Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

I
Алматы жазда да, күзде де әсем ғой, шіркін! Сентябрьдің аяқ кезі болса да, астана
ыстық, шуақ, жылы нұрға бөгіп тұр. Бірақ ауа райының хабаршылары бүгін жиырма бес
градус ыстық болады деп айтқанымен, жаз жиырма бесі мен күз жиырма бесінің жалыны
бірдей болмайды екен. Жаздың мұндай күндерінде шолақ жең көйлек киген көше
жаяулары жандарына сая таппай дедектейтін еді. Қазір де көйлекшендер көп
кездескенімен, бірсыпыра жұрт иықтарына костюм іліпті, бәрі де аяқтарын асықпай
басатын болыпты.
Күн әлі де едәуір ыстық болғанымен, сары күздің келгенін сары ала жапырақтар
айқын анғартқандай еді. Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов
көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті.
Комсомол көшесінің киылысындағы «Ювелирторг» магазинінен өткеннен кейін,
үйлердін номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста
болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа карай бер деп
түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ак сырмен 117
деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім.
Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды
әлдебір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жаткан
ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл
осындай болып, көңіл кобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін,
дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін.
Сыртқы есіктен ішке кіріп, үшінші қабатқа көтерілдім. Мен іздеп келген 6-пәтер
баспалдақтың сол жақ түкпірінде екен. Есіктің коңырауын іздеп, алғашында таба
алмадым. Аныктап қайтадан қарасам, есіктің топса жақ жақтауында көзге көрінер-көрінбес
боп, түймедей ғана коңырау кнопкасы тұр екен. Ішке хабар жіберіп, ақырын соны бастым.
Содан соң дәл келдім бе екен деп ойлап сағатыма қарасам - он болыпты.
Ішкі жақтан сөйлеп жүрген әйел даусы естілді. Маған есік ашуға келе жатқан кісі
болар деп, сәл шегініңкіреп тұрдым. Бірақ есік ашылмады. Мен кнопканы қайта бастым.
Осы кезде есіктің дәл ар жағынан шылдыр ете қалған қоңырау үнін естідім. Сонда ғана
басыма алғашында қоңырауды қатгы баспадым ба екен деген ой келді. Өйткені мұның
алдында дәл мұндай боп жақыннан шыққан қоңырау дауысын естімеген сияқты едім.
Әлде үйдің үшінші қабатына көтерілгенге жүрек алкынып, үй иесі қалай қарсы алар екен
деген сасқалақпен аңғармай қалдым ба, оны өзім де білмеймін.
... 1943 жылдың жазында біздің құрамамыз - 100-Дербес атқыштар бригадасы 2-
Балтық майданыньщ бір шетінен екінші шетіне ауыстырылды. Атап айтқанда Великие
Луки қаласының түбінен Ловать өзенінің жағасына барып жайғастық. Жорықпен жолда
кетіп бара жатқанымда менің қолыма «Знамя» журналының сол жылғы 5-номері тиді. Сол
журналда Александр Бек деген автордың «Панфиловшылар алғы шепте» атты повесінің
басы жария-
ланған екен. Мен онда Бек дегеннің кім екенін білмейтінмін, ондай жазушы барын да
естімеген болатынмын. Бірақ Панфилов дивизиясын, одан шыққан 28 батыр есімдерін,
Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаров сол дивизияның түлектері екенін жақсы
білетінмін. Сондықтан болар, мен бұл повестен бас алмадым. Күндіз тоқтай қалғанда
күннің жарығымен, түнде қонған жерде ай сәулесімен оқыдым. Оқыған тарауларды жол-
жөнекей жауынгер серіктеріме баяндап та отырдым. Содан соң, алғы шепке сол
журналдың 6-номері және келді. Панфиловшылар туралы повестің жалғасын түнде, ай
қараңғы болғандықтан, зеңбірек касына келіп отырып, аккумулятордың жарығымен
оқыдым. Повесть те бітті,
аккумулятордың да жарығы таусылды. Әрине, менің мұным тәртіп бұзғандық, тіпті қылмыс
еді.
Менің зеңбірегімнің жарығы таусылғанын взвод командирі лейтенант Полянңев ертеңінде-
ақ білді. Ол білген жоқ еді, мен өзім айттым. Зеңбірегімнің жарығын түнде кітап оқимын
деп тауысып алдым дедім.
Полянцев өте ашуланшақ кісі еді. Бірден айғайды салып, сыбап алды. Мен сені қазір атып
тастаймын деді. Бірақ атқан жоқ. Погонымды, мылтығымды, белбеуімді сыпырып алып,
үш тәулікке гауптвахтыға айдатты. Кылша мойным талша деп, қару кезенген солдаттың
алдына түсіп, желбегей шинелім салпандап, дивизион штабының қасындағы гауптвахтыға
қарай сапар шектік. Бұл бір көрмеген құқайым еді, оны да көретін болдым деп ойладым
ішімнен.
Позициядан шыға бере алдымыздан біздің батареяға қарай салт атпен келе жатқан
дивизион командирі майор Сахонь кездесті.
Майор Сахоньды біз генерал Панфиловтан кем көрмеуші едік. Тілі сақаулау болғанымен,
өте байсалды, ақылды кісі еді. Карамағындағы артиллеристерді офицерден бастап, әрбір
солдатына дейін білетін. Мен, айдауда келе жатсам да, екі қолымды жамбасыма
жапсыра ұстап, аяғымды көтере сермеп, дік-дік басып, мойнымды командир жакка бұрып,
салт атгы Сахоньның қасынан сәлем беріп өттім. Майор мені таныды да, атының тізгінін
тартты.
- Қане, тоқтандар, - деді артымда маған мылтық кезеп келе жаткан айдаушы
солдатқа.
Майор атының басын бұрып, қасыма өзі келді де:
- Аға сержант, қайда жол тартып барасың? - деді.
- Гауптвахтыға, жолдас майор.
- Не үшін?
- Зеңбірек аккумуляторын шығындап түнде кітап оқығаным үшін.
- Ол дұрыс болмаған екен.
- Кінәлімін, жолдас майор.
- Қандай кітап еді?
- Панфиловшылар туралы.
- Ұнады ма?
- Өте ұнады, жолдас майор.
- Момышұлының, оның басқа да жерлестерінің ерлігіне сүйсіндің бе?
- Сүйсінгенде қандай, жолдас майор!
- Мен де сүйсіндім. Ал сен ол кітаптың мазмұнын жолдаста- рыңа айтып бердің бе?
- Дәл солай, жолдас майор. Бүкіл батареяға баяндап бердім.
- Онда жігіт екенсің, аға сержант, - деді майор маған ат үстінен сығырая карап. - Сені
гауптвахтыға кім жіберді?
- Взвод командирі лейтенант Полянцев, жолдас майор.
- Ендеше мен сенен ол жазаны алып тастадым. Казір қайт та, взводыңа барып, өз
міндетіңе кіріс. Лейтенант Полянцевқа менің осы бұйрығымды айт.
Біз батареядан қырық-елу метр ғана алыстаған едік. Айдаушы солдат өз бетімен кетті де,
мен старшинаға барып погонымды, белбеуімді, наганымды алдым. Пилоткамның қызыл
жұлдызын қайта қадап басыма кидім де, асықпай аяндап, орман шетінде жауынгерлермен
сабак өткізіп жаткан взвод командиріне карай беттедім. Лейтенант мені көре сала
орнынан ұшып тұрып, бакырып коя берді.
- Сен неге сенделіп жүрсің әлі күнге дейін? - деп ақырды.
- Сенделгенім жоқ, түп-түзу келе жатырмын, жолдас лейтенант.
Оның аузы жыбыр-жыбыр ете түсті. Бұл оның мені әке-шешемнен сықпыртканы.
- Менің саған гауптвахтыға бар дегенім қайда?
- Орта жолдан қайтып келдім, - жолдас лейтенант.
- Кім право берді саған гауптвахтыға бармай кайтып келуге? Бұл үшін мен сенің көзіңе
көк шыбынды үймелетермін әлі.
Осылай деп ол қасында тұрған сержантқа бұйрық берді:
- Омарбаев, қазір мынаның белбеуін шешіп, погонын сыпыр да, дивизиондағы
гауптвахтыға айдап бар.
Мұқан Омарбаев амалсыз орнынан тұрып, аяғын сылбыр басып маған карай аяндады.
Мен оған «асықпа» дегендей белгі бердім де:
- Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас лейтенант, - дедім Полянцевқа қарап тік тұра калып.
- Үніңді өшір. Рұқсат етпеймін, - деді ол.
- Рұксат етпесеңіз, онда мен рұксатсыз баяндауға мәжбүр боламын...
- Өшір үнінді...
- Қазір, жолдас лейтенант. Сіздің бүйрығыңызды дивизион командирі майор Сахонь
жолдас бұзды, - дедім мен. - Майор осыны сізге айт және Полянцев жолдас дереу маған
келсін деді.
- Қайда майор? Сен бағанадан бері неге айтпай тұрсың ол кісінің шақырғанын?
- Айтайын деп едім, сіз маған сөйлеуге рұқсат бермедіңіз ғой, жолдас лейтенант.
Лейтенант пилоткасын түзеп киіп, қос бармағын белбеуіне сұқты. Гимнастеркасының
бырысканын артына қарай жиырды.
- Қайда жолдас майор?
- Позицияда.
Лейтенант орман шетіндегі зеңбіректер тұрған жерге қарай тұра кеп жүгірді. Барды да
майорға өзінің шақырту бойынша келгенін айтып рапорт берді. Майор мен лейтенанттың
барлық сөздері бізге анық естіліп тұрды.
- Зеңбірек командирін не үшін тұтқындадыңыз, жолдас лейтенант? - деп сұрады
майор.
- Түнде кітап оқимын деп зеңбірек шамын тауысқаны үшін, жолдас майор.
- Неге сүйеніп тұтқындадыныз?
- Уставқа сүйеніп, жолдас майор. Устав бойынша тәртіп бұзған жауынгерді үш тәулікке
дейін гауптвахтыға отырғызуға правом бар ғой.
- Әрине бар. Бірақ Уставтағы правоны дұрыстап пайдалана білу керек, жолдас
лейтенант. Ол сержант бір зеңбіректің отын өшіргенімен, сол оқыған кітабы арқылы
батареяның бар жауынгерінің жүрегіне от жақты. Уставта осы да есептелген. Сіз оны
ескермегенсіз. Өзіңіз батальон командирі Момышұлы туралы кітапты оқыдыңыз ба?
- Жок, жолдас майор.
- Ендеше, оны оқымағаныңыз үшін, мен сізді үш тәулікке үй тұтқыны етіп қамасам
қалай болар еді? Бұл да менің уставтық правом ғой. Сонда сіз ол кітапты оқып шығарсыз
деп ойлаймын.
- Кұп, жолдас майор, үш тәулікке үй тұтқыны болуға. Бірақ ана кітапты қайдан
аламын?
Оны өзіңіз тұтқындаған сержанттан сұраңыз... Мен сізге арест жарияламаймын,
лейтенант. Бірак бұл есіңізде болсын.
Осыдан кейін «Знамя» журналының мендегі екі номері қолдан-қолға көшті. Каршадайынан
батырлар жырын жаттап өскен қазак балалары бұл повесті өлеңдей жаттап алдық.
«Фамилиясы жоқ адаммен»-батальон командирі Бауыржан Момышұлымен біз майданда
осылай танысқан едік. Оның ерлігіне, батылдығына, тапқырлығына, сонымен бірге
адамгершілік асыл қасиеттеріне сүйсіндік. Егер өтірік жазсаң алдымен сол қолынды, одан
соң оң қолынды шауып тастаймын деп, қылышын жарқ еткізіп қынабынан суырып алып,
жазушыға серт қойған сәті әрқашанда жадымызда жүрді. Оның Боранбаев есімді корқақты
жазалағанын да жөн көрдік. Оның Бозжанов, Рахимов сияқты серіктерін де
өзімізге үлгі тұттық. Командирлеріміз Бауыржандай қатаң, қаһарман болуға тырысты. Біз,
солдаттар, Бауыржандай батыр, батыл болуға ұмтылдық. Бәріміз де Момышұлын бір
көрсек, тілдессек-ау деп арман еттік. Бірақ мен Бауыржанмен соғыста кездесе алмадым.
Ал онымен соғыс біткеннен соң 18 жыл кейін, онда да тек телефон аркылы ғана
тілдесуіме тура келді.
Момышұлы әскерден босап, Алматыға келгенде мен Павлодарда кызметте
болатынмын. «Бауыржан отставкаға шығыпты», «Бауыржан пәленшеге былай депті»
деген сияқты ұзынқұлақ хабарларды естігеніміз болмаса, көпке дейін онымен жүздесу сәті
түспеді. Алайда мен киын күндерде пір тұтқан адамым болғандықтан жүрегімдегі оған
деген сонау солдат кезеңнің ыстық сезімін суытпай сақтап жүрдім. Оның үстіне
Момышұлының «Біздің семья», «Жауынгердің тұлғасы», «Москва үшін шайқас» атты
кітаптары бірінің соңынан бірі шығып, менің оған деген сүйіспеншілігімді бұрынғыдан да
арттыра түсті. Момышұлын бұрын командир ретінде кұрметтесем, енді жазушы ретінде
және жақсы көре түстім.
1961 жылы мен Алматыға ауыстым. Сол жылдың жазында Қазақстанның 40
жылдығын тойлау белгіленді де, соған арнап газетіміздің мерекелік қосымша номерін
шығармақ болдық. Мерекелік номерге басқа авторлармен бірге Момышұлының да
мақаласы жоспарланды. Редактордың орынбасары ретінде қосымша номерге жетекшілік
ету маған жүктелген-ді. Мақаласын ұйымдастыратын авторларды редакция
қызметкерлеріне бөле келгенде жұрттың бәрі Бауыржаннан кашқалақтап, онымен
байланыс жасаудан тайсалақтай берді. Мен оның себебін түсінбедім.
- Ол кісімен сөйлесу қиын, - деді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі ақын
Құрманғали Ұябаев, - көңілі түспесе ұрсып тастайды, сөйлеспей қояды. Жігіттер
сондықтан батпай отыр. Ол кісімен өзіңіз сөйлескеніңіз дұрыс.
Акыры Бауыржанның үйіне менің телефон соғуыма тура келді. Ар жақтан трубканы
әйел алды. Әйелмен сәлемдескеннен кейін мен Баукең үйде ме деп сұрадым.
- Үйде. Бұл қайдан? - Мен қайдан екенін айттым. Әйел «казір» деп трубканы тастап
кетіп калды.
- Мен тындап тұрмын, - деді бір кезде еркек дауысы трубканы жарып жібере жаздай
гүр ете түсіп.
- Сәлеметсіз бе, Бауке.
- Сәлемет.
- Бұл «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясынан ғой, - дедім мен шапшаңдата
сөйлеп, әскери адам жіті, қысқа, нак сөйлегенді ұнататын болар деген оймен. Содан соң
лауазымым мен фамилиямды айттым да, бірден бұйымтайға кірістім. - Мерекелік номерге
сіздің мақалаңызды жоспарлап едік. Соған...
- Тоқта, фамилияң кім сенің? - деді Бауыржан менің жоғарыда айтқандарыма мән
берместен.
Мен фамилиямды қайталап айттым.
- Мен ондай адамды білмеймін, - деді Бауыржан сөзін нығыздай сөйлеп. - Мен сізбен
сөйлеспеймін...
Бұл күнге дейін мен газет атынан сөйлескен кісіге мұндай жауап берген адамды
кездестірген жоқ едім. Аудан, облыс, өлке басшыларымен емін-еркін сөйлесіп, тілек-
тапсырмамызды бірден айта беретінбіз. Үлкенді-кішілі журналистермен сөйлеспейтін,
олар-
дың өтінішін орындаудан бас тартатын ешкім болмайтын. Момышұлы мандайдан тарс
еткізіп, екі сөзге келместен, трубканы ілді де тастады.
Абыржып, аң-таң болып мен қалдым. Ақыры: жазушы ағайындардың жазғанын ғана
окып, атағына алыстан сүйсініп жүре беру керек екен-ау. Оларды көрсем, білсем,
тілдессем деу бекершілік екен ғой. Қайта солардың мінез-кұлқын, жеке өмірін білмей-ақ
қоюдың өзі абзал шығар деп түйгенмін де қойғанмын.
Әрине, Момышұлы жоғарыда аталған мақаланы бізге жазып беріп, ол қосымша
арнаулы номерде жарияланды да. Менімен сөйлеспегені үшін Бауыржан артынан ғапу да
өтінді. Дегенмен, жүрегім сол жолы май ішкендей шайлыққан мен осыдан кейін
Момышұлына жоламайтын да, жуымайтын да едім. Аман-сау, абыройлы болуына сырттан
тілектес көптің бірі болып жүре беретінмін. Мінеки, бүгін келіп мен сол адамның есігін өзім
қағып тұрмын.
- Әй, ашсаңшы, - деп гүр ете калған зор дауыс естілді менің коңырауымнан кейін.
«Бұл мықтының өзі болды» дедім ішімнен.
Есік ашылды. Үстіне аяғының басына түсе сүйретілген гүлді көк халат киген сұңғак бойлы,
сымбатты әйел карсы алды. Бұл - Бауыржанның жұбайы Кәмәш. Батырдың әйеліне бас
идім де, кіруге рұқсат сұрадым.
- Кіріңіз.
Кірсем, есіктің дәл қарсысында кухня бар екен. Соның төрінде таңертеңгі шай үстелінің
басында, ескі әскери кительді иығына желбегей жамылған, үстіне қайырма жағалы,
омырауы ашық, сарғыш түсті кейлек, жолақты жұқа шалбар, аяғына жасыл тапочка киген
Бауыржан отыр екен. Үстел басында еңсесін тік ұстап, еті қашқан иегін сәл көтере түсіп,
сырттан кірген кім екен деп, есікке тесірейе қарап отырған ол бір сәт маған шығыңқылау
бет сүйегін, суалыңқылау ұртын, салбыраңқы мұртын, кісіге тайсалмай тіке қарайтын,
қарағанда жанарынан ұсақ-ұсақ ине шашырап жатқандай боп көрінетін сәл қысықтау көзін,
қара жартастай қасқиып тік жажан мандайды шимайлаған жол-жол әжімдерін әлдебір
шебер қол гранитке айқындай қашап, айнытпай түсірген аса бір сұсты, сол сұстылығымен
тартымды көрінетін тас мүсінге ұксап кетті.
Табалдырықтан атгағаннан кейін мен оң қолымды кеудеме басып:
- Бауке, сәлеметсіз бе? - дедім.
Бауыржан үндемеді. «Бәлей, бүлдірдім-ау. Ассалаумағалейкум деп айтпағаныма
кырсығып отыр ма?» - деп мен де үнсіз тұрып қалдым. Бауыржан өзіне сәлемді қазақша
бермеген адамдарды үйінен қуып шығады екен деп естігенім болатын. Және ондайда
бірден: «Кругом! Шагом марш!» деп айтады екен депте еститінмін.
Маған да солай етер ме екен деп қатты қысылып тұрдым.
Осы арада Бауыржанның тілшілерді қабылдауына байланысты жұрт аңыз етіп
айтатын екі оқиға ойыма сап ете қалды. Бірде Момышұлына радиодан магнитофонын
арқалап тілші келеді. Тілші шашын әйелше қоя берген жас жігіт екен.
- Әй, сен кімсің? - дейді Бауыржан оны көрген бойда.
- Радиожурналистпін, ағай. Сізбен сөйлесейін деп келіп едім.
- Өзің әйелмісің, еркекпісің, мен сонынды айт деп тұрмын саған.
- Еркекпін, ағай.
- Кругом! - дейді Баукең оған ежірейіп. Сасқан жігіт ұршықша айналып кейін бұрылып,
есікке қарап тұрады. - Сен еркек болсаң, онда шашынды еркекше алдырып кел. Марш!
Жігіт салы суға кетіп кеңсесіне қайтады. Қыскартайын десе шашын қимайды,
қысқартпайын десе - тапсырма қинайды. Сөйтіп жүргенде бір күн өте шығады. Ертеңінде
оны бастығы шакыртады.
- Момышұлымен әңгіме дайын ба? - деп сұрайды бастық.
- Жок.
- Неге?
- Шашыңды еркекше алдырып келмесең, сенімен сөйлеспеймін деп куып шықты.
- Шашынды неге алдырмайсың?
- Кимаймын.
Бастық ашуланады.
- Ол материал программада тұр. Шашың тұрғай басынды алдырсаң да бүгін материал
осында болсын! - деп бұйырады ол жігітке.
Жігіт амалсыздан шаштаразға барып шашын жұқарттырады. Содан соң Бауыржанға
қайтадан барады.
Екінші аңызда Бауыржан Кубадан келгенде бастығы Момышұлынан интервью әкел
дегенде бір журналистің «Мені Бауыржанға жұмсағанша тордағы арыстанның жалынан бір
сипап қайт деп бұйырыңыз» дегені айтылатын.
Осы екі оқиға есіме түскенде менің одан сайын берекем қаша бастады.
- Мұнда кел, - деді Бауыржан даусын жылытпастан маған тесірейе қараған күйі. Әлі де
қуып шығар, шыкпасына көзім жетпей сақтана басып қасына барғанымда Бауыржан қолын
ұсынды.
- Аман-есенбісің?
- Шүкір, Бауке.
- Отыр,-деп менің арт жағымдағы бос орындықты нұсқады

VII
Автор. Бауке, анада бір сөз арасында шетелден келген әйел жазушыны қабылдадым
деген сияқты едіңіз.
Бауыржан. Осыдан бірер жыл бұрын француздың бір жазушы әйелі Алматыға келді. Ол
әйелдің туған ағасы француз армиясының подполковнигі екен. Қарындасының Москва
арқылы Алматыға соғатынын естіп, Момышұлына жолығып, көре кел деп тапсырады.
Арнап хат беріп жібереді. Әйел Алматыға келіп, Жазушылар одағында болады. Одан мені
сұрастырады. Одақтағылар Момышұлы науқастанып үйде жатыр, мұнда келе алмайды,
жолыға алмассыз дейді. Әйел де бір айтқанынан қайтпайтын жан болса керек. Ағасының
аманатын орындау үшін қалайда маған жолығуға тырысады. Мейманханада жатып
телефон анықтамалығынан менің әдресімді іздейді. Өзі орысша жақсы біледі екен. Кешке
трубканы алады да 2-20-44-ке телефон соғады.
- Айтыңызшы, тілеуіңізді берсін, бұл Момышұлының пәтері ме?-деп сұрайды.
- Иә.
- Ол кісіні телефонға шақыруға бола ма?
- Болады.
Кәмәш келіп, сені бір шет ел акцентімен сөйлейтін орыс әйелі телефонға шақырып тұр
деді. Бұл кім болды екен деп ойлап, телефонға бардым. Сөйтсем, сонау Франциядан
келген жазушы әйел.
- Мен сізді көрмей Алма-Атадан қайтпаймын деп ағама уәде беріп едім. Сіз
науқастанып жатыр деп естідім. Сауығуыңызға шын жүректен тілектеспін. Бірақ бірер
минутқа болса да үйіңізге кіріп шығуға рұксат етуіңізді өтінемін, - дейді жалынып.
- Келіңіз, мадам, - дедім мен. - Бұрын ауырғаным рас еді. Қазір тәуір болдым. Ертең
қай уакытта келсеңіз де менің есігім ашық.
Ертеңінде түс ауа есіктің коңырауы шылдырлады. Телефон соққан француз әйелі екен.
Қасында біздің Жазушылар одағы басшыларының біреуі бар. Оларды төрге отырғыздым
да, өзім қарсыдағы креслоға жайғастым. Әйел алдымен қабылдағаным үшін көп-көп
рақмет айтты. Мен басымды изедім. Содан соң ол сумкасынан ағасының хатын алып,
маған ұсынды. Хатқа қарадым да:
- Мен французша білмеймін, мадам,-дедім.
Ол жалма-жан сумкасына қайтадан қолын сұғып, екінші бір қағазды суырып алды.
- Ғапу етіңіз, полковник мырза, мен орысшасын қоса бермеппін ғой сізге,-деп қағазды
маған берді.
Оқысам француз подполковнигі маған жауынгерлік сәлем жолдапты. Мен туралы кітаптан
оқығанын, Совет Армиясы полковнигін өзіне ұстаз көретінін айтыпты, тағысын тағылар.
Хатты оқып болдым да:
- Ағаңызға рақмет. Менен жауынгерлік сәлем айтып барыңыз,-дедім.
Әйел жымиып бас изеді де:
- Сізге бірнеше сұрау беруіме бола ма?-деді.
Осы кезде оның қасына еріп келген жазушы қазақша:
- Бауке, былай... қиқарланбай... дұрыстап... - дей беріп еді,
мен оның сөзін бөліп жібердім.
- Мадам қазақша білмейді, - дедім өзіміздің жазушыға ежірейе қарап, орысша сөйлеп.
- Мен французша білмеймін. Сондықтан біздің тек қана орыс тілінде сөйлескеніміз жөн.
- Қазақтар француз әдебиетін оқи ма? - деп әйел бірінші сұрағын қойды.
- Оқиды, мадам, көп оқиды, - дедім мен.- Француз әдебиетін қазақтардың көпшілігі
орыс және қазақтілінде окиды. Сонымен бірге француз тілінде оқитын қазақтар да бар.
Олардың саны әлі аз. Бірақ түбінде қазақтардың көпшілігі француз әдебиетін түпнұсқадан
оқитындығына мен сізді сендіре аламын.
Әйел менің жауабымды қағазына жазып болғаннан кейін:
- Мадам, бәлкім Сіздің менің өзімнің француз әдебиетін оқитын, окымайтынымды
білгіңіз келетін болар, - дедім.
Әйел үндемеді. Содан кейін мен орнымнан тұрдым да:
- Менің кітаптарымды көріңіз онда, - деп кабинетімнің есігін аштым.
Әйел орнынан ұшып тұрып кабинетке кірді де, бірден шкаф- тағы кітаптардың түбіне
үңілді. Үңілген сайын:
- О,Золя!
- О, Флобер!
- О, Бомарше!
- О, Анатоль Франс!
- О, Роман Роллан!
- О, Луи Арагон!
- Антуан де Сент-Экзюпери!-деп, әбден есі шығып кетті.
- Бұл сұрағыңызға қанағаттанарлық жауап алдыңыз ба, мадам?-дедім мен.
Әйел басын изеді.
- Ендеше қайтадан жайғасып отырайық.
- Сіздің Франция президенті Де Голльге көзқарасыңыз қандай? - деді әйел қайта келіп
отырғаннан кейін екінші сұрағын айтып.
- Кубада болғанымда маған әскери адамдар саяси сұрақтар қойды. Мәселен, АҚШ-қа
қалай қарайсыз, ағылшындарды қалай көресіз? - деген сияқты. Мен ешқандай саяси
сұраққа жауап бермеймін дедім оларға. Менің партиямның, Отанымның оларға көзқарасы
қандай болса, менің де көзқарасым сондай. Осыдан кейін кубалықтар маған саяси
сұрақтар бермейтін болды. Ал сіз әйел адамсыз ғой, сондықтан жауап берейін.
- Де Голль мырзаның саяси бағытына қосылмаймын. Бірақ өзін Францияның адал
ұлдарының бірі деп есептеймін, - дедім.
- Қазақ әдебиеті туралы пікіріңіз қалай? - деді әйел бұдан соң.
- Өте жақсы,- дедім мен. - Ең арыдан келе жатқан өрелі, өрісті әдебиеттің бірі. Мен
кейбір әдебиет зерттеушілерінің қазақ әдебиетін беріден бастап дамыды дегеніне
қосылмаймын. Олай дейтінім қазақтың батырлар жырын алыңыз. Олардың әрқайсысы
дүние жүзіндегі ең озық мұралармен таласа алады. Мәселен, қазақтың «Қобыланды
батыр» жырының жалғыз өзі ғана немістің «Нибелунгтар туралы», француздың «Роланд
туралы» жырларынан немесе карелдер мен финдердің «Калевалл» эпосынан бір де кем
емес. Ал қазақтарда мұндай жырлардың жалпы саны елуге тарта. Олардың көркемдік,
күштілік, шешендік жақтарын бірер аптаның ішінде ауызбен айтып жеткізу қиын. Оларды
біздің
профессорларымыз университеттер мен институттарда бүкіл жыл бойына талдап
түсіндіреді. Ал осы ғажайып қаһармандық дастандардың жеке-жеке авторлары болған.
Бірақ бұл дастандар сонау көне заманнан келе жатқандыктан олардың авторлары
ұмытылып, жыр текстері ғасырдан ғасырға ауызша ауысып отырған. Міне, осындай ұлы
шығармалар жазған ежелгі казак ақындарының өз кабинеті болған. Олар осындай асыл
жырларды, тамаша мақал-мәтел, шешендік сөздерді, жұмбақ, жаңылтпаш, әр алуан айтыс
өлеңдерін сол ғажайып кабинетте отырып жазған.
Франңуз әйелі маған қадала қарап бақырайып қалыпты.
- Сенбей отырсыз ба, мадам? - дедім мен оған.
Әйел басын изеді.
- Сіздің ата-бабаларыңыз көшпелі халық болған ғой. Көшпелі халықтың ақынына
кабинет қайдан келеді деп ойлап отырғаным рас.
- Жок, менің халқымның арғы аталары бір кезде отырықшы ел болған. Отырар, Тараз
тәрізді ірі-ірі қалалары бар мәдениетті, білімді ол ел бүкіл шығыс жұртының сауда
орталығы боп тұрған. Кейін шетелдік басқыншылар ол қалаларды ойрандап, елдің
егіншілік мәдениетін құртып, халқын қайтадан көшпенді қауымға айналдырып жіберген.
Әңгіме ол туралы емес, әңгіме біздің ежелгі ақындарымыздың тамаша шығармалар
қалдыруына мүмкіншілік берген ғажайып кабинеті болғаны жайында. Өзіңіз ойлаңызшы,
мадам, кабинетсіз шығарма жазуға болмайды ғой.
Әйел басын изеді.
- Қазақ ақындарының кабинеті шексіз-шетсіз кең дала, тамаша табиғат аясы болған.
Сол кабинетте отырып олар мөлдір көл, зеңгір тау, жұртқа жайлы жерұйык мекен, ел
қорғаны болған қаһарман батырлар жайлы мәңгілік шығармалар тудырған. Сол кабинетте
отырып олар күндіз самал желмен сырласқан, түнде жымындаған жұлдыздармен
тілдескен. Міне, нағыз ақын үшін осыдан артык кабинет бола ма?
Француз әйелі мен біздің жазушы екеуі қосыла күліп жіберді.
- Мен қазіргі, іші дүние жүзі классиктерінің асыл мұраларына толы кабинеттерді
кемітіп отырғамын жок, мадам. Осы заманғы өнерлі елдер данышпандары қалдырған
өлмес мұралармен парапар түсетін туындыларды дүниеге келтірген көшпелі ел
ақындарының кабинетін айтып отырмын.
Енді әйел күлместен, ыкыластана бас изеді. Содан соң ол жаңа сұрақ қойды.
- Қазақтың жазуы қашаннан басталды?
- Өте ертеден.
- Тарихшылардың айтуына қарағанда қазақ жазуы арабтар
жаулап алғаннан кейін пайда болған сияқты ғой, - деді француз әйелі.
- Жоқ, одан да арыдан. Ежелгі атам заманнан-ақ қазақтардың жазуы және мынаған
ұқсас жазу аспаптары болған. - Мен саусағыммен үстел үстіндегі екі жағында екі автомат
қалам шаншулы тұрған приборды нұсқадым. Қазақтар сол аспаппен ноталар да жазған.
Кәдімгі музыка нотасын және дипломатиялық ноталарды айтамын, мадам.
Қонақтарым тағы да маған тандана қарады.
- Иланбай отырсыз ба, мадам?
- Иә, - деді әйел.
- Қазақтың жазу құралы міне, мынадай болған, - деп мен креслоның қасында тұрған
домбырамды алып, шертіп-шертіп жібердім.
- Қазақтың асқақ ақындары мен әйгілі композиторлары өз өлендері мен музыкаларын
халыктың жанына, жүрегіне осы аспаппен жазған. Тілін түсінбейтін басқыншы армияның
алдынан шығып біздің ежелгі дипломаттарымыз бен парламентерлеріміз осы домбыра
үнімен жауап берген, оларға өз ультиматумын домбыра күйімен ұқтырған. Күй қазақтың
жер қайысқан қалың қолы бар екенін, олар жер бетінде бір жауынгер қалғанынша өзінің
туған жерін қорғайтынын, оларға туған жердің асқар-асқар таулары мен күркіреген
өзендері көмектесетінін айтқан. Қазақтың кең даласы келген дұшпанның басына кебін боп
кептелетінін білдірген. Есің барда елің тап, кейін қайт деген. Міне, бұл домбырамен
осындай ноталар жазылған.
Бұған дәлел қазақта «Ақсақ кұлан» деген күй бар. Ол күйдің қысқаша тарихы мынадай. Бір
кезде қазақ жерлерін монғолдар басып алғаны белгілі. Сол тұста Алтын орданың бір
бөлігін Жошы хан билеп тұрған. Ол өзіңіз білетін Шыңғысханның үлкен ұлы, белгілі Батый
ханның әкесі. Сол Жошы ханның бір баласы аң аулап жүргенде оны дала тағысы, хан
ұлының оғы жаралаған ақсақ құлан шайнап өлтіреді. Хан аңға кеткен ұлының кешіккенінен
күдіктеніп, оны іздеуге жер жайын білетін бір топ қазақтарды аттандырады.
- Егер ұлымды таппай қайтсандар, бәріңді де өлтіремін. Ал ол өлді деген хабар
әкелсендер, сол хабарды айтқан кісінің көмейіне ерітіп бір бақыр қорғасын құямын! - дейді
хан.
Хан жарлығы екі болмайды. Қазақтар іздеп келіп құланнан ажал тапқан қатыгез хан
баласының сүйегіне кездеседі. Олар сүйекті атқа тендеп хан ордасының сыртына алып
келеді. Бірак оны ханға кім айтуы керек. Ешкімнің де көмейінен ыстық қорғасын жұтқысы
келмейді. Сонда бір жас қазақ батыры алға шығып:
- Өлсем көп үшін кұрбан болармын. Бұл хабарды ханға мен жеткізейін, - дейді.
Жас батыр бойындағы барлық қаруын шешіп тастап (өйткені хан үстіне қарумен кіруге
болмайды), ордаға қарай жаяу аяндайды. Батырдың қолында шоқпар орнына осындай
ғана, - мен домбыраны қолыма алып көрсеттім, - қара домбыра кете барады.
Сыртқы жендеттерден өтіп, орданың ішіне кірген жас батыр ханның алдына барып бас
иеді.
- Баламды таптындар ма?-деп сұрайды хан.
- Таптық, алдияр, - деп жас батыр тағы да бас иеді.
- Тірі ме, өлі ме?
Осы кезде жас батыр ләм деп аузын ашпастан, тізерлеп отыра қалады да, қара
домбыраны безілдете кеп жөнеледі. Жас батыр тартқан жаңа күйден хан баласының
желкілдеп аңға шыққаны, содан соң дүсірлетіп құлан қуғаны, садақпен атып айғыр
кұланды аяғынан жаралағаны, ақсақ құланның шоқақ-шоқақ желіп, қарайлай қашып бара
жатқаны ақаусыз танылып тұрады. Хан баласының ақсақ құланды құртпай қоймаймын деп
екілене шауып, қасындағы нөкерлерінен қара үзіп кеткені аңғарылады. Домбырада үш
аяқпен шоқақ қаққан құланның, оның соңына жеке түскен төрт тұяқтың дыбысы ғана
калады. Кенет шоқақтаған құланның дүсірі күшейіп, оның жалт бұрылып соңына түскен
куғыншыға тап бергені білінеді. Сарт-сұрт тұяқ соғысып, кұланның қылыштай тістерінің
шақыр-шұқыр еткені айқын аңғарылады. Сол кезде домбыра ішектерінен: «өлдім, өлдім!»
деген екі сөз адамның үнімен айқын естіледі.
