Сыйлықты қалай таңдау керек?

Сыйлықты қалай таңдау керек?

Сыйлық алу жақсы, ал сыйлау тіпті қызық. Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: жақыныңыз сіз сыйлаған сыйлықтың қорабын ашып тұрып көзімен ерекше ықылас пен алғыс білдіреді. Ал сіздің жүрегіңізде жылы сезім пайда болады, әлемдегі барлық адамдарға сыйлық жасағыңыз келеді. Мұндай әсерлі сезімдерді тудыратын сыйлық қандай болу керек? Сыйлық сыйлау оңай сияқты көрінеді, бірақ ол өте қиын әрі жауапты іс. 

Сыйлықты анықтап алу. Бұл – сыйлық таңдаудағы ең негізгі кезеңдердің бірі. Мұндайда барлық нәрсені ескеру керек: сыйлық алушы адамның талғамы, сыйлық алуға қажет болар қаражат. Сыйлықтың алушыға ұнауы осыған байланысты. Егер сыйлық алушының талғамын білмейтін болсаңыз, онда оның өзінің ойын сұрап көріңіз. Өз талғамыңыз жақсы болса, оған  сүйену де қателік болмайды.

Мүмкін болар нұсқаларды қарастыру. Қандай сыйлық алу керек екенін шамамен біліп алғаннан кейін сыйлық алуға болатын жерлерді іздеңіз. Сыйлықты қайдан алуға болады? Нұсқалар өте көп.

1.Дүкендерді аралап көру. Бір күніңізді сыйлық таңдауға арнап, дүкендерді араласаңыз, қажет сыйлық табылып қалуы мүмкін.

2.Интернет-дүкен. Үйден шықпай-ақ қажет сыйлыққа тапсырыс беруге болады.

3.Өз қолыңмен сыйлық жасау. Егер қаражат жағы қиындық тудырып жатса, онда өз қолыңызбен сыйлық жасасаңыз болады. Алушыға сыйлықтың ұнайтынына сенуіңізге болады, себебі, шын жүректен жасалған сыйлық – ең керемет сыйлық.

Сыйлық қаптамасы. Сыйлық дайын болған соң оны қаптаумен айналысу керек. Бұл да маңызды сәттердің бірі. Қаптамаға қарап сіздің сыйлық алушыға деген көзқарасыңызды білуге болады. Сондықтан, сыйлықтың түріне қарай қорапша, жылтыр қаптама немесе сыйлық сөмкесін пайдаланыңыз.

Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова

Сурет: liveintemet.ru

Г. Бакытбекова