- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Сыйлықты қалай ұсыну...
Сыйлықты қалай ұсыну керек?
Сыйлық сыйлау оңай көрінгенімен, алайда ол өте жауапты іс. Көп адамдар сыйлық сыйлағанды жақсы көрмесе де, оны алуды ұнатады. Соңғы рет қашан сыйлық алып немесе біреуге сыйлағаныңыз есіңізде ме? Ал сіз сыйлықты қалай сыйлайсыз? Сыйлық сыйлаудың әдебін білесіз бе? Ендеше сыйлықты сыйлаудың өзіндік тәртібімен таныс болыңыз.
Сыйлаған сыйлығыңыздың иесіне әсер қалдыруы оны қалай ұсынып, қалай тапсыруына байланысты. Тіпті қымбат сыйлықтың өзі қалай болса солай немқұрайлы ниетпен ұсынылса, сый алушы адамды қуанта қоймайды. Керісінше ретін тауып, ыңғайын келтіріп орынды тапсырылған жұпыны сыйлық адамның көңіл-күйін көтеріп, қуаныш сезімін тудырады.
Сыйлықты өзі немесе біреу арқылы ұсынғанның арасы екі бөлек. Егер де сыйлық беретін адамыңыз алыста тұратын болса, сәлемдемесін басқа біреуден беріп жіберуге болады. Мұндай жағдайда хат жазып, шын жүректен құттықтау немесе достық сәлем жолдауға болады. Алайда өз қолыңызбен құттықтағанға жетпейді.
Сыйлық кешіктіріліп жеткізілмегені жөн. Мерейтойлық сыйлықты салтанат болардан бір күн бұрын немесе той күні таңертең иесіне берілуі тиіс. Ал сыйлық беруді кешіктірген жағдайда не себептен кешіккенін, жағдайды түсіндіріп айтуы керек.
Сыйлықты әдемі орама қағазбен орау немесе лентамен сәндеу. Бұл сіздің сыйлық таңдаудағы ізденгендігіңізді, сыйлау үшін ұзақ дайындалғаныңызды білдіреді. Сыйлықты ашықтан-ашық бере салу – сыйлық беру әдебіне жатпайды.
Сыйлықты ұсынғанда бірнеше сөз айтып немесе қысқаша тілек білдірген дұрыс. Алайда бұл айтылған сөз сыйлықтың құндылығы жайында болмауы тиіс.
Сыйлықты ұсынған адамның көзінше ашу керек. Себебі сізді қуанту үшін қонақ өзінің уақыты мен күш-жігерін жұмсады ғой. Сондықтан сыйлығына назар аудармай, ренжітіп алмау үшін сол бойда ашып көріп, өзіңіздің шынайы қуаныш сезіміңізді білдіріп, алғысыңызды айтыңыз. Есіңізде болсын, сыйлық сіздің талғамыңыздан шықпаса да, сізді ұмытпай көңіл аударғаны, ниеті үшін алғыс айтып, жылы шырай білдірген дұрыс.
Шағын сыйлық әкелген немесе сыйлықсыз келген қонақтарға жылы шырай білдірмеу дұрыс емес. Себебі сыйлық қымбат емес, сыйластық қымбат. Есіңізде болсын, қандай да бір сыйлықты немқұрайлы, наразы немесе парықсыз ниетпен қабылдауға болмайды. Бұл сізді қуантып, көңіліңізді көтеруге келген адамды ренжітіп тастауы мүмкін.
Н. Үсенова