Осы жерге жеткенде қара терге түскен батыр күйді кілт үзеді де, домбырасын алдына
көлденең қойып, ханға қайтадан бас иеді.
Мінеки, мадам, бұл бертінде, он екінші ғасырдың аяғы мен он үшінші ғасырдың бас
жағында болған оқиға. Жаңағы мен айтқан Жошы ханның бір мың екі жүз жиырма жетінші
жылы өлгені тарихтан аян. Ал қазақтың универсалды аспабы домбыра арабтар
басқыншылығынан әлдеқайда бұрын болған. Домбыраның жазу құралы болғанына
сендіңіз бе енді?
- Сендім, - деді әйел. - Бірақ жаңағы қазақ батырының тағдыры не болды, соны айта
кетіңізші, тілеуіңізді берсін.
- Ол батыр тірі қалды. Өйткені Жошы баламды өлді деп естірткен адамның аузына
қорғасын құямын деген ғой. Ал батыр оған өз аузымен ұлың өлді деп айтқан жок. Оны
домбыраның үнімен, қазақтың өзіне тән жазу алфавитінің өрнегімен ұқтырды. Сондықтан
хан күлкілдеп еріп тұрған бір бақыр қорғасынды сол домбыраның шанағына құйғызды.
Бірақ ол жас батыр шапқыншылармен кезекті бір ұрыста қаза тапты.
- Жиаль, жиаль, - деді әйел басын шайқап.
- Алайда ол мәңгі тірі қалды. «Ақсақ құлан» күйі күні бүгінге дейін тартылады. Ол
қазақтың ұлт аспаптары оркестрінің орындауында бүкіл дүние жүзін аралап шықты.
Қонақ әйелді төргі бөлмеге ертіп барып, бөлменің бір қабырғасын жауып тұрған өзімнің
туған апам тоқыған алаша-кілемді көрсеттім.
- Бұл фабрика тоқып шығарған дүние деп ойламаңыз, мадам. Менің өз апайым мұны
өз қолымен тоқыған.
Әйел алашаның неше алуан оюларына қарап, мүйіз-мүйіз өрнектердің сызығын
саусағымен қуалай сипалап, басын шайқап, біраз отырды.
- Айтқандарыңыздың бәріне де сендім, - деді содан кейін әйел орнынан қозғалып. -
Енді менің сізге басқа қоятын сұрақтарым жоқ. Тек бір ғана өтінішім бар: Сіз маған
өзіңіздің атақты кітабыңыз «За нами Москваның» бір данасын бермес пе екенсіз. Бұл мен
үшін, менің семьям үшін баға жетпес үлкен сыйлық болар еді.
- Әбден болады, мадам.
Мен қол қойып, кітабымды бердім. Француз әйелі көп-көп рақмет айтып, ризалықпен кетті.
Бірақ мен кешіргісіз бір қате жасаппын. Оны өзім ертеңінде аңғардым. Ол қатем әйелдің
ағасына, маған арнап хат жолдаған француз подполковнигіне бір нәрсе беріп жібермеппін.
Бұл қатемді кейін сезіп, телефонмен ол әйелді іздестіргенімде, кеше кешкі самолетпен
Москваға аттанып кеткенін бір-ақ білдім.
Бұл әңгімені айтып болғаннан кейін Бауыржан орнынан тұрды. Қолтығындағы қағаз
папкасын алды да, маған ұсынды.
Бауыржан. Сен маған шетелдерден келген хаттардың көшірмелерін көрсет деп едің ғой.
Кеше балаларға айтып жіберсем Болгариядан келген бір-екі хатты ғана тауып әкепті.
Ішінде менің өзіміздің бір әскери училищенің лейтенантына жолдаған жауап хатым да жүр.
Бұларды палатаңа апарып оқырсың.
Автор. Рақмет, Бауке.
VIII
Ертеңінде таңертең ертерек тұрып, кеше кешке Бауыржан берген папканың бетін аштым.
Хаттардың көшірмелерінің бәрі де машинкаға басылған екен. Бірінші хатта былай деп
жазылыпты:
«Қымбатты жолдас Момышұлы!
Осы жаңа ғана Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын оқып шықтым. Кітапта
Отан соғысындағы Сіздің алғашқы ұрыстарыңыздың тарихы суреттеліпті. Егер мен дұрыс
ұқсам, Сіз өз басыңыздан кешкен оқиғаларды әрі шынайы түрде, әрі көркем етіп жазушыға
баяндап бергенсіз.
Міне, кітаптың соңғы бетін жаптым, бірақ сіз менің көз алдымда қалдыңыз. Сіздің
батылдығыңыз, байсалдылығыңыз, ойшылдығыңыз бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр...
Менің Сізге деген сүйіспеншілігімді айтып, Сізді шын жүректен құттықтауыма рұқсат етіңіз.
Сіздің іс-әрекетіңіз, ой-қиялыңыз, қамқорлығыңыз, ұйқысыз өткерген түндеріңіз жайында
оқығанда мен нағыз командирдің қандай болуы керектігін білдім...
Менің барлық жолдастарымның-болгар армиясы командирлерінің Сізге деген алғысын
қабыл алуыңызды өтінемін.
Біздің қуанышымыз және қуатты Совет Одағының даңқы үшін Сіздің деніңіздің сау,
көңіліңіздің сергек балуын тілейміз.
Болгар әуе күштері, Ұшқыш поручик
26 июль 1947 ж. Банкя қаласы. Лило Иванов Ненов».
Екінші хатты София қаласындағы Христо Ботев атындағы саяси ротаның курсанттары
«Волоколамск тас жолы» кітабының авторына жолдаған. Онда былай делінген:
«Қымбатты біздің жазушымыз Александр Бек!
... Генерал Панфилов пен Бауыржан Момышұлы сияқты ұмытылмас образдар
жасағаныңыз үшін біз Сізге шын жүректен алғыс айтамыз.
Соғыс туралы, жауынгерлік ерліктер жайында талай кітаптар жазылды, әлі де жазылуға
тиіс. Ал Сіздің кітабыңыз тек көркем шығарма ғана емес. Біз үшін бул кітап нұсқау,
басшылық, біз күнделікті жұмысымызда осы кітаптан үйренеміз. Егер біз бір іске кірісетін
болсақ, онда ең алдымен «Біздің орнымызда Бауыржан болса ол қайтер еді?» деп
ойлаймыз. Сіздің кітабыңыз бізді қатал, бірақ әділ командир болуға үйретеді. Сондай
болсақ қана біз, жас Болгар Халық Республикасы өзіміздің алдымызға қойған міндеттерді
ойдағыдай орындай аламыз».
Бұл хат 1947 жылы 10 майда жазылған. Оған сексен бір адам қол қойған.
Мінеки, Баукеңнің белгісіз лейтенантқа жазған жауап хаты.
Белгісіз дейтінім хаттың текстінде лейтенанттың аты-жөні көрсетілмепті. Мүмкін бұл кітап
орыс тіліне аударылып шықса ол лейтенанттың кім екені де табылар. Бұл хатта
«Волоколамск тас жолы» кітабына байланысты жұртка мәлімсіз бірсыпыра деректер
айтылады. Баукеңнің бойындағы қаталдықтың негізгі себептері көрсетіледі. Сондықтан
мұны оқырмандарға толық күйінде ұсынуды жөн көрдік. Бұл хат мынадай:
« Құрметті жолдас лейтенант!
Хатыңызға рақмет. Сіздің сұрақтарыңызға жауабым мынадай:
1. «Волоколамск тас жолы» кітабын талқылау стенограммаларының, оған берілген
рецензиялардың, кітапқа байланысты келген хаттардың көшірмелерін Сізге жіберуге
мүмкіндігім жоқ, оған шамам жетпейді. Өйткені оқырмандардың лебіздері мен хаттары,
сыншылардың пікірлері орасан көп. Мәселен, «Волоколамск тас жолын» жариялаған
«Знамя» журналының редакциясына соғыс кезінде тек менің атыма ғана жүздеген хаттар
келді. Повесть 1942-1943 жылдарда Москва қаласындағы әдебиетшілер үйінде екі рет
талқыланды. Ол талқылауларға екі жүз-үш жүздей адам қатысты. Онда мен повестің
біткен бөлімдерінің мазмұны және оның жалғасына байланысты біздің істейтін
жұмысьшыздың программасы туралы екі рет баяндама жасадым. Әр баяндамам бір
жарым сағатқа созылды. Ол талқылауларға қатысқан адамдар мыналар: өзіңізге мәлім
«Елу жыл сапта» кітабының авторы генерал А.А Игнатьев, жазушы В.Шкловский, жазушы
БЛавренев, жазушы Николай Тихонов, СССР Ғылым академиясының корреспондент
мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор А.М.Панкратова, профессор - әдебиет
зерттеушісі Е.Н.Михайлов, байырғы революционер Елена Дмитриевна Стасова және
басқалар.
Сөйлеушілердің сөздерінің барлығы да стенография арқылы жазылып алынды. Бірақ
стенограмма менің қолымда жоқ. Мен Сізге сөйлеушілердің көпшілігінің повесть жайында
жақсы пікірде болғанын ғана айта аламын.
Бұдан басқа мен дүркін-дүркін кітаптың: ағылшын, француз, итальян, неміс, қытай, болгар,
чех, венгер, серб, румын, грек және басқа тілдерге аударылған даналарын да алып
тұрдым. Барлық басылымдарда да жақсы алғы сөздер берілді. Олардың кейбіреулері
Панфиловтың
және менің суреттерімізді басты. Осы кітаптарды оқыған көптеген шетел оқырмандарынан
да хаттар келді.
2. Сіз менен генерал Панфилов туралы өз естеліктерімді жазып жіберуді сұрайсыз-
бұл тілегіңізді орындау да оңай емес. Марқұм генерал туралы менің естеліктерімнің бір
бөлігі повестің жариялаған екі бөлімінде айтылды, қалғаны осы кітаптың жалғасы боп
табылатын
кейінгі екі бөлімінде және айтылады. Ал бүкіл бір кітапта жазылған нәрсені екі-үш ауыз
сөзбен айтып, бір хатқа сыйғызу қисынға келмейді.
1942 жылдан бастап генерал Панфилов туралы мен газеттерде әр кезде оннан астам
мақала жарияладым. Оларды екі-үш ауыз сөзге сыйғызу тағы да мүмкін емес.
3. Сіз тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіздің ересек адамдар екені, олардың кітапта
жазылған оқиғалар мен суреттелген қаһармандарға сын көзімен қарайтыны өте жақсы. Ал
жазушылардың қағидасы - оқушымен ұрыспау, оның әрбір айтқаны орынды болса - құлақ
асу, сөйтіп өз қатесін (егер жіберген болса) келесі басылымдарда түзету.
Өйткені жазушы оқушының қызметшісі, ол өз шығармасын оқушы үшін, халық үшін
жазады, соларға қызмет етеді. Ендеше оның оқырмандар бұқарасымен есептеспеуге
қақысы жоқ. Әр шығарманың мақсаты - лұғат айту. Біз де алдымызға осы мақсатты
қойдық. Өз
ұрпағымызға қатал соғыс шындығын асырмай, боямай, сол болған қалпында айтып беруге
тырыстық. Бұл үшін өзімізді де аямадық, ұрыс майданында өз басымыздан өткен
осалдықтарды да жасырмай айттық. Біз өз алдымызға оқушыларға «кедір-бұдырсыз»,
күнәдан пәк тап-таза қаһарман ұсыну мақсатын қойғанымыз жоқ, оларды өмірдегідей
қарапайым, ординарлық қалпында көрсетуге тырыстық.
Біз оқырмандарға болған оқиғаны айтып, өзіміздің басымыздан өткен жауынгерлік өмірдің
нағыз шындығын баяндап отырмыз. Біз қаһармандарымыздың басынан кешкен қателері
оқырмандарға сабақ аларлық үлгі, жақсылық қасиеттері өнеге болсын деп ойладық. Кітап
әлі аяқталған жоқ, сондықтан оның кемшіліктері мен жетістіктері туралы сөз қозғау
ертерек. Өзіңіз білесіз, кітаптың бірінші тарауында мен өзімнің қорыққанымды, ұрыс
кезінде сол қорқынышты жеңу үшін көп күш жұмсағанымды айтқанмын. Өзімнің бірсыпыра
қателер
жібергенімді мен қазір де мойындаудан жасқанбаймын, ол қателерді өзгелер
қайталамасын деген мақсатпен қағазга түсіріп те жүрмін.
Мен өзімнің әскери жазбаларымды жазып жатырмын, оны сырттан бақылаушы болып
емес, ұрыстарға қатысқан куәгер, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, барлық
ауыртпалықты арқалап өткен солдат ретінде толғаймын. Мен титтей детальді де ойдан
шығармаймын. Оның ешқандай қажеті де жоқ.
4. Сіз менің неліктен қатал болуымның себептерін сұрайсыз. Қаталдығым
кітаптағыдай екені рас, онда титтей әсірелеу жоқ. Мен сізге өзімнің қаталдық дегенді
қалай түсінетінімді ғана айтайын. Суворовтың: «Әскер ойынында азапты көп көрсең -
ұрыста қиналмайсың » деген сөзін есіңізге түсіріңіз. Немесе В.И. Лениннің: «Жауды жеңу
үшін қаһармандық күрес керек, темірдей әскери тәртіп керек» дегенін ойлап көріңіз. Ленин
тағы бір сөзінде армияда әскери тәртіпті қолдамайтындарды опасыз және сатқын деп
атайды.
Солдатқа деген ең жоғары қамқорлық - оны әскери ойында аямау, оны жорық пен
жауынгерлік өмірдің барлық ауыртпалықтары мен қиыншылықтарына төзімді етіп үйрету.
Сонда ғана солдат ұрыстың әдістері мен техникасын толық меңгеріп, шайқас даласында
өзін суда жүзген балықтай сезінеді.
Біз, әскери адамдар, көлденең көзге әдемі көрінетін парадқа емес, Отан үшін өліспей
беріспейтін қатал күреске әзірленеміз. Әскери оқу орындарында біз бишілер әзірлеп,
оларға әр түрлі балдарда билейтін би сабағын бермейміз, жігерлі, өзіне де, өзгеге де
талап қойғыш командир лер әзірлейміз, оларды ұрыс даласында әрбір жауынгерге
кездесетін қиындықтарға төзе білуге тәрбиелейміз. Ал, бірақ, қаталдық мынадай екі түрлі
болады:
а) Ақылды қаталдық. Мұның мәнісі командирдің өзінен де, өзгеден де уставта көрсетілген
әскери дәстүр мен тәртіпті мүлтіксіз орындауын талап етуі. Оларды өз борыштары мен
қызмет міндеттерін дұрыс орындауға, Совет елінің офицері мен жауынгері деген ардақты
атты, дүние жүзіндегі ең озат армия - Совет Армиясының офицерімен жауынгері деген
жоғары атақты құрметтей білуге баулу.
Біздің армиямыздағы тәрбиенің негізгі әдісі - сендіре білу. Бұл бағыныштыны саналы
тәртіпке баулып, оны өз міндетін ойланып, байыппен орындауға үйрету деген сөз. Ал оны
түсінбейтін кейбір кертартпалар болса, онда бұл тәртіпке оларды зорлап көндіруден де
бас тартпаймыз. Біздің әскери заңдарымыз (уставтарымыз) офицерлерден ең алдымен
сендіре білу әдісін қолдануды талап етеді, сонымен бірге егер қажет болса оларға еріксіз
көндіруге де право береді.
ә) Ақылсыз қаталдық. Мұның мәнісі өзінің қызмет бабын және солдаттың берген анты мен
қызмет міндетіне байланысты командирдің еркіне көнуге тиісті екенін пайдаланып қиянат
жасау деген сөз. Мұндайлар біздің армиямызда өте сирек кездеседі. Партия өзінің ұзақ
жылдық тәрбие жұмысының арқасында негізінен жоғары мәдениетті, өзінің қызмет
міндетін жақсы түсінетін жан-жақты білімді офицерлер, жауынгерлеріміздің идеялық
жағынан ұстамды тәрбиешілерін даярлап шығару ісіне жетісті. Атап айтқанда офицерлер
кадрларын даярлау жөніндегі бұл құрметті міндетті сіздің училище де орындап келеді.
Солдат болу да оңай жұмыс емес, командирдің әскерді тәртіптендіруі де қиын іс. Ал
соғысу одан да ауыр. Командир бағыныштыларға ғана емес, ең алдымен өзіне қатаң,
өзіне талап қойғыш болуга тиіс. Әскер тәртібін қатаң сақтау, оны бағыныштылардың
санасына сіңіру, әскери ант пен борышты орындау, жауынгерлерді жақсы қасиеттерге
тәрбиелеп, оларды соғыс ісіне үйрету - командирдің қасиетті борышы.
Командирдің қаталдығы барынша әділ болып, қызмет бабындағы қажеттік пен нақты
жағдайдың жалпы мүддесіне негізделуі тиіс. Командир ешқашанда солдат-жауынгердің
адамдық қасиеттерін қорламауы керек. Өйткені біздің солдат саналы түрде қызмет
атқарушы, әскери қызметке байланысты өзіне кейбір шек қоюшылықтар бо-
латынын түсінетін совет адамы. Ол шек қоюшылық армиядағы жалпы жөн-жосық пен
тәртіпті нығайтуға қажет екендігін, оның негізгі мақсаты ұрыс даласында Отанды қорғап
қалуға багытталғандығын совет жауынгері жақсы түсінеді. Біздің совет адамы- өр адам.
Ол
жағымпаздануды, жалбақтауды, жәмпеңдеуді, екі жүзділікті білмейді. Оның мырзасы жоқ.
Ол құл емес, азат адам. Офицер оған ең алдымен- аға жолдас, сондықтан ол совет
адамы деген атына сай бағынышты болуы үшін солдаттарды лайықты басқарып,
тәрбиелей білуі керек. Совет офицерінің міндеті осындай, саналы солдаттарды
тәрбиелеу. Командирлердің бұйрығы- бағыныштыға заң. Бұйрықты ол жан-тәнімен
орындауға тиіс. Әрбір бұйрықты командир жан-жақты ойланып, нақты есепке негіздеп
беруі қажет. Ешбір бұйрық қорлау түрінде берілмеуі керек. Бағыныштылардың ары мен
намысын қорлаған адам тәрбиеші де, бастық та бола алмайды.
Сіздің және тәрбиелеушілеріңіздің барша табысқа жетуіне шын жүректен тілектеспін.
Жолдастық сәлеммен гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы.
1951 жылдың 26марты. Калинин қаласы».
IX
Баукең шақырады дегенге вестибюльге шықсам, ол кісі ординаторский жақтағы есіктің
алдында сұр дермантинмен тысталған арқалығы жок үш кісілік жұмсақ ұзын орындықтың
бір жақ шетінде шалбарының сол жақ балағын тізесіне дейін түріп тастап, балтырын
уқалап отыр екен.
- Не болды, Бауке?-дедім мен ол кісі аяғын мертіктіріп алған екен деп.
- Ойбай, мынау аяғы құрғыр жаңа баспалдақпен көтеріліп келе жатқанымда кілт ете
түсіп еді, осы араға сүйретіліп әрең жеттім. Отырып қарасам жаны кетіп қалыпты, соны
уқалап жатырмын.
- Онда әуре боп несіне көтерілдіңіз, Бауке. Ептеп төменге өзім баратын едім ғой.
- Жоқ, сенікі жүрек қой, жүрекпен ойнауға болмайды, қарағым. Ал менікі аяқ, аяқ ит
сүйретіліп те болса жүруге жаратылған. - Кәмәш қабырғадағы автомат телефонның
алдындағы креслода, бізден сәл қиыстау жерде отыр еді. Баукең бұрылып, соған қарады.
- Мына қатынға сүйеніп, шығып кетермін деп едім, оның септігі болмады.
- Енді сені арқалап шығарайын ба? - деп күлді әйелі. - Арқаласам аяғың баспалдақтың
тасына соғылып, тағы бір пәлеге ұшырайтын едің.
Бауыржан күлді де, шалбарының балағын төмен түсірді. Біз әңгімелесе бастағанда
вестибюльге біреу кіріп, біреу шығып, есік қайта-қайта ашық кала берді. Мен оны үнемі
жауып келіп отырдым.
- Өзің болмасаң, мен суықтан қорықпаймын, - деді бірде Баукең.
Бауыржанның онысы рас еді. Ол күздің катты қара суықтарының өзінде де балконды
ашып тастап отырады екен. Өткен күзде «Ақиқат пен аңыздың» біткен бөлімдерін өзіне
оқып беру үшін Баукеңнің үйіне барғамын. Сонда балконы ашық азынап тұрған бөлмеде
үш сағат отырып, иегім иегіме тимей қалшылдап, үйге әрең жеткенмін. Мен Баукеңе
осыны айттым.
- Бәле, сен қызық екенсің ғой,-деді ол,- тоңып отырғаныңды айтып, балконның есігін
жауып қоймайсың ба?
«Тоңып отырғанымды көрсеңіз де үндемеп едіңіз ғой» дедім мен ішімнен. Содан кейін ол
өзінің Калинин қаласында тұрғанда жатын бөлмесінің кіші-гірім терезедей форточкасы
болғанын, қысты күнгі аяздарда оны ашып тастап ұйыктайтынын есіне алды.
Бір күні сол суық бөлмеге жауынгер серіктерінің бірі кіріп, «Мынау қазақ жататын орын
емес, қасқыр жататын жер ғой» деп екінші бөлмеге қарай қаша жөнеліпті.
- Мұның бәрі соғысқа дейін Сібірдің суығына шыныққандықтың арқасы ғой, - деді ол.
Автор. Бауке, кешегі папка менде қала берсін бе, әлде өзіңізге қайтарып берейін бе?
Бауыржан. Керек болса - қала берсін.
Автор. Анау Сіз жауап хат жазған лейтенанттың фамилиясы есіңізде жоқ па?
Бауыржан. Ол өзіміздің әскери училищелердің бірінің лейтенанты екен. Маған бірнеше
сұрақтар қойып, суретімді сұрап хат жазыпты. Фамилиясын конверттің сыртына жазған
едім, қазір ұмытгым.
Айтпақшы партизан Қасым Қайсенов келіп кетгі. Саған да сәлем айтты.
- Сәлемет болсын. Карантин ғой, қалай кірді екен?
- Қасымға карантин бөгет болушы ма еді. Қақпаға барып едім, кіргізбеді. Бір бұрышты
айналдым да, қоршау тақтайды теуіп қалып біреуін сындырдым. Бірақ одан сыймадым.
Екіншісін сындырдым да, сып етіп аурухананың ауласына кірдім. Полковник ағам ауырып,
арыстай боп ауруханада жатса, қараймын ба мен бұлардың қарауылы мен карантиніне
дейді.
- Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін өзінді сотқа берсе қайтесің?-дедім оған.
Ол аурухананың ауласын басына көтеріп, сақылдап кеп күлді.
- Жок, Бауке, оған қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен
қоршап, автомат, пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда олардың тас-талқанын шығарып,
совет азаматтарын азат еткен Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап,
бетінен сүйе алмаса, ол несіне кісі болып жүреді, - деп айқара кұшақтап, екі бетімнен
кезек сүйіп жатыр.- Өзіңді арқалап алып кетейін, кетесің бе үйге? - дейді тағы да. Қасымға
не дерсің, ракмет, айналайын деп мағдайынан сүйдім. Ол жоғарыға көтеріліп, сенің де
көңілінді сұрамақ еді. Бірақ төмендегі сестралар шуылдап, жібермеді. Содан кейін: «Әй,
Қасым, қойғын. Бұл саған Украинаның орманы емес»,-деп қайтарып жібердім.
Партизан жазушы Қасым Қайсеновтың бұл қылығына мен қатты тебіреніп қалдым.
Өйткені осы кішкентай деталь маған көп нәрсені баяндап тұрғандай болды. Қасым кешегі
ел басына күн туған ауыр шақта етігімен су кешкен ерлердің бірі. Ол украин
партизандарының ортасында от ішінде отряд бастап жүрді. Отанның азаттығы үшін өз
басын өлімге байлап, өжетгігімен, ерлігімен талай ауыр тапсырмаларды абыроймен
орындады. Енді сол ардагер азамат арсаландап арамызда жүр. Қасымның менімен
қарым-қатынасы жоқ адам, айтқан сәлеміне рақмет. Ал оның Баукенді бұлай іздеп келуі
екінің бірінің қолынан келмейтін жай. Кейбір ағайындарың ауырып жатқанында есік ашық
тұрса да бас сұкпайды. Ал Қасым болса аурухананың қабырғасын қақыратып кіріп, ағасын
аймалап бетінен сүйген. Бұл да бір өзінше ерлік іспеттес іс екен. Ағаны ардақтаудың,
азаматты қадірлеудің адамгершілік үлгісі осындай болар. Ерді ер, батырды батыр осылай
құрметтейтін шығар деп ойладым мен.
Содан кейін Совет Одағының Маршалы, СССР Қорғаныс министрі Андрей Антонович
Гречконың «Карпаттан асқанда» дейтін кітабы есіме түсті. Сол кітапта 1944 жылы июльде
партизан қозғалысы Украин штабының Чехословакия мен Венгрияға қырықтан аса
жауынгер партизан отрядтарын түсіргенін, бұлардың совет әскерлері Карпатқа шабуыл
жасаған кезде Гитлер әскерлерінің тылында белсенді қимыл жасағаны айтылады.
Мұндағы партизан құрамаларының бірін А. В. Тканко басқарады. Партизандар жау
гарнизондарына батыл шабуыл жасап, жергілікті халыққа Қызыл Армияның жеңістерін
баян етіп отырады. Украин селоларына: «Карпат сыртының халқы, көтеріліңдер!
Фашистердің тұмсығын бұзындар!» деген листовкалар таратады. Осыдан кейін маршал
былай деп жазады: «А. Тканконың парти- зандары «Ақ Таня» тұтқын лагеріне батыл
шабуыл жасады.
Гитлершілдер 700-дей украин, словак және венгер коммунистерін тұтқындап, Ровнаяның
оңтүстік-батысындағы таудың адам аяғы баспас қиын қуысындағы лагерьге әкеп қамаған
екен. Фашистер лагерьге ұрымтал тұстарды тегіс миналап, егер шегінерлік жағдай болса,
оны талқандап кетуге әзірлеп қояды.
Партизан құрамасының штабы лагерьдегі жау гарнизонын жойып, тұтқындарды
босатып алу жөніндегі жауынгерлік операцияның нақты жоспарын жасады.
Сағат 19-да Қ. Қайсенов бастаған партизандар отряды осы жауынгерлік тапсырманы
орындауға аттанды. Лагерьге жеткеннен кейін партизандар тұтқындармен байланыс
жасады. Жағдайдың бәрін байыптап болғаннан кейін Қайсенов жауынгерлік тапсырманы
баяндаудың уақытын өзгертуге ұйғарды, операцияны жоспарда көрсетілген 23 сағатта
емес, 21 сағатта бастауды жөн деп тапты. Бұл уақытқа дейін партизандардың бір бөлігі
үстеріне
тұтқын киімдерін, басқалары венгер солдаттарының формасын киіп үлгірді. Сөйтіп топ
лагерьдің іргесіне тақады. Лагерь сақшылары бұл топты тұтқындардың жаңа тобы екен
деп ұқты. Осы кезде партизандар күзетшілерге кенетген тап берді. Күзетшілердің
кейбіреулері ғана қаруға кол созып үлгерді. Партизандар жаудың 34 солдаты мен
офицерін тұткынға алды. Қапасқа қамалған коммунистер тегіс азат етілді. Олардың
көпшілігі партизандар отрядтарына қосылды.
Партизандарға жаңа адамдар үсті-үстіне келіп қосыла бастады. Енді олар құр қол емес,
қару да ұстап келетін болды. Құрама штабы жаңа партизан отрядтарын жасақтады.
Партизандар да жігерлі қимылдады. Олардың көбі ордендермен, медальдармен
наградталды, ал құрама командирі А.В.Тканкоға Совет Одағының Батыры атағы берілді.»
Маршал Гречконың кітабында осылай делінген. Ол кітапта ерлігі елге мақтан ете аталған
жалғыз қазақ жаңа ғана төменде халықтың өзі сияқты өзгеше өр ұлы Бауыржан
Момышұлына өзінін солдаттық, азаматтық жүрегінің сүйіспеншілігін білдіріп, көңілін сұрап
кеткен Қасым Қайсенов еді. Қасекең бір әңгімесінде маған жеңістің жиырма бес
жылдығымен кұттықтап, өзіне сонау Москвадан Совет Одағының Маршалы Андрей
Антонович Гречконың телефон соққанын да айтқан болатын.
- Қасеке, шыныңызды айтыңызшы, састыңыз ба сол кезде? - дедім мен әзілдеп.
- Ойбай, несін айтасың, үй ішімізбен «қырылып» қала жаздадық,-деп Қасым
қарқылдап кеп күлген еді онда. - Москвадан Алматыға, сенің үйіңе Қорғаныс министрінің
өзі телефон соғып тұрса, саспағанда ше? Содан кейін үй ішіміз болып таң атқанша
ұйықтағанымыз жоқ. Ол кісі түнде телефон соққан.
- Не деді?
- Жеңіс мерекесімен құттықтады.
- Одан соң?
- Өзіме денсаулық, табыс, семьяма бақыт тіледі. Маған одан артық не керек, - деп
Қасым тағы да қарқылдай күліп, күректей екі алақанын жайған.
Осыларды ойыма түсіріп, Баукеңе мойын бұрдым.
Автор. Қасымның аты Қорғаныс министрінің кітабына кіргенін білесіз бе, Бауке?
Бауыржан. Білемін.
Автор. Оның үйіне Қорғаныс министрі Гречконың телефон соққанын білесіз бе?
Бауыржан. Білемін.
Автор. Сіздің фамилияңыз бұрынғы министрдің, маршал Жуковтың кітабында жоқ қой
деймін, Бауке.
Бауыржан мойнын шұғыл бұрып, бетіме ажырая қарады да, қатқыл үнмен жауап қатгы.
Бауыржан. Ол масштабына байланысты. Масштаб дегеннің не екенін білесің бе өзің?
Автор. Қорғаныс министрі партизан отрядының командирін кітабына кіргізіп, үйіне
телефон соққан.- Бқл сөздерім Баукеңнің көңіліне келіп қалмасын деп, үнімді бәсеңдете
сөйледім.- Мен білетін масштаб бойынша дивизия отрядтан үлкен емес пе? Ендеше
маршал Жуковтың дивизия командирі ретінде Момышұлының да атын атай кетуіне
болмайтын ба еді?
Бауыржан. Ой, сен өзің түк түсінбейді екенсің ғой, - Ол ашу шақыра сөйледі.- Гречко бұл
кітапты министр ретінде жазып отырған жоқ қой. Сен айтып отырған «Карпаттан асқанда»
кітабы командармның естеліктері, онда 1944-45 жылдардың оқиғалары қамтылады. Ол
кезде Гречко Украинаны, Польшаны, Чехословакияны жаудан азат етуге қатысқан 1-
гвардиялық армияның командашысы болатын. Командарм өз қарамағындағы корпустар
мен
дивизияларды, солардың адамдарын сөз етеді. Ол кезде партизандар тиісті
майдандардың армияларымен бірлесе қимыл жасайтын.
Ал Жуков өз естеліктерін Кызыл Армия Бас штабының бастығы, СССР Корғаныс
Халкомының бірінші орынбасары және Жоғарғы Бас қолбасшының орынбасары ретінде
жазып отыр. Сондықтан оның майдандар мен армиялар жайында айтуы, ерекше ерлік
көрсеткен бірен-саран дивизияны ғана ауызға алуы өте орынды. Оның үстіне мен
соғыстың соңғы жағында ғана дивизия командирі болдым емес пе? Понятно тебе?
Автор. Түсінікті, Бауке.
Мен бұл әңгімені тезірек доғаруға тырыстым. Бірақ Баукең де тез сабасына түсті.
Бауыржан. Ал маршал Жуковқа менің ешкандай өкпем жок. Майданда мен ол кісімен
жүздесіп, тілдескенмін. Дивизия командирі боларда батасын алғанмын. Кейін, Қорғаныс
министрі кезінде мен туралы Алматыға телефон да соққан. Оны кейін айтамын.
Автор. Құп, Бауке. Бұл әңгіме қасым партизаннан шығып кетті ғой.
Бауыржан. Мен ол партизанды ұнатамын. - Ол аузынан темекі түтінін шұбалта шығарып,
даусын да соза сөйледі. - Содан соң анау Рейхстагқа ту тіккен жігіт бар емес пе?
Автор. Рақымжан Қошқарбаевты айтасыз ба?
Бауыржан. Иә, соны айтамын. Бұл екеуі бір жосын жандар. Жұлдызын көрмесең, жүзіне
қарап батыр екенін айыру қиын адамдар болады. Бұл екеуі өздері жұлдыздай жарқырап
тұрған жігітгер. Бұлардың соғыста ересен ерлік жасағанын айтпай-ақ сенесің. Халық үшін
қасықтай қанын аямаған қаһармандардың бірі гой бұлар.
Автор. Соғыс ардагерлерінен тағы да қандай азаматтарды жақсы көресіз?
Бауыржан. Соғысқа қатысқандардың бәрін де жақсы көремін. Соғыс кезінде елде болып,
еңбек майданында біздің жеңісімізді шындаған адамдарды да ардақтаймын. Халық үшін
қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай қызмет еткен жандардың бәрі аяулы.
Автор. Қазақша шыққан тұңғыш кітабыңыз «Офицердің күнделігі» болды ғой, Бауке. Онда
орысша шыққан алғашқы кітабыңыз қайсысы?
Бауыржан. «История одной ночи». Мұны орыс тілінде жаздым. Алдымен Алматыға
жібердім. Бірақ қолжазбам бірсыпыра уақыттан кейін өзіме қайтып келді. Баспа
редакторларының бірі «Қолжазба жариялауға жарамайды» деген рецензиясын қоса
жіберіпті. Ол кезде мен Калининде тұратын едім. Қолжазбаны Калинин баспасына
апардым. Директоры алып қалып оқып шығып, басуға жарамайды деп екінші барғанымда
өзіме ұсынды. Мен алмадым.
- Бұл Сіздің ғана пікіріңіз және Сіз жазушы емессіз. Жазушы емес адам творчествоға үкім
айта алмайды. Басқа біреуге рецензияға беріңіз, - дедім.
Директор қып-қызыл боп алып қалды. Бір аптадан кейін қайтадан барсам, Горьбан деген
жергілікті жазушы менің жержебіріме жеткен, намысыма тиетін рецензия жазыпты. Оның
айтуына қарағанда менің әдебиет маңына жоламауым, орыс тілін «бүлдірмеуім» керек
көрінеді. Горьбаныңа көнетін адамынды тапкан екенсің дедім де қолжазбамды Москваға,
Всеволод Вишневскийге жібердім. Вишневскийден тез арада мақтаған рецензия келді.
Бұл дайын дүние, жеке кітап етіп жариялау керек депті ол.
Осы кезде Калинин баспасының бұрынғы директоры ауысып, оның орнына әдебиет
институтын бітірген майдангер Парфенов деген кісі келді. Соның алдына апарып «Бір
түннің окиғасының» қолжазбасы мен оған жазылған үш рецензияны жайып салдым.
Бірнеше күннен кейін маған Парфеновтың өзі телефон соқты.
Шығармаңыз маған қатты ұнады, шығарамыз деді. Елу екінші жылы ол Калинин
баспасынан жеке кітап болып шыкты. Сол кітап елу жетінші жылы Алматыда орыс тілінде
екінші рет басылды. Бауыржанның да алғашкы кітаптары әлекпен шыққан, қарағым. Кімнің
тұңғыш кітабы тұсамыс көрмеген? Одан кейінгі орыс тілінде шыққан екінші кітабым «Біздің
семья». Оны Бас штаб академиясында оқып жүргенде он бес күнде жазғанымды
жоғарыда айтып едім ғой. Соның бір қызық деталін айттым ба, айтпадым ба осы?
Автор. Айтқан жоқсыз, Бауке.
Бауыржан. Ендеше тыңда. «Біздің семьяны» бітіргеннен кейін бір жолы Алматыға
келгенде мен оны ескі досыма көрсеттім. Осыны оқып шықшы дедім. Ол оқып шығып,
жатып кеп мақтады.
