Түкті сүлгіні жұмсартудың жолдары

Түкті сүлгіні жұмсартудың жолдары
Фото: pixabay.com

Басында жұмсақ, жағымды болған түкті сүлгілер уақыт өте теріге жағымсыз қатты затқа айналады. Мұндай сүлгілердің жұмсақтығын қалай қайтаруға болады?

Сүлгі жұмсақтығын жоғалтпас үшін оны қалай жуу керек?

Кез келген нәрсені дұрыс күтсеңіз, оның таза, жұмсақ, әдемі қалпын ұзаққа сақтауға болады. Сүлгілерге микробтар жылдам жиналады, сондықтан оларды жиі жуу қажет.

- Сүлгілерді жумас бұрын оның затбелгісін оқыңыз. Ол жерде дұрыс күтімге қатысты қажет ақпарат болуы керек. Әдетте, су температурасы 40-60 градустан аспаған жөн деп жазылады.
- Түкті сүлгілердің жұмсақтығын барынша сақтау үшін кір жуғыш машина барабанына арнайы пластик шарлар салып жіберіңіз.
- Сүлгілерді басқа киімдерден бөлек жуыңыз. Сондай-ақ кір жуғыш машина барабанын сүлгіге толтырып тастамаңыз. Барабанның жартысы бос болғаны жөн.
- Сүлгіні мүмкіндігінше қолмен жуған дұрыс. Сүлгі жууға кір жуғыш ұнтақ қолданбаңыз. Әдетте, ол толық шайылмайды да, материал қатты болып кетеді. Оның орнына сұйық кір жуғыш құралдар пайдаланыңыз. Ал киім шаятын кондиционерді өте аз мөлшерде қолданған жөн. Себебі ол сүлгілердің су сіңіргіш қасиетін нашарлатып, уақыт өте оларды қатайтып жібереді.

Сүлгі жұмсақтығын қалай қайтарамыз?

1-әдіске қажет ингредиенттер:

- 100 гр ас содасы;
- 1 стақан сірке суы;

Сүлгілерді кір жуғыш машинаның барабанына салыңыз. Содан соң өте жоғары температураны таңдап, "Шаю" мен "Сығу" функциясын сөндіріп тастаңыз. Сұйық құрал құятын ыдысқа сірке суын құйып, "Қосу" батырмасын басыңыз. Сүлгілер жуылып болған соң ұнтақ салатын ыдысына ас содасын салып, "Шаю" мен "Сығу" функциясын қосып, тағы бір рет жууға қойыңыз.

2-әдіске қажетті ингредиенттер:

- 4 стақан су;
- 50 г тұз.

Суға тұзды ерітіп, осы ерітіндіде сүлгілерді 60 минутқа қалдырыңыз. Содан соң оларды жақсылап шайып алыңыз. Әр сүлгі жуған сайын, оны шаярда кондиционердің орнына 1 ас қасық тұз қоссаңыз, сүлгіңіз жұмсақ бола түседі.

3-әдіске қажетті ингредиенттер:

- 10 л су;
- 1/2 стақан сірке суы;

Сүлгілерді сірке суы қосылған суға шаю арқылы да олардың жұмсақтығын қайтаруға болады.

А. Жапатова