Сүйіктіңіз себепсіз сыйлық бергенде...

Сүйіктіңіз себепсіз сыйлық бергенде...
Фото: voxpopuli.kz

Қазіргі таңда романтика жоқ не азайып кетті дегенді жиі естиміз. Романтик болу үшін міндетті түрде аса көп ақша шығарып, сүйіктіңіздің терезесіне кранмен келіп немесе майшамдар жағып, жерге жүрек пішінін жасау міндетті емес. Тіпті қалтаңызда көк тиын болмаса да, романтик болуға болады. Бастысы, ғашығыңызды қуантуға ынтаңыз болса болғаны. Ойламаған жерден берілген сыйлық кімге болса да қуаныш сыйлары анық. Тосынсый алғандағы сезімін толығырақ қыз-келіншектеріміздің өз сөзінен біліңіз. Олардың ер азаматтарға айтар құнды кеңесі де жоқ емес.

Нұржамал Үсенова: Тосыннан болған сыйлық бәріне де ұнайды ғой. Үнемі мереке, мейрам кездерінде раушан гүлін сыйға аламын. Себебі өзім раушан гүлін жақсы көремін. 8 наурыздан кейін сүйіктімнен бүгін гүл алып отырмын. Жетім баланың тағдырына, көрген қиыншылығына көңілім босап, фильм қарап отырғанымда сыйланған гүл одан сайын көңілімді босатып жіберді. Тіпті сасып та қалдым. Қанша гүл алып жүрсем де, тосыннан алғаш рет гүл алып тұрмын. Бұл сезімді сөзбен айта алмаспын. Сол себепті жігіттер қауымына айтарым: анаңызға, сүйіктіңізге, әпке-қарындастарыңызға жай күндері де өз көңіліңізді, сезімдеріңізді білдіріп тұрыңыздар. Бұл адамды одан әрі жақындастыра түседі әрі ерекше сыйлық болмақ.

Жұлдыз Ақбарова: Шынымды айтсам, күйеуім себепсіз сыйлық сыйламайды. Соңғы рет былтыр шетелден қайтып келе жатып, маған қымбат әтір әкелді. Иісі ұнады, рақметімді айттым. Бірақ, мен көбіне сыйлықтың орнына керек затты алып бергенін ұнатамын. Не қажет екенін өзім айтамын. Алып берсе, қатты қуанамын. Содан соң өзі жақсы көретін тамағын дайындап беруге тырысамын! Содан барынша еркелетіп жүремін. Тағы бір ойым: Жігіттер қазіргі тенденциямен үлкен букет раушан гүл, қонжық  керексіз зат сыйлағанша, мысалы, жатақханада немесе пәтер жалдап тұратын қызына бір аптаға жететіндей азық-түлік әкеліп берсе, өзінің көңілін, алаңдаушылығын білдірер еді... Сүйіктісі көп жұмыс жасай ма? Онда сән салонына немесе спа салонға, не болмаса массажға бір сертификат алып берсін, т.с.с

Әсел Қойшыбаева: Танысқанымызға үш күн болғанда сақина және гүл әкеліп, ұсыныс жасады. "Бір көргеннен саған үйленемін деп шештім" деді. Керемет сезім! Өзіңді бағалы екеніңді, біреуге керек екеніңді сезінесің. Жиі сыйлық береді. Сыйлық дегенді тек гүл мен шоколад деп түсінуге болмайды. Аптасына бір рет суши әкеледі. Баолық жегім келіп отыр дегенде, Атыраудан тапсырыспен балық алғызды. Соңғы рет бір ай бұрын, Алматыға кетіп бара жатқанда жүрек кулоны бар алтын алқа берген.

Кәмшат Жәдігерқызы: Жаңа қарным ашып отырғанда жігітім вафли әкеліп берді. Себепсіз сыйлық әкелген кезінде қуанамын. Себебі өзіңді жақсы көретінін одан ары дәлелдей түседі және үнемі сені ойлап жүретінінің белгісі деп білемін. Аса қымбат сыйлықтар болмаса да, қолынан келгенінше, күн сайын ойыңа келмеген сыйлық беріп, қуантуға тырысады. Ең бастысы – шынайы көңілі. Жақсы көретін адамың сен қуанып жүру үшін, сенің күлкіңді көру үшін қолынан келгеннің бәрін жасаса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ!

Әсел Құрман: Сыйлыққа келгенде кірпияз адаммын. Гүл, ойыншық, алқа не сақина сынды дәстүрлі сыйлықтарға көңілім көншімейді. Жігіттер сүйіктілеріне сыйлық аларда фантазияларына сүйеніп,  аз-маз былқылдақ миларын қозғалтса екен деймін. Сыйлықтың бағасы әсте маңызды емес. Мысалға полиэтилен пакетке оранған қымбат раушандардан гөрі дала гүлдерін газетке орап әкелсе қуанар едім. Жігітім әзірше таңқалдырмады, бірақ телескоп алып берем деген уәдесіне тұрса өмір бойы ырза болып өтем.

Ақтоты Жапатова: Бөлме гүлін сыйлағанды жақсы көреді. Мен де бөлме гүлін сыйлыққа алғанды ұнатамын. Соңғы рет ақпан айында "әйел бақыты" гүлін әкеліп берді, себепсіз. Қатты қуандым. Сыйға берген гүлдеріне қараған сайын көңілім көтеріледі. Мейрамды қоспағанда, 6 айда бір рет сыйлық береді десем болады. Бірақ бірде бір жерге бару керек болып, арбат жақта күтемін деді. Сол кезде гүлмен күтіп тұр екен. Не бүлдірді екен деп түсінбей қалғанмын. Жігіттер осындай ойлар тумайтындай, қатты толқып жыламайтындай, сүйіктісін жиі-жиі тосынсый беруге үйретуі керек.

Гүлжанар Берік: Ол  тосынсыйдың шебері. Ойда жоқ кезде табан астынан қуантады. Себепсізден себепсіз гүл сыйласа, әрине қуанамын. Қуаныштың көз жасы да еріксіз шығады. Тіпті алыста жүріп-ақ қуантады. Соңғы рет себепсіз сыйды күні кеше алдым. Ризамын, қуаныштымын! Бірнәрсе бүлдіріп қойды деген ой санама мүлдем келмепті, келмесін де. Қандай зат сыйласа да сезімнің белгісі деп бергені ғой. Меніңше, бұл сыйлар ерекше толқыныстан пайда болатын секілді. Оған бір жайт әсер етері сөзсіз. Мысалы, бір аңыз не оқиға естіп қалуы мүмкін деген секілді. Себепсіз сый сыйлаудың, сезімді білдірудің "жарамдылық мерзімі"  болмайды  деп есептеймін, бұл шарттылыққа жатпайтын да секілді. 

@. @assel_assanova