- Мынау дап-дайын көркем шығарма. Осы күйінде қалам тигізбестен жариялауға
жарайды,-деді.
Мен оған қанаттанып қалдым. Келесі күндердің бірінде досым үйіне қонаққа шақырды.
Табағын тосып, тамағын беріп сыйлап отырып, маған қолқа салды.
- Сен әскери адамсың. Атағың жер жүзіне жайылды. Саған сол даңқың да жетеді.
Жазушы болып қайтесің? Жазушылык деген де азабы көп жұмыс. Соғыста жанынды бір
жедің. Енді жазушы болып жанынды және қинамақпысың? Төрт жыл соғыста қиналғаның
да жеткілікті емес пе? Жазушы болсаң төрт жыл емес, өзінді өзің өмір бойы қинайсың. Сен
жазушы боламын дегенінді қой да, мына кітабынды маған қи. Мен өз атымнан
жариялайын, - деді.
Мен қатты шамданып қалдым.
- Онда сен жазушылық менің қолымнан келмейді деп отырмысың? - дедім, түйіліп.
- Келеді. Бірақ енді бұл ауыр кәсіпке ауысып жанынды жеп қайтесің дегенім ғой.
- Маған жаның ашымай-ақ қойсын, жараса бастыр, жарамаса өзіме бер, - дедім.
- Жарайды, менде қалсын, мен баспаға ұсынайын, - деді досым қабағын шытып.
Мен Москваға кете бардым. Кітабымнан ешқандай хабар келмеді. Басуға жарамаған
шығар, онда архивке өткізейін дедім де, Москва әскери архивынан Алматыға кетіп бара
жатқан ма-
йорға пәленшеден менің қолжазбамды ала кел деп иелендіру қағаз бердім. Майор келіп
менің досымнан қолжазбаны алып, өзіме әкеп берді. Кейіннен досым «Бауыржан мендегі
қолжазбасын милиция жіберіп алғызды» деп көпке дейін өкпелеп жүрді.
Сол кітап елу алтыншы жылы алпыс мың данамен Калинин қаласында басылып шықты.
Бұрынғы бір әңгімелерде бұл кітапты қазақшаға аудартпаймын деген болармын. Енді ол
сөзге түзету жасауыңа болады, кітабымды қазақ тілінде шығаруға келістім, қарағым.
Әйелдер суыртпақтап тырнағымен шымшып бір-бірлеп жіп суырады. Кей жіп тұтас
суырылып, кей жіптің жартысы суыртпақта үзіліп қалады. Бүтінін бір жағына, жартысын
екінші жағына жинай отырып, артынан олардың екі-үшеуден басын қосып, жіп ширатады.
Содан соң оны инеге сабақтап іске кіріседі.
Суыртпақтап жіп суырғандай болып, мен де Баукеңнің аузынан шыққан детальдарды бір-
бірлеп қағазға түсіре беремін. Әрине, маған дәрігерлер мен сестралар қағаз жазуға рұқсат
етпейді. Бірақ мен олар жоқта, ұрланып, блокноттарымды толтырып жатамын. Жан да
керек, жазу да қажет. Жазбасам Баукең айтқан әңгімелерден айрылып қаламын. Ол маған
әке-көке десем де бір айтқанын екінші рет қайталап бермейді. Оны Александр Бектің
тәжірибесінен білемін, Баукеңнің бір беткей мінезінен аңғарамын. Сондықтан бұл жолғы
айтқандарын да іштей тақырыпқа бөліп, ұмытып қалмау үшін ол тақырыптарды үнсіз қай-
талап қойып отыр едім, төменнен жатын орын - палаталарға қарай қайтып келе жатқан
аурулардың дүбірі естілді. Таныс ащы дауыс дәлізді шыңылдатып келе жатты. Оны ести
сала Баукең мазасызданып, қозғалақтай бастады.
- Кәмәш, кетейік, мынаның Дерпені келе жатыр, - деді әйеліне қарап.
Неге екені белгісіз, Баукең Дерпенді көрсе теріс айналып кетеді. Оның шүңірейген көзін,
шіңкілдеген үнін көрмеуге, естімеуге тырысатын сияқты. Ол қасына келсе үндемей
отырып
алады, немесе дәрі ішетін едім деп сылтауратып кетіп қалады.
Бұл жолы да сөйтпекші еді. Бірақ бізді көре сала Дерпен шапшаң аяңдап қасымызға жетіп
келді.
- Екі жазушы, немене сендер өздерің сөйлесе бересіндер? Одан да мына менімен
әңгімелесіп, менің өмірімді кітап қылып жазбайсыңдар ма? - деді ол.
Бауыржан бұкиып төмен қарады. Баукеннің онысынан:
«Мынауыңмен өзің сейлес» дегенді аңғардым да, енді аузымды аша беріп едім.
- Сенің өміріңде жазатын не бар, Бейсеке? - деді Дерпеннің қасында келе жаткан
салауатты келген екінші шал.
- Неге жоқ? - Дерпеннің басы кекең ете түсті. - Батрак болдым. Байларды
кәмпескеледім. Совпартшколда оқыдым. Колхоз кұрдым. Енді дербес пенсионермін. Неге
жазбасқа?
- Дербес пенсия дегеніңнен баскасның бәрі жазылды-ау, Бейсеке, - деді Дерпеннің
жолдасы. - Оны Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Ілияс жазды емес пе?
- Жок, олардікі жалпы ғой. Мен туралы жеке жазылуы керек. Осы күнгі жазушылар
тема таба алмайды. Міне, мен темемін. Қастарында жүрген темені неге көрмейсіндер
осы? - Содан кейін Дерпен сұқ саусағын шошайтты. - Дербес пенсия деген кім көрінгенге
беріле бермейді, жолдастар. Маркстың сөзімен айтқанда, ақша еңбек еткенге ғана
беріледі.
- Әй, Бейсеке-ай, - деді жолдас шалы Дерпенді қолтығынан алып,-дербес пенсияң,
қасында кемпірің, басыңда үйің, тауда дачаң бар. Балаларыңның бәрін жақсы қызметке
орналастырдың, әрқайсысына үш-төрт бөлмеден үй әпердің. Мінем, жүрем десең
машинаң дайын. Осыным бойыма құт деп отырмайсың ба тыныш. Енді кітапқа герой
болғың келеді. Бұл дүниедегі жақсылыктың бәрін жалғыз арқалап кетпексің бе сонда?
Жүр, жұрттың мазасын алмайық.
Жолдас шалы Дерпенді қолтығынан тартып еді, ол қозғалмады. Бауыржанға қарап тұрып:
- Сен атақты Момышұлысың. Сен жазшы мен туралы. Сен өзің солдаттар туралы
жақсы жазасың, - деді.
- Мен Сіздің психологияңызды білмеймін, ақсақал,-деді Бауыржан мойнын теріс
бұрып. - Өзіңіз жазыңыз.
- Сіз туралы да жазамыз, Бейсеке, - дедім мен Дерпенге басымды изеп. - Әуелі тәуір
болып алайық та.
- Е, дұрыс, тәуір болындар, - деді Дерпен жайдарыланып. - Оларың жөн. - Содан соң
жолдас шалына ілесіп, дәліздің есігіне қарай аяндады. - Мен бәрін де айтып беремін.
- Қасындағысы да дерпен бе?-деді Баукең есік жақты иегімен нұсқап.
- Жоқ, Жайпен.
- Аты солай ма?
- Аты басқа болуы керек, дербес емес, жай пенсионер деген екі сөздің қысқарған
түбірінен туған ат. Осындағы кейбір ку жігіттер ол кісінің өз аузынан естіген әрі күлкілі, әрі
күйінішті бір әңгімеге байланысты оны Жайпен деп атап кетіпті. Дерпен екеуі дос, үнемі
бірге жүреді.
- Сол Жайпекеңдікі жөн сиякты, - деді Бауыржан қайтадан ашыла сөйлеп.
Бауыржан: Айтпакшы, сенің «Ақикатыңның» «Жұлдыздан» қалған жалғасын «Жалын»
жариялайтын болыпты ғой. Естідің бе?
Автор. Естідім, Бауке, рақмет. Оларға «Жас Бауыржан» деген атпен басыңдар дедім.
I
Автор. Бауке, ауруханадан шықтыңыз. Абайдың туғанына 125 жыл толған тойына да
барып қайттыңыз. Бәрі құтты болсын. Енді баяғы әңгімемізді ары қарай жалғастырсақ
қайтеді?
Бауыржан. Жалғастырайык.
Автор. «Ақиқат пен аңыз», «Жас Бауыржан» жайында маған көптеген хаттар түсіп жатыр.
Бауыржан. Оған байланысты маған да хаттар келді.
Автор. Көптеген окушылар маған бұл екі шығармадан Бауыржанның балалык, жастық
шағының бірсыпыра кезеңдерін білдік.
Енді сен бізге осы әдіспен Баукеңнің барлық өмірінен мәлімет бер. Оның соғыс кезіндегі
ерліктерін айтпасаң да болады, ол Бек пен Момышұлының кітаптарында айтылды. Біз
сенен бұл шығарманың жалғасын күтеміз деп жазады.
Бауыржан. Ол сенің шаруаң.
Автор. Ендеше мен Сізге тағы да бірнеше сұрақтар қоямын.
Бауыржан. Қойғын.
Автср.Сіз Қиыр Шығысқа отыз алтыншы жылы бардыңыз ғой. Ал одан қашан қайттыңыз?
Бауыржан. Қыркыншы жылдың басында. Бір күні маған Москвадан бұйрық келді. Ол
бұйрықта менің әскери атағым өсіп, аға лейтенант болғаным және полк штабы
бастығының бірінші көмекшісі болып жоғарылағаным айтылған. Орысша ПНШ-1 дейді.
Әрине, ол үлкен қызмет. Ол қызметті алу үшін менің Киев әскери округының қарамағына
баруым керек екен. «Құп!» деп қолымды шекеме көтердім де, жүгіріп үйге келдім.
- Ал, Жамал, жинал, көшеміз, - дедім.
Автор. Жамал кім еді?
Бауыржан. Әйелім.
Автор. Қашан үйленіп едіңіз?
Бауыржан. Отыз сегізінші жылы елге демалыска келгенде үйленіп, екеуіміз қол ұстасып
Қиыр Шығысқа барғанбыз.
Автор. Қалай үйленгеніңізді толығырақ айтыңызшы, Бауке.
Бауыржан. Айтпаймын. Сен мен туралы роман жазбайсың. Ендеше сенен менің неше рет
үйленгенімді, кіммен жүргенімді ешкім де сұрамайды. Понятно тебе?
Автор. Ал, Киевке келдіңіз.
Бауыржан. Шолпан деген кішкентай қызымызды ортамызға алып, Жамал екеуіміз
плацкарт вагонға отырдық та, Киевке келдік.
Округ командашысы Г. К. Жуков, оперативтік бөлімнің бастығы полковник И. X. Баграмян
деген кісілер екен. Мені Жуков қабылдамады. Полковник Баграмян қатал кісі екен.
Жолдама қағазыма қарады да:
- Жолдас аға лейтенант, сіз Житомир қаласындағы 406-полк штабы бастығының
бірінші көмекшісі боп тағайындаласыз, - деді.
- Ол қандай полк? - дедім мен.
- Жаяу әскер полкы, - деді Баграмян.
- Мен артиллеристпін ғой.
- Сөзді көбейтпеңіз. Біз қайда жіберсек, сонда барасыз, - деді Баграмян.
Бұл - Иван Христофорович Баграмянді ең алғаш рет көруім еді.
Жолдаманы алдым. Балам мен әйелім вокзалда күтіп отырған. Алғашында біз осы Киевтің
өзінде тұрамыз деп ойлап келгенбіз. Вокзалдан қолма-қол билет алып, Житомирге
тарттык.
Келсек қонақ үйде орын жоқ. Әскери комендант уақытша менің семьямды өзінің
кабинетіне орналастырды. Содан кейін мен өзім қызмет істейтін дивизияға келдім.
Дивизия командирі генерал-майор Суший дейтін кісі екен. Штаб бастығы полковник
Рогачевский деген адам.
- Отырыңыз, - деді генерал мен жай-жапсарымды айтып болғаннан кейін.
Отырдым. Генерал документімді байыппен қарап жатыр.
- Артиллеристсіз бе?
- Иә.
- Онда Сізді артполкке жібермей, неге жаяу әскер полкына жіберген?
- Білмеймін.
- Сіздің 406-полктың командирі полковник Круглов, штаб бастығы капитан Шурдук
деген кісілер, - деді генерал. - Сіз солардың қарамағына барасыз.
Житомирден жеті километр жердегі бір кішкентай ғана қалашыққа бардық. Мен, Жамал,
кішкентай Шолпан үшеуімізге кішкентай пәтер берілді. Іске кірістім.
Полковник Круглов шынында да сауатты кісі екен. Үш айдай менің ісімді сырттай бақылап
жүрді де, әбден ұнатып алды. Содан кейін маған барлық жұмыс жайын жалықпастан өзі
үйрететін болды. Барлық бұйрык, іс қағаздары менің мойнымда. Шурдук сауаты аз
болғанымен, адамгершілігі мол кісі еді. Ол бәлсініп жатпайды, мен даярлап әкелген
қағаздарға қол қоя береді.
Штаб ісін меңгерткеннен кейін полковник Круглов маған әскери оқуларды талдау жайын
көп үйретіп, ұқтырды. Оқу, жорық кезінде мені қасынан тастамайтын. Өзі машинаның
алдына жайғасады, мен артына отырамын. Полковник ылғи бір нәрсені ойлап келе
жатады. Оның ойын бұзбайын деп шоферы машинаны жайлап жүргізеді. Круглов бас
салып шоферіне ұрсады:
- Сен, немене, сүт әкеле жатырсың ба? Айда жылдам, - дейді.
Круглов менің ең жақсы әскери ұстаздарымның бірі болды. Ол кісі біреумен сөйлескенде
ылғи өз орнын бос қойып, басқа жерде отырып сейлесуші еді. Солдаттардың қамын өз
балаларының қамындай ойлайтын. Қарамағындағы бағыныштыларына әділ болатын. Әр
командирдің кемшілігін біліп, сол кемшіліктерін үнемі есепке алып отыратын. Бірақ
ешкімге сен анадайсың, сен мынадайсың демейтін. Кругловтың маған берген үлгісі
осындай
еді.
- Бұл жолы да Бауыржан екеуіміз ең алғаш әңгімелесетін бөлмеде болдық. Баукең,
сондағысындай, төсек үстіңде отырды. Әңгімесін аяқтап, ол маған мойын бұрды. - Саған
мен айтқан әңгімелерімнің бәрін документпен растап отыруым керек пе?
Мен басымды изедім. Баукең басын есік жаққа бұрып, дауыстап әйелін шақырды. Кухня
жақтан Кәмәш келіп кірді.
- Анау документ салған папканы алып келші,-деп Бауыржан әйеліне менің сырт
жағымдағы кабинетгің есігін нұсқады.
Кәмәш әкеп қолына ұстатқан папкадан Баукең бір қағазды алып менің қолыма берді. Онда
мынадай сөздер жазылған екен:
«КУӘЛІК
Бұл куәлік аға лейтенант Бауыржан Момышұлына берілді. Куәлік иесі Жұмысшы-Шаруа
Қызыл Армиясының 406-атқыштар полкында штаб бастығының көмекшісі боп қызмет
етеді.
Куәлік иесінің қолы («Б.Момышұлы» деп латын әріптерімен қол қойылған).
Мерзімі 1940 жылдың 1 - декабріне дейін.
406-атқыштар полкы штабының бастығы капитан Шурдук.
10.5.1940ж.»
- Шурдуктың осы куәлігімен қыркыншы жылдың аяғында мен семьямды алып, біржола
Алматыға қайттым, - деп Баукең сөзін жалғады. - Қырық бірінші жылдың январынан
бастап, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін республика әскери комиссариатында аға
нұсқаушы болдым. Соғыс басталғаннан кейін осында жасақталған 316-атқыштар
дивизиясына батальон командирі болып алындым. Қырық бірінші жылдың жиырма
алтыншы ноябріне дейін осы қызметті атқардым. Ол оқиғалардың бәрі де «Волоколамск
тас жолы» мен «Москва үшін шайкас» кітаптарында айтылған.
Бауыржан. Бұл арада мен саған ол екі кітаптың мазмұнын екі-ақ ауыз сөзбен айтып
берейін.
1941 жылдың октябрінде фашистер өзінің барлық адам күшінің - 42, танктерінің - 75,
артиллериясының - 45, самолеттерінің - 31 процентін Москваны алуға жұмсады. Москваға
келер жолды бекітіп біздің үш майданымыз: Батыс майданы (командашысы генерал-
полковник И.С.Конев), Резерв майданы (командашысы Совет Одағының Маршалы
С.М.Буденный) және Брянск майданы (командашысы генерал-лейтенант А.И.Еременко)
тұрды. Батыс майданына қарайтын Волоколамск бағытына 16-шы армия (командашысы
генерал-лейтенант К.К.Рокоссовский, соғыс советінің мүшесі А.А.Лобачев, штаб бастығы
М.С.Малинин) жіберілді.
Кейіннен 8-ші гвардиялық дивизия атағын алған біздің 316-шы атқыштар дивизиясы
осы армияның құрамына кіріп, Волоколамск қаласы мен Москваға кіретін күре тамыр -
Волоколамск тас жолын қорғады.
14-Іб октябрьде дивизия шақырылмаған қонақтармен алғаш рет «танысып», содан кейін
оларды сыйлауға кірісті. Бірақ көп қонақты «күту» оңайға түскен жоқ. Біздің дивизия
дұшпанның үш дивизиясына-бір танк дивизиясы мен екі жаяу әскер дивизиясына қызмет
етті. Қару-жарақ, адам күші жағынан олар басым болғанымен, біздің оларды уакыттан
ұтуымыз кажет еді. Осы уақытты ұту мақсатымен біз кейін қарай жылжи, сырғи отырып,
жиырма сегіз күн соғыстық. Сол жиырма сегіз күнде біздің дивизия жиырма бес километр
ғана кейін шегініпті. Сөйтіп немістердің Москваға жасалған 7-31 октябрь арасындағы
бірінші үлкен шабуылы күйретілді. Біз бұған, майданда жүрген барлық солдаттар мен
командирлер қатынымыз ұл тапқандай қуандық, қарағым.
Сөз арасында айта кетейін, Москва түбіндегі осы жанталас сәттер тұсында, жау қоршауын
қайта-қайта жарып шығып дивизияға келіп қосылып жүрген күндердің бірінде үйден,
Алматыдан хат алдым. Әйелім Жамал екінші баламызға екіқабатқалып еді, айы-күні
жақын болатын. Үшінші октябрьде босанып, ұл тауыпты. Атын Бақытжан қойыпты. Ұл
тапсаң солай қойғын дегенмін.
Бір айлық Бақытжанға мен дереу хат жаздым: «Сен біздің жеңісіміздің басы боп тудың, біз
жанталасқан жауды Москваға жібермедік. Сені Жеңісхан деп атауға болар еді. Бірақ
атыңды мамаң қойып қойыпты. Бақытжан бола бер. Енді мен әрбір ұрыста саған
сыйынатын боламын, Жеңісханым. Шолпан мен шешеңе мың сәлем!» дедім. Ол кезде
Шолпаным үш жасар еді, кейінірек қайтыс боп кетті байғұс бала. Бұл оқиғалар да
жоғарыда аталған кітапта айтылған жоқ. Содан кейін немістер ес жиып, ноябрьдің бірінші
жартысында екінші «үлкен» шабуылға әзірленді. Атап айтқанда, 1941 жылы 13 ноябрьде
Гитлер Орша қаласында «Оңтүстік», «Орталық», «Солтүстік» армиялар топтары мен 6
жаяу әскер, 1 танк армиясы штабтары бастықтарының мәжілісін өткізді. Онда Фюрер өз
әскерінің әлі күнге дейін Москваны ала алмағанына күйініп, кіжіне сөз сөйледі. Сөзінің
соңында ол: «Москваның қазіргі тұрған орны шалқар теңіздің түбі болады. Оның тулаған
толқындарының үні, міне, менің құлағыма келіп тұр. Осылайша орыс астанасы мәдениетті
дүниенің көзінен мүлде жоғалады. Оған Тодтың өзі-ақ жәрдемдеседі... Бірақ алдымен бұл
қаланы талқандау керек. Бұл істі сіздер істейсіздер. Орыс әскерінен, астана халқынан
ешбір жанға сауға берілмесін. Бәрі тегіс су түбінде шіруге тиіс», - деп бұйырды.
Сөйтіп, соғыстың бір жүз қырық жетінші күні, яғни 15 ноябрьде, жау Москваға екінші рет ең
зор шабуылын бастады. Жаудың 51 дивизиясы қара құрттай қаптап, Москваға лап қойды.
Оның он үші танк дивизиясы да, жетеуі моторлы дивизия еді. Табандарынан қар борап,
стволдарынан оқ пен снаряд бұршақтай жауған бұл темір дивизиялар соңынан
найзаларын алға қарай кезеген отыз бір жаяу әскер дивизиясы және өңмеңдей ұмтылды.
Гитлер 1940 жылдың көктемінде барша Францияны жаулап алуға он-он бір танк
дивизиясын аттандырғанда техниканың адам айтқысыз көп шоғырландырылуынан
шошып, бүкіл дүние жүзі ішін тартқан еді. Енді ол жалғыз Москваға қарсы мұншама тажал
жөнелткенін естігенде ақыл-есті адамзаттың жаны түршікті.
Алғашында біздің танк, артиллериямыз аз болды. Ноябрьде ғана ПТР шықты. 16-шы
армияға жіберілген қырық ПТР-дің отызы біздің дивизияға берілді. Одан кейінгі негізгі қару
гранат пен «КС» бутылкалары болды. 16-17 ноябрьде басталып, декабрьдің басында
тоқталған екінші шабуылды осымен тойтарды ғой солдаттар.
Баукең әңгімесінің осы жерінде үзіліс жасап, темекі тартуға кірісті. Мен ішімнен сол
кезде 16-шы армияның командашысы, кейіннен өзімнің майдан командашым болған
К.К. Рокоссовскийдің мына бір сөздерін есіме түсіріп өттім:
«Сол жақ қанатта, Волоколамскіні батыс пен оңтүстік-батыстан Руза өзеніне дейін қорғап,
майдан резервінен келген 316-шы атқыштар дивизиясы тұрды. Оның командирі генерал
И.В.Панфилов та, комиссары С. А. Егоров болатын. Саны жағынан да, жабдықталуы
жағынан да мұндай төрт құбыласы түгел сай дивизияны біз көптен көрмеген едік.
Командирлері шетінен сақадай сай екен, ал саяси қызметкерлері Қазақ ССР-нің партия,
совет активінен іріктеліп алыныпты. Дивизияны жасақтау ісіне Қазақстан Компартиясының
Орталық Комитеті аса зор көмек көрсетіпті...
Волоколамск үшін болған ұрыстарда Панфилов дивизиясы өзін мәңгілік өшпес даңққа
бөледі. Армиядада оны Панфилов дивизиясы деп атаушы еді. 316-шы дивизия
солдаттары да: «Біз - панфиловшылармыз!» дейтін. Қалың жауынгерлердің осындай
сүйіспеншілігі мен сеніміне ие болған генерал ең бақытты генерал!».
Осы арада маршал Жуковтың Волоколамск бағытында болған әскерлерге берген әйгілі
бағасы және есіме түсті. «Жаудың 5-ші армиялық корпусы, одан соң тағы екі моторлы
корпусы шабуыл жасаған Волоколамск бағытында УР бөлімшелері табанды қорғаныс
ұрыстарын жүргізді. Бұл жерде жаңадан құрылған 16-шы армияның бөлімдері дұшпанға
қиян-кескі қарсылық көрсетті. Генерал-майор И.В.Панфилов басқарған, кейіннен 8-ші
гвардиялық атағы берілген атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті» деген еді ол.
- Москваға екінші шабуылы кезінде, - деп Бауыржан темекісін тұтатып алып, әңгімесін
жалғады, - фашистер, Г.К.Жуковтың сөзімен айтқанда: «Истра бағытына екі танк
дивизиясы мен екі жаяу әскер дивизиясын айдап салды. Дұшпан біздің 150 жеңіл
танкімізге қарсы 400 орташа танкін жіберді. Қиян-кескі ұрыстар болды. Әсіресе біздің
атқыштар дивизияларымыз, атап айтқанда генерал И.В.Панфиловтың 316-шы, полковник
А.П.Белобородовтың 78-ші және генерал П.Н.Чернышевтың 18-ші дивизиялары, 23, 27, 28
дербес танк бригадалары және генерал-майор Л.М.Доватордың атты әскер тобы ерекше
табандылықпен күресті».
Бұл И.В.Сталиннің Г.К.Жуковқа телефон соғып: «Сіз Москваны қорғап қалатындығымызға
сенесіз бе? Мен мұны қатты қинала сұрап тұрмын. Сіз, коммунист ретінде, адалын
айтыңыз» деп сұрайтын кезі-ау деп ойладым ішімнен.
- 27-28 ноябрьде біздің әскерлер Ленинград тас жолының бойынан немістерге қарсы
ірі-ірі қарсы шабуылдар бастады, - деді Баукең де әлденені есіне түсіргендей, ойлана
отырып. - Сөйтіп, 4-5 декабрьде Москва түбінде қорғаныс ұрыстары тоқтап, енді біздің
әскерлердің шабуыл ұрыстары басталды. Москваға жиырма бес километр қалған жау жүз-
екі жүз елу километр жерге кейін шегіндіріліп тасталды. Сонымен Москва түбінде
немістердің он бір танк дивизиясы, төрт моторлы және жиырма үш жаяу әскер дивизиясы
талқандалды. Немістер Москва түбінде үш жүз мың адамынан айрылды. 18 ноябрьде
біздің дивизиямыздың командирі генерал Панфилов опат болды. Оның орнына келген
командирлердің бірі бұйрықты орыңдай алмадың деп 1073-ші полктың командирі майор
Елинді орнынан алып тастады да, мені командир етіп тағайындады.
Бірнеше күннен кейін ол Елинді қайтадан орнына қойып, мені Мәліктердің 1075-ші
полкына командирдің орынбасары етіп жіберді...
Осы арада біздің әңгімеміз үзіліп қалды. Өйткені сыртқы есік шылдырлап, ішке бір топ
адам кіріп келді. Олар Жамбыл облысының азаматтары екен. Баукеңнің Жамбылда
өткізілетін алпыс жасқа толу тойына байланысты келіпті. Мен қағазымды жинап, кетуге
ыңғайландым.
- Қарағым, қалғанын кейін әңгімелесерміз,-деді Бауыржан маған. - Мен Жамбылға
барып, осы тойды өткізіп келейін. Содан соң екеуіміз тағы да жолығысамыз ғой.
Бауыржандікінен шығып, үйге қайтып келе жатып мен Совет Одағының Батыры
Мәлік Ғабдуллиннен естіген әңгімелерімді есіме түсірдім. Менің өтінішім бойынша Мәкең
Момышұлын ең алғаш қалай көргенін, артынан онымен қалай істес болғанын ұзақ жыр
етіп баяндап берген еді. Терренкурде жүріп Мәкең айтқан әңгімелер мынадай болатын.
III
- 1941 жылдың 15 декабрінде біздің дивизия шеп құрып жатқан Истра өзенінің
бойынан кейін шегіндіріліп, демалысқа шығарылды, - деп бастаған еді әңгімесін Мәлік. -
Біздің полк Москвадан 40 шақырымдай жердегі Нахабино станңиясының түбіндегі екі-үш
селоға жайғасты.
Адамдарды жаңа жайғастырып бола берген кезімізде дивизия штабынан бұйрық келді.
Онда: «Полктағы ұлты орыс емес командирлер мен саяси қызметкерлер бүгін, Іб
декабрьде, сағат 18.00-де тегіс дивизия штабына келсін» делініпті. Рота, батальондардан
бәрімізді жинаттырып жатыр.
- Уоу, не боп қалды?
- Неге шақыртып жатыр?
Ешкім білмейді.
Полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров бәрімізді тізім бойынша түгендеп, дивизия
штабына алып жүрді. Жолда Мұхамедияровтан сұраймыз:
- Жолдас комиссар, айтсаңызшы, бізді неге шақырып жатыр? - дейміз.
- Білмеймін, - деп комиссар басын шайқайды. Расында да білмейді екен.
Сөйтіп біздің полктан комиссарымыз Мұхамедияровтан бастап, Балтабек Жетпісбаев,
Ербатыр Ермеков, Тайыр Сатаев, мен бар, тағы баска толып жатқан адам кешке шыны
қарды шықыр-шықыр таптап, Дарно деревнясындағы дивизия штабына келдік.
Келсек, шақырылған жалғыз біз ғана емес, басқа полктерден де жиналғандар көп екен.
Штабтағы кезекші офицер түнеп шығу үшін бізді үй-үйге бөлді де:
- Дивизия комиссары сіздерді ертең таңертең сағат онда қабылдайды,-деді.
Е, жарайды.
Балтабек екеуіміз аяндап өзімізге көрсеткен үйге қарай келдік. Кірсек үй толы қаптаған
қара көз командирлер екен. Ішке кіргеннен кейін, алпамсадай боп есік алдына тұра қалды
да:
- О, көздеріңнен айналайын, аман-сау барсындар ма, бауырларым! - деп Балтабек
тебірене сәлем берді.
Отырғандардың бірсыпырасы Балтабекті біледі екен.
- Уа, батальонный Балтабек келді.
- Жоғары шығындар,-десіп орындарынан ұшып-ұшып тұрды.
Тек үстіне ақ тонды желбегей жамылып төрде отырған, қайратты қара шашы танке
тосқауылға қаққан айқыш-ұйқыш рельстей тікірейген, екі көзі оттай жайнаған, жағына
пышақ жанығандай, 9зын бойлы арық қара командир ғана орнынан тұрмады. Балтабек
сәлем бергенде оның бетіне жалт ете қарап, ен бойын тез шолып өтті де, қозғалмастан
отыра берді. Басқалар Балтабекке емірене үн қатып жатканда, оның беті бүлк еткен жоқ.
Қазіргі
академия алдындағы Шоқан Уәлихановтың тас мүсініндей боп үнсіз қалды.
Оның қасында отырған адам маған таныс боп шықты. Ол да мені танып, орнынан тұрды.
- О, Мәлікпісің? - деп мені құшақтап бауырына қысты. Ол Мұқаметқұл Ісләмқұлов еді.
Мұкаметқұл бұрын «Социалистік Қазақстанда» бөлім меңгерушісі боп қызмет істеген.
Мен онымен сонда аз күн секретариаттың әдеби қызметкері болған күнімнен біліс едім.
Екеуіміз хал-жай, аман-саулық сұрастық.
Біз ғана емес, жұрттың бәрі-ак, шұркырасып жатыр. Өйтпей де қайтсін, кеше эшелон-
эшелон болып, жер қайыстырып, Алматыдан келген таныс азаматтардың бүгінде қатары
қатты сиреп қалған. Біреуден біреу дос-туыстарын, жолдас-жораларын сұрап, кімнің қалай
қаза болғанын білісіп жатыр.
- Мәлік, сен Баукеңді білуші ме едің?-деп Мұқаметқұл менің жүзімді төрдегі тікірейген
шашты қазаққа қарай бұрды. Оның суық түсіне қайтадан көзім түскенде бұрын көрмеген
кісім болса да, «білмеймін» деп айта алмадым, бөгеліп қалдым. Соны аңғарған
Мұқаметқұл тез таныстыра бастады. - Баукең бұрын біздің І-ші батальонның командирі
еді. 1073-полктің командирі боп тағайындалғанына жарты айдай ғана болды. Жүр, сәлем
бер ағаңа.
Керосин шамның қара көлеңке жарығында иығына тон жамылып отырған командирдің
әскери лауазымын аңғара алмадым. Оның үстіне Мұқаметқұл ағаңа сәлем бер деген соң
онымен ілесе қасына таман келдім де:
- Ассалаумағалейкум! - деп қолымды соза бастадым.
Тік шаш командир маған тікірейе бір қарап, орнынан тұрды да, қолын берді:
- Бауыржан Момышұлы!
Оның маған қолын берердегі тікірейе қарағаны өңменімнен өтіп кетті. Менің:
«Ассалаумағалейкум» деп сәлем бергенімді ол: «Сен, немене, әкеңнің аулында жүрмісің,
әлде мені қазақтың батагөй шалы деп тұрмысың?» - деп жақтырмады-ау деп ойладым да,
бекер «ассалаумағалейкум» деген екенмін деп өкіндім. Өстіп қысылған мен оған өз
жөнімді де айта алмай қалдым.
Менің осы қатемді түзеткісі келгендей Мұқаметқұл:
- Бұл - Мәлік деген бауырыңыз, Бауке, - деді.
Бауыржан ләм деместен отыра берді. Маған бұрылып та қараған жок, Мұқаметқұлға бас
та изеген жоқ.
Ақшамда жамыраған қозыдай шуласып табысқан қазақ командирлері бірсыпыра
шуылдасып, шүйіркелесіп отырысты да, шай ішіскеннен кейін жатуға ыңғайланды. Екі
айдан бері бел шешпестен сан өліп, сан тіріліп, әбден шаршап жүрген жігіттер
жантайысымен-ақ қор ете қалысты.
Бұрын бәріміз бір қалада тұрып, бір дивизияның құрамына кіріп, жаумен соғысуға бірге
келсек те, бәріміз бір күн, бір сағатта дұшпанмен айқасқа түсіп, алпыс күн бойына талай
қасіретті көріп, қатар жүрсек те, осы жатқан командирлер мен саяси жетекшілер көбіміз
бірімізді біріміз білмейтінбіз. 1075-ші полктағы капитан Лысенконың батальоны сияқты,
1073-ші полкта аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны да генерал
Панфиловтың резерві болғанын, Момышұлы батальонының 22-25 октябрьде жаумен
қоршауда соғысқанын, тас мүсіндей боп жаралған тікірейген шаш аға лейтенанттың
темірдей басшылығымен ол батальонның қоршауды бұзып, қайтадан дивизияға
қосылғанын, одан кейін сол батальонның 16-20 ноябрьде Горюны деревнясының түбінде
тағы да қоршауда болып, жауды күйреткенін, тағы да өз дивизиясымен ерлікпен келіп
қауышқанын мен білмейтін едім. Сол сияқты октябрьдің 18-21-і күндері менің ротамның да
Осташево түбінде қоршауда болып, ротадан тірі қалған 24 адамға орман ішінде босып
жүрген 119 жауынгерді қосып, дивизияға әкелгенімді, одан кейін, 16-17 ноябрьде,
автоматшылар ротасы деп аталған 13 автоматшымен Ширяево деревнясы үшін болған
ұрыстарда біздің жаудың екі танкын, 150-дей солдатын жойған азын-аулақ еңбегімізден
Бауыржан да бейхабар болатын. «Бір кеште «Бауыржан Момышұлы»деген екі-ақ сөз
аузынан шыкқан тас түйін боп алған мынау қайрақтай қазақ бұрын кім болды екен?» деп
ойлап жатып, мен де ұйқыға кеттім. Баукеңмен бірінші кездескендегі сол кескіні, сол екі
сөзі өмір бойы менің ойымда қалды.
ІУ
Ертеңінде таңертең бәріміз дивизия комиссары Сергей Александрович Егоров жайғаскан
үйге жиналдық. Комиссардың үйі шақырылған адамдарға аузы-мұрнынан шыға лық толды.
Сыймаған адамдар есікті ашып қойып, сырттан тындап тұрды. Өйткені жүзден аса адам
шағын колхоздың кішкентай кеңсесіне қайдан сыйсын.
Жұрт жайғасқандай болып, дабыр басылғаннан кейін дивизия комиссары сөзге кірісті.
Алдымен ол дивизияның екі айлық жауынгерлік жолына шолу жасады. Таяу күндерде
дивизия қатарын толықтыру үшін жаңа күш келіп қосыла бастайтынын айтты.
- Бірақ, мен сіздерді мұны айтуға шақырғамын жоқ. Мен сіздерге баска нәрсе айтқалы
тұрмын. Ол мынау.
Комиссар бөгеліп, неге екені белгісіз, біздің бетімізге байыппен қарап шықты. «Ол не
болды екен» деп, біз де ынтыға түстік.
- Ол мынадай мәселе, - деді комиссар әлден уакытта сөзін қайтадан сабақтап.
Комиссардың біз үшін аса маңызды, әлдебір ауыр жайды тіке айта алмай, бөгелектеп
тұрғаны аңғарылды.
- Осы қазір, сіздер мен біз аса ауыр ұрыстарды басымыздан кешіріп, демалысқа шыққан
сәтімізде сонау Алматыда жаңадан тағы бір ұлттық құрама жасақталып жатқан көрінеді.
Ол құрама дивизия ма, бригада ма -анығын білмеймін...
- Ол біздің 100-ші бригада ғой, Мәке,-дедім мен. - Декабрьдің 5-і күні әскерге алынып,
кен байтақ Қазақстанның төрт бұрышынан түгел эшелон болып, Алматыға құйылғанбыз,
жаңа жасақталып жатқан 100-ші бригадаға келгенбіз...
- Иә, сол екен, оны артынан білдік қой. Ал Егоровтан естіген сәтте білгеніміз жок.
... - Міне, сол құрамаға осы отырған сіздерді тегіс жіберу туралы бұйрық келді, - деді
Егоров даусын бәсендетіп. - Сіздерге елге барып, сол кұраманың жауынгерлерін үйретіп,
содан кейін соғысқа бастап келу міндеті жүктелетін көрінеді. Міне, мен сіздерге осыны
айтуға шақырдым. Қане, бұған сіздер қалай қарайсыздар?
Мұны естігенде алғашында бәріміз бірдей үнсіз қалдық. Одан кейін барып әркімдердің
өзара күбірі білінді. Сырт жақтағылардың:
- Өй, не дейді? - деген сұрағы, оған әлдекімнің:
- Ой, елге қайтатын болыппыз! - деп көтеріңкі үнмен айтқан жауабы естіліп жатты.
Өз басым комиссардың бұл сұрағына не деп жауап берерімді білмедім. Мынадай қиян-
кескі ұрыстан кейін кімнің елге барғысы келмейді. Осы отырғандардың көбінің үйі
Алматыда. Онда бұлардың әйелдері, бала-шағалары, әке-шешелері бар. Алматыға
барсақ, қайта айналып соғысқа келгенше бірсыпыра уақытты туған-туысқандарымыздың
қасында өткіземіз. Егер шын солай деген бұйрық болса, баратын шығармыз. Бармағанда
қайтеміз, біз солдатпыз ғой. Солдат бұйрыққа бағынады. Мінеки, менің ойым осыған
тірелді.
Бірақ көпке дейін жұрт сыбыр-күбірден артыққа бармады.
Ешкім дыбыс шығарып, комиссардың сұрағына тікелей жауап бермеді. Тек әр бұрыштан
жымындаған ерін мен күлімдеген көздер ғана бұл бұйрықты іштей қуана құптағандарын
танытты. Сол кезде:
- Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар! - деген өзгеше бір өктем үн саңқ ете қалды.
Неге екенін білмеймін, мен селк ете түстім. Өйткені мен мұндай бірден жүректі дір еткізіп,
солқ еткізіп миға шабатын, мойын бұрғызбайтын күшті, әсерлі, сонымен бірге бұлқынтып-
бұлтартпайтын құдіретті үнді бұрын ешқашанда естімеген едім. Әлдебір қауіп төнгенде тек
қиядағы қыран ғана осылай шаңқ ете түсетін болар деп ойладым да, тез басымды көтеріп
алдым.
Қарасам кешегі тас мүсін аға лейтенант екі көзін Егоровка найзадай шаншып, тіп-тік
боп түрегеп тұр екен. Қайратты қара шашы сояу-сояу болып тікірейіп кетіпті. Бір көзім
түскенде жау танкі келетін жолға айқыш-ұйқыш етіп шанышқан шойын рельстер біртіндеп
биіктеп, қалың қара орманға айналып кеткен сияқты боп көрінді. «Бұл не айтар екен?» деп
ойлап, енді оның сөзіне кұлағымды тостым.
- Мен солдатпын, - деп бастады Момышұлы сөзін комиссар бас изеп, сөйлеуіне рұқсат
еткеннен кейін. - Мен бұйрыққа бағынамын. Егер бізді жаңадан жасақталып жатқан басқа
дивизияға жіберу жайындағы бұйрыққа қол қойылған болса, онда мен осы қазір-ақ
Алматыға қарап тарта беремін... - Осы кезде жұрт оның сөзін қостағандай боп, гуілдесіп
кетті. «Апыр-ай, мына тас қайрақ қазақ менің көкейімдегі сөзді қалай дәл тауып айтты?»
деп ойлап, мен де бас изеп қалдым.
Бірақ Бауыржан сөзін бөлгенді ұнатпағандай, қабағын қатты шытып, тоқтап қалды. Оны
аңғарған жұртта тынышталды. Аға лейтенант алғашқы әуенімен жайлап айтып, сезін
қайтадан жалғастырды.
... - Алматыда менің әйелім мен балам бар, онда барсам мен бір күн де болса солардың
қасында боламын. Мынадай қырғын соғыстан кейін осындай мүмкіншілік тұрғанда кімнің
елге барғысы келмейді?!
Осылай деп ол отырған жұртты қатулы қабақпен бір шолып өтіп, отты көзін қайтадан
комиссарға бұрды. «Апыр-ай, мынаның көріпкелі бар ма - қалай адамның ішіндегіні дәл
табады» деген ой тағы келді менің басыма. Осыны ойлап үлгергенімше Алатаудың ақ
иығы қайтадан шаңк етіп, шың-кұзды жаңғырыктырып жібергендей болды.
- Жок, жолдас комиссар! Менің кеудемде адамдық тілек, әкелік мейірден басқа
жауынгерлік ар мен намыс бар. Ол осы отырған бәрімізге ортақ намыс. Кәне,
айтыңыздаршы: осы отырғандардың ішінде жараланбаған жан бар ма? Жоқ қой! Ендеше
бұл
дивизияның жүрген жолында көлкіп біздің қып-қызыл қанымыз қалды. Дивизияның
гвардия атағын алуына бәріміздің де еңбегіміз сіңді. Олай болса осында қалуға біздің
қақымыз бар. Осы дивизия кұрыған жерде біздің де біріміз қалмай құрып, бітуіміз керек! Ал
дивизия құруға тиіс емес, құрымайды. Ендеше ақырғы қасық қаны бойында жүрген
азаматтар осы дивизияның құрамында болып, жеңіске жетуге міндетті!
Аға лейтенанттың нақ-нақ етіп айтқан жігерлі сөздері найзағай отындай жарқылдап,
жанымды осқылады. Орысша мүдірмей сөйлейтін шешендігі және сүйсіндірді. Жалғыз мен
ғана емес, жиналған жұрт тегіс демдерін ішіне тартып, бір кісідей боп тынып қалды.
- Жауынгерлік ар-намысым менен осында, жауынгер жолдастарымның қаны төгілген
дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның аруағы қашан қатардан
шыққанымша осы дивизия туының астында болуымды талап етеді. Егер мен бұл жерден
кетіп қалсам, онда мені өлген солдаттарымның рухы қарғайтын болады! Жоғарыда
отырғандар да - адам. Адамдық сөздерге олар да құлақ асады. Біздің пікірімізді оларға
жеткізулеріңіз керек...
- Айтылды, жолдас Момышұлы,-деді Егоров жайлап қана.- Бірақ жолдас Әскери
Советтің мүшесі ол болмайды деп кесіп айтты бізге.
Ол кезде біз Батыс майданына қарайтынбыз. Майдандық Әскери Советтің мүшесі
Булганин болатын.
- Онда Сіз өз сөзіңізді айттыңыз, - деді Момышұлы іркілместен. - Енді Булганин
жолдасқа біздің сезімізді жеткізіңіз. Бізді қозғамасын. Егер ол өзі шеше алмаса жоғарыға
баяндасын. Шынтуайтқа келгенде гвардиялық дивизияның офицерлері шыны көздері
жылтырап магазин сөресінде тұрған ойыншық емес қой, жолдас комиссар.
Ол соңғы сөздерді бетіне түгі теуіп, қатуланып айтты. «Бәләй, мұнысы бекер болды-
ау. Мұнысына тез комиссардан кешірім сұрасашы» деп ойладым мен ішімнен. Ойладым
да қайтадан Бауыржанның бетіне қарадым. Ал ол айтқан сөзіне айылын да жиятын емес.
Комиссарға иегін көтере ежірейе қарап тұрды да:
- Мен солдатпын! - деді қайтадан. - Солдатша соғыса білуге де міндеттімін.
Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар.
Мен комиссар бұл сөзге шамданатын шығар деп сасқалақтадым. Комиссар мына
қазақтың сөзіне ашуланып, бәрімізді Алматыға қуып жібермесе неғылсын деп қорықтым.
Өйткені бұл кезде іштей Бауыржан жағына шығып, оның ұсынысын жан-тәніммен үнсіз
қостап отырған болатынмын.
Бірақ комиссар өйтпеді. Сабырмен екі рет басын изеді де:
- Мен Сізді ұқтым, жолдас Момышұлы! Ұқтым, - деп ойлана үн қатты. - Тағы кімде пікір
бар?
Бауыржан орнына отырды. Мен «Уһ!» деп осы кезде тынысымды бір-ақ алдым. Осы
күннен бастап менің Бауыржанға ықыласым ауды. Оған деген ең алғашқы сүйіспеншілік
оты менің жүрегімде сол сәтте тұтанып еді. Менің Баукеңе деген махаббатым күні бүгінге
дейін сол қалпында маздауда.
- Менің де пікірім осы! - деді полк комиссары Мұхамедияров орнынан тұрып. - Тек
қана осы!
Одан кейін, төбесі түндікке тіреліп, Балтабек Жетпісбаев түрегелді.
- Бәріміздіңде айтар сезіміз осы, - деді ол. - Біз өз дивизиямызға қалуға тиіспіз.
- Басқа дивизияны өзге азаматтар тәрбиелеп әкелсін, - деді Ісләмкұлов шиыршық ата
сөйлеп. - Бізді бермеңіздер, қозғамаңыздар.
Жұрт:
- Бізді осында қалдырыңыздар!
- Қумаңыздар! - деп шулап кетті.
- Баска пікір жоқ па? - деді, Егоров жігіттерге жымия қарап.
- Жо-оқ! - дедік бәріміз бір ауыздан үн қатып.
Тек Бауыржан ғана қыбыр етпестен үнсіз қалды. Ол өзінің кешегі тас мүсін бейнесіне
қайтадан кірді.
Егоров Иван Васильевич Панфиловпен үзеңгілес болған аса байсалды кісі еді.
Жоғарының бұйрығын бізге айтуын айтса да, жігітгерімнен айрылып қаламын ба деп іштей
сасқалақтап отырса керек.
У
Сергей Александрович Егоров біздің жігіттеріміздің пікірін білгеннен кейін қас-қабағы
жазылып, жайдарылана бастады. Содан соң оң жағында тұрған былғарымен тысталған
телефон аппаратын алдына қарай тартты.
- Ал онда, - деді Егоров оң қолын былғары қаптаған аппараттың үстіне салып тұрып, -
сіздердің осы ойларыңызды айтып, Әскери Советтің мүшесімен өз көздеріңізше
сөйлесемін. Әйтпесе Егоровтың қуғысы келді деп ойлайтын түрлеріңіз бар көрінеді
сіздердің...
Осылай деп комиссар күлді. Комиссарды қостап, біз де күлдік. Мен тағы да
Бауыржанға қарадым: оның ерінінен дір еткен қимыл сезілген жоқ. Қаршыға көзін
комиссардың иығынан асыра, қабырғада тұрған кішірек суретке қадап, тағы да үнсіз
қалды.
Егоров аппараттың қабын ағытып, трубканы құлағына тосты. Біз тым-тырыс болып, Дарно
деревнясы мен Москва арасында болған тарихи сөзге құлақ тіктік.
Дарно: Жолдас Әскери Советтің мүшесі, сәлеметсіз бе? Мен 8-гвардиялық дивизияның
комиссары Егоровпын.
Москва: Сәлеметсіз бе, жолдас Егоров. Құлағым сізде.
Дарно: Дивизиядағы ұлты орыс емес командирлер мен саяси қызметкерлерді тылға
жіберу жайындағы кешегі бұйрықтың жайын хабарлайын деп едім.
Москва: Адамдарыңыз әзір болды ма? Қанша кісі?
Дарно: Казір менің алдымда 115 командир мен саяси қызметкер отыр, жолдас Әскери
Советтің мүшесі. Бұл жолдастарға мен бұйрықтың мән-жайын айтып түсіндірдім. Бірақ...
Москва: Немене, тылға бармаймыз дей ме?
Дарно: Бұйрық болса - барамыз. Бірақ біздің өтінішіміз бар дейді.
Москва: Қандай өтініш?
Дарно: Командирлер мен саяси кызметкерлер бір ауыздан өздерін осы дивизияда
қалдыруды өтінеді, жолдас Әскери Советтің мүшесі. Бұл жолдастар маған былай деп
отыр. Егер немістерге әліміз келмесе Москваны қорғап, бәріміз де осы жерде өлеміз.
Немесе 8-гвардиялык дивизияның кұрамында жеңіске жетіп, осы арадан Берлинге дейін
барамыз! - дейді. Олар осы өтінішінің Әскери Советтің мүшесі арқылы Жоғарғы Бас
қолбасшыға жеткізілуін сұрайды.
Москва: Өзіңіз қалай ойлайсыз, жолдас Егоров.
Дарно: Менің жарты жаным осылардың кеудесінде, жолдас Әскери Советтің мүшесі.
Бұларсыз мен қалай өмір сүремін...
Осы кезде екі жақ та үнсіз қалды. Комиссардың мына сөздері де, жаңағы Бауыржан
сөздеріндей, сай-сүйегімізді сырқыратып жіберді. Бақсам Балтабек гимнастеркасының
жеңімен көзін сүртіп жатыр екен. Осы кезде Москва даусы трубкадан қайта естілді.
Москва: Онда мені жарты сағаттай күтіңіздер. Жолдастардың тілегін Жоғарғы қолбасшыға
жеткізейін.
Дарно: Кұп, жолдас Әскери Советтің мүшесі.
Комиссар жайлап трубканы орнына койды. Мәселенің калай шешілетініне көзі жетпей,
оның да іштей мазасыз күйге көшкені аңғарылды. Содан кейін басын көтеріп:
- Жолдастар, сыртқа шығып, темекі тартып келулеріңізге рұқсат,-деді.
Жітіттер 10-15 минутта темекілерін тартып үлгіріп, қайтадан үйге кірді. Мен алдын ала
келіп, комиссарға тақау жердегі орныма жайғастым. Әркім-ақ жарты сағаттың тез болуын
күтіп, шыдамсыздана сағаттарына қарайды. Мен де дамылсыз сағатыма үңілемін.
Жиырма минуттан кейін былғары қапты телефон шылдыр ете қалды. Алғашқыдай емес,
комиссар трубканы қолы қалтырап әрең құлағына жеткізді.
Дауыс: Сізсіз бе, жолдас Егоров?
Егаров: Иә, менмін, жолдас Әскери Советтің мүшесі. Сізді тыңдап тұрмын.
Егоровтың қолы ғана емес, даусы да дірілдеп, бұзылыңқырап шықты.
Москва: Жоғарғы қолбасшы 8-ші гвардиялық дивизия командирлері мен саяси
қызметкерлерінің тілегін қабыл алды.
Дарно: Рақмет, жолдас Әскери Совет мүшесі. Жоғарғы қолбасшыға рақмет және Сізге
рақмет.
Москва: Жолдастарды бөлімдеріне қайтарып, бұрынғы қызметтеріңізге кірісе беріңіздер.
Егоров: Құп, жолдас...
Осы кезде батальонный Балтабек «уралап» кеп қоя берді. Оған орнымыздан ұшып тұрып,
бәріміз қосылдық. Егоровтың Булганинге айтқан соңғы сөздерін естімей де қалдық. Көзі
шүңірейіп, екі-үш соғыста арса-арса боп қатты жүдеген, әсіресе Москвамен сөйлескен
соңғы минуттарда буын-буынынан әл кеткендей, әлдебір ауыр ұрыстан жаңа шыққандай
боп қажыған комиссар, трубканы аппаратқа қойып, куанышын жасыра алмай, елжірей
күлімдеп, орнынан көтерілді.
Міне, енді ойлап қарасам Баукеңнің сол жолғы, 1941 жылдың 16 декабрінде Москвадан
қырық шақырым жердегі Дарно деревнясындағы бұрынғы колхоз кеңсесінде, дивизия
комиссары Егоровтың алдында сөйлеген сөзі талай адамның тағдырын өзгертіп,
жұлдызын жандырған тарихи сөз болған екен. Сол сөзімен ол өзін де, өзгені де қолынан
жетектеп, мәңгілік даңқтың табалдырығынан аттатыпты. Олай дейтінім сол жолы
Бауыржан сөйлемесе, бәріміз: «Е, жоғарғы жақтың бұйрығы солай болса, онда не шара»
деп Алматыға аттанып кетсек, ең алдымен 8-ші гвардиялық дивизия бұл дәрежеде бүкіл
дүние жүзілік даңққа ие болар ма еді, болмас па еді? Әй, болмас еді деп ойлаймын.
Әрине, біз кетіп қалсақта 8-ші гвардиялық дивизия көп гвардиялық дивизияның бірі болып
қала берер еді. Оған дау жоқ. Бірақ ол тамаша дәстүрі бар, тарихи адамдары көп Совет
Армиясындағы ең мәшһүр дивизия болып атағы жайылмас еді. Егер Бауыржан сол жолы
дивизиядан кетіп қалса, оның өз атағы да дәл мұндай дәрежеге жетпес еді.
Генерал Панфилов өз қолымен шындаған бұл дивизия талай жұлдызды батырларды
шығарды, солармен бірге жұлдызсыз жүлделі Бауыржан есімін бүкіл елімізге паш етті. Ал
Бауыржан өз дивизиясын бүкіл әлемге танытгы. Сөйтіп дивизия Бауыржанды даңқты етті.
Бауыржан дивизияның даңқына даңқ қосты. Біздің дивизиядан шыққан барлық
батырлардан басқа аттары ерекше аталатын екі адам бар. Оның бірі Панфилов болса,
екіншісі Бауыржан. Панфилов 8-ші гвардиялық дивизияның даналығы болса, Бауыржан
дивизияның ар-намысы болды. Панфилов асқар таудай атақты дивизияның табаны
болса, Бауыржан оның ең биік шыңы болды. Панфилов дивизияның жүрегіндегі лаулаған
оты болса, Бауыржан оның лапылдаған жалыны болды. Панфилов дивизия ерлігінің
аспаны болса, Бауыржан сол аспанның төсінде жарқыраған жарық жұлдызы, төбеден
аумас темір қазығы болды. Егер
сол жолы дивизиядан Бауыржан кетіп қалса, онда Александр Бектің атақты «Волоколамск
тас жолы» кітабы тумас еді. Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабы
дүниеге келмес еді. Егер Бауыржан сол жолы анадай сөз сөйлеп, өзін де, өзгені де
дивизияда ұстап қалмаса, онда мына мен де дәл бүгінгі дәрежеме жетпес едім деп
ойлаймын. Мінеки, менің Бауыржанды бірінші рет көруім осылай. «Бір көрген - біліс, екі
көрген - таныс» дейді ғой қазақ. Енді мен онымен жақын білісіп, танысқанымды айтайын
саған.
Содан, Бауыржанның өжеттігі арқасында Алматыға бармайтын боп Москвадан рұқсат
алғаннан кейін, бәріміз өз полктарымызға келдік. Жауынгерлерді әрі тынықтырып, әрі
соғыс ісіне үйрете бастадық. Өйткені соғыс дегеннің өзі оқу сияқты ғой: оқыған үстіне оқи
бергеннің артықтығы жоқ. Сол сияқты соғыс өнерін білген үстіне біле беру парыз.
Дивизияны толықтыру үшін жаңадан адамдар келгенше осындай әрекет жасап жаттық.
VI
1942 жылы 5 январьда полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров мені Ново-Никольскідегі
штабқа шақырды. Полк Нахабинодан осында көшкен болатын.
- Сіздің бұйрығыңыз бойынша келдім, жолдас комиссар, - деп баян еттім үйге
кіргеннен кейін.
- Келсең, шешін де жоғары шық, - деді комиссар. Шықтым.
Барлык батальон комиссарлары жиналған екен. Солардың арасын нұсқап:
- Сіз жолдас Бауыржан Момышұлын танисыз ба? - деді комиссар.
Қарасам анада, дивизия штабында көрген қаршыға көз командир біздің комиссарлардың
арасында отыр екен. Неге екенін білмеймін, оны көргенде жүрегім бір түрлі боп лүпілдей
соғып кетті.
- Танимын, жолдас комиссар.
- Онда жақсы, Бауыржан біздің полкке қызметке келіп отыр. Полк командиріне
орынбасар боп тағайындалды.
- Уақытша ма, әлде түпкілікті боп тағайындалды ма? - деппін мен аузыма басқа сөз
түспей.
- Оны болашақ керсетер, - деп комиссар әңгімені тез басқа арнаға бұрып жіберді.
«Е, жарайды, - деп ойладым мен. - Әйтеуір бізге келсе болды».
Дивизия алғаш ұрысқа кіргенде оның полктерінде автоматшылар ротасы деген болған
жоқ. Тек он бірінші ноябрьде немістер Дубосековаға бар күштерін төгіп, Москваға екінші
рет еміне бастаған сәтте полковник Капров пен комиссар Мұхамедияров мені алғы
шептегі атқыштар ротасынан шақырып алып, тездетіп автоматшылар ротасын құруға
бұйрық берді.
- Сен сол ротанын саяси жетекшісі боласың, командирінді кейін тағайындап береміз.
Керекті адамдарды батальондардан аласың. Оларға бұйрық берілді, - деді.
- Е, жарайды, батальондар тандаулы адамдарын берсе болды. Маған рота құру үшін
көмекке полк комсомол ұйымының секретары, үнемі батальондарда жүретін болғандықтан
«батальонный Балтабек» атанған Жетпісбаевты қосып берді.
Қатары өткен ұрыстарда азайып, алғы шепке тұрған батальондар таңдаулы
адамдарын бермей, автоматшылар ротасын кұру кешеуілдеп қалды. Небәрі қарамағымда
13 автоматшы ғана жиналған күні - 15 ноябрьде Капров маған бұйрық берді.
- Қарамағыңдағы автоматшылар ротасымен Ширяево селосын қорғауға бірінші ротаға
көмектесесің, - деді.
- Е, жарайды. Бірақ бізді рота деп айтуға келер ме екен, он үш қана адамбыз ғой,-
дедім мен.
- Келгенде қандай. Бір автоматшың минутына екі жүз оқ шығара алады. Ол бүкіл бір
отделениенің шығаратын оғымен парапар. Сонда 13 автоматшың атқыштар ротасының 13
отделениесіне тең.
- Е, құп олай болса, - деп мен бұйрық орындауға кеттім.
Біздің ротаға әлі командир тағайындалмаған болатын. Рота аталған 13 адамға өзім әрі
командир, әрі саяси жетекші болдым.
Ертеңінде немістердің Дубосекова разъезіне қарай қиян-кескі шабуылы басталды. Осы
ұрыстарда автоматшылар өздерінің қайратын керсетті де. Содан кейін дивизия
демалысқа шықты да, автоматшылар ротасы әлі күнге дейін дұрыстап толықтырылмай
келе жатқан болатын.
Мұхамедияров маған таяу күндерде полкты толықтыруға Қазақстаннан адамдар
келетінін айтты.
- Оларды жақсылап қабылдау үшін комиссия құрдық. Соның бір мүшесі етіп өзіңді
бекіттік. Ротаңның командиріне Соловьев тағайындалды. Соны қасыңа ала отырып,
келген адамдардан автоматшыға лайықтыларын таңдап алыңдар.
- Е, мақұл.
- Комиссияның председателі Момышұлы жолдас. Бүгіннен бастап осы кісімен
байланыста бол.
- Е, жарайды.
Сонымен комиссияға деп бір үй бөлінді. Ол тоқыма фабрикасының кең клубы екен. Біз
сонда отырамыз. Келген адамдарды қабылдап, батальон-батальонға бөлеміз. Бір топ
жаңа алынған жастар күндіз кеп қалса, келесі тобы түнде келеді. Бұл екі арада комиссия
мүшелерінің өзара сөйлесіп, әңгімелесулеріне де уакыт бар.
Бір күні осындай бір әредікте Бауыржан маған қарап:
- Ал, әңгіме айтыңыз, жолдас политрук, бізді осылай зеріктіріп қоясыз ба? - деді.
Оны ең алғаш Дарно деревнясында түнде көргенімде екі-ақ ауыз сөз естіп, көңілім толмай
қалған. «Өзінен басқа аға лейтенант жоқтай, Оқжетпестің тасындай боп мелшигені несі?»
деп ойлағанмын.
Ертеңінде оның Егоров алдында сөйлеген сөзін тындап, өткен түнде ғана тас мүсін деп
таныған адамымның аузынан сай-сүйекті сырқырататын жігерлі, жалынды, саналы сөздер
естігенде оның аталы ой, өкім үніне тәнті боп ғажаптанғанмын.
Міне, содан кейін бұл адам біздің полкқа келді. Келе сала жұртпен шүйіркелесіп те
кеткен жоқ, оқшау да қалған жоқ. Нағыз әскери адамға тән ішкі ырғақпен, көбіне үнсіз
жүріп жатты. Аз сөйлеп, көп тыңдап жүрді. Оның үнсіздігінің өзі ауызды жай жұмып
отырғандық емес, ішкі тегеуірінді тежеген, жөн-жосықты екшеген парасаттылықты
танытатын еді. Сонымен бірге оның жүзі жылыған сәтке алданып қалуға да болмайтын.
Ол орынсыз қылық, оғаш сөзді бірден тыйып тастайтын өрлілігімен де танылып қалған
болатын.
Міне, сол адам маған бірінші рет жылы ұшырап, тіл қатты. Анада
«ассалаумағалейкум» дегенім үшін үнсіз жазғырғаны жадымда сақталып қалған мен бұл
жолы сақтана жауап қайтардым.
- Не айтайын, жолдас капитан?
- Елден хат бар ма?
- Кеше Алматыдан, Сәбит Мұқановтан хат алдым.
- Не жазыпты?
- Сәкең біз аман-саумыз, жауды жеңіп қайтындар. «Қобыланды батырың» сені күтіп
жатыр депті.
- Ол не?
- Ол менің «Қобыланды батыр» деген атпен жазып, қорғап үлгіре алмай кеткен
диссертациям. Соғысқа кетерде аманат деп сол кісінің қолына беріп кетіп едім.
- Сәбит жақыныңыз ба еді?
- Жоқ.
- Онда қалай танысып жүрсіз?
- Ол ұзақ әңгіме ғой, жалықпасаңыз айтайын, жолдас капитан...
УП
Сырттан топырлай басқан аяқ дыбысы естілді. Сықырлап есік ашылып, ішке жаңа
команда келіп кірді. Мен барып, бұрыштағы диванда ұйықтап жатқан жолдастарды
ояттым. Комиссия мүшелері тегіс үстел басына жайғасып, қарсымыздағы ұзын
скамейкада отырған алты-жеті жігітпен әңгімелесуге кірістік. Бәрі де қазақ жігітгері екен.
Жиырмаға жаңа ғана ілінген жастар. Біз сұрақ қоя бастадык.
- Қайдан келдіндер, жігіттер?
Олар қозыдай маңырасып, қосыла жауап берді.
- Алматыдан.
- 100-ші бригададан.
- Қай облыстансындар?
- Шығыс Қазақстаннанбыз.
- Семейденбіз.
- Талдықорғаннан келдік.
- Алматы қалай, жақсы ма?
- Жақсы.
- Ал енді бір-бірлеп фамилияларыңды айтындар.
Осы кезде өткір көзді қара торы жігіт орнынан ұшып тұрып, бірден бірнеше фамилияны
шұбырта жөнелді.
- Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов.
- Өз фамилияң кім? - деді Бауыржан оған отты көзін қадап.
- Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов, - деді қара торы жігіт қайтадан тайсалмастан.
- Немене, сенің фамилияң осындай ұзақ па? Әлде бір өзіңнің үш фамилияң бар ма?
- Жоқ, жолдас капитан. Бұл мына үшеуіміздің фамилиямыз, - деп ол қасындағы
дембелше сары мен сұңғақтау аққұба жігітті нұсқады. - Осы үшеуіміз Алтайдан,
Лениногорскіден келдік. Қорғасын заводының жұмысшысымыз. Алматыда, жүзінші
бригадада бірге болдық.
Осы кезде мен орнымнан тұрып, көрші бөлмеден ротамның командирі аға лейтенант
Соловьевті ертіп келдім.
- Осы топтағы жігіттер бізге лайық сияқты,-дедім.
Тегі, жаңа мен орнымнан тұрып кеткен кезде Бауыржан жігіттерге бірге болғыларың келсе
сендерді автоматшылар ротасына жіберейік деген болуы керек. Мен Соловьевті ертіп
қайта
келгенде жаңағы қара торы жігіт Бауыржанға былай деп сұрақ қойып тұр екен.
- Автоматшы деген не?
- Өзгелер оқты дұшпанға бір-бірлеп атса, автоматшы оқты жаудың басына уыстап
төгеді, жаңбырдай жаудырады.
- Ендеше үшеуімізді де соған жазыңыз.
Бауыржан Соловьев екеуімізге қарап иек қақты. Мен жігітгерді тізімге ала бастадым.
- Қане, автоматшы боламын деген азаматтар аты-жөндерінді айта беріндер.
Олар аты-жөндерін айтып тұрды, мен жазып жаттым.
- Тоқтаров Төлеген.
- Батталов Жұмажан.
- Нұрбосынов Жүніс.
- Хасенов Жұмаділ.
- Нысанов Байеділ.
- Жүнісов Қайырбек.
- Отставить! - деді Бауыржан Жүнісов деген фамилияны қағазга жаза бергенімде.
Мен қоя қойдым. Бауыржан аяңдап біздің қасымызға келді де, жас жауынгерге сұрақ
қойды.
- Қайдан келдің?
- «Ақбұзаудан».
- «Ақбұзауың» не?
Жігіттер тегіс ду күліп жіберді. Олармен қоса Жүнісовтың өзі де күлді.
- Ауыл, колхоз, жолдас командир.
Бауыржан күлген жігіттерге сұстана көз тастады да:
- «Ақбұзау» колхозында кім боп қызмет істедің? - деді жас жауынгерге.
- Тракторист болдым, жолдас командир.
- Онда сен ауылыңның белді азаматы екенсің. - Бауыржан төртбақ денелі қазанбас
жігіттің арқасынан бір кағып қойды.
- Ал майданда сенің мінетін тұлпарың танк болуы керек еді. Бірақ біздің полкта танк
жоқ. Сондықтан пулеметші болсаң қайтеді?
- Сіз бол десеңіз болайын, жолдас командир.
- Есіңде болсын: «Максим» пулеметінің немістерге қаһары кейде танктен кем
түспейді. Бірақ оны баптап ұстауың, жорықтарда үнемі иығыңа салып, арқалап жүруің
керек.
- Жарайды, жолдас командир.
Бауыржанның жұқалтаң еріні жымиып, көзінен жылы күлкі ұшқындады.
- Шиыршық атқан мына жігіттердің автоматшы болғандары дұрыс. Ал саған автомат
арқалатып қою мынадай азамат тұлғаңа обал ғой. Сенің автоматың пулемет болсын.
Жігіттер де, бәріміз де күлісіп жатырмыз. Тракторист жігіт те күліп, қайта-қайта басын
изеді.
Бұл күлкі майданға жаңа келген жігіттердің терісін кеңіткен бір шуақты сәт болды.
Бәлкім, осы сөз, осы күлкіні олар өмір бойы естерінде сақтап қалар. Қиын-қыстау
кезендерде оларға командирдің бұл әзіл-қалжыңы демеу болар.
Әрине, бұл ой ол кезде Бауыржаннан басқамыздың басымызға келген жоқ еді. Қазір
ойласам Бауыржан соның бәрін жігіттерге жігер беру үшін әдейі айтқан екен ғой.
- Қатардағы жауынгер Жүнісовты 1-батальонға, пулемет ротасына жазыңыз, - деді
Бауыржан содан соң полкке келген жауынгерлерді тізімдеп отырған хатшыға қарап. -
Басқалары автоматшылар ротасына берілсін.
- Мәке, - дедім мен осы арада Мәліктің сөзін бөліп. - Жаңағы Жүнісов дегеніңіз біздің
ауылдың баласы еді. Жасынан әке-шешесіз жетім өсті. Ер жеткен соң тракторист болды.
Мектепте жүргенімізде баскалар кластың есігін қолымен итеріп, не аяғымен теуіп ашса,
Қайырбек басымен сүзіп ашатын. Сондықтан ол ауылымызда Шойынбас атанып еді. 1941
жылы декабрьдің басында біздін ауылдан бір жылы туған төл он бес бала әскерге
алындық. Алматыда ұйымдасқан жүзінші бригадаға келдік. Ойда жоқта бір күні кешке
сапқа тізілдік.
- 8-ші гвардиялық дивизияны толықтыруға өз еркімен барамын дегендер бір адым
алға шығындар, - деді.
Артиллерия дивизионынан бірінші боп мен шықтым. Бірақ мені жібермей, бригадаға алып
қалды. Сол жолы біздің ауылдан келген балалардың көпшілігі 8-ші гвардиялық дивизияны
толықтыруға кетті. Соғыс біткеннен кейін сол он бестен төртеуіміз ғана ауылға оралдық.
Жаңағы Сіз айтқан Қайырбек марқұм да майданда қаза болды.
- Ендеше біз сенің жерлестеріңмен бірге соғыстық, - деп Мәлік әңгімесін ары қарай
жалғады.
Осыдан кейін Бауыржан полкке жаңадан келгендердің алдында қысқаша сөз сөйледі.
- Сендер 8-ші гвардиялық дивизияға келдіндер, - деді ол. - Қазақстанда құрылған бұл
дивизия қазақ халқының арының алтын туы екенін әрқашан да естерінде сақтандар.
Сендер сол атақты дивизияның 1075-ші полкының қатарын толықтырындар. Бұл полктың
командирі полковник Капров жолдас, комиссары Ахметжан Мұхамедияровдеген кісі. Мен
полк командирінің орынбасарымын. Фамилиям Момышұлы. Басқа сұрақ бар ма?
- Жоқ.
- Онда өздеріңнің бөлінген бөлімдеріңе барындар. Сендерді қазір әр батальоннан
келген байланысшылар бастап әкетеді. Енді алғы шепте, жаумен жағалас үстінде
кездесейік. Жаудан қорықпаңдар. Оған жеңілемін деп емес, жеңемін, кұримын деп емес,
құртамын деп ұмтылындар. Әрқашанда осындай ойда болып, қаруларыңды жақсы
біліңдер. Тәртіп жағына берік болындар. Өйткені тәртіп жауынгердің бірінші қаруы. Онсыз
ешбір қарудың қуаты жоқ. Жағаларың жыртылмасын! Жолдарың болсын! Направо!
Старшинам-вести людей в свои подразделения! На выход, шагом марш!
Қазақша бастаған сөзін Бауыржан осылай деп командамен, орысша аяқтады. Жігіттердің
жігерлене соққан табаны клубтың еден тақтайын дірілдетіп жіберді.
VIII
Дивизияны толықтыратын жауынгерлер келіп болғаннан кейін біз ротамызға кеттік.
