақыт тасы, аспан тасы, сарбаз тасы, мысырлық бирюза секілді басқа да атаулары бар.
Бирюзадан жасалған әшекейлер мен бойтұмарлар археологиялық қазбалар кезінде Орталық Америка, Египет, Орталық Азиядағы ежелгі қоныс-мекендерден табылған. Ең күшті бирюза Нишапурдың (Иран) табылған жері б.з.д. III мыңжылдықта өңделген. Сол кездердің өзінде бирюзадан әшекейлер мен бойтұмарлар жасай бастаған. Тибеттіктер бирюзаны тас емес, тірі тіршілік иелері санаған.
Бирюзаны әрқашан бақыт тасына балаған. Оның аспан секілді көк түсті, жасыл аралас көк түсті және сұры түсті түрлері болады. Жұмбақты және емдік қасиеті бар. Бұрын таңертең ертемен бирюзаға қараған адамның күні уайымсыз өтеді деп сенген. Таңертең бирюзаға қарау көздің көруін жақсартады. Егер сырғада немесе алқада бирюза болса, ол жүректі нығайтады және тез шаршап қалудан құтқарады. Бирюза асыл тасын тағу, сонымен қатар, ұзақ өмір сүру мен берекені қамтамасыз етеді.
Бұл тас интуицияны күшейтіп, батылдық беріп, отбасыға тыныштық әкеледі. Көк бирюза — мықты энергия тасы. Ашық көк бирюза — жамандықпен күресетін руханият символы. Бирюза тасы пайда болуында, жетілуінде және "өлу кезінде" өз түсі мен энергетикасын өзгертеді. Сондықтан жасыл түсті бирюзаны сиқырлы қасиеті жоқ "өлген тас" деп санайды. Алайда басқаша санайтындар да бар. Олардың айтуынша, жасыл бирюза — өз мақсаттарына жеткен, кемелденген адамдардың тасы.
Бирюзаның емдік қасиеті
Литотерапевтер (медицинаның дәстүрлі емес саласында жұмыс істейтін, асыл тастармен емдейтін дәрігерлер) ұйқысыздықпен ауыратын адамдарға күміске құйылған бирюза тағуға кеңес береді. Алтынмен жақталған бирюзаны тағу адам ағзасындағы барлық процесті қалыпқа келтіріп, иммунитетті көтереді. Егер минерал қарайып кетсе, тас иесіне дәрігерге қаралу керек дегенді білдіреді.
А. Жапатова