iMove (Apple) электромобильдері 2020 жылға қарай шығады

iMove (Apple) электромобильдері 2020 жылға қарай шығады

Құпия түрде электромобиль құрылымын жетілдірумен айналысып жатқан Apple компаниясы 2020 жылға қарай тоқпен жүретін брендті көлігін жаппай сатылымға шығармақ. Бұл туралы Нью-Йорк қаласының Bloomberg бизнес басылымы хабарлады.

Мүлде өзге технологияға ауысу біраз уақыт пен үдемелі еңбекті қажет ететінін ескерсек, Apple ХХІ ғасырдың екінші ширегінде әлемді жаңаша қырынан таң қалдыртын болады. Естеріңізге сала кетсек, Apple компаниясы қазіргі кездегі электромобильдің негізгі құрылымымен айналысып жатқан америкалық Tesla Motors компаниясын сатып алуға тырысқан болатын. Бірақ ол еш нәтиже бермеді. Енді купертинолық компания Элон Масктің компаниясына бәсекелес болмақ.

Automotive Consulting Group ақпаратына орай, тәжірибелі көлік өндіруші компания жаңа құрылымды дамыту үшін кем дегенде 5-6 жылды қажет етеді. Егер жаңа көлік толығымен өзгеріске ұшырайтын болса, оны құрастыру 10 жылға созылуы да мүмкін. Apple көлік шығару саласында еш тәжірибеге ие болмағандықтан, тәжірибелі мамандарды қажет ететіні анық. Ал Tesla компаниясы 2017 жылға қарай 300 шақырымды тоқтаусыз басып өте алатын электромобиль шығару жоспарын орындайтын болса, Apple-дің бұл нарыққа еніп кетуі біршама қиындай түспек. Tesla Motors компаниясының жаңа көлігі әлемдік нарықта 40 мың АҚШ доллары көлемінде бағалануда.

Apple өзінің соңғы кварталында $18 миллиард таза табысқа кенелгенін ескерсек, компанияның қазіргі жалпы қоры 178 миллиард АҚШ долларына жетті. Компанияның бас директоры Тим Кук қолда бар сомаға негізгі салаларға қосымша көлік концернін қосуды жоспарлап отыр.

iMove электромобильдеріне келер болсақ, оның толық құрылымы әзірге дайын емес. Бірақ Apple тарихына көз жүгіртсек, аталған компания компьютер немесе смартфонды алғашқы өндіруші болып шығармады. Бірақ құрылғылардың ерекше дизайнымен нарықта жетекші орынға ие бола алды. Автомобиль жобасы да осы сынды сюжетке ие болары анық.

Tesla стартап-компаниясы автомобиль саласына жаңа электрлі көліктер технологиясымен еніп үлгерді. Ал Bloomberg ақпаратына сүйенер болсақ, қазіргі кезде Apple-дің жаңа жобасымен 200-ге жуық маман айналысып жатыр екен. Команда құрамы соңғы бірнеше айда көбейе түскен.

Сонымен қатар, Apple компаниясында қуат жинақтағыш батареялармен айналысатын А123 Systems, LG, Samsung Electronics және Panasonic компаниялары мамандарын өзіне жұмысқа тарту әрекеттерінің орын алғаны туралы ғаламтор беттерінде жазылуда. Бұл - электрокарларға арнап шығарылатын батареялармен айналысатын жаңа құрамның пайда болатынын білдіреді.

Естеріңізге сала кетсек, ақпан айының басында Tesla басшысы Элон Маск Bloomberg Businessweek телебағдарламасына берген сұхбатында Tesla Motors мамандарын Apple-дің жұмысқа алып жатқанын айтқан болатын. Демек ресми ақпарат таратылмаса да, Apple-дің жаңа нарыққа көшуі шындыққа жанасатынына сенуге болады.

Сурет: www.electro-machines.ru

Оқи отырыңыз: 

Apple iPhone-ды қойып, электрокөлік шығаратын болды

Google-дың бірінші толыққанды жүргізушісіз көлігі келесі жылы шығады

Xiaomi компаниясы да смартфондар нарығынан электромобильге көшеді

Тоқпен жүретін көліктің дамытылған түрі шығарылуы мүмкін

Ж. Өрісбай