Бауыржан мен Балтабек штабта қалды. Ро- тада біз жаңа жауынгерлерді соғыс өнеріне
жаттықтырумен шұғылдандық. Күн сайын оларға әскери әзірлік сабақтарымен қоса, саяси
сабақ та өткіземіз. Саяси сабақтың да тақырыбы әр түрлі: жауынгердің борышы, совет
жауынгерінің моральдық тұлғасы, Панфилов дивизиясының ерлік дәстүрлері т.т. Осы та-
қырыптарға күн сайын дайындала отырып, Бауыржанның кейбір сөздерін еріксіз еске
алатын болдым. Оның: «Политрук сөзі жауынгерге жігер беру үшін, оның намысын қайрау
үшін қажет», «Елін сүйген жауынгер ер болады», «Жігерсіз сөз жүрекке жетпейді», «Басқа
жазушылар қағазға жазса, біз жауынгерлердің жүрегіне жазамыз», «Басқалар сиямен
жазса, біз қанымызбен жазамыз», «Тәртіп - жауынгердің бірінші қаруы» деген сөздері
есімде сақ-
талып қалыпты. Оның менің жай сөйлейтінімді мінеген теңеулері де ап-ащты боп ойымда
жүрді. Бірақ ол теңеулер есіме түскен сайын мен ширауға тырыстым.
1942 жылдың 11 январында жаңа күш қосылып, толықтырылған біздің дивизия эшелонға
тиеліп, қайтадан жорыққа аттанды.
Жаттығу жұмысы вагон ішінде де жүргізіліп жатты. Алты күннен кейін Дворцы деген
станцияда поездан түстік те, жаяу жорыққа көштік. Февральдың бас жағында қанды
ұрысқа қайтадан кірдік.
Біз Бауыржанмен жолда да, жорықта да, ұрыста да үнемі кездесіп отырдық. Ол
туралы менің «Сұрапыл жылдар» кітабымның «Төлеген Тоқтаров» деген тарауында толық
айтылған. Біздің ерлігіміз де сонда суреттелген. Енді мен саған сол ұрыстар кезіндегі
Бауыр-
жанмен соңғы кездескенімді айтайын.
22 февраль күні түнде біздің батальонның басшылары Гундилович пен Трофимовты,
автоматшылар ротасының командирі Соловьев пен политрук мені полк штабына
шақырды. Кішкене ағаш үйдің шағын бөлмесінде, жез құтыда лапылдай жанған күйелі май
шамның жарығымен бәрімізді Бауыржан қабылдады. Полк комсомол ұйымының
секретары Балтабек те осында екен.
- Жолдастар! Түнделетіп шақыртқаныма ренжімеңіздер. Біріншіден, сіздерді ертеңгі
мерекемен - Совет Армиясының 24 жылдығымен құттықтаймын. - Осылай деп ол
бәріміздің қолымызды алды. - Екіншіден, осы шабуылда дивизияның авангарды болған
полктың маңдай батальоны мен оны қолдаушы автоматшылар ротасының жауынгерлері
мен командирлерін жоғары наградаға ұсыну үшін қосымша материалдар беру жөнінде
генерал
Чистяковтан тығыз түрде бұйрык келді. Ол материалдар таңертең дивизияда, одан соң
жоғарыда болуы тиіс.
Алдымен ол бізден Төлеген Тоқтаров туралы сұрады.
- Маған біздің дивизия қырандар ұясы бодып көрінеді, - деді Бауыржан. - Ал аспанда
самғап жүрген қыранды бірін-бірінен айыру қиын. Сол сияқты әр деревняны жаудан
босатқан сайын малақайларының құлақтары делдендеп жауды жайпап жүрген көк көз,
қара көз батырлардың бірін екіншісінен бөле тану қиын. Төлеген сол қара домалақтың
қайсысы?
Бауыржан алдымен Соловьев пен маған қарады.
- Сіз оны білесіз, - деді Соловьев, - өткір көзді, қара торы жігіт болатын.
- Қазақтың көпшілігі қараторы келеді. Оның үстіне мынадай аяз қарып, домбыққан
беттердің бәрі де қара торы боп көрінеді ғой, жолдас аға лейтенант.
- Оныңыз рас. БірақТөлеген ерекше жауынгер еді. Оған сіздің көз тоқтатпауыңыз
мүмкін емес. 5 февраль күнгі ұрыста ол жеті фашисті жер жастандырып, екеуін тұткынға
алды. Оның біреуі офиңер екен. Оларды Төлеген Мәлік екеуіміздің қасымызға айдап
әкелген кезде жолдас полковник Капров екеуіңіз келдіңіздер. Жаңағы офицермен
сөйлесіп, оның қай бөлімдікі, қанша күштері барын сұрадыңыздар.
Бауыржан басын изеді.
- Бұл оқиға есімде. Ол Ново-Свинухово деревнясында еді ғой. Бірақ онда мен ол
жігіттің аты-жөнін сұрамаппын.
- Оны сұрауға мүмкіндік болды ма, жолдас капитан. Сол сәтте немістердің кезекті
қарсы шабуылы басталды ғой.
Осыдан кейін мен Бауыржанның есіне Төлегеннің алғаш полкке келген сәтін түсірдім.
- Балтабек, Төлегеннің комсомол билетін мен саған беріп едім ғой. Сонда суреті
болатын.
- Иә, қазір,- деп Балтабек сумкасынан Төлегеннің комсомол билетін алып,
Бауыржанға берді.
Батырдың суретін көріп жіберіп, Бауыржан оны бірден есіне түсірді.
- А, бұл сондағы фамилиясы ұзын жігіт қой? Үш фамилияны қосақтап бір-ақ айтатын?
- Иә, сол.
- Енді есіме түсті. Оның ана екі жолдасы бар ма?
- Бар. Аман. Біреуі Сіздің көзіңізше неміс танкын құртгы.
IX
Ол оқиға былай болған еді. Февраль шайқастарының бас жағында Капров ауырып, он
шақты күн шанада жүрді. Полктың барлық ұрысын Бауыржан басқарды. Батальон Ново-
Свинуховоға ұмтылғанда оған көмек көрсетуге әзірленіп автоматшылар орман шетінде
отырған еді. Осы арада ұрысты басқарып тұрған Бауыржан:
- Мәлік, анау сарайдың түбінде танк тұр. Соны құртуға бір адам жібер, - деді.
Мен Батталовты жұмсадым. Ол танкқа лақтыратын кеспелтек гранатының екеуін алды да,
ілгері барыңқырап барып, тайсалақтап кейін шегінді.
- Анауың қорқып тұр, шақыр бері, - деді Бауыржан.
Мен шақырдым. Батталов келді.
- Әй, сенің кеуденде намыс бар ма? - деді Бауыржан оған зілді үнмен.
- Бар, - деді жауынгер сасқалақтап.
- Болса тез бар да, ана танкты құрт. Егер қорқып, күйбектедің бар ғой, онда сені ата-
бабаңның аруағы атады. Ұқтың ба?
- Ұқтым, жолдас капитан. Мен немісше «қолынды көтер!» дегенді қалай айтады деп
сұрамақ едім.
- Оны не қыласың? Қолын көтертіп, неміспен құда болайын деп пе едің? «Хенде хох!»
дейді. Бар, жөнел! - деді Бауыржан.
Батталов тұра жөнелді. Бағанадағыдай емес, ширақ қимылмен тайсалмастан ілгері
ұмтылды. Бір кезде Бауыржан нұсқаған сарайдың түбінен қара түтін бұрқ ете түсті.
Әлден уақытта Батталов қайтып келіп, бұйрықтың орындалғанын баяндады.
- Еңбегің үшін ел атынан алғыс жариялаймын, - деді Бауыржан. - Бірақ сен алғашында
қорықтың-ау деймін.
- Темір тонды пәледен тайсалғаным да рас, - деді жауынгер шынын айтып. - Бірақ
Сіздің ата-бабаңның аруағы атады деген сөзіңіз жаныма батып кетті.
- Жарайды, жігіт екенсің! - деді Бауыржан Батталовты қағып.
- Бар, жаумен әрқашанда жақсылап соғыс.
Мен Бауыржанға осы эпизодты айттым.
- Ол Төлеген серіктерінің бірі ме еді?
- Иә, Бауке.
Содан соң мен сумкамнан қара дәптерімді суырып, сонда жазылғанның Төлеген
туралысын оқып бердім. Онда Төлегеннің әр күнгі қимылы, ерлігі суреттеліп, қанша
фашисті жойғаны баяндалған еді. Ең соңында ішіне оқ тиген Төлегеннің ішегін шұбатып
жүріп, неміс офицерін оғы таусылған автоматпен ұрып өлтіргенін айттым да:
- Төлеген адамгершілігі мол, қамқор көңілді, жолдастарына қайырымды азамат
болатын. Төлеген қасымызда жүргенде ортамызда лаулаған от келе жатқандай болушы
еді. Ол өз жанының жалынымен өзгені де қыздырып, басқалардың да жүрегіне от беріп,
жігерін тұтатып отыратын ер еді, - деп сөзімді аяқтадым.
Бұдан кейін Гундилович, Трофимов, Жетпісбаев Төлеген туралы менің жазбаларыма
қосымша деректер берді.
Бауыржан менің дәптерімді сұрап алып, Төлегеннің комсомол билетін соның ішіне
салды да:
- Рақмет бәрлеріңізге, - деді бізге қарап. - Есіл азаматтардың ерлік тарихын есте
сақтағандарыңыз үшін ертеңгі ұрпақ сіздерге разы болуға тиіс.
Содан соң Бауыржан маған бұрылды да:
- Осының бәрін қалдырмай қағазға жазып жүргенің үшін саған көп рақмет, Мәлік, -
деді. Ол сәтте мен Бауыржанның бұл сөзіне мән бергенім жоқ. Бірнеше күн бел
шешпестен ұрыста жүріп қалжыраған басым жылы жерге келгеннен кейін маужырап,
ұйқым келіп өліп отыр едім.-Енді сен ауыз бөлмеге, Синченконың қарамағына бара тұр.
Мына жолдастармен сөйлесетін тағы бір сөзіміз бар.
- Е, жарайды, - деп тонымды сүйретіп төргі бөлмеден шықтым.
Ауыз бөлмеде Бауыржанның атқосшысы Николай Синченко үстел жасап, бес кісіге дәм
әзірлеп отыр екен. Ұйқы қысып келе жатқан мен еденге жантая кетіп едім, Синченко
иығымнан жұлқылады.
- Жолдас политрук, сағат қазір 00.30 - Совет Армиясы мейрамының күні басталды.
Басыңызды көтеріп, үстелден дәм татыңыз, жүз грамм жұтып жіберіңіз. Жолдас капитан
маған сіздерге дәм татырып жібер деп бұйырған.
Ұйқылы көзіммен Синченконың айтқанын орындадым да, қайтадан жантайып, лезде
қор ете түстім.
Бір кезде мені жұлқылап оятып жатыр.
- Мәлік, тұр, кетеміз, - дейді.
Сағатыма қарасам 2.30 болыпты. Гундилович, Трофимов, Жетпісбаев, Соловьев
төртеуі Синченконың дастарқанын жайғастырып жіберіпті.
Бауыржан ішкі бөлмеде жалғыз қалды. Бесеуіміз далаға шықтық. Балтабек бізбен қош
айтысты да, жатқан үйіне қарай бұрылып кетті. Қалған төртеуіміз қараңғы түнді үңгіп,
шыны қарды шықырлатып, өз бөлімімізге қарай бет түзедік.
- Мәлік, - деді Гундилович жолда келе жатып, - капитан бізден жаңағы Төлеген жайын
сұрағандай етіп, сен туралы да көп деректер сұрап адды. Біз сенің Ново-Свинухово,
Бородино үшін болған ұрыстардағы ерлігіңді айттық. Жетпісбаев өткен октябрь, ноябрь
ұрыстарындағы еңбегіңді де қалдырған жоқ.
23 февраль күні күндіз, түс кезінде қалың ағаш ішіндегі алаңға әрбір батальоннан
топ-топ жауынгерлер келе бастады. Бұлар өткен шабуылдарда ерекше ерліктер жасағаны
үшін үкімет наградасына ұсынылған командирлер мен жауынгерлер еді. Бүгін - Совет Ар-
миясының 24 жасқа толған ұлы мейрамы күні оларға ордендер мен медальдар
тапсырылмақ. Орман ішіндегі алаңға сол үшін жиналып жатырмыз.
Бір кезде Капров, Мұхамедияров, Момышұлы тағы басқа командирлер келді.
Полковник Капров бізді Совет Армиясының күнімен құттықтады. Командованиенің
тапсырмасын ойдағыдай орындағаны үшін осы жиналған жігіттердің тегіс наградталғанын
айтып, оларға ордендер мен медальдар тапсырды.
Рамазан Елебаев, Александр Соловьев, Балтабек Жетпісбаев, Павел Гундилович,
автоматшылардан Жұмажан Батталов, Іңкәрбала Иманбеков т.т. Қызыл Ту орденін алды.
Автоматшы Төлеген Тоқтаров пен автоматшылар ротасының политругі Мәлік
Габдуллиннің Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғаны жарияланды...
Неге қуанбайын! Қуанышымда шек болған жоқ, әрине. Енді тезірек Указ шықса екен
деп алабұрттым. Алғашында Указ шыққанша мұны ешкімге айтпайын, елдегі ағайын,
достар газеттен оқып, бірақ білсін деп те ойладым. Бірақ айтпауға дәтім шыдамады, ішіме
сыймады. Біраз күн тістей қатып, шыдап жүрдім де, ақыры алғашқы хатты Алматыға
жолдадым. Сол күні күндіз ротаның саяси жетекшісінен жоғарылап, батальон комиссары
боп тағайындалған едім. Бір жағынан бұл да бір қосалқы қуаныш боп, жанымды түрткілесе
керек. Ақыры не керек, түнде, жер төленің ортасына жағылған оттың басында отырып,
жүрек жарған жаңалығымды былай деп ақылшы аға, асыл ұстазым Мұхтар Әуезовке
жолдадым:
«Қымбатты МҰХА!
13. ІІ-де жазған хатыңызды алдым. Аманшылығыңызға қуаныштымын. Мен де аман-
саумын. Талай тас қамауды талқандап бұзып, жауды қуып барамыз. Сақылдаған аязда,
сартылдаған соғыс сахнасында қолдан келген күшті жұмсап жатырмыз. Мен наградқа
Қызыя Жұлдыз орденін алдым. Жақында бір тамаша операция жасап, немістің «Ку бас»
деп аталатын дивизиясының штабын талқандап шықтық.
Осы операцияда тамаша ерлер шықты. Біздің полктан үш адамды Совет Одағының
Батыры атағына ұсынды: 1) политрук Клочков, ол Щербаков жолдастың баяндамасында
айтылған 28 батырдың қолбасшысы еді. 2) Тоқтаров Төлеген деген қызыләскер, Риддер
қорғасын
заводынан келген жас, 21 -дегі жұмысшы. З) Мен. Таяу күнде Указ болып қалар.
Дивизия көлемінде абыройым жақсы, бәрі құрметтейді. Әсіресе Совет Одағының
Батырына ұсынылған соң комдивтің өзі қолымды алып амандасады.
Қазір ротаның политругі емеспін, батальон комиссарымын. Жұмыс көп, осы кезде қызу
майдандамыз. Бұл хатты оттың сәулесінде бой басылып, түн түскен кезде Сіздің хатқа
жауапты тездету ретінде асығыс жаздым. Әлішердің қайда екенінен хабарым жоқ. Тағы да
хат жазармын. Хош, сау болыңыз. Еңбек творчество майданында жақсы-жақсы
шығармалар жазуыңызға тілектеспін.
Ініңіз Мәлік
5. III. 42 ж.
Полевая почтовая
станция 993,
1075 СП, 2-батальон,
М. Ғабдуллин.»
Міне, Бауыржанды біздің полктан соңғы рет көргенім сол жолы, 23 февраль күні болды.
Үстінде қара бурка, басында папахасы бар, ол өзге командирлерден иығы асып, тіп-тік
болып, сұсты жүзі жұмсарып, отты, ойлы қара көздері наградталған ерлерге жылы нұр
төгіп, мейірлене қарап тұрды.
Содан екі күн кейін - 25 февральда Бауыржан бізден қайтадан өзінің 1073-ші полкына
кетті, сол полктың командирі болып тағайындалды. Ол хабарды естігенде көңілім қатты
құлазыды. Өйткені бұл кезде мен Бауыржанды қатал, қаһарман командир деп қана
мойындап қоймай, сонымен бірге оған аға, дос ретінде де бауыр басып қалған едім.
Артынан Бауыржан 9-гвардиялық дивизияға командир болып кетті. Одан соң Бас
штабтың академиясына оқуға барды. Бұл екі ортада мен де бірсыпыра қызметке ауыстым.
Сол жылы 5 мартта, жараланып кеткен Трофимовтың орнына, Гундилович батальонына
комиссар болып бекідім. Одан кейін полк үгітшісі болдым. Совет Одағының Батыры
атағын алғаннан кейін, 1943 жылдын февралында Калинин майданы Саяси
басқармасының үгітшісі болып тағайындалдым. Осы кездерде Бауыржанмен үзбей хат
жазысып тұрдым.
Бұл кезде біз терренкурдың үшінші километрінен қайтып, «Арман» кинотеатрына
тақап қалған едік. Мәлік енді әңгімесін тұжыруға кірісті.
- Мінеки, менің Бауыржанмен білістігім осылай. Өзің де соғыста болдың, соғыстың
жайын жақсы білесің ғой. Бірден батырлық еңбек етсең де, бірден батыр атағы
берілмейді. Екі рет ерлігің танылғанда есепке алынасың. Бес рет батылдығың білінгенде
ғана батыр атағына жетесің. Онда да екінің бірі жете бермейді. Жүзден жүйрік, мыңнан
тұлпар шығады. Ал жүз жүйрік, мың тұлпар қатар шапса, олар қанша оқтай жүйткігенімен,
бірінен бірі оза алмайды. Озса да бірінен бірі қара үзіп кетпейді. Сұңқарлар қанаттас
самғайды, тұлпарлар қабырғалас зымырайды. Тұлпардан тұлпар озбағанымен, олардың
артында ор болып іздері қалады. Сол сияқты біздің 316-дивизия тұлпарлар тоғысқан жер
еді. Біздің 8-ші гвардиялық дивизия батырлар бас қосқан ұя еді. Жеке батырлардан жалпы
батыр шыңдаған дүкен еді.
Мың адам бірлесіп батырлық іс атқарады. Бірақ атақ назары соның біреуіне ғана түседі
де, оның кеудесіне Алтын Жұлдыз боп қадалады. Мен сол болсам, Баукең атақ назары
түспеген, бірақ тарихтың назары түскен, бір өзі жүзден аса ерлік жасаған, мен сияқты
жүздеген жұлдызды, жұлдызсыз батырларды баулыған ұста, ұстаз, ардагер азамат қой!
X
Осыдан кейін де көп күндер өтті, көп оқиғалар болды. Алдымен Бауке туған жері Жуалы
ауданында өзінің алпыс жасқа толған тойын өткізді. Ол той одан кейін Алматыда
жалғасты.
Осы тойларды атқарғаннан кейін Баукеңнің кәртейгендегі жан серігі Кәмәш қайтыс болды.
Одан кейін қан майданды бірге кешкен жауынгер інісі, жан досы Мәлік Ғабдуллин дүние
салды. Олардың артынан асқар таудай ағасы Сәбит Мұканов қайтпас сапарға ол кетті.
Осының бәрі Баукеңе соққы үстіне соққы болып тиіп, оның аузынан шыққан күйініш сөздері
жалпақ жұртқа естіліп жатты.
Алғаш әйелі өлген кезде бір замандасы келіп, пенсияға шығып, қызмет, көліктен айрылып,
қор боп қалдым дегенде, Баукең оған: «Қорлықтың көкесін кемпірің өлгенде көрерсің»
депті.
Мәлік қайтыс болғанда:
- Енді біздің шаңырақтарға шартылдап нажағай түсе бастады. «Теперь по нашим
квадратам бьют. Кезек ересен ер ұрпаққа келді», - деп шөке түсіп отырып қалыпты.
Сәбең қайтыс болған кезде Баукең айтты деген мына бір сөз және тарады. «Сәбит пен
Ғабит Алатау мен Қаратаудай панам еді. Енді оның да бірінен айрылдым ба?» депті.
Күз өтті. Қыс кетті. Жаз шықты. Күндердің күнінде Баукең екеуіміз ұзақ уақыт үзіліп
қалған диалогты қайтадан жалғастырдық.
Автор. Сіз Иван Михайлович Чистяков деген кісіні білесіз ғой?
Бауыржан. Білемін. Генерал-полковник, Совет Одағының Батыры.
Автор. Сол кісі «Дружба народов» журналында жарияланған естелік кітабының бір
жерінде былай деп жазыпты. Оқуға рұқсат етіңіз.
Бауыржан. Оқығын.
Автор. «1073-ші атқыштар полкының командирі майор Бауыржан Момышұлын мен
соғыстан бұрын білетінмін. Біз Қиыр Шығыста бірге қызмет еткенбіз. Ол қазақ ұлтынан
шыққан, алған бетінен қайтпайтын, қатал мінезді, сымбатты келген жас командир
болатын.
Оны ерекше ерлігі мен тапқырлығы үшін Панфиловтың өзгеше жақсы көргенін де
білетінмін. Москва түбінде оның баталъоны полктан хабар-ошарсыз күйде, бірнеше күн
қоршауда қалып, қалың жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізген. Екі тәулікке созылған қырғын
соғыста гвардияшылар төрт жүзден астам фашистердің көзін жойып, алардың
Волоколамск тас жолы арқылы жасаған шабуылын тырп еткізбей бөгеп тастаған. Содан
кейін орман ішінде маневр жасай отырып, өздерін қоршаған жау шеңберін тас-талқан етіп
бұзып шығып, полкке келіп қосылған болатын.
Осы ұрыстан кейін Панфилов Момышұлының батальонын өзінің резерві етіп ұстап,
оны ең қиын-қыстау жерлердегі ұрыстарга жіберіп отырды. Соның бәрінде де батальон
үздіксіз жеңіске ие болды.
Бұлардан басқа Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті болатын, ол оның
шыншылдығы еді. Мен оның қанша қиын болса да, тіпті өзіне содан зиян келсе де тек қана
шындықты айтатынын білуші едім. Өзінің бағыныштыларынан да ол осыны талап ететін».
Міне осылай деген...
Бауыржан. Мұны неғыл дейсің?
«Мұны неғыл дейсің?» Сондай сөз бола ма екен? Бұған мен қуанамын, шаттанамын,
мақтанамын! Кеше бейбіт күнде бірге болған, одан соң ел басына ауыр күн туған қаһарлы
жылдарда қатар жүріп қабырғадан қан кешкен қарт генерал сені мақтап отыр. Сенің
ерлігінді, өрлігінді айтады. Атақты Панфиловтың өзіңді жанындай жақсы көргенін
баяндайды. Тіпті сенің жас шағыңдағы сымбатыңды да сүйсіне сөз етеді. «Иір бұтақты
емен шынар болуға құмар болмайды» деп өзің айтқандай, сенің егде тартқаңдағы мынау
емендей қалпыңа қызығамын мен. Сенің бойындағы саф алтындай сақталып келе жатқан
генерал айтқан шыншылдыққа сүйсінемін. Мен ғана емес, бүкіл ел сүйсінеді саған.
Сондықтан да
бала күнгі досың Әбділда ақын сенің қазіргі күйінді былай деп суреттеді:
Ойласа от күндерді, қан майданды,
Қамыкпай, касіретсіз сөз айта алмайды.
Елестеп қансыраған қайран достар,
Соларға: «Қайдасың?» деп айқайлайды...
Тарылып күйкі тартқан кең кеудесі,
Секілді тозған тұлға көлеңкесі.
Ойласа от күндерді алады өксіп,
Қазақтың ай мүйізді ақ серкесі.
Неғыл дейін мен? Генерал мен ақынның сенің өр тұлғаңды суреттеген сөзі мен жырын
мақтаныш етемін мен! Сондықтан да оны, жерден жеті қоян тапқандай болып, қуана
айтып отырмын саған. Немене, мұртың едірейіп соншама шұқшия қалдың маған?
Әрине, Баукеңе мен бұл сөздерді айтқамын жоқ. Айтпайтыным ол өзін мақтағанды
ұнатпайды. Ал өзге кейбір жолдастарды мақтаған аузыңнан титтей сөз шықса-ақ болды,
олар сені тоқтатып қойып,өздерін өздері мақтай жөнелгенде сен аңырайып аузынды
ашасың да қаласың... Баукең олай емес. Өзін мақтай бастасаң ол сенің сөзіңді естімеген
кісі сияқтанып, түсін суытып үнсіз қалады. Сенің айтқаныңның шын-өтірігін сараптап,
сынап
отырған сияқтанады. Содан кейін: «Тит-та-тит-та-ти-та-та!» деп басын бір жағына қарай
бұрып кеп жібереді. Онысы саған: «От-та-от-та-от-тай бер» деген сияқты боп сезіледі де,
сен шайнамай жұтқан астай ғып, мақтау сөзіңді кілт тоқтатуға мәжбүр боласың.
Чистяковтың сөзін алғаш оқи бастағанымда Баукең көңілді сияқты еді. «Мен ол кезде
жас болғанмын» деп арасында әзіл де айтып қалды. Сол ыңғаймен мен де генералдың
сөзін аяқтап, Баукеңнің бетіне көңілдене қарағанымда: «Мұны неғыл дейсің?» деп ол
бірден гүр ете қалды. Осы кезде менің көз алдыма тағы да арыстан елестеп кетті.
Цирктың аренасына шыққан арыстан алғашқы екі-үш номерді бұлжытпай орындайды.
Арыстанның «тіл алғыштығына» үйретуші де, көрермендер де қуанып, көңілденіп қалады.
Сөйтіп жүргенде аң патшасы кенет арс ете түсіп, келесі номерлерді орындаудан бас
тартады. Үйретуші ұзын таяғын сермеп, арыстанды ырқына көндіре алмай әлек боп
қалады. Арыстан таяқты тістелеп ырылдағанда зал толы жұрттын төбе құйқасы
шымырлап, иманы қасым болады. Ол бір-ақ ырғып барып анау таяғын шошаңдатқан
үйретуші сорлының парша-паршасын шығармаса игі еді деп зәресі кетеді. Мен
Бауыржанның қасында отырғанда бірнеше рет осындай сезімде болдым - арыстанмен бір
клетканың ішінде бетпе-бет қалған үйретуші іспеттендім. Үйретушінің әр түрлі әдіс-айла,
қару-құралдары бар шығар. Менде ол жоқ қой... Бауыржанның арыстандікіндей тісі мен
тырнағы жоқ екенін, тіпті оның арыстан емес екенін біле тұрсам да, ол гүр етіп бетіме
қарап, жалт-жұлт еткен көзі мен жыбырлаған мұртына көзім түскенде сасқалақтап өзімнің
адамның үйінде немесе арыстанның клеткасында тұрғанымды аңғара алмай қалған
әлденеше сәттерім болды.
Мұны мен қыздырманың қызыл сәзі үшін айтып отырғаным жоқ. Бауыржанды барлық
адам баласынан өзгеше жаралған жан етіп көрсету ниетінен де аулақпын. Мұны мен
әңгімелесуші екі адамның арасындағы психологиялық байланысты көрсету үшін ғана
айтып отырмын.
Сөйтіп, жаңа ғана әзіл айтқан Баукеңнің мен үш-төрт абзацты оқып шыққанша өзгере
қалғанын білгеннен кейін, өзім де көңілді күйден ауысып, бірден салмақты бола қалдым.
II
Автор. Генерал Чистяковпен Сіздің алғаш қалай танысқаныңызды сұрайын деп едім.
Және өзіңіздің Қиыр Шығыс әңгімесін кейін толық етіп баяндап беремін деген уәдеңіз де
бар еді.
Бауыржан. Солай ма еді? Онда айтуға болады. Иван Михайлович Чистяковпен мен Қиыр
Шығыста кездестім... Қиыр Шығыс!
- Бауыржан мойнын ырғай бұрып, маған үдірейе қарады. Оның мойнын бұлай бұрғаны
әлденеге өкініп, бас шайқағаны сияқты да боп көрінді. Сол бұрылған қалпында сәл
отырды да, сөзін әрі қарай жалғады. - Қиыр Шығыс - жас адамды шынықтырып,
шыңдайтын, езді - ер, егдені - кемеңгер етіп ширататын өлке ғой, шіркін!
Темір соғатын жерді не дейді, ұста дүкені дей ме? Ауылда аяқ астында жатқан ұсақ-түйек
темірді жинап сол дүкенге алып келіп көріктің отына салсаң, ол төстен таға болып
тапталып, шеге болып ширатылып шығып жатпаушы ма еді? Егер олпы-солпы адамды көк
мұзға кірш-кірш қадалатын құрыш емшекті тағадай иіп, шегедей шымыр етіп шығаратын
да дүкен болады деп есептесек, мен ондай дүкенді Қиыр Шығыс жері, соның табиғаты дер
едім. Қиыр Шығыстың қыстағы алпыс градус аязы мен жаздағы жетпіс градус ыстығы
адамды шыңдалмас еркіне қоймайды-ау, шіркін!
Ит тұмсығы өткісіз ну орман, көк аспанға шаншылардай боп шырқай өскен қалың
қарағай, түзу терек, тіп-тік қайындар, олардың арасындағы шалғыны салт атты адамның
белуарынан келетін жасыл шөпті алаңдар, сылдыраған бұлақ, сарқыраған өзендер,
жұтқан сайын көкірегінді кернеп, көңілінді сергіте түсетін шипалы ауа!.. Ғажап қой, ғажап
Қиыр Шығыс табиғаты. Оны саған суреттеп беруге тілім жетпейді менің. Айналаның бәрі
көркем, бәрі көрікті, бәрі ғибрат аларлық. Табиғаттың өзі-ақ адамға алуан түрлі сабақ
беріп тұрған тәрізденеді. Қарағайдың түзулігі саған екі иығынды салбыратпай тік жүруді
үйретеді. Аспанға шапши атылған ақ сүттей ақ қайындар сені адалдық пен пәктікке
шақырады. Аузын арандай ашқан аш айдаһардың жұтқыншағындай ми батпағы өлім
дегеннің не екенін көз алдыңа елестетіп, өмір үшін жанталаса күресудің тәсілін және
ұқтырады. Қиыр Шығыстың өрттей жазы сені ұста көрігінің отына көмілген темірдей
қыздырса, оның ақырған аязы сол ыстық темірді шындау үшін суық суға малғандай
шыжылдатады. Өз басым сол Қиыр Шығыс табиғатының тамаша дүкенінде соғылған
шегемін деп есептеймін. Қиыр Шығыс
дүкенінде мыңдаған «шегелер» соғылды. Мен солардың бірі ғанамын. Ұстасыз ұста дүкені
болмайды ғой. Мені, менің тұстастарымды болат «шеге» етіп, сомдап соққан ұста Блюхер
болатын! Мен өз өмірімнен Қиыр Шығысты бір минут бөліп тастай алмаймын.
Осылай деп өл сезін тоқтатты да, «ы-ы-ым...» деп менің бетіме қарады. Онысы маған
«сен менің бұл сөздерімді ұғасың ба, түсінесің бе?» деген сияқты боп көрінді. Сөйткенше
болған жоқ, ол бірден мынадай сұрақ қойды.
- Сен өзің Блюхерді білесің бе? - деді.
Мен қапелімде не білемін, не білмеймін дей алмай үнсіз қалдым. Өйтетін себебім
баяғыда, туған ауылым «Ақбұзау» орталау мектебінің жетінші класында оқып жүрген бала
күнімде біз оқитын класс бөлмесінің қабырғасында бес маршалдың үлкен портреттері
тұрушы еді. Ол портреттер терезе жақтағы парталардың тұсына ілінгендіктен кейбір
балалар: «Мен Ворошиловпын», «Мен Буденныймын», «Мен Блюхермін» деп мақтанып,
кеуделерін қағып
жүретін. Біреу Егоров, біреу Тухачевский боп және шыға келетін.
Өз тұсымда ешқандай сурет болмағандықтан мен «маршал» дәрежесіне жете алмай
қалдым. Қайырбек, Қылышхан, Байеділ, Берікхан, Нұршилан деген достарым «бес
маршал» атанды. Атақ деген қиын ғой, шіркін! Өзің болып алғаннан кейін өзгені
болдырғың, өз шеніңе жақындатқың келе ме? Олар да бізді «маршалдық» партаға
жақындатпайтын, қанша жалынсақ та қастарына отырғызбайтын еді. Бірақ обалы не
керек, Ұлы Отан соғысы басталғанда сол «бес маршал» біздің ауылдан ең бірінші боп
немісфашистерімен шайқасты. Бесеуі де, бала күнгі армандарын ақтап, ерлік өліммен
қаза тапты. Сонау бала күнімде «маршалдық» дәрежеге көтеріле алмағандықтан ба,
әйтеуір, мен маршалдардың өмірбаянына ықыласты болғамын жок. Баукеңнің «Блюхерді
білесің бе» деген сұрағына үндей алмай қалғаным сондықтан еді.
Менен жауап болмаған соң ол:
- «Каховка» деген атақты әнді білесің бе?-деп маған қайтадан сұрақ қойды.
- Білемін,-дедім мен,- Неге білмейін, Ұлы Отан соғысының қарсаңында «Каховка,
Каховка! Родная винтовка!» деп талай шырқаған әніміз еді ғой ол біздің.
- Ал Перекоп пен Волочаевканы естуің бар ма?
- Бар, - дедім тағы да. - Неге естімейін, азамат соғысы кезінде Отанның оңтүстігі мен
Қиыр Шығысында Қызыл Армия ерлігінің ең биікке лаулаған екі жалыны емес пе еді ол
екеуі!
- Әскерде жүргенде «Дальневосточная» деген әнді айтушы мА едіндер?
- Айтатынбыз, - дедім мен. - Оның мынадай қайырмасы әлі есімде:
Стоим на страже
Всегда, всегда,
Но если скажет
Страна труда:
- Прицелом точным
Врагу в упор!
Дальневосточная,
Даешь отпор!
- Мұның кейіннен өзгертілген нұсқасы ғой, - деді Баукең маған басын изеп. - Бұрын
бұл қайырманы біз ылғи былай деп айтушы едік:
Стоим на страже
Всегда, всегда,
Но если скажет
Страна труда:
- Винтовку в руки!
В карьер! В упор!
Товарищ Блюхер,
Даешь отпор!..
Отыз алтыншы жылдың мартында мен қайтадан әскерге алындым. Ташкенттен поезға
отырып, Қиыр Шығыска кеттім деп едім ғой. Поезд тоқтамастан он төрт күн жүйткіді, оны
да айтқан шығармын. Сөйтіп мен Қызыл тулы Дербес Қиыр Шығыс Армиясының (орысша
қысқартып ОКДВА деп атайтын) қарамағына келдім.
Онда ОКДВА-ның да, оның командашысы Василий Константинович Блюхердің де атағы
жер жарып тұрған болатын. Сол кезде айтылатын бүкіл Совет Армиясының гимніне
айналған жаңағы «Дальневосточная» мен «Если завтра война» әндері және басқа жырлар
тікелей Қиыр Шығыс Армиясына арналып шығарылған еді. Олай болатын себебі ол кезде
Отанға қауіп үнемі шығыс жақтан төніп тұрды. Орыс ақ гвардияшыларымен ауыз жаласқан
қытай милитаристері бұрыннан келісіп, шартпен пайдаланып отырған КВЖД-ға шабуыл
жасады. Жапондар жарбаңдап, Хасан көліне қарай жүгірді. Сөйтіп олар СССР-ға қарсы
соғыс ашпақ болды.
Бірақ Блюхер бастаған даңқты Қиыр Шығыс Армиясының қаһарына ұшырағаннан
кейін олар к... қысты. Түсінікті ме саған бұл сөз?..
Ал Блюхер аты әнмен шырқалатын нағыз ерлердің бірі болатын. Біз командашымыздың
өмірбаянын бес саусағымыздай білуші едік. Ол шаруа семьясынан шыққан, өзі жұмысшы
боп өскен кісі еді. Дүниежүзілік бірінші соғысқа солдат боп қатысып, ауыр жараланған.
