Xiaomi компаниясы да смартфондар нарығынан электромобильге көшеді

Xiaomi компаниясы да смартфондар нарығынан электромобильге көшеді

Қытайлық Xiaomi компаниясы өз бақталасы Apple отанында тәжірибе мақсатында онлайн-дүкен ашпақ. Айта кетсек, компанияның mi.com сауда платформасы Азия құрлығында бірқатар жетістікке жетіп үлгерді. Енді АҚШ-та бірнеше айдың көлемінде ашылу жоспарланған.

Аспан асты елінің компаниясы америкалықтарға әзірге өзінің флагманды өнімі Mi Band және өзге де смарт-гаджеттердің аксессуарларын ұсынады. Компания белгілі бір себептерге байланысты өз смартфондарын АҚШ нарығына шығара алмайды.

Xiaomi компаниясы америкалық тұтынушыларын әлеуметтік медиа және жарнама агенттіктерінің көмегімен өзіне тартпақ. Нақтырақ айтар болсақ, өте жылдам дамып келе жатқан қытайлық бренд америкалықтарды электрондық коммерцияның көмегімен өзіне қаратуды жоспарлаған. Шындығында осы сынды бағытты ұстанып, 5 жыл бұрын құрылған Xiaomi компаниясы Қытай нарығын жаулап үлгерді.

Қазіргі кезде Xiaomi өнімін тұтынушылардың санын Apple смартфондарын пайдаланушылармен салыстыруға болады. Себебі Xiaomi смартфондары сапалы әрі арзан. Осы сынды басты аспектілерімен Қытай нарығының негізгі өндірушісіне айналып отыр. Сонымен қатар, компанияның алдағы жоспарларымен бөліспеуі де негізгі артықшылығы болды.

Қытай нарығын толығымен жаулап алған Xiaomi компаниясы Үндістан нарығындағы үлесінен саяси себептерге байланысты кенде қалған болатын. Сондықтан компания АҚШ нарығына көшуді мақсат етті. Егер компания АҚШ-та жақсы нәтижеге жете алса, Apple мен Samsung компанияларына күрделі бәсеке тудыруы мүмкін. Ал компания смартфондарының жоғары сапада құрастырылып, оның бағасы да қол жетімді болуын ескерсек, Xiaomi бәсекеге қабілетті екенін жуырда дәлелдей алады.

Xiaomi 2010 жылы Қытайда электроника өнімдерін дайындайтын компания болып құрылды. Америкалық iPhone смартфондарының стилін көшіргендіктен, бұл компанияны кейде «қытайлық Apple» деп те атайды. Бүгінде Xiaomi компаниясында Google, Kingsoft, Microsoft, Motorola, Yahoo және өзге де беделді компаниялардың бұрынғы мамандары қызмет етеді. «Жоғары сапалы технология қымбат тұрмауы тиіс» деген ұранмен өз ісін бастаған компания қазіргі кезде 45 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр.

Қоғамда Лей Джунді кейде "қытайлық Стив Джобс" деп атайды

Xiaomi тек смартфон нарығында ғана еңбек етпейді. Компания өз болашағын автомобиль бизнесімен жалғайтынын жасырмады. Өзіндік құнға ие электромобильдер авто нарығында да белсенділік танытуы әбден мүмкін. Xiaomi бағытының АҚШ нарығына келуінің тағы бір себебі де осы электромобильдер болатын.

Xiaomi компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Лей Джун компания брендімен шығатын, тоқ қуатымен қозғалатын көліктерін 2015 жылдың соңына қарай таныстыратынын айта кетті. Жаңа көлікті нарыққа шығару үшін Қытайдың BYD Auto көлік концерні қолдау білдірмек.

Ғалаторда тараған ақпараттарға құлақ түрсек, Xiaomi электромобилі Mistla атауына ие және нарықтағы құны 40 мың юан (6400 АҚШ доллары) болмақ. Бұл Renault Twingo, Toyota Aygo немесе Fiat 500 сынды шағын көлік болмақ. Сондай-ақ, аталған көлік Xiaomi смартфондарында бар Android оперативті жүйесіндегі ақпараттық-танымдық жүйемен қамданады.

Егер бұл жобаға Tesla компаниясының араласуы белгілі болмағанда, Xiaomi көліктері көптің қызығушылығына бөленбес еді. Қытайдың ақпараттық ресурстарына сенсек, Лей Джун белгілі бір мәселеге қатысты Tesla басшысы Элон Маскпен кездескен деседі.

Лей Джун Элон Маскпен бірге

Xiaomi-дің сапалы әрі ұтымды көшіре білуін ескерер болсақ, компания электромобильдерінің де Tesla технологиясын көшіруі мүмкін. Жақында Элон Маск басшылық ететін компанияның өз технологиясын ашық пайдалануға бергенін ескерсек, ағымдағы жылы Tesla электромобильдерінің тағы бір қытайлық аналогы шығуы ықтимал.

Естеріңізге сала кетсек, Tesla патенттеріне Apple компаниясының да қызығушылық танытып отыр. Купертинолық компанияның жаңа электрокар шығаруы туралы да жазған болатынбыз. Өткен жылы Tesla Motors көлік концернін сатып алуға ұсыныс берген Apple енді өзінің электромобилін құрастыруға көшті.

Жыл өте электроникалық құрылғыларды шығарумен айналысатын компаниялар әмбебап тұрғыдан дамуды мақсат етіп келеді. Айта кетсек, гаджет өндірушілері көлік нарығына көше бастаса, авто концерндері смарт технологияны игеруге басты назарын аударып отыр.

Сурет: www.xiaomiworld.com

Оқи отырыңыз: 

Apple iPhone-ды қойып, электрокөлік шығаратын болды

Тоқпен жүретін көліктің дамытылған түрі шығарылуы мүмкін

Tesla Model X электрокарының қытайлық аналогы шықты

2025 жылы дыбыстан да жылдам пойыздар іске қосылады

Ж. Өрісбай