Жарасының ауырлығы сонша, оны екі рет өлді деп есептеп лазареттен шығарып,
мәйітханаға апарып тастаған. Бірақ ол екі ретте де есі кіргеннен кейін моргтағы өліктердің
арасынан шығып, қайтадан лазаретке барған. Өмірде темірден қатты, болаттан берік
адамдар болады. Василий Константинович сондай жандардың бірі еді. Сөйтіп ол жиырма
бес жасында армиядан босатылады, қайтадан жұмысшы боп істейді. Партияға өтеді. Елде
Совет Өкіметін орнатуға жан-тәнімен ат салысады. Ол кісінің бұдан кейінгі ересен
ерліктерін айтып жеткізу қиын. Василий Константиновичтың өмірі жай өмір емес, тек қана
ерліктен тұратын өмір еді. Оның он сегізінші жылы дутовшыларды талқандағаннан кейін,
бүлікшіл Чехословакия корпусы мен ақ бандалардың қоршауында қалған совет әскерін
бастап, бір жарым мың километр жол жүріп, Орал тауынан өтіп Қызыл Армияға
қосылуының өзі өзгеше жыр. Осы ерлігі үшін ол ата орденмен наградталды. Ата орден
дегеннің не екенін түсінесің бе? Түсінбесең тында, Совет Одағында тұңғыш шығарылған
Қызыл Ту ордені. Ол азамат соғысының майданында қаһармандық ерлік көрсеткен Қызыл
Армия жауынгерлерін наградтау үшін шығарылды. 1918 жылы 30 сентябрьде ВЦИК
мәжілісінде Қызыл Ту орденін кімге бірінші беру туралы мәселе қаралады. Сонда Яков
Михайлович Свердлов орнынан тұрып, ең бірінші советтік орденді Блюхерге беру
жайында
ұсыныс жасайды. Одан екі жыл кейін, 1920 жылы Еңбек Қызыл Ту ордені, ал 1930 жылы
Ленин ордені мен Қызыл Жұлдыз ордені, 1935 жылы «Құрмет белгісі» ордені шығарылды.
Одан кейінгі ордендер Отан соғысы кезінде шықты. Кызыл Ту еліміздегі ең тұңғыш орден
болса, Блюхерге оның ең біріншісі берілсе, сонда ол ата орденмен наградталған бола ма,
жоқ па? Өзің ойлашы, кәне.
Одан кейін сол Қызыл Ту орденімен ол тағы төрт рет наградталды. Ал Қызыл Жұлдыз
орденімен елімізде ең бірінші боп наградталғанның кім екенін білесің бе? Білмесең-ол да
Блюхер. Бұл орден оған Қызыл тулы Дербес Қиыр Шығыс Армиясының шекара күзетіндегі
жауынгерлік табыстары үшін берілді. Сөйтіп, 1930 жылы майда Блюхер бес Қызыл Ту
ордені мен Қызыл Жұлдыз орденінің еліміздегі ең тұңғыш кавалері болды. Ол кезде
Қызыл
Ту орденімен бір рет наградталудың өзі Совет Одағының Батыры атағын алғаннан кем
емес-ті. Жаңа мен сенен Каховка, Перекоп, Волочаевканы білесің бе деп сұрадым ғой.
Сұраған себебім Василий Константинович сол жерлердегі ұрыстарға тікелей басшылық
етіп, Қызыл Армияның даңқын көкке көтерген кісі. Ол Совет мемлекетінің қас жауы
Колчактың әскерлерін талқандаушылардың бірі. Партия қайда жұмсаса сонда барды.
Сунь Ят-сен бас таған Қытайдың революциялық үкіметінің әскери бас кеңесшісі де болды.
Он бір жыл ОКДВА-ны басқарып, Қиыр Шығыстың Отанымыздың берік қамалына
айналуына бар күшін жұмсады.
Сондықтан да ол тағы да екі рет Ленин орденімен наградталды. Отыз бесінші жылы
оған С.М.Буденный, К.Е.Ворошилов, А.И.Егоров және М.Н.Тухачевскиймен бірге Совет
Одағының маршалы атағы берілді. Сөйтіп ол ең алғашқы бес маршалдың бірі болды...
III
Менің көз алдыма ауыл мектебі класс бөлмесінің қабырғасында ілулі тұрған бес
маршалдың суреті елестеді. Ол кезде бес маршалдың суреттегі түрі-түсін біз бес
саусағымыздай білуші едік.
В.К.Блюхердің портреті үшінші боп тұратын. Омырауы орденге толы, кең маңдайлы, қою
қасты, қоңқақ мұрын кісі еді. Портупейдің не екенін білмейтін біз оның оң иығындағы
жалпақ сызықты біреуіміз аспа белбеу деп, екіншіміз қылыштың бауы деп таласатынбыз...
Автор. Бала күнімде Блюхердің портретін көрген едім.
Бауыржан. Ол талантты, қатал қолбасшылығының үстіне ойшыл, шешен, сондай бір
сүйкімді де жан еді. Сен суретін көрсең, мен оның өзін көрген кісімін, қарағым. Василий
Константиновичтың қолынан сыйлық алғанмын.
Автор. Соны айта кетпейсіз бе?
Бауыржан. Айтайын. - Баукең темекі алып тұтатты да, бұрқ еткізіп түтін шығарып, түтінге
ілестіре сөзін жалғады. - Үйде қадірлейтінің де, қорқатының да әкең болса, солдаттың
әскердегі әкесі - командирі. Үйде әйеліңді қандай ардақтасаң, әскерде қаруыңды сондай
мәпелеп ұстауға тиіссің. Бұл - бұлжымайтын заң.
Бұл заңға біз де бағынғамыз, басқалар да бағынады. Ол кезде біз Ворошилов, Буденный,
Блюхер сияқты маршалдарды құдайдай көруші едік. Ал өзімізбен істес, ұстаз
командирлерімізді жауынгерлік және саяси әзірліктегі үздік ісімізбен қуантуға
тырысатынбыз.
Біздің тұсымызда армияда винтовканың культі күшті болды. Әскери ән мен жырдың
қайсысын алсаң да пісмілләсі винтовкадан келетін. Әлгі айтқан «Каховкаң» да
винтовкадан басталатын. «С юга Урала ты со мной шагала» деп басталатын тағы бір ән
бар емес пе еді. Оның аяғы былай аяқталатын:
Эх, бей, винтовка, метко, ловко,
Без пощады по врагу!
Я тебе, моя винтовка,
Острой саблей помогу!
Осылай деп артынан оған қылышты қосақгап қоятын. Кейінірек барып танк, артиллерия,
линкорлар туралы да жырлар шыға бастады ғой. Мен винтовкамен бұрыннан дос
болатынмын. Сонау Термезде винтовкадан үш минутта отыз екі оқ шығарып, оның
жиырма екісін нысанаға тигізген мергендігім үшін генерал Когосовтан алғыс алғанмын.
Айтайын деп отырғаным қылышпен қалай көңілдес болғаным және оның мені қалай
күлкіге ұшыратқаны жайында.
Өзің білесің, қылыш атты әскердің қаруы ғой. Жаяу әскерге қылыш та бір, қырғыш та бір.
Мен Қиыр Шығысқа келгеннен кейін полктық батареяның басқару взводының командирі
болып тағайындалдым. Бұрын банкте есеп-қисап қызметінде болғанымды ескеріп,
Коваленко мені осы жұмысқа жіберді. Басқару взводы да батареяның нағыз есеп-қисапты
керек қылатын жері. Түсінуші ме едің оны? - Мен «әбден түсінемін» деген ишарамен екі-
үш реет басымды изеп қалып, жазуымды жаза бердім.
- Әй, шыбындаған атай басыңды неге изейсің? Тілің бар емес пе, айтпаймысың дұрыс-
тап? - Мен Баукеңнің қолма қол тиісті теңеу таба қоятынына разы боп күлдім де, бұрын
өзімнің де артиллерист болғанымды айттым. «Синус, косинустың нағыз керек жері сол
ғой» дедім. - Е, бәсе, солай деп анда-санда үнінді шығарып қойсаңшы. Әйтпесе әңгімеңді
қасындағы кісіге емес, қаратасқа айтып отырғандай болады екенсің.
Мен тағы да жымидым. Өзінің әке жүзіндей мейірімді күлкісімен, танауы жалпайып,
Баукең де күлді. Баукеңнің күлетін орны бар еді: мүдірместен мергеннің оғындай қадап,
қатарынан екі теңеу айтып тастау жазушы адам үшін аз олжа емес қой. Мен оны объектім
есебінде мысықша андып отырмын десем де, мысықтың желкесінде тырнағы сойдиған
арыстан тұрғанын аңғармаппын. Өз басым әңгіме айткаңда, оған сонша беріліп кетемін
де,
тындаушыға бақылау жасай алмай каламын. Ал Баукең болса әнгімесін де тиянактап
айтады, тырп еткізбестен тындаушыны да бағып отырады. Бұл бір мезгілде әрі әңгіме
айтып, әрі шығарма жазып отырғанмен пара-пар. Бүйтіп екі жұмысты бірден атқару екінің
бірінің қолынан келе бермейтін іс. Баукеңнің басқамыздан артықшылығының бірі осы
қасиеті болар деп ойладым.
- Ол кезде зеңбіректерді атқа жегіп сүйрейтінбіз. Сондықтан артиллеристер тегіс
қоқандап атқа мініп жүретінбіз. Ал қазақ үшін атқа міну - аспанда құс боп самғау екенін
өзің де білесің ғой.
Батареяға берілген көп жылкының ішінен мен өзіме сүттей әппақ, сүліктей жіңішке, екі
құлағы тас төбесіне шаншылған, қаракөз атты тандап алдым. Бала күнінде өзіне арналған
тайының жүгенін таңертең көйлегінің сыртынан қоса киіп, жылқыға қарай жүгіріп өскен
қазақ баласы Қамбар атаның тұлпарын қалай тандауды біледі ғой. Ақбоз атым айтулы
жылқы болды. Ол желгенде желге мініп келе жаткандай желпінесің. Оның шабысын
көлденеңнен қарағанда алыс орманға ат емес, ақ найза сүңгіп бара жатқандай әсер
аласың. Ал аяңы, Абай айтқандай, «тымақты алшы кигізгендей» еді. Астымда Ақбоз ат
көсіле аяңдап келе жатқанда басымдағы шлемімнің шошағы сан рет ұзарып Қиыр Шығыс
қара ғайларының төбесімен талай реет таласқан болар деп ойлаймын.
Армияда спортқа ерекше мән беріледі. Бұл өзі өте дұрыс нәрсе. Мен ат спортымен
де, жаяу спортпен де қатты шүғылданатынмын. Жалғыз мен ғана емес, менен әлдеқайда
үлкен батальон, полк, дивизия командирлері де спортпен қабағат айналысатын.
Спортсмен болу Қызыл Армия командирлеріне қажет қасиеттердің бірі боп есептелетін.
Үлкен командирлер өйткен соң біз қалысамыз ба? Бізден көргенді қызыләскерлер
қабылдамай ма? Ал менің
спортшы ретіндегі атымды шығарған сол Ақбоз ат болды. Ақбоз ат манежге шыққанда
ұршықтай үйіріліп, әр түрлі кедергілерден ор қояндай орғушы еді.
Дивизияда бірнеше полк бар. Біздікі 306-шы полк болатын. Бір күні менін манежде
Ақбоз атпен орғытып жүргенімді полковник Коваленко көріп қалып, қасына шақырды.
Кұйғытып жетіп бардым.
- Атты әскер ойындарының бәрін де білесің бе? - деді ол тізгінін жұлкып тықыршық
атқан астымдағы Ақбоз ат пен маған кезек қарап.
- Үйрендім, жолдас полковник.
- Мылтықта мерген екенінді білемін, ал қылыштан қалайсың? - деді белімдегі
қылышты иегімен нұсқап.
- Оны да сілтеймін, жолдас полковник.
- Онда сені полктағы ат спорты командасының капитаны етіп тағайындаймын.
- Кұп болады!-деп оң қолымды шекеме қойып, Акбоз аттың тізгінін тартып кеп қалып
едім, ол аспанға тік қарғып, найзадай шаншыла қалды. Мұны атты әскерлердің тілінде
«свечка» деп атайды. Қазақша «майшам» деген сөз ғой. Ақбоз ат аспанға секіргенде
шынында да лаулап жанып тұрған майшам тәрізді боп көрінуші еді.
Сөйтіп мен команда капитаны болдым. Барлық батальондардан таңдап жүріп, атымен
отыз адам іріктеп алдым. Әскери әзірліктен кейін тынбастан әр түрлі жаттығулар
жасаймыз. Оңды-солды қылыш сілтеп, бар пәрменімен шауып келе жатқан аттың екі
жағына қадалған жас шыбықты шиқ-шиқ қиямыз. Неше алуан кедергілерден ат
қарғытамыз. Кейбір кедергілерден ат секірткенде иманың қасым болады: не атың
жалтарады, не өз жүрегің дауаламайды. Бірақ қалай да кедергіні алуың керек, өйтпесең
сен буденновшы емессің: онда арғымақ аттың белін қайыстырмай, жаяу жүруің керек.
Жауынгер аттың үстінде жау жүрек жігіт қана отыруға тиіс. Ат спортының қағидасы осы.
IV
Бір күні Коваленко мені штабқа шақыртып алды да, дивизия бойынша аса жауапты жарыс
өткізіледі. Соған жақсылап әзірленіндер. Біздің полкке баға сенің командаң арқылы
беріледі. Сендер жақсы болсандар, полк те жақсы, сендер сүрінсеңдер полктың да
сүрінгені, - деді. Содан кейін ойланып отырды да:
- Есінде болсын, бұл байқауға командашының өзі келіп қалуы мүмкін, - деді. - Енді
сендердің жаттығуларыңды күн ара өзім барып, бақылап отырамын!
Командашы келеді дегеннен кейін бізде ес қалған жок. Аты жер жарған атақты
қолбасының алдынан сүрінбей өтсек, оны сыртынан да болса бір көрсек дейміз. Бір ай
бойы тынбастан аттарымызды жаратып, өзіміз атымызбен қосыла жарап, қатты даярлық
жасадық. Кедергінің қандайын да болса аламыз деген сенімде болдық.
Сонымен байқау өтетін күн де жетті. Полктардың құрама батальондары лек-лек боп сапқа
тізіліп, ән шырқап, аяқтарын нақ-нақбасып, дивизия ипподромына қарай ағылды. Спорт
жарысына қатысатын командалар ипподромға ертерек келіп, өзіміз алуға тиісті
кедергілерді көріп, жер жағдайымен танысып алғанбыз. Содан кейін дивизияның
жиналуын күтіп тұрып, мен колонналардың шырқап келе жаткан әндеріне кұлақ тостым.
Бұл бір ғажап көрініс екен. Әр колоннаның әні әр түрлі. Бір жақтағы топ «Каховканы»
айтып келе жатса, екінші бір топ «По долинам и по взгорьям» деп бастап (бұл жерде
Бауыржан әндете жөнелді):
Этих лет не смолкнет слава,
Не померкнет никогда.
Партизанские отряды
Занимали города.
И останутся, как сказка,
Как маячные огни.
Штурмовые ночи Спасска,
Волочаевские дни,-
деп шырқайды. Енді бір топ:
Стоим на страже
Всегда, всегда,
Но если скажет
Страна труда:
- Винтовку в руки!
В карьер! В упор!
Товарищ Блюхер,
Даешь отпор! -
деп құйқылжытады. Басқа бір колонна:
«По военной дороге,
Шел в борьбе и тревоге
Боевой восемнадцатый год, -
деп, атты әскер жырын ағытып келе жатса, оған ілесе келе жатқан екінші топ:
На границе тучи ходят хмуро,
Край суровый тишиной объят.
У высоких берегов Амура
Часовые Родины стоят,-
деп «Үш танкист» әнін заулатады. Енді бір бүйірден артиллеристер әні естіледі.
Артиллеристы! Точней прицел!
Разведчик - зорок, наводчик - смел!
Врагу мы скажем: «Нашу Родину не тронь -
Не то откроем сокрушительный огонь! -
деп дік-дік басып, жер солқылдатып олар келеді. Тағы бір колонна күмпілдеген оркестрге
қосылып, дүниені жаңғырта және шырқайды:
Если завтра война, если враг нападет,
Если темная сила нафянет -
Как один человек, весь советский народ
За свободную Родину встанет!
На Земле, в небесах и на море
Наш напев и могуч, и суров:
- Если завтра война,
Если завтра в поход,
Будь сегодня к походу готов!
Жүздеген жалынды жас азаматтардың күміс көмекейлерінен төгілген бұл қуатты әндер,
адамның жанын жанитын жігерлі сөздер тындаушының төбе құйқасын шымырлатып,
тебірентіп жіберерлік еді. Өйткені ән сөздерінің барлығы жай сөздер емес, ол сөздер
біздің Отанымыздың, армиямыздың тарихы болатын.
Ол сөздерде халық жүрегінің қасиетті патриотизмі жатқан-ды. Сол патриотизмнің
арқасында кейін Отанға опасыздықпен шабуыл жасаған неміс фашистерін күл-талқан етіп
жеңіп шықтық емес пе біз.
Сонымен, бір кезде бізге сигналмен «әзірленіндер» деген команда берілді.
Дивизиямыздың командирі комбриг Дотоль деген кісі еді. Өзі бұрынғы кавалерист
болатын. Команданы сол кісінің өзі беріп тұрды. Мінбеде онымен қатар тұрған төртбақ кісі
командарм болар деп ойлап, қайта-қайта соған қарай көз тігеміз.
Ең алдымен басқа екі полктың командалары өтті! Әскер тілінде «конкур-иппик» деп
аталатын термин бар. Бұл ат спорты жарыстарында алынуға тиіс ең ауыр кедергілер.
Оның өзі біресе құзар биіктен қарғитын, біресе жалпақ ордан орғитын қиын-қиын он үш
кедергіден тұрады. Команда тегіс соның он үшінен бірдей мүдірмей өтуге тиіс.
Алғы екі команда кедергілердің орта тұсына дейін топтасып, жақсы барғандарымен,
жетінші, сегізінші кедергілерден-ақ қожырай бастады. Біреудің өзі корқып, біреудің аты
үркіп, қиын кедергілерден секіре алмай, бұрылып кетіп жатты. Ат кедергіден қарғығанда
тақымы босап кетіп, оның үстінен ұшып түсіп жатқандар да бар. Ер-тоқым аттың арқасына
қандай қабысып тұрса, тақым да ер-тоқымға сондай жабысып жатуы керек. Тақымың сәл
босап кетсе болды, аттың екпінімен кеулеген жел екі тізеңді екі жаққа керіп кетеді де,
қатты желде ыққа қарай ұшқан қарғаға ұксап, қалбаң ете түсесің. Олардың құлағандарын
көріп, өз
жігіттеріме тақымдарыңды мықтап ұстандар деп ескертіп мен тұрмын. Ақыры ол екі
командадан ешкім де ең соңғы он үшінші бөгетті ала алмады.
Бір кезде:
- 306-полк командасының капитаны алаңға шық! - деген команда естілді.
Ақбоз атты екпіндете құйғытып манежге мен шықтым. Тәртіп бойынша команда
капитаны атын шоқырақтатып отырып, манежді бір айналып шығуы керек. Манежге кіре
Ақбоздың екпінін тежеп, адуын шокыраққа салдым да, өзім, тырнақтарымен тұғырын
бүрген қаршығадай қаздиып, ер-тоқым үстінде қаттым да қалдым.
Өйтетін себебім ат шоқырақ шабысқа көшкенде кейбіреулердің құйрығы қолбандап,
ерді солқ-солқ соғып отырады. Ол атқа ауыр тиеді және оның белін кетіреді. Сондықтан
мұндай кезде ат үстіндегі адамның құйрығы ердің артқы қасына винттеп тастағандай боп
қозғалмастан қатып қалуы керек. Сонда шауып келе жатқан атқа арқасындағы адамның
салмағы өз денесінің салмағындай көрініп, ентікпей еркін көсіледі. Өстіп, құйрығымды
ердің артқы қасына берік қып «винттеп» алдым да, бастықтар тұрған трибуна жаққа көз
жібердім.
Комбриг Дотольдің оң жағындағы қырықпа мұртты төртбақ адамның маршал Блюхер
екенін бірден аңғардым. Екі қолымен бірдей портупеясынан ұстап, маған шаншыла қарап
тұр екен. Сол сәтте мен маршалдың қос қарашығы ішінде титімдей ақ ноқат болып өтіп
бара жатқан болармын деп ойладым. Маршал көзінің қарашығына іліну солдат үшін
өзгеше бақыт кой, шіркін!
Содан кейін мен командамды ертіп, аренаға тарттым. Командадан менің оқ бойы алда
отыруым керек. Оныншы кедергіден өткенше артыма қарағамын жоқ. Өйткені ол
кедергілерді менің жігіттерім мүдіртпей алуға тиіс. Әр кедергінің тұсындағы топ-топ түскен
ат тұяғының дүбірінен-ақ олардың жұп жазбай келе жатқанын мөлшерлеп отырдым.
Он бірінші кедергі жалпақ ордан секіру еді. «Атаң Тайбурыл Қазан қаласын айнала
қоршаған жеті қабат ордан секіріп еді. Атаңа тартқан ат болсаң ырғы, айналайын» деп
Ақбоздың бүйіріне шпорды сонда салдым. Ақбоз ор қояндай ырғып, ордың ар жағына
барып дік ете түсті. «Атаңнан айналайын, жануар!» деп, Ақбозды жалынан бір қағып
қалдым да, он екінші бөгетке қарай ұмтылдым.
Ұмтыла бере артыма көз салып едім, екі жігітім ар жақта қалып қойыпты да, өңгелері
ордың бер жағына дік-дік түсіп, содан соң қатарласа қайтадан менің соңымнан салды. Он
екінші кедергі онша қиын емес еді. Қалғанымыз одан да тегіс өттік. Енді ең соңғы кедергіге
қарай лап қойдық. Бұл ең қиын кедергі еді. Биіктігі үш метр жардан секіруге аттың аты,
жігіттің жігіті ғана шыдайды.
Оған тақағанда аттары жарқ беріп, талай адам жерде домалап жатады. Ақбоз ат
қанша сенімді болса да, он үшінші бөгетке қарай шапқанда оның тізгінін тас қып ұстап
алдым. Биік жарға жақындаған сайын атым тайсалақтай бастады. «Жок, мені тастап кете
алмайсың,-дедім мен оған. - Секіреміз, құласақ бірге кетеміз!»
Ат көнді. Содан кейін құйындай зымырап келді де, садақтың оғындай созылып бөгеттің
үстінен қалқыды. Секіріс кезінде ат үстіндегі адам кұйрықты ерден қозғамай, ноқаттан-
ноқат аудармай қатып қалуы керек. Әйтпесе ат құлайды. Ордан орғыған, биіктен қарғыған
ат үстінде тастай қатып, тапжылмай отыру үшін де жігер, қайрат, ұстамдылық керек! Ал,
ат жалына жармасқан екенсің, ондай қасиетті өз бойыңнан табуға тиіссің. Атымның төрт
тұяғы найзадай шаншылып кеп, жерге кірш ете қатар қадалғанда ғана ол қасиеттердің өз
бойымда бар екенін аңғардым. Үш метр биіктен созыла секіріп, жерге топ ете түскенде
жануарым мысықтай боп кішірейіп кеткен сияқты еді.Табаны топыраққа тигеннен кейін ол
орғи секіріп, қайтадан биіктеп шыға келді. Бүкіл ипподром шартылдата шапалақ соқты.
Жоқ, ондай жігер, қайрат жалғыз менде ғана емес, менің командамдағы жігітгерде де бар
екен. Төрт жігітім тағы да бөгеттен топ етіп асып, соңымнан ілесті. Оларға да ду етіп
алақан тағы да соғылды.
Сөйтіп командамдағы он бес адамның бесеуі он үш бегеттен бірдей мүдірмей өтті. Он
үші он екі кедергіні мінсіз алды. Сол аққан бойда командамды тегіс жинап, сапқа тізіп
алдым да, әскери бөкен желіспен аренаны бір айналып шықтық. Трибунаға тақағанда
бәріміз бір кісідей ат үстінде қаздиып тік тұра қалып, қолымызды шекемізге қойып, салют
бердік. Содан соң ер-тоқымға қайтадан отыра қалып, аренаның сыртына шығып тұрдық.
Бір кезде репродуктордан саңқылдап, комдивтің үні естілді.
- Үздік әзірлігі үшін 306-шы полктың бүкіл командасына алғыс жариялаймын. Ал,
команда капитаны лейтенант Момышұлына сыйлыққа сағат беріледі. Оны командарм,
Совет Одағының Маршалы Василий Константинович Блюхер өз қолынан тапсырады.
Оркестр «да-да-да-дат» деп қошемет керсетіп, бүкіл ипподром тағы да қол соқты. Тағы
да Дотольдің командасы естілді.
- 306-шы полк командасының капитаны мінбеге келсін!
Тақымды қысып кеп калып едім, Акбоз ат алға қарай ақ найзадай шаншыла сілтеді. Мен
тағы да жарқ етіп трибунаның қарсысынан шыға келдім. Оған он метр қалғанда атымның
басын тартып кеп қалып едім, кұйрық-жалы шашырап, ол аспанға ақ фонтан болып
атылды. Трибунадағы бастықтарға осылай сәлем бердім де, көкке шапшыған Ақбоздың
алдыңғы екі аяғы жерге түскенше мен де оның үстінен төмен қарай ырғыдым. Екеуіміздің
аяғымыз дік
етіп топыраққа қатар тиді. Бұл да Ақбоз ат екеуіміз ғана жасай алатын өзгеше
приемдардың бірі еді. Содан кейін «Еңкей» деп, Ақбоз атқа команда бердім. Ол алдыңғы
екі аяғын бүгіп, тізесімен жер басып, трибунаға қарай үш рет шұлғыды. Сәлден кейін,
менен бұйрық күтіп тұрған атыма «Тұр!» дедім. Атым қарғып тұрды да, қос құлағын
төбесіне шаншып, тіп-тік бола қалды. Ат пен солдат екеуіміз қаздиып қатар тұрмыз.
Мөлшерлі секундтар өткеннен кейін мен қылышымды жарқ еткізіп қынабынан суырып
алып, мандайыма көтере ұстап, әскери адыммен дік-дік басып, шпорларым зың-зың етіп
трибунаның алдына келіп маршалға салют бердім. Қарасам комбриг Дотольдің де,
полковник Коваленконың да куанғаннан естері шығып кетіпті. Екі езулері құлактарына
жетіп, маған қарап бастарын изей береді. Командарм сағатты қолына ұстап, қою қара
мұртының астынан жұмсақ қана жымиып тұр екен. Қылышымды қынабына салдым да,
лыпып трибунаға көтерілдім.
- Сіздің команданың өнеріне өте қуаныштымын. Сіздің зор табысқа жетуіңізге
тілектеспін, жолдас лейтенант. Жігіттеріңізге менен де алғыс айтуыңызды өтінемін, - деп
командарм менің қолымды қысты да, екінші колындағы сағатты берді. Маршалдың түсі
сонша суық болғанымен, сөзі сондай жылы екен. Бетіңе жымия қарай сөйлегенде тура
туған әкеңнің лебізін тындап тұрғандай рухтанады екенсің.
- Совет Одағына қызмет етемін! Командама Сіздің алғысыңызды да айтып барамын,
жолдас маршал,-деп оң қолымды шекеме көтердім де, мен мінбеден түстім. Сөйтіп мен
маршал Блюхерге кылышпен салют беріп, оның қолынан сағат алған кісімін, қарағым.
Қазір «Ешкім де ұмытылмайды, ешкім де ескерусіз қалмайды» деген ұран бар ғой.
Ендеше біз солдаттан бастап маршалға дейін ұмытпауымыз керек. Бұл детальді мен
саған сондықтан айтып жатырмын.
V
Осылай деп Баукең бір бөгелді де, темекісіне қол созды. Пачкадан бір сигарет алып,
оны асықпай ұзын ақ мүштігіне сұғындыра бастады. Оның етсіз салалы саусақтарына
қарай отырып, мен аренада Ақбоз атпен шапқылап жүрген жиырма жеті жасар жігіт
Бауыржанды көз алдыма елестеттім. Ақбоз аттан қарғып түсіп, алдымен атына «сәлем»
бердіріп, артынан өзінің аяғын дік-дік басып, шпорлары сыңғыр-сыңғыр етіп келіп
қылышын жарқ еткізіп,
маршалға салют бергеніне сүйсіндім.
Осы арада Баукеңнің 1956 жылы армиядан босап, Алматыға келген бетінде көрсеткен бір
мінезі туралы жұрт аузында жүрген әңгіме есіме түсті. Бір күні Бауыржан маузерін тағып,
қылышын асынып, ақсақал жазушыларға сәлем беру үшін полковник формасымен
Жазушылар одағына келеді. Келсе председательдің бөлмесінде креслоға шірене
шалқайып, тығыршықтай қара домалақ біреу телефонмен сөйлесіп отырады. Ол екі
сөзінің бірінде
«О, собаковод» деп қойып, қарқ-қарқ күліп, ұзак сөйлеседі. Оң қолымен үстел үстінде
жатқан көзілдірігін иіріп және ойнап отырады. Бауыржан оның қарсысына келіп, үн-түнсіз
қаққан қазықтай боп қақаяды да тұрады. Тығыршық қара әрең дегенде сөзін бітіріп,
трубканы жаба бергенде, Бауыржан:
- Встать! - деп ақырып кеп қалады.
Ана жігіт сасқалақтап орнынан атып тұрады. Жалма-жан көзілдірігін киіп, алдында
тұрған айбынды полковникке, кешірім сұрағандай, жалтақ-жалтақ қарайды.
- Сен кімсің? - деп Бауыржан сұстана үн қатады.
- Мен Жазушылар одағының секретары боламын, - дейді ол.
- Сен секретарь болсаң... - деп ол кезде мұрты жоқ Бауыржан ерні жыбырлап, құлағын
қайшылаған тістеуік жылқыға ұқсап, иегін көтеріп кеп қалады. Содан кейін шпорын
сыңғырлата екі аяғын сарт еткізеді де, қылышын қынабынан суырып кеп алады. Оны
жарқ-жұрқ еткізіп, жоғары қарай енді көтере бергенде секретарь сасқанынан сып беріп
үстелдін астына кіріп кеп кетеді.
- Мен Бауыржан Момышұлымын! - деп Бауыржан қылышын салют берген атты әскер
тәртібінше серт ұстап, қаздиып тұра қалады.
- Ойбай... Бауке... Кешіріңіз... Сіз екеніңізді... байқамай қалдым, - дейді зәресі ұшып
кеткен бастық әр сөзін әрең айтып. - Ғафу етіңіз.
- Шық бері, - дейді Бауыржан.
- Қылышыңыздан қорқамын, - дейді анау.
- Ой, неге қорқасың? Мен саған Жазушылар одағының генералы деп салют беріп
тұрмын ғой,-дейді бұл.
Секретарь буыны дірілдеп, қапелімде орнынан тұра алмайды.
- Шіреніп отырғанға батыр ма десем, бала екенсің ғой! - деп
Бауыржан қылышын сарт еткізіп қынабына салады да, кейін бұрылып, етігіндегі шпоры
зың-зың етіп, есікке қарай аяндайды. Ауыз бөлмедегі хатшы қыз бен оның қасында
тұрғандарға сұқ саусағын шошайтып:
- Мына кабинеттегі үстелдеріңнің астында бір бала жатыр. Соны тұрғызып алыңдар, -
деп шығып жүре береді.
Бұл сол кездегі бір жас басшы мен Бауыржан арасында болған жай еді. Ол жігіттің
Баукеңнің қылышынан қорқып, үстел астына кіріп кеткені тағы да көз алдыма елестеп,
бұрын талай көзден жас шыққанша күлген бұл оқиғаға тағы да бір жымиып алдым.
Содан соң: «Е, Баукеңнің онысы біреуді шауып тастау үшін емес, есіне түсіп кеткен ескі
дағдысы екен ғой. Тегі, бар қаруын тағынып, Жазушылар одағына барарда қазақ
әдебиетінің маршалы деп Сәбит Мұқановқа қылышпен салют беру ойында болған-ау.
Одақта Сәбит болмаған соң, «қорықса қорықсын, қорыкпаса Бауыржан маған честь берді»
деп мақтанып жүрсін деп, оның орнында шіреніп отырған қорқақ жігітті қалжақ етіп өте
шыққан ғой Баукең» деп ойладым.
Бауыржан. Айта берейін бе, әлде бірдеңені ойлап отырсың ба?
Автор. Құлағым Сізде, Бауке.
Бауыржан. Содан менің шабандоз атым жайылып кетті. Ақбоз ат екеуіміздің атағымыз
аспанға шықты. Әсіресе өзі кавалерист Дотоль байғұстың қуанышында шек болған жоқ.
«Командаңмен тегіс шауып бара жатқан ат үстінде тік тұрып честь бергендерің, өз атыңа
тізерлетіп «сәлем» жасатқаның - бәрі тамаша, бәрі төтенше болды. Бұл екі номер
дағдылы ат ойындарына косқан сенің өз жаңалығың. Өзіңе тапсырылған істі әркашанда
осылай твор честволықпен атқара біл. Бұл командирге қажетті ең тамаша қасиет» деп
талай рет айтып жүрді. Содан кейін комдив мені барлау взводының командирінен таулы
жерде атқа теңдеп жүретін батареяның командирі етіп жоғарылатты. Бұрынғыша 306-шы
полктың ат спорты командасының капитаны болып қала бердім. Бұл мәселеде полковник
Коваленко маған бүтіндей сеніп алды.
Сөйтіп, Отан аясында Қиыр Шығыстың ғажап табиғатының кұшағында әскери әзірлігімізді
арттырып, шынығып, ширап жүріп жаттық. Күн сайын денеміз шымыр тартып, ойымыз өсе
түсті.
Отан деген ұғымымыз ұлғайып, оған деген махаббатымыз арта берді. Өйткені
шешеңді де туған күннен бастап емес, есейіп, ержеткеннен кейін ғана жақсы көресің ғой.
Отан да сол сияқты. Оның да қадірін өз үйіңнен ұзап шыққанда ғана білесің. Оның
ұлылығын да сонда танисың. Сондықтан жас азаматтарды әскер қатарына алғанда
оларды өз ауылынан алысқа апарып тәрбиелеген дұрыс деп ойлаймын. Әскери қызметті
алыста өтеген азамат Отан деген
туған үй, тұрған қалаң ғана емес екенін жан-тәнімен, бүкіл тіршілік болмысымен түсінеді.
Ал ауылынан ұзап шықпаған жастың Отан туралы ұғымы теория тұрғысында ғана болады.
Алыста жүріп, жүрегін сағыныш кернемесе ол өз ауылының да қадірін білмейді. Қиыр
Шығыс менің ауылымның, ағайынның қадірін білдірген, Отанымның ойы-қырын танытқан,
оның көп ұлтты ұрпағының өкілдерімен туыстастырып, достастырған ұлы университетім,
мектебім болды. Өмірдің қилы-қилы қиыншылықтарынан жан-жақты сабақ беріп шыңдаған
ұстазым да сол Қиыр Шығыс дер едім.
Өзгесін былай қойғанда, оның табиғатының өзі бір мектеп қой. Оңтүстіктің жылы жаз,
жылымшы қысына үйренген адам алғашында Қиыр Шығыстың күз бен қысына көндіге
алмай қиналады. Ал оған көндіктің-ақ құрыштай болып шыңдалып шықтым дей бер. Ал
жазының өзі жаңбырдан көз аштырмайды. Майдан бастап августке дейін төрт ай төбеңнен
сорғалаған су сүйегіңнен өтеді.
Соған қарамастан солдат жорықта жүреді. Күні бойы толарсақтан саз кешіп келіп,
кешке жаңбырдың астында отырып, жорық қазанынан ас ішеді. Түнде жаңбырдың
астында жатып, тынығып ұйықтайды. Таңертең желдірте айдаған топты түйедей боп
төбеңнен жөңкілген бұлттардың жер сызған шудаларынан ұстап немесе жантая жауған
жаңбырдың керегесін тепкілеп, тағы да ілгері тартасың. Тап берген жаудан Отанды қорғау
үшін осылай
әзірленесің. Егер төрт ай бойы кендір арқанды суға салып қойсаң ол шіріп кетеді. Ал адам
шынығып, ширай береді екен. Ол үшін адам өзінің бір жібін іштен үнемі ширатып отыруы
керек. «Жауын - жаздың сілекейі», «Жауыннан қорыққан жауға жем болады» деп,
қажымай қайраттана беруі қажет.
Ал Қиыр Шығыстың қысы қандай десеңші! Су қосылмаған таза спирт ішіп көргенің бар
ма өзіннің? Болса, ең алғаш соның жүз грамын байқамай тартып жібергенде тыныс орның
бітеліп қалған сияқтанып, сасқалақтамап па едің? Дәл сондай болып, Қиыр Шы-
ғыс аязы тынысынды тарылтып, дем алдырмай, апшыңды қуыра кеп жөнелгенде
жаныңды қоярға жер таппайсың ғой, шіркін.
Бірақ ол алғашқы күндерде ғана солай боп көрінеді, артынан оған да үйреніп кетесің.
VI
Бірде батареяны бастап, тактикалық сабақ еткізу үшін қалың орманға қарай кіріп келе
жаттым. Айнала аппақ қар, аяз алпыс градусқа жуық еді. Аяқ астынан күн күркіреген
сияқтанып, бір нәрсе шатыр ете калды. Жазғы жауында аспанды қақ жарып өтіп, жақын
тұсқа найзағай келіп түскендей болды. Дүрсілдеген дыбысы дүниені солқылдатып жіберді.
Атым да жарқ берді, өзімнің де зәрем ұшып кетті. Қысты күні күн күркіремейді. Ол кезде
бомбаның жарылысын естігеміз жоқ. Сондықтан жер жарылған екен деп, айналама
алақтай қарап, атымның тізгінін тарта бердім. Ондағы ойым жер жарылса атым алып
қашқан күйі сол жарыққа қойып кетпесін дегенім. Сөйтсем оң жақта, жүз метрдей жерде
аппақ қар аспанға құйындай шаншылып тұр екен. Жерден лап етіп ақтүтін көтеріліп, сол
көтерілген жеріне төмендеп, қайтадан шөге бастағанға ұқсады. Оның айналасындағы
ағаштар сатырлап, біріне-бірі үн қатқан іспеттенді. Сатыр-сұтыр бірдеңелер біздің
жанымызға да тақау келіп, ақ қарға сүңгіп жатты. «Ананың біреуін алып кел» деп
атқосшымды жұмсап едім, ағаштың бармақтай-бармақтай екі-үш сынығын алып келді...
Сөйтсек ол аяздың қысымынан быт-шыт боп жарылып кеткен үлкен қарағай екен. Шауып
барып оның орнын көрдік. Тек арса-арса болып ағарып, созсаң құшағың әрең жетерлік
түбір ғана жатыр. Оның қаздиған қырық метрлік тұлғасынан түк те қалмаған, аяз
қысымымен шрапнельше шашырап жан-жаққа ұшқан да кеткен. Маған алғашында аспанға
көтерілген ақ құйынға ұқсап, одан соң шөгіп бара жаткан ақ түтін тәрізденіп көрінген сол
жарылған қарағайдың бұтақтарының қары екен. Діңгегі опат болған бұтақ бейшаралар
жақындағы ағаштарға асыла салбырап қалыпты.
Бұдан кейін де біз талай ағаштың ажалы аяздан келгендігінің куәсі болдык.
Қарағайлардың аязға шыдамай сан рет аспанға ракеташа атылғанын көрдік. Одан бұрын
күзде дауыл құлатып, жерге бас ұрып, көлденеңдеп сұлап жаткан талай бәйтеректерді
кездестіруші едік. Жығылған ағаш жолымызды бөгеп, оларды айналып өтіп, әлек
болатынбыз. Соған қарағанда бұл ешкімге иілместен тік тұрып опат болған әсем өлім
екен-ау деп сан ойлағаным бар. Ұмытпасам, дәптерлерімнің бірінде қатты аязда тік тұрып
өлген қарағайды мадақтаған өлеңім де болса керек. Бірак оның қай дәптерде екенін саған
қазір тауып көрсете алмаймын мен.
Сонымен бірге Қиыр Шығыстың қыста соққан ызғырық желі және есімнен кетпейді.
Жаяу жүрген адам желдің өтіне онша ұрынбайды. Оның үстіне ол өз қимылымен өзі
жылынып отырады. Көресіні ат үстіндегі адам көреді. Атқа жеккен зеңбіректеріңді
сүйретіп, расчеттарды оған жаяу ілестіріп жорықта жүргенінде, колоннаның басында ат
үстінде келе жатқан саған алдыңнан соққан ызғырық кеудеңнен найзадай қадалады-ау
келіп. Қырық найза бірден сұққылап жатқандай болады. Шинель мен фуфайканың аязға
әлі келгенімен, ызғырыққа шамасы жетпейді.
Өстіп қиналып жүргенде бір күні полк магазинінде шиыршықтаулы клеенкаға көзім
түсті. Кәдуілгі дастарқан етіп столға жабатын көк ала шақпақты клеенка. Содан бір бес
метрін сатып алып келдім де, атқосшым екеуіміз сертек тігуге кірістік. Келесі жолы сол
сертекті гимнастерканың сыртынан киіп алып едік, көзің жамандық көрмесін, рақат болды
да қалды. Клеенка дегеніңіз ызғырық желдің найзасын денеге дарытпайтын ежелгі
батырлардың ақ сауытынан немесе хандар киген кіреукеден кем емес екен. Содан соң
магазиндегі калған клеенканы өз ақшама сатып әкелдім де, сертек етіп тігіп, іштеріңнен
киіп алындар деп, батареяның зеңбірек атына мінетін жігігтерге үлестіріп бердім. Осыдан
кейін
күні бойы жүрсек те мен ат үстінен түспеймін. Басқа командирлер алдан соққан желге
шыдамай, аттарынан қайта-қайта домалап түсіп, жаяу жүгіреді.
Бір күні командирлердің бірі:
- Бауыржан, сен үнемі шаншылып ат үстінде отырасың. Мына ызғырық желдің өтіне
қалай шыдайсың? - деп сұрады. - Сенің бойында өзгеше бір құпия күш бар ма осы?
- Бар, - дедім мен. - Ол құпияны мен саған казармаға барған соң көрсетемін.
- Рас па?
- Рас.
Казармаға келген соң мен оған ішімдегі клеенка сертекті көрсеттім. Содан кейін өзге
офиңерлер де іштерінен клеенка сертек киіп жүретін болды.
Біз Сібірдің аязында осылай шыңдалдық, қарағым. Кейін, Москва түбіндегі
соғыстарда сол шыңдалудың шапағатын сан рет көрдім. Қиыр Шығыстың қатты
аяздарында шыныққан маған Москва түбіндегі суықтар өзіміздің оңтүстіктің жылымық
қысы сияқты ғана боп қалды. Мен онда қолымды биялайға сұқпастан, аяғыма ылғи хром
етік киіп жүрдім. Мәселе етікте немесе қолғапта емес. Менің бүкіл ісімде, мінезімде, барша
әрекет, қимыл-қайратымда, титтей де болса, сол шыңдалудың ізі, әсері жатты. Жаз бойы
жауатын жауындар да, өкпеге найзадай қадалған қатты желдер де, тік тұрып «өлген»
қарағайлар да сан рет есіме түсті. Соның бәрі маған берген табиғат мектебінің сабағы
екен-ау деп, мені
қиындыққа көнбіс етіп тәрбиелеген бір ұстазымның Қиыр Шығыс болғанын мақтаныш етіп
жүрдім. Ал Орта Азияның жылы жағында өсіп, Қазақстан мен Сібірдің суығын көрмеген
жігіттердің қыста қалай бүрсендегендерін майданда сен өзің де талай рет көрген
шығарсың. Менің әскерге алынған жылы жақтың азаматтарын суық жақта шыңдау керек
дейтінімнің мәнісі, міне, осы, қарағым.
- Ал енді сен кішкене демала тұрғын. Мен қазір келейін, - деп Баукең орнынан тұрып,
есікке қарай беттеді. Денесі әлі де тіп-тік. Тек тебіндеп шыққан бурыл шашты басын ғана
сәл еңкейте ұстап барады. Иығы да қушимаған, бойы да шөкпеген. «Шынында да, осының
бәрі әскери тәрбиенің арқасы-ау» деп ойладым ішімнен.
Осы арада ертеректе естіген «Бойы бар бізден гөрі биігірек» деген өлең жолы есіме
түсе кетті. Бұл Баукең туралы өлең еді. Оны шығарған қазақтың ардагер ақыны Қасым
Аманжолов болатын.
Ол өленді біз сәті түсіп ақынның өз аузынан естіп, қолма-қол көшіріп алғанбыз.
VII
1948 жылы август айының ішінде «Қазақстан пионері» газетінің редакторы
Москваға бір жылдық оқуға кетіп, оның орнына Амантай Байтанаев қалды. Амантай,
ҚазГУ-де бірге оқитын таныстығы бойынша, мені газеттің пионер және мектеп бөліміне
меңгеруші етіп қабылдады. Ол жаңа оқу жылы басталуға он шақты күндей қалған уакыт
еді. Амантай мені қабылдай сала бұйрық берді. Газеттің бірінші сентябрьде шығатын
номеріне бір жақсы ақынның жақсы өлеңін әзірле, бүгіннен бастап заказ бер деді.
Бөлімде менен басқа Алмабек дейтін қолағаштай мұрнының астына текшелеп мұрт
қойған тағы бір жігіт бар екен. Соған келіп ақылдасып, өлеңді кімге заказ береміз деп едім,
ол бірден Қасымға беру керек деді. Өзі де өлең жазатын Алмабек тегі Қасыммен таныс
болуы керек, ол өлеңді ақынның үйіне барып, ертең жаздырып әкелемін деп маған уәде
етті. Бірақ ертеңінде жігітіміз ақынның өлеңін емес, уәдесін әкелді. Сендердің газеттерің
балалардың газеті ғой, бала ұғымына лайықтап бір өлең жазып, редакцияларыңа өзім
апарып берейін депті.
Бауыржан туралы бір керемет өлең жазған екен, Қасым маған оқып берді деп,
Алмабектің аузының суы құрып отырды.
Келесі күні бөлмемізге қасым кіріп келді. Ол кезде редакцияның екі бөлмесі ғана
болатын да, оның бірінде оңаша редактор, екіншісінде машинисткамен қоса барлық
қалған аппарат отыратын. Қасымды сыртынан жақсы білетін біз орнымыздан тегіс атып
тұрдык. Ақын сыпайы ғана бас изеп, бәрімізбен амандасты. Содан соң басқаларымыздың
бәрімізге бір-бір қарап алып, бірден Алмабекке қарай аяндады. Оның қасына отырып,
әкелген өлеңін оқуға кірісті. Біз тым-тырыс боп тыңдай қалдық. Үш шумақтан тұратын
өленнің мазмұны мынадай екен. Жетпістегі шал жеті жасар немересін жетектеп мектепке
қарай әкеле жатады. Мектепке жеткенше асығып шал сүрініп, бала жүгіріп келеді.
Мектептің қасына тоқтай қалып атасы немересіне тағы да ақылын айтады: жақсы оқы,
ақылды бол дейді. Мектептен келер заманшуындай болып жас балдырғандардың дүбірі
естіледі. Немере атасының қолынан сытылып, жүгіріп барып соларға қосылады. «Жеті
кетті жүгіріп, жетпіс қалды үңіліп» деп өлең аяқталады.
Ақын өлеңін өзінің жіңішке даусымен асықпай мақамдап оқып шықты да, «жетпіс қалды
үңіліп» дегеннен кейін, сол шалдың бейнесін біздің көз алдымызға елестеткісі келгендей,
мойнын соза түсіп, біздің бетімізге тағы да бір-бір қарап өтті.
- Өлең осы. Сендерге бұл ұнай ма, ұнамай ма, білмеймін, - деді ол содан соң.
- Ұнайды.
- Өте жақсы.
- Нағыз біздің газетке лайық өлең, - дестік біз. Ақын шабыттанып қалды.
- Ендеше алындар, - деп машинкаға басылған нұсқасын ұсынды.
Өленді ақынның қолынан алып жатып Алмабек:
- Аға, кешегі «Бауыржан» деген өлеңіңізді оқып беріңізші бізге, - деп қолқа салды.
Қасым бәлсінген жоқ. Костюмнің ішкі қалтасына қолын сұғып, төрт бүктеулі қағаз алып,
оны жазып алдына қойды да, жаңағыдан өзгеше интонаңия, өзгеше пафоспен оқи
жөнелді. Біз бұрын Бауыржанды көрмеген едік. Өлең оқылып болғанда Бауыржан
қасымызда тұрғандай боп көрінді. Өлеңнің күші біздің тілімізді буып тастағандай болып,
қапелімде ешқайсымыз ләм дей алмай қалдық. Жастық батылсыздығымыздан ба, әлде
тәжірибесіз ша-
лалығымыздан ба, кім білсін, бұл өленді қашан, қалай шығардыңыз, Бауыржанды көріп пе
едіңіз? - деп те сұрай алмаппыз. Тек «Рақмет, аға!» деуге ғана шамамыз келді. Ақындық
қуатының әсерін анық сезінген Қасым оқып болғаннан кейін қағаздарын қайта бүктеді де:
- Мә, осы дананы саған сыйладым, - деп Алмабекке берді.
Содан кейін ақын қырандай қомданып орнынан тұрды да:
«Қош болындар» деп, кеудесін тік ұстап бөлмеден шығып кетті.
Қасымның «Қазақстан пионерінің» өтінішімен жазып әкелген өлеңінің аты «Жетпіс пен
жеті» еді. Үш шумақтан тұратын сол өлең үш бөлімнен құралған картина сияқты болып,
мәңгі менің көз алдымда қалды. Ылғи бірінші сентябрьде мектепке бара жатқан
балаларды көрген сайын менің ойыма жетпістегі шал мен жеті жасар бала түсетін. Көз
алдыма редакция бөлмесінен шығып бара жатқан ақын елестейтін...
Ал Қасым кетісімен біз оның Бауыржан туралы өлеңін бірнеше дана етіп машинкаға
бастырып, қолма-қол жаттап алған болатынбыз.
Баукең бөлмеге қайта келіп кіргенше, мен ол өлеңді шумақ-шумағымен есіме түсіріп
өттім. Ол өлең мынадай еді:
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін!
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып:
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.
Ақынның ак сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн даусын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар!
Қан майдан қаталатып шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге.
Көл емес, көздері ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрінер бір көргенге.
Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Топ жара көрінсін деп екі иығы,
Туған жер жаратыпты оны ірірек.
Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын,
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.
Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол кұй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне
Өресі өрен ойдың тартылғандай.
Жан ұкпас жұмбак емес бір жасырын,
Айтады ол тіке қарап жұртка сырын.
Жаратпас жамап-жасқап жұрт ескісін,
Соғады өз дүкені сөз асылын.
Ойы бар қиялының қанатында,
Адаспас апарып бір салсаң тыңға...
Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,
Жалтылдап екі көзі қарсы алдында.
«Батырым - Бауыржаным!» дейді халқым,
Алып ұш ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.
Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе - жаубүйректей етер жәукем.
Емендей ерегесер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!
Бұл өлең бөлмеде оңаша отырған мені едәуір ойға калдырды. Қасым ақын Бауыржанның
Отан соғысы кезіндегі ерлігін, өзі көрген келбетін тамаша етіп суреттеп кеткен. Сонымен
бірге ол:
«Келешек келе жатыр көремін деп, тік басып туған жерге жүрген қалпын» деп, өзгелерге
де міндет артқан. Батырдың өмірінің әрбір сәтін қалт жібермей қадағалап, өзі сияқты етіп,
қағазға түсіріп кетуді басқаларға парыз еткен. Ол ақын жоқ бүгін. Ол батыр ортамызда жүр
қазір. Бірақ басқалар кеткен жаққа батыр да кетеді. Халық үшін қалтқысыз қызмет еткен
Баыржанның өзі үшін оғаш басқан жерлері көп. Біреуге ұнаған, біреуге жақпаған жайлары
бар. Батырдың батыл өмірінің ұзын-ырға, жеке детальдарын жұртқа жеткізу жөніндегі
ауыр міндетке мен арқамды тосыппын.
Ол жүкті тиісті жерге жеткізе аламын ба? Баукеңнің көбіне түзу, кейде шалыс басқан
іздерін қуалаймын деп жүріп сүрініп кетпеймін бе? Сонда: «Қолың көтере алмайтын
шоқпарды беліңе қыстырма» деп біреулер азу тісін ақсита көрсетіп тұрмай ма маған? Бұл
өленді «Қазақстан пионері» газетінің аядай бөлмесінде құдіретті ұлы ақын Аманжоловтың
өз аузынан естіген сәтте содан жиырма бес жыл кейін мен де Баукең туралы бірдеңе
жазар мын деп ойлаппын ба, сірә. Алғашында бұл шағын очерк жазу үшін ғана қолға
алынған іс еді. Бірақ сол мақсаттан туған дүние очерктің бесігіне сыймады. Одан
аумақтырақ нәрсе жазу қажет болды. Осы ниетпен Баукенмен бірге өскен, қатар қызмет
еткен көптеген адамдармен сөйлестім. Оның туып ескен жерін де іздеп барып көрдім.
Замандастарының аузынан шыққан әрбір сөзді, Баукең жайындағы ел ішіндегі әрбір
аңызды бірін қалдырмастан қағазға түртіп алып отырдым. Сонда менің көзім жеткені
Баукең туралы аңыз деп айтылып жүргендердің бәрі де шындық: болған оқиға, істелген іс,
айтылған сөздер екен. Және бұл аңыздардың барлығы да Баукеңнің әскерден босағаннан
кейінгі немесе оның
әскерде жүріп ел арасына келген кездегі мінез-қылықтарына байланысты. Сонда біздің
бұл кітапты шүу басында «Ақиқат пен аңыз» деп атағанымыз дұрыс бопты. Ақиқат
батырдың әскердегі өмірі де, аңыз - оның азаматтық өмірі, яғни ел ішіндегі еркелік
қылықтары екен. Осы ақиқат пен аңызды анықтай, толықтай түсу мақсатымен, мінеки,
Баукеңе бүгін тағы келдім.
VIII
Мен осылай деп отырғанда ауыз бөлмеден Баукең кіріп келе жатты. Қасым: «Ағамыз
атағына асқартау тең, жау келсе - жау бүйректей етер жәукем!» деп жазған кезде бұл кісі
отыз сегіз жаста еді. Ол шақта Баукеңнің тұла бойы толған қайрат болатын. Қазір осы
кісінің бойында маған «Встать!», «Молчать!» деп ақырғаннан басқа не қалды екен деп,
ақырын оның бетіне қарадым. Оның едірейген шашы, тікірейген мұрты, шаншыла қараған
көзі қарт батырдың бой қайраты азайса да, ой қайраты әлі де мол екенін танытқандай еді.
Ол орнына отырып жатып, былай деп маған үн қатты.
Бауыржан. Сенің ендігі аңдып отырғаның менің Чистяковпен ең алғаш қалай кездескенім
ғой.
Автор. Иә, Бауке.
Бауыржан. Ендеше ары қарай тындағын... Әскердің алуан түрлі ойынын ойнап, Отанның
тыныштық қамын ойлап жүріп жаттық дедім ғой. «Шекара құлыпта» деген қанатты сөз
біздің Қиыр Шығыс армиясының қолбасы Блюхердің аузынан шыққан сөз еді. Василий
Константинович ол сөзді партияның он жетінші съезінде айтқан болатын. ОКДВА-ның
даңқты тарихы да, жауынгерлік ісі де шындыққа айналған осы екі сөзбен бейнеленді.
Сондықтан да оны құттықтап, Сталиннің өзі телеграмма берді. Ал Қорғаныс Халық
Комиссары Климент Ефремович Ворошилов арнайы сапармен Қиыр Шығысқа келіп
қайтты. Хабаровск қалалық советінің салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінде ол Блюхер
жолдастың басшылығымен дербес Қиыр Шығыс армиясы өзіне жүктелген міндетті
ойдағыдай ақгап шықты деген болатын. Сол жолы Ворошилов адал еңбегі үшін,
революция ісіне шексіз берілгендігі үшін, барлық қаһармандық қызметі үшін деп атап-атап
айтып, Блюхердің кеудесіне өз қолымен Ленин орденін қадаған-тұғын. Ол 1931 жылы
августта болатын. Ал 1938 жылы августта Хасан көлінде шекараны бұзған жапон
әскерлерін тас-талқан етіп, ОКДВА өзін тағы да өшпес даңққа бөледі... Бірақ сол жылдың
күзінде Блюхер қайғылы қазаға душар болды...
Ал, саған бұл әңгіме Қиыр Шығыстың емес, Блюхердің жыры боп көрініп отырған
болар. Сөзімнің бас жағында мен Қиыр Шығысты Блюхерсіз көз алдыма елестете
алмаймын деп едім ғой. Сол айтқаным айтқан. Бұл тек Блюхердің жыры ғана емес,
адамгершіліктің де жыры. Сонымен бірге бұл менің саған айтып отырған сырым да. Сен
жазушысың, мен объектімін. Ал сен шын жазушы болсаң, онда менің жан тебіреністерімді
де білуің керек.
Өйткені:
Тағдыр маған дарытпады көктемін.
Ұқтым бәрін, өмір деген - от дедім!
Дұшпандардан көп атылды маған оқ!
Тағдыр әділ - менің оған өкпем жоқ!
Түсінікті ме саған?
Автор. Түсінікті, Бауке.
Бауыржан. Түсінікті болса сол!.. Содан бір күні тағы да біз - ат спортының командалары
аренаға шықтық. Бұл жолғы жарыс рубкадан өтетін болды. Рубка деп шауып келе жатқан
ат үстінен қылышты онды-солды сермеп, жолға шанышқан шыбықтарды шауып түсіруді
айтады. Шаншылатын шыбықтың саны он үш. Бұл жарыста сол он үш шыбықты тегіс қиып
түсірген ғана озады.
Бұрын мұндай жарыстарда команданы кәнігі кавалерист Дотольдің өзі беруші еді.
Бұл жолы бізге команданы дивизияның штаб бастығы бере бастады.
- Комбриг қайда? - дедім мен қасымдағы командирлердің бірінен.
- Комбриг Дотоль кеше қызметінен босады. Онын орнына Чистяков деген майор
комдив келіпті, - деді ол.
Төбемнен тағы да бір шелек суық суды құйып жібергендей болды. Өйткені Дотольді
соның алдында ғана көрген болатынмын. Штабқа жиналған бөлімше командирлеріне
ағалық ақылын айтып таратқан еді. Бұл жолғы сөзін ол, Хасан көлінің тәжірибесіне
негіздеп, қызыл әскерлердің жорық пен шабуылдан басқа әрбір бос минутын окоп пен ор
қазуға жұмсауы
керектігін қатты ескертті. Оның сонда айтқан: «Окоп - алынбас қамал», «Ордағыға оқ
тимейді» деген нақыл іспеттес екі сөзі ерекше есімде қалған болатын. Сол екі сөз, тіпті,
өмір бойы есімнен шыққан емес. Мінеки, осындай ұстаз, ақылшы командиріңнен айрылсаң
қалай қамықпассың...
Бір кезде біздің кезегіміз келді. Оз адамдарымды бастап, мен аренаға тарттым.
Ақбоз аттың тізгінін тарта ұстап, шыбықтарды сарт-сұрт отап келемін. Өзің қылыш ұстап
керіп пе едің? Оны қалай сілтеуді білесің бе? Білмесең оның да толып жатқан тәсілдері
бар. Алдымен сен бір метр ұзын қылыштың ұшынан бастап тұтқасына дейін, шалғы
орақтікі сияқты, қылпылдап тұрған жүз екен деп ойлама. Олай емес, қылыштың «өткір
ұшы» деп аталатын бір қарыс басы ғана өткір. Шабатын нәрсеңе сол жерін дәл келтіре
сілтеуің керек. Және қылыштың нысананы қырқып түсуі тек шабушының қол күшіне ғана
байланысты емес. Оған үш фактор керек. Оның біріншісі - аттың екпіні, екіншісі - аттың
дене ауырлығы, үшіншісі - қылыш сілтеушінің қол қайраты. Бұл үшеуі бір-біріне тығыз
байланысты. Шауып келе жатып сілтеген қылышпен адамды айқара тіліп түсуге болады.
Өйткені онда жоғарыда айтылған үш фактор бірдей ұштасады. Ал аяңдап келе жаткан ат
үстінен қылышыңды қандай құшырланып сілтесең де жаяу жауды орып түсе алмайсың,
жаралы етіп қалдырасың. Себебі онда аттың шабыс екпіні мен дене салмағы қатыспай,
сыртта қалады. Ат әркашанда өз денесін өзі жоғары серпи шабады. Секіргеннен кейін
оның табаны жерге тиерге дейінгі төмен қарай басатын салмағы бар емес пе? Міне,
шапқан аттың сол төмен түсіп келе жатқандағы салмағы мен қылышты сілтеу күші қатар
келуі керек. Сонда сен шаншылған шыбықты да шиқ еткізесің, жаудың жаяу әскерін де
тіліп түсесің. Түсінікті ме енді саған?
Түсінікті болса мен Ақбоз атпен ызғытып, жас шыбықты жаудай отап келе жаттым.
Аренаның орта тұсына келе бергенде көзімнің қалай трибунаға қарай бұрылып кеткенін
білмеймін. Жаңа комдив аласалау адам екен. Ал Дотоль ұзын бойлы кісі еді. Оның
жоқтығын бірден сездім де, көңілім бір түрлі болып кетті. Дереу өзімді өзім қатайтып,
келесі шыбықты шабуға ыңғайлана атымның қос бүйіріне шпорды қадап кеп қалдым.
Осының бәрі қас қаққанша болды. Лезде қылышым да күнге шағылыса жарқ ете түсті.
Сол-ақ екен, ипподром толы жүрт ду күлді. Не боп қалды деп жалма-жан екі жағыма кезек
қарадым.
Сөйтсем, комдивтің қайғысына күйініп, шпорды қаттырақ басып жіберсем керек, ат
құйрығын шошаң еткізгенде мен құйыршықтың дәл ұшын шыбықпен қоса орып жіберіппін.
Әрине, мұндай жарыстар кезінде аттың кұйрығын, құлағын шауып алу деген үлкен мас-
қара. Сол масқара болған қалпымда мен қалған шыбықтарды да тегіс мінсіз отап түсірдім.
Бірақ ол есепке алынбады.
IX
Сол күннің ертеңінде біздің 306-полктың командирі полковник Коваленко да ауысып
кетті. Оның орнына Журавлев деген майор келді. Сөйтіп, біздің 105-атқыштар дивизиясы
майорлар басқарған дивизияға айналды.
Осы күндердің бірінде мен дивизия штабына шақырылдым. Чистяковқа барасың деді.
Бұл тегін шақыру болмады деп ойладым. Баяғыда бір жеңгеміз ағамыз ұрайын деп
шоқпарын ала жүгіргенде: «Өйбу, к... тисе көндік, басқа тисе өлдік қой енді» деп басын
қорғап, бөксесін тоса берген екен дейді. Сол жеңгеміз айтқан екінің бірі болар дедім де,
құйрығының кішкентай жарасын мықтап таңып тастаған Ақбоз атқа ер салдым. «Е,
жануар,-дедім оған ішімнен, - үш жыл жан серігім болып едің, менің саған өкпем жоқ». Осы
ойдан кейін Ақбоз ат ішін тартып, күрсінетін шығар деп едім. Ол өйтпеді. Екі көзі шоқтай
жайнап, басын қайта-қайта шұлғып, менің тез арқасына шығуымды тілегендей, тықыршық
атгы. Атам қазақ емес пе, атымның бұл мінезін жақсылыққа жорып, дивизия штабы
қайдасың деп, жорыта кеп женелдім.
Бірақ ол ат та, мен адаммын ғой. Адам болған соң ойлауға міндеттісің. Біраздан кейін ақ
боздың басын тежеп, аяңға көшірдім де, қалың ойға кеттім.
Өстіп желе-жортып келе жатқанда ең алдымен мен Қиыр Шығысқа аттанарда
алақанын жайып, ақ сақалы желкілдеп ақ батасын берген әкем еске түсті. Одан кейін
Қаратау мен Алатау кезек көз алдыма келді. Бұлақтары сылдыраған, ағаштарының
жапырақтары сыбдыраған Алматы елестеді. Осындай екі ұдай оймен штабқа жеттім.
Майор Чистяков көзін кісіге шүйіле қарайтын, үшкір тұмсық, үшкір иекті төртбак сары
кісі екен. Ол мені не ашулы, не ашусыз емес күйде қарсы алды. Мен бұйрық бойынша
келгенімді айтып, рапорт бергеннен кейін, бас-аяғыма байыппен қарап алды да, отыруға
рұқсат етті.
Комдивтің столынан бүйректеу екінші столдың басында бір аға лейтенант отырды.
- Өткен жолғы жарыста аттың кұйрығын шапқан батыр сізсіз ғой? - деді Чистяков
содан соң.
- Дәл солай.
- Мен сонда сізді жаяу әскерге жіберейін деген ойға келіп едім.
- Ықтияр өзіңізде, жолдас майор.
- Бірақ сіз атқа міне біледі екенсіз. Бұрынғы жарыстарда жаман баға алмапсыз.
Е, бұл менің Блюхерден сағат алғанымды бетіме басайын деп отыр екен деп ойладым да:
- Дәл солай, - дедім тағы да.
- Дегенмен, сіз сиякты кәнігі кавалеристке ат құйрығын шауып тастау деген кездейсоқ
іс емес қой. Шыныңызды айтыңызшы, сол сәтте бір нәрсе ойлаған жоқ па едіңіз?
- Дәл солай, жолдас майор.
- Не ойлап едіңіз? Тек қана шыныңызды айтыңыз. - Майор маған тесіле қарады.
Аспандай мөлдір көкшіл көзінде тұнып тұрған ой бар екен. «Шынымды айтсам, шынымды
шынжыр ғып байлап аласың-ау» деп бөгеліп қалдым. Осы кезде ойыма әкемнің екі сөзінің
бірінде «Өлсең де өтірік айтпа» деп жиі айтып отыратын өсиеті түсті.
- Командирлерім есіме түсіп кетіп еді, - дедім мен де оған тіке қарап.
- Оларды жақсы көретін бе едіңіз?
- Иә.
- Не үшін жақсы көрдіңіз?
- Әділдігі үшін, әскери өнерге жетіктігі үшін, жауынгердің жанын ұға білетін зерделілігі
үшін, - дедім мен әр сөзімді нақтылай айтып.
- Зерделілігі үшін, - деді ол менің ең соңғы сөзімді не кекеткені, не мақұлдағаны
белгісіз, қайталап айтып.
- Білемін, жолдас майор. Сіз шыныңызды айт деген соң айтып тұрмын. Және менің
халқымда «Өлсең де өтірік айтпа» деген мақал, өсиет сөз бар.
- Халқыңыздың тағы қандай мақалдарын білесіз?
- «Жан - арымның садағасы», «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы
болайын», «Ел жаусыз болмайды, жер таусыз болмайды» т.б., жолдас майор. Менің
халқымның мақал-
Мәтелдерін түгел жинап бастырса, бес томнан асады. Бірақ оның бәрі тегіс хатқа
түспеген.
- Уставты да халқыңыздың мақалындай білесіз бе?
- Армия менің екінші анам, жолдас майор. Ананың әлдиін білмеген - ұл болмайды,
Уставты білмеген - солдат болмайды.
- Мен сіздің шыншылдығыңызды сыйлаймын, - деді ойланып отырып майор. - Бірақ
бұдан былай тіліңізді тісіңізбен құлыптап ұстаңыз. - Содан кейін ол түсін суытып, маған сұқ
саусағын безеді.
- Түсінікті, жолдас майор.
- Ал сізді аттың құйрығын шауып алғаныңыз үшін мен жазалауға тиіспін. Атыңызды
лазаретке өткізесіз. Оның құйрығы жазылғанша өзіңіз жаяу жүресіз.
- Кұп, жолдас майор.
- Немен келдіңіз?
- Сол атпен, жолдас комдив.
- Осы арадан сіздің полкке дейін неше шақырым жер?
- Он шақырым.
- Соған дейін атыңызды жетектеп жаяу баратын боласыз. Аяқ артпайсыз.
- Құп.
Күн жауын, жер батпақ еді. Атымды шылбырынан жетектеп, толарсақтан саз кешіп,
шаршап-шалдығып полкке келдім.
Мені аңдып, артымнан еріп отырған ешкім де жок, штабтан былай шыға атыма мініп
алуыма да болатын еді. Бірақ мен Ақбозға аяқ артпадым. Ол менің қорыққандығым да,
қуанғандығым да емес. Қанға сіңген әділдіктің, адалдықтың заңы солай еді. Міне,
Чистяковпен мен ең алғаш осылай танысқанмын.
Оның кісіге шүйіле қарайтын өткір көзі, үшкір тұмсығы мен үшкірлеу иегі көз алдымда
сақталып қалды.
Содан кейін ол бір күні біздің полкке келді. Полктың офицерлер құрамымен танысты.
Өзі жиырма жылға жуық жаяу әскер сапында тәрбиеленген кісі ғой: турник, снарядтың
барып тұрған шебері екен. Бізге емтиханды да содан бастады.
Полк командирі Журавлев бір-бірлеп офицерлердің фамилиясын, шенін, қызметін
айтып тұрады. Чистяков кезегі келген офицерді не турникке, не брусқа шақырады. Алдына
ет женділеу біреу келсе, оны сағатына қарап тұрып жаяу жүгіртеді.
Бір кезде Журавлев:
- Лейтенант Момышұлы, батарея командирі, - деп менің аты-жөнімді атады.
Табаныммен жерді тесердей тепкілеп, әскери адыммен майорға үш адым қарсы келіп
тоқтадым. Чистякөв бетіме қарап сәл тұрды да:
- Лейтенант, анада полкке дейін жаяу келдіңіз бе? - деді сәл күлімсіреп.
- Дәл солай!-дедім мен күлместен.
- Мен сізге сенемін, - деді майор басын изеп. - Жай сұрап жатырмын.
Содан кейін ол турникке қарай иегін нұсқады да:
- Күнше дөңгеле! - деп бұйырды маған.
Майордың «мен сізге сенемін!» деген сөзіне рухтанып кеттім де, жолбарыстай ырғып
турникке секірдім. Сарт етіп екі қолым темірге тиісімен екі аяғымды біріктіріп, ұзын денемді
алға қарай найзадай сілтеп кеп қалдым. Содан соң, көзді ашып жұмғанша лып етіп
турникке көтерілдім де, күн боп дөңгелендім.
Солнце жасағанда бір-ақ рет айналу керек. Өйткені ол ауыр номер. Ал мен турникте
машинаның дөңгелегіндей зырылдадым. Содан соң қарғып жерге түстім де:
- Мен Сіздің айтқаныңызды орындадым, жолдас майор, - дедім.
- Өте жақсы, - деді майор.
Көп ұзамай Чистяков мені қайтадан дивизия штабына шақыртты. Бардым.
- Атыңның құйрығы жазылды ма? - болды оның маған бірінші қойған сұрағы.
- Дәл солай, - дедім мен қысқаша жауап беріп.
- Демек, ескі жара бітті деген сөз ғой?
- Мал дәрігері солай дейді, жолдас майор.
- Онда мал дәрігеріне рақмет. Ал әңгіме былай, - деді комдив түсін жылыта сөйлеп.-
Сен артиллерияны жақсы біліп алдың, басқару взводында болдың, батарея командирісің.
Сен сияқты жас командирлердің артиллерияның ғана емес, жаяу әскердің де жүйе-
жүйесін білуі қажет. Сол себептен сені батальон штабының бастығы етіп, 267-ші полкқа
жібергелі отырмын. Қарсы емеспісің?
- Қарсы емеспін, - дедім мен. - «Өнерді үйрен де жирен» және «Керек тастың
ауырлығы жоқ» деген қазақ мақалы бар. Артиллерист өнерін үйренгенім рас.
Артиллерияда жүріп кавалерист те болдым. Енді бұны да білуге ықыластымын. Отан
қорғау үшін керек өнердің бәрін де білуіміз абзал ғой.
- Дұрыс айтасың, - деді Чистяков қуана күлімсіреп. - Сен менің ойымды дәл түсініп
тұрсың. Штаб өнері армиядағы ең үлкен өнер. Мен сені сол өнерді үйренуге жіберіп
отырмын.
Саған әзірге көрсететін қолма-қол көмегім мынау ғана. - Ол столының тартпасын
ашып, маған Б. М. Шапошниковтың «Армияның миы» дейтін атақты кітабын ұсынды. -
Осыны оқып, артынан маған қайтарып бергін.
- Сеніміңізге рақмет, - деп басымды изедім де, комдив ұсынған кітапты алдым.
Иван Михайлович мені екінші бөлмеге өзімен бірге шай ішуге шақырды. Шай үстінде
ол өз өмірінен, өз тәжірибесінен біраз жайларды әңгіме етіп айтты. Мен оның өзіме
байланысты қойған сұрақтарына қысқа ғана жауап беріп отырдым.
Сөйтіп, мен батальон штабының бастығы болып жоғарыладым. Сенбесең мына
куәлікті оқы, - деп Баукең қасындағы папкадан бір қағазды суырып алып, менің қолыма
ұстатты да, өзі қайтадан шылым тартуға кірісті.
Мен кағазды алып, оқып шықтым. Машинкаға басылған куәлікте былай деп
жазылыпты:
«Куәлік
Берілді Бауыржан Момышұлы жолдасқа, себебі ол Жұмысшы-шаруа Қызыл
Армиясының кадрында 267-атқыштар полкында батальон штабының бастығы болып
қызмет істейді.
Куәлік мерзімі 1940 жылдың 1 майына дейін. Адрес: Приморье өлкесінің Уссурий
облысы.
267-ші атқыштар полкы штабының бастығы Копкарев».
Куәлікті окығаннан кейін оның штемпіліне көз жүгірттім. Онда мынадай сөздер бар
екен: «СССР -ЖШКА. 105-атқыштар дивизиясының 267-атқыштар полкы, сап қызметі
бөлімі. 14 декабрь 1939 ж. № 14/1239 Чернятин пос.»
Куәліктің барлық сөздерін тегіс дәптеріме көшіріп алдым да, қағазын Баукеңнің өзіне
қайтарып бердім.
Автор. Сендім, Бауке.
Бауыржан. Сенсең сол. Ал енді саған Чистяковпен одан кейінгі жолыққанымды айтайын.
Иван Михайлович деген кісі сырт тұлғасына, сөз әлпетіне қарағанда ұшқары мінезді
адам сиякты көрінетін еді. Ал шындығында ол үлкен ойдың да, мол тәжірибенің де адамы
болатын. Олай болатын себебі бар екен. Бұрынғы Тверь губерниясы, қазіргі Калинин
облысының перзенті Иван Михайлович он жеті жасында өзі тіленіп солдатқа кетіпті. Содан
он бес жыл бойына бір полкта болып, полк командиріне дейін көтеріледі. Жиырмасыншы
жылдар командирлерінің аяқтарына шәркей киіп жүретін қиын-қыстау күндерінің бәрін де
басынан кешіреді. Комдивтің:
- Бір ротадағы 4-5 командирге бір пар ғана етік тиетін де, оны біз кезекпен киюші едік, -
деген сезін өз кұлағыммен естігенмін.
Отыз алтыншы жылы сауатты, тәжірибелі командирлер іріктеліп, Қиыр Шығысқа
жіберілгенде Чистяковке де 92-атқыштар дивизиясына жолдама беріледі. Дивизия штабы
оперативтік бөлімінің бастығы боп бірнеше жыл қызмет істейді. Содан біздің 105-ші
дивизияға командир боп келді ғой.
Иван Михайлович өзі де өте тәртіпті кісі екен, өзгеден де тәртіпті қатаң талап етті. Ол
кісі жеңістің төрт шарты бар деп есептейтін. Ол шарттар: 1) жағдайды дәл ұғу, 2) тез әрі
дұрыс шешім қабылдау, 3) штабтың іскерлігі; 4) солдаттың ерлігі мен табандылығы дейтін.
Дивизиядан кетер-кеткенше осы мәселелерге үнемі назар аударып отырды. Өзінің
іскерлігі, жігерлілігі, мол тәжірибемен ұштасқан білімінің арқасында Иван Михайлович
біздің дивизиядан корпус командирінің орынбасары болып жоғарылап кетті.
Содан кейін мен Чистяковпен 1942 жылдың басында қайтадан кездестім. Енді майор
емес, генерал-майор Чистяковпен жүздестім. Панфилов өлгеннен кейінгі екі айдың ішінде
екі командир орнынан босатылды да, дивизиямызға үшінші командир боп Чистяков
тағайындалды. Он сегізінші январьда ол 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизияның
штабы тұрған Нахабино селосына келді. Осы жерге барлық командирлер жиналып, жаңа
комдивпен жүздестік. Мен оны бір көргеннен-ақ таныдым. Алғашында ол ма, ол емес пе
деп шүбәланып келген едім. Өйткені өмірде фамилиясы бірдей кісілер көп кездесе береді
ғой. Сөйтсем сол кісі, бұрынғы командирім екен. Денесі де сол төртбақ күйінде, мұрны да,
иегі де үшкір қалпы. Қатты қажып, жүдегені көрінеді. Бұрынғысынша кісіге сәл күлімсіреп,
шүйіле қарайды екен.
Танысам да мен генералға қарай тұра жүгірмедім. Келіп тоқтаған жерімде
қозғалмастан тұра бердім. «Генерал мені таныр ма екен, танымас па екен? Таныса -
жақындармын, танымаса - үн-түнсіз жүре берермін» деп ойладым.
Жұрт жиналып болған соң дивизия штабының бастығы И.И. Серебряков пен
комиссар С. А. Егоров екеуі кезектесіп, біздің аты-жөнімізді, лауазым, дәрежемізді атап
айтып, генералға таныстыра бастады. Аты бұрын аталғандар қасына барып, генералдың
қолын алып жатты. Генерал әрқайсысымыздың бетімізге шүйіле қарап, іштей баға беріп,
ойлы қалыпта тұрды.
- Александр Фомич Галушко - дивизия саяси бөлімінің бастығы.
- Подполковник Георгий Федорович Курганов - 857-ші артполктың командирі.
- Майор Григорий Ефимович Елин - 1073-ші полктың командирі.
- Полковник Зиновий Самойлович Шехтман - 1077-ші полктың командирі.
- Капитан Бауыржан Момышұлы - 1075-ші полк командирінің орынбасары...
- Тоқтаңыз, тоқтаңыз, - деді Чистяков комиссар Егоровтың сөзін бөліп.
- Фамилиясы кім дейсіз, қайта айтыңызшы.
- Капитан Бауыржан Момышұлы, 1075-ші полк командирінің орынбасары, - деп
қайталады Егоров.
- Бұл менің Момышұлым емес пе? - деді генерал маған қарай бұрылып.
- Дәл солай, жолдас генерал, - дедім мен, - бір жүз бесінші Қиыр Шығыс
дивизиясынан.
- Астына Ақбоз ат мініп, беліне қылыш тағып жүретін?
- Дәл өзі, жолдас генерал.
- Қазір де қылышы белінде, Акбоз аты есік алдында байлаулы тұр,- деді комдивпен
танысуға келгендердің бірі. Ол рас еді. Мен мұнда да Ақбоз ат мініп жүретінмін. Осында
бір жерде әскери фотограф Нарциссовтың мені 8-ші гвардиялық дивизия Ақбоз атының
үстінде түсірген суреті жатқан да болуы керек.
Генерал бір адым шегініп, мені басымнан аяғыма дейін күлімсірей шолып шықты.
Жаңа комдив бізді колхоздың қыстай от жағылмаған суық клубында қабылдағандықтан
бәріміз де сырт киімдерімізді шешпегенбіз. Менің иығымда буркам бар еді. Елден ерекше
боп тұрғаннан кейін содан шығарды ма, генерал:
- Сіз казір Багратионға да, Чапаевқа да ұқсайсыз, - деді.
- Жоқ, жолдас генерал, - дедім мен күлместен, жымимастан түсімді суыққа салып. -
Мен тек Момышұлына ғана ұқсаймын.
Генерал сәл бөгеліп, менің бұл жауабыма мән бере ой жүгіртіп өтті. Содан кейін
қайтадан күлімсіреді де:
- Иә, иә. Сіз 1938 жылғы Момышұлына өте ұқсайсыз. Солай емес пе? - деді.
- Дәл солай.
- Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын! - деп генерал құшағын жайды. Әкесі өліп,
әркімнен сөз естіп, көзге түрткі болып жүдеп жүрген жетім баланы біреу есіркеп
маңдайынан сипаса қандай болушы еді. Сол сияқты менің де ішімдегі қатты бұралған
домбыра шегі сияқты бірдеңелер бырт-бырт үзіліп кеткен сияқты болды. Бірақ тез
бойымды жиып, босаған көңілімді қатайтып алдым. Содан кейін қазақша қос қолымды
қусырып кеудеме бастым да, генералдың алдына келіп, басымды иіп, тіземді бүктім. Алыс
сапардан келген баланың әкеге берер сәлемін жасадым. Генерал екі иығымнан қапсыра
құшақтап, орнымнан тұрғызды да, біз бір-бірімізді екі беттен кезек сүйістік.
Өзге жұрт аң-таң күйде, тым-тырыс болып қалды. Генерал мені құшағынан босатты
да:
- Ғапу етіңіздер, жолдастар, - деп жан-жағына қарады. - Біз Қиыр Шығыста бірге
қызмет етіп едік. Бұл менің батарея командирім, мен мұның дивизия командирі болдым.
Міне, Москва түбінде мен баласымен кездескен әкедей болып тқрмын.
- Әрине, әрине, - десіп кейбіреулер бас изесті. Кейбіреулер: «Дивизия командирлері
осыны-ақ жақсы көре береді екен» дегендей, маған ала көздерімен қарасты. «Қалай
қарасаң, олай қара, біздің бірге қызмет еткеніміз рас» деп, міз бақпастан мен тұрдым.
Біздің бәрімізбен танысып болғаннан кейін жаңа комдив бізді қысқаша өз
өмірбаянымен таныстырды. Біздің 105-дивизиядан корпус командирінің орынбасары боп
кеткеннен кейін Чистяков Владивостоктағы әскери училищенің бастығы болады. Одан соң
бұрынғы өзі орынбасар боп істеген корпусқа командир боп тағайындалып қайта келеді.
Содан 1941 жылдың басында Бас штаб академиясына оқуға жіберіледі. Соғыс
басталғаннан кейін Москваны қорғауға қатысады. Бірнеше күн бел шешпестен жүріп,
теңізшілер бригадасын басқарады. Сөйтіп Москва түбінен немістерді кері қайтарған
қаһарман құрамалардың сапында болады. Осы еңбегі үшін оған Қызыл Ту ордені мен
генерал атағы беріледі. Сол алғы шепте жүрген қалпында Чистяков біздің дивизияға
жіберіледі.
- Жаңа капитан Момышұлы айтқандай, әр командир бір-біріне ұқсамайды, - деді ол
сөзінің аяғында. - Багратион біреу, Чапаев дара күйінде қалады. Оның үстіне ешқашан да
екінің бірі Панфилов бола алмайды. Ендеше мен сіздерге Панфиловтың орнын олқысыз
басамын деп айта алмаймын. Бірақ титтей де болса Панфиловқа ұқсауға тырысамын. Бұл
менің абыройлы борышым. Ал сіздер Панфилов бар кездегіден титтей де төмендемеуге
тырысыңыздар. Сөйтіп, сіздер болып, біз болып, бәріміз Панфилов дивизиясының атағын
түсірмейік, Отан үшін опат болған қадірлі генералдың атына кір келтірмейік.
Осы сапардан мен полкқа қатты тебіреніп қайттым. Тебіренетін себебім құдай маған
сезімтал, сергек жүрек берді. Оның үстіне, өтімді затқа өтпейтін нәрсені қалайда қосақтап
сататын кейбір сатушылар сияқты, қыңырлықты және маған берді. «Бүкірді көр түзетеді»
дейтін орыс мақалы бар. Ал әскерде қыңырды командир түзетеді. Әрине, командирдің
бәрі бірдей қисыққа тез бола алмайды. Бола алмайтыны біреудің шеберлігі жетпейді,
біреудің материалға әлі келмейді. Сөйтеді де оны түзетемін деп не сындырып, не бүлдіріп
алады. «Материал» деп отырғаным адам, солдат екенін түсінетін шығарсың. Ауылда
сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды
командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық
күйінде кәдеге жаратады. Өйткені олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу
атқаратынын біледі. Құдай мені қисық кып жаратса да, алдымнан ылғи жақсы
командирлерді кездестірді. Кешегі пом-
комвзвод Редин, полковник Коваленко, комбриг Дотоль, генерал Панфилов осындай
өзгеше жандар еді. Олардың алдында Емельянов, Дубовик, Бархан тәрізді ұстаздарым
тағы болды.
Редин өлгенде бірге туған інімнен ажыраған іспеттендім. Коваленкоден ажырағанда -
ағамнан, Дотоль кеткенде - әкемнен айырылғандай болып едім. Ал Панфилов опат
болғанда - інім, ағам, әкем үшеуі қатар өлгендей күйге түстім. Көп күйзеліп, ішімнен көп
күңірендім. Омір бойы Панфиловтың орнын өксеумен өтетін шығармын деп ойладым.
- Сен өзің байқап, аңғарып жүрсің бе, білмеймін, - деді Баукең бұл тұста сөзін соза,
жайлап айтып,- Адамдарда бір жаман әдет бар ғой. Ол - күншілдік, көре алмаушылық.
Бүгінгіге жағыну үшін бұрынғыны жамандап шыға келушілік. Өзімді ғана мақта, өзгенің аты
өшсін деушілік. Өлгеннің абыройын қызғанушылық. Оған деген сүйіспеншілікті суытып,
оның атағына байланыстының бәрін аяққа таптауға тырысушылық. Осындай оңбаған
әдеті барлар біздің дивизиямыздан да табылды.
I
Автор. Өткен жолы Сіз Панфилов дүниеден қайтып, дивизияға Чистяков келгенге
дейін жетім баладай қамкөңіл күйде едік дедіңіз ғой. Оның мәнісін айтыңызшы.
Бауыржан. Оның мәнісі мынадай. Панфилов 1941 жылы 18 ноябрьде опат болды.
Чистяков біздің дивизияға 1942 жылдың 18 январында келді. Осы екі айдың ішінде бірінен
соң бірі екі командир ауысты. Тұлпар дивизияның тегеуірініне шыдамады. Өйткені олар
Тайбурылдың тізгінін ұстаған Қобыланды емес-ті. Ол екеуінің бірі аса ұшқалақ кісі болып
шықты. Ұшқалақтығы сондай, әркімге шіңкілдеп соқтыға берді. Маған: «Сен Панфиловтың
еркесісің. Сендей еркенің енесін ұрамын!» деп ұрынды. Тегі ол менің батальонымның
қынаптағы қылыш сияқты, Панфиловтың резервінде болғанын, ал генерал қылышын
қынабынан қиын-қыстау кездерде суырып қиямет кезеңдерде сілтегенін айтатын болар.
Автор. Сіз өзіңіздің «Москва үшін шайқас» кітабыңызда дивизия командирлерінен тек
Панфилов пен Чистяковты ғана көрсетіпсіз. Оның осындай себебі бар екен ғой.
Бауыржан: Иә...
Автор. Сіз атын айтпасаңыз да мен түсініп отырмын, Бауке. Панфиловтан кейін екі
айда ауысқан екі командир Шелудько мен Ревякин. Сіз алдыңғысын айтып отырсыз ғой?
Баукең бетіме ажырая қарады да, үндемеді. Сөзін әрі қарай жалғады.
Бауыржан. Соғыста кімді кім еркелетеді? Соғыста өзге емес, өз баланды да әлдилей
алмайсың. Панфиловтың мені еркелетпек тұрғай, қарамағында солдат боп жүрген туған
қызының да маңдайынан сипауға мұршасы болған жоқ. Ал соғыс еркелікті емес, ерлікті
ұнатады. Соғысқа ерке емес, ел бастайтын серке керек. Міне, осыны ұғуға миы жетпеді
ғой оның.
Автор. Мен Сіз жайында, 8-гвардиялық дивизия туралы архивтен көптеген материал
көшіріп алдым, Бауке. Сонда Сіздің атыңызға жазылған мынадай әрі бұйрык, әрі жолдама
қағаз бар:
«Жолдама қағаз
Аға лейтенант Момышұлына!
Осыны алысымен Сізге полкке басшылық ету ісін майор Елинге тапсырып, 1075-
атқыштар полкына барып, полк командирінің міндетін қабылдап алу бұйырылады.
Негіз: дивизия комаңдирінің нұсқауы.
Штаб бастығы полковник (Серебряков)
Соғыс комиссары
Аға баталъон комиссары (Погорелов)
4 декабрь 1941 ж.»
№4/0412
Осылай деп штаб бастығы мен комиссар екеуі қол қойып, мөр басқан. Бірақ Сіз 1075-
полкке командир емес, орынбасар болдыңыз ғой. Бұл да сол аласапыран кезеңнің ізі емес
пе?
Бауыржан.Ол қағазға комдивтің қолы қойылмағаннан-ақ білініп тұр ғой. Ертең қағазда
менің қолым жоқ деп, тайқып беруге жақсы емес пе? Ал, Панфилов полк командирі тұрғай,
батальон командиріне жіберген бұйрығына дейін өзі қол қоятын.
Автор. Дұрыс айтасыз. Мәселен, генералдың батальон командирі Сізге жолдаған
бұйрығының фото көшірмесі де бар менде. Онда былай деп жазылған:
«Серкия Г.
1073-аткыштар полкы 1-ші батальонының командиріне
ЖАУЫНГЕРЛІК ТАПСЫРМА № 014
316-шы дивизияның
штабы, Гусеново
18. 11.41 ж. 4.00
1. Лысцево, Шишкиноны дұшпанның танктерімен жаяу әскері басып алды.
Матренинода 50-ші атты әскер дивизиясы шеп құрып жатыр.
Бұйырамын:
2. Танк қаупі күшті аудан Матренино станциясын, Горюны мен Покровское селоларын
танкпен күресетін отрядтың (ПТО) 768-ші артполкымен және 1-ші гвардиялық танк
бригадасының 6 танкі, сол сияқты мотоатқыштар батальонымен бірлесіп, табанды түрде
қорғауға тиіссіз.
М і н д е т: Жаудың жаяу әскері мен танктерін Волоколамск, Истра тас жолына
шығармау. 298,0 биігі ауданына күшейтілген күзет қойыңыз.
Менің командалық пунктім Гусеново.
Орындалуын 18.11. 41 ж. 8.00-де хабарлаңыз.
Дивизия командирі
Генерал-майор (Панфилов).
Дивизия военкомы
аға батальон комиссары (Егоров).
Штаб бастығы полковник ( Серебряков).
1 -ші бөлімнің бастығы
капитан (Гофман) ».
Бауыржан. Иә, бұл менің Панфиловтан алған ақырғы бұйрығым болды. Оқып
болғаннан кейін генералдың хатын планшетіме салмай, төрт бүктеп гимнастеркамның
омырау қалтасына жайғастырдым да, бұйрықты орындау қамына кірістім.
II
Автор. Ол жағдайды Сіз «Москва үшін шайқастың» екінші кітабында толық
жаздыңыз ғой.
Бауыржан. Иә. Ондағы оннан аса тарау сол кездегі жағдайды сыпаттауға және
біздің генералдың соңғы бұйрығын қалай орындағанымызды баяндауға арналды. Генерал
қағазға аталған қыстақтарды «табанды түрде қорғауға тиіссіз» деп көрсеткенімен, дивизия
саяси бөлімінің нұскаушысы Федор Толстуновтан ауызша айтқан сәлемінде «бүгін мен
ертең шыдап берсін, әсіресе, тас жолдың бойындағы Горюныны қолдан шығармай мықты
ұстасын» депті.
Шыбын жанды шүберекке түйдік те, генералдың бұйрығын орындауға кірістік.
Табанымызды Горюныға тас қып тіреп, тапжылмастан жатып алдық. Бұл екі қолды басқа
жастап, окоп ішінде қаннен-қаперсіз шалжиып жату деген сөз емес. Мұның мәнісі шарт
етіп аспан жарылғандай болып жүздеген жау снарядтары ажал боп ысқырып, ысылдап,
зуылдап үстіңнен төніп келе жатқанда төбе құйқаң шымырлап соны естіп отыру деген сөз.
Мұның мәнісі сол снарядтар жарқ-жұрқ етіп жарылып, арс-ұрс етіп топырақ қапқан сәтте
отырған окобың солқ ете түсіп, жүрегің аузыңа тығылса да соған тырп етпей шыдау деген
сөз. Мұның мәнісі жау самолеттері үстіңе шығып алып келі түйгендей төбеңнен бомбамен
түйгіштегенде соған көну керек деген сөз. Оқ, жарықшақ тиіп, жанындағы серіктерің көз
алдында жан тәсілім етіп жатқанда, тамағыңа ыстық тас кептелгендей болып, жаның
қинала қайғыру деген сөз. Сөйтіп жатып, окобыңа қарай жортып келе жатқан темір
аждаһа-танктермен айқасу, оларға бір-бірлеп қара кебін кигізіп, қара түтінге орау деген
сөз. Қара құрымдай қаптап келе жатқан жаяу әскерге қорғасын оқты қарсы алдынан
соққан темір жаң-
бырдай жаудырып, жайпап, тірісін беттетпей кері қайтару деген сөз. Бұл жанталасып кейін
шегіну, аласұрып алға ұмтылу деген сөз. Не жау сені жермен-жексен етіп таптап кетуі
керек, не жаудың бетін шиедей қылып сенің ілгері бастырмай ұстап тұруың керек. Мінеки,
тосқауылға қалған бөлімшеге тағдырдың тартар сыйы осы. Екінің бірі, басқа ешқандай
жол жоқ.
Бұйрықты алған күні түске дейін біздің жігіттер жаудың үш танкісін құртып, талай
әскерін жер жастаңдырды. Батальон түстен кейін де олардың бірнеше атакасын
тойтарды. Кешке қарай олар атакаға тағы әзірленіп жатты. Осы кезде маған мынадай бір
батыл ой келді. Күн болса суық - отыз градус аяз. Бұлардың емешесі құрып тұрғаны кешке
дейін осы Горюныны алып, түнде осында рақаттанып ұйықтап шығу ғой. Горюныны алса
бұлар түнге қарай бәрібір ілгері баспайды, жайбарақат жайлы төсекке жантаяды. Ендеше
олардың осы атакасын тойтарғаннан кейін батальонды Горюныдан шығарып, орман ішіне
шегіндірейін. Немістер келіп мұнда жайғассын. Сол кезде батальонның жұдырығын
мықтап
түйіп әкеп, бұларды қапыда қайтадан түйгіштейін.
Осы шешімге табан тірей бергенімде екінші бір күдік көлбең ете қалды. Берік жатқан
батальонды орнынан тұрғызып сен қаша жөнелгенде, ол Горюныға қарамай, соңыңа түсіп
қуып берсе қайтесің. Онда сен қыстақты әдейі тастап, генералдың бұйрығын қасақана
орындамаған боласың деді күдік. Жок, немістердің өйтерлік шамасы жоқ. Олар Горюныға
кірсе, одан аттап ілгері баспайды. Сонда оларды біз жақсылап жамсатамыз. Бұйрықты
орындау деген қойған жерде қақайып қатып қалу емес қой. Ол бұйрыкты әр түрлі маневр
жасап та жүзеге асыруға болады. Біздің міндетіміз жауды осы арада кідірте тұру. Олай
болса дұшпанмен ары итерісіп, бері итерісіп, теке тірес боп тұрғанша, оны жаңағыдай
айла жасап, күйрете неге кідіртпейміз. Біздің мақсатымыз жаудың техникасы мен тірі күшін
көптеп құрта беру ғой. Сөйтсек бізге кім ұрысады. Қазақта «Апама да барайын,
тайлағымды да үйрете келейін» деген нақыл сөз бар. Сол айтқандай, бұйрықты да
орындасақ, немістерді де ойсырата кұртсақ бізге кім кінә тағады?
Ақыры, күдік жеңілді де, батылдық бел алды. Жаудың кезекті атакасын
тойтарғаннан кейін мен Горюныны тастап шығындар деп батальонға бұйрық бердім. Мұны
естігенде Толстуновтың көзі бақырайып кетті.
- Мұның не, есің дұрыс па? - деді.
- Дұрыс, - дедім мен. Содан кейін оған ойымды айтып түсіндірдім. Алғашында ол
менің көңіліме келген күдіктің сойылын соғып тұрды да, артынан:
- Жарайды, нар тәуекел. Бір іс бастаған екенсің, артын күтейік, - деді.
Сонымен біздің батальон тас түйін боп, Горюныдан шықты да, соның желкесіндегі
орманға келіп кірді. Оны көрген немістер орыстар қашты деді де, алдарына екі танк
салып, өздері төрт-төрттен сапқа тұрып, шұбалған ұзын колонна болып Горюныға
ұмтылды. Дүрбімен қарап санап тұрмыз, шамасы төрт жүз қаралы адам. Олар деревняға
жетісімен танктерін, зеңбіректерін тастай салып, үй-үйге сүңгіп кірді де кетті. Біраздан
кейін көшеде бақыртып тауық, шыңғыртып шошқа қуып, мәре-сәре болды да қалды. Бұл
кезде біз үш топқа бөлініп, деревняны үш жағынан қоршауға алдық та, олардың аузы
ыстық асқа енді тие бергенде ойранды салып кеп жібердік. Екілене соққан үш топ
немістердің күл-талқанын шы-
ғарды. Тура оларды жусатып салдық. Танк, зеңбіректер бір оқ шығармастан өңкиіп-өңкиіп
көшеде қалды. Құтылса бір он шақты-ақ адам құтылып кеткен болуы керек, өзгесі тегіс
кұрыды. Сөйтіп біз екі танк, екі зеңбірек, толып жатқан арба, төрт станокті пулемет
олжаладық. Үш штаб машинасы тола документтерімен қолымызға түсті. Толстунов мені
құттықтап жатыр.
- Бұйрықты беруін берсем де, ойым орындалмай қала ма деп зәре-құтым қалған жоқ,
Федя... Жігіттерге рақмет, - дедім мен.
III
Автор. Содан кейін не болды, Бауке?
Бауыржан. Содан кейін үй-үйді аралап жүріп, оларға жайғасқан жігіттерге рақмет
айтып шықтым. Келе сала күйреген неміс батальоны штабының барлық документтерімен
артындырып-тартындырып, өзім генералдың атына жауынгерлік ақпар жазып, түнделетіп
батальон штабының бастығы Рахимовты дивизия штабына жөнелттім.
Түнде қатты ұйықтап кетсем керек, біреу иығымнан қозғап оятады. Атып тұрсам -
Рахимов екен.
- Гусеноводан келдім. Ондағылар қатты қуанып қалды. Мынау Сізге жолдаған
Серебряковтың хаты, - деп Хабиболла маған рапорт берді де, умарланған дәптер бетіне
қызыл қарындашпен жазылған біздің дивизия штабының бастығы Серебряковтың хатын
қолыма ұстатты. Ашып оқып жіберсем, мынадай сөздермен басталған екен: «Жолдас
Момышұлы! Генерал да, біздің барлығымыз да сіздің жұмысыңызға ризамыз...» Содан
кейін генералдың асығыс түрде командашыға кеткенін, бізге рақмет айтып, алдағы
уақытта да абыройлы болуға тілек білдіргенін хабарлапты. Мұндайда «қатыны ұл
тапқандай қуанды» дейді ғой қазақ. Ал мен қатыным бір ұл емес, бес ұл тапқандай
қуандым.
Сонымен, не керек, біз қасық қанымыз қалғанша жаумен күресіп, генералдың
жоғарыдағы №014 бұйрығын орындадық. Басқа бөлімдеріміздің жылжып, кейін шығып
жайғасуларына жағдай жасадық. Біздің бұйрықты орындауымызға «Катюша»
дивизионының командирі капитан Кирсанов, дивизия артполкының командирі
подполковник Курганов пен артиллерия бастығы подполковник Марков ойдағыдай
адамшылық, азаматтық, тіпті туысқандық көмек көрсетті. Олар шегініп, екінші позицияға
ауысқаннан кейін біз жаумен тағы бір күн бетпе-бет арпалыстық та, үшінші күні қоршауда
қалдық. Бізге көмекке берілген танктердің септігі тимеді. Олардың топас подполковник
командирі бізге тек қорғаныста тұрындар деп айтқан деп, батальонға көмек бермеді.
Мотоаткыштар батальоны бірінші күні бұғып жатты да, екінші күні ешкімге айтпастан кейін
қарай шегініп, қашып кетті. Жау өтінде жалғыз қалған батальон қансырады. Сергей Танков
сияқты ержүрек рота командирінен айрылдық. Ондаған асыл жігіттер опат болды.
Батальон менің өз денем, өзімнің тұла бой, тұтас тұлғам еді. Оған тиген оқ, кірш-кірш кіріп,
менің тәнімді де тілгілеп жатты. Оққа ұшқан әрбір солдатпен бірге өз денемнің де
клеткалары қоса өліп жатқан сияқтанды. Енді маған батальонның қалған күшін
шашыратпай, шумақтай жинап алып кейін шегінуден басқа жол қалмады. Генералдың
бұйрығын орындадық. Ендеше батальонға ешкімнің ренжитін де, ұрысатын да жөні жоқ.
Ендігі міндет қоршауда қалдык деп ұнжырғаны түсірмей, батальонды найзалы
винтовкадай кезей ұстап, жолыққан жауды жайратып өтіп, дивизияға қайта қосылу болды.
Біздің бөлімдердің тактикалық есеппен жоспарлы түрде қалдырып кеткен жерлерін
иемдене ілгері ұмтылған немістерден қалыспай, қатарласа қозғалып бердік. Олар
масайрап Волоколамск тас жолымен келеді. Тас жолды қуалай созылған орман ішімен
оларды мысықтай аңдып біз келеміз. Ойымыз мына немістердің алғы шепке дүмін
тигізбей тұрып, өздерімен жағаласа барып, ілгері өтіп кету.
Соғыста солдат сорлыны аңдитын жау көп қой, қарағым. Оған алдан атылған оқ та,
снаряд та, мина да, төбеден төгілген бомба да - бәрі жау. «Ордағы солдатка оқ өтпейді»
деп баяғыда комбриг Дотоль айтқандай, оқтан қорғанарсың, снарядтан сақтанарсың,
бомбадан да құтыларсың. Бірақ солдатты құтқармайтын тағы бір жау бар. Ол - ұйқы. Қазақ
атамыздың «ұйкы - дұшпан» деген даналық сөзін бала күнімізде ауылдағы
ақсақалдарымыздың аузынан сан рет естісек те, соның мәнін ұғыппыз ба, қарағым. Оның
мәнін соғыста бір-ақ ұқтық қой. Жалғыз бұл ғана емес, соғыс аталарымыздың талай асыл
сөздерінің мағынасын ұктырды бізге. «Ат басына күн туса - ауыздықпен су ішер, ер
басына күн туса - етікпенен су кешер», «Балапан басына, тұрымтай тұсына», «Атадан ұл,
анадан қыз айрылып, көл қылып көздің жасын ағызамын» деген сияқты нелер сөздердің
шындығын сездік қой сонда.
Сөйтіп, үш күн бойына немістердің артиллериясына алдырмаған, танктерінен
тайсалмаған, бомбалауына болмаған батальонды әп-сәтте ұйқы өлтіріп кете жаздады.
Немістермен жанталаса жарысып келе жатқан біз Гусеново орманының шетіне іліктік.
Әри-
не, дивизия штабы бұрынғы орнында жоқ болып шықты. Дивизияның ізін шолып,
бағдарын білуге шолғыншылар жібердік те, олар келгенше екі сағаттай демалуға
ұйғардык. Әрбір он адамның алтауын ұйықтатып, төртеуін табандарынан тік тұрғызып
қойдым. Сөйтіп бір сағаттан кезек ұйықтасын дедім. Бұған дейін өзім де ұйықтамай,
ешкімді де ұйықтатпай аюдай ақырып келе жатқанмын. Өйткені жорық, ұрыс кезінде
ұйқыға кеткен солдат - өлі
солдат. Оны әке-көке деп ешқашан да оята алмайсың.
Колоннаны аралай шығып, бір үлкен ақ қайыңның қасына келіп, соның оқ тиген
қабығын алақаныммен сипап, иығыммен сүйене бергенім есімде. Қайыңның әппақ
қабығын әйелімнің иығы деп ойлап қалдым ба, қайдан білейін, әйтеуір соған сүйене сала
қор етіп ұйықтап кетіппін. Әйелді ойласаң-ақ қырсыққа қамалдың емес пе, ақ қайың мені
құшағына алып, әлдилей жөнеліпті... Оқ алмаған солдатты ұйқы осылай үн-түнсіз байлап-
матап ала
қойыпты. Есінде ме, Қобыланды батырды ұйқы жеңгенде жауларының жиналып келіп,
байлап алатын жері бар еді ғой. Дәл сондай боп, батальон батыр да қолға түсіп қала
жаздады.
Алғашында құлағыма алысырақтан пыр-пыр атылған автомат даусы келді. Ол өше қалған
сәтте «өзі автомат па, пулемет пе» деп ойладым. «Неміс пулеметі дүңкілдей атылса керек
еді. Біздікі сақ-сақ етіп зіркілдей жөнелуге тиіс. Екеуіне де ұқсамайды. Автомат болар»
дедім. Сөйткенше болған жоқ, әлгі үн сәл жақындай түсіп қайтадан естілді. «Ә, автомат
екен» дедім. Оған қарсы тіпті жақыннан қақала шығып, ұзағырақ безілдеген тағы бір үн
шықты. «Бұл да автомат» деді санам. Дүбірлеп, дүркіреген аяқ дыбысы білінді. «Ат
шапшаң», «аш көзіңді» деген таныс дауыстар естілді. Көзімді ашайын десем, аша
алмаймын. Тұрайын десем, тұра алмаймын. Айналада не боп жатқанын білмеймін.
Жақындағы дүбір ұзап барады, алыстағы автомат үні жақындап келді. Жақыннан
шыңғырған әлдебір жылқының үні құлағыма келді. Көзімді ашып алып, жан дәрмен
орнымнан атып тұрдым. Жан-жағыма қарасам, батальоным быт-шыт боп қашып барады.
Үстеріне ақ халат киген бір взводтай неміс оларға оқ атып, маған қарай қаптап келеді.
Таяу жерде тұрған кухнялардың жегулі тұрған аттарының біріне оқ тиіп, құлап түсіпті. Ол
жанталаса артқы аяғын сермеп жатыр. Айналамнан оқ зу-зу үшкіріп өтеді. Төбе құйқам
шымырлап, денем ағаш боп сіресіп
қалған сияқтанды. Пистолетімді суырайын десем қолымда жан жоқ, дабыстайын десем
аузым икемге келмейді. Біткен, құрыған деген осы екен деп ойлап, қададай қақшиып,
мелшидім де қалдым. Сол сәтте:
- Кейін! Кейін жүгіріңдер, комбат қалып қойды! - деп ышқына айғай салған
Толстуновтың үні құлағыма келді.
IV
Автор. Оның арты не болды, Бауке?
Бауыржан. Оның арты жүн-түтін атысқа айналды. Менің жанымнан оқ екі жаққа
қарай ерсілі-қарсылы зымырады. Менде енді қозғалуға дәрмен қалмады. Көзім
қарауытып, енді оқ тиеді-ау, енді құлаймын-ау деп тұрғанда батальон жақтан біреудің
«ура!» деп айғай салған даусы шықты. Топ-топ дүрсілдеген аяқ дүбірі естілді.
- Ағатайым-ай, барсың ба? - деп ентіге жүгіріп, ең бірінші боп келіп мені Жалмұхамед
Бозжанов құшақтай алды. Екеуіміздің де көзімізден жас ыршып кетті.
Ажал адамға әр түрлі бейнеде келеді. Оқ, от, су, аштық, ауру болып аңдиды.
Осылардың бәрін бірінен соң бірін соңыма салып, екі көзі екі тесік болып үңірейген қу бас
ажал саудыраған саусағын маған қарай сан рет созып еді. Бұл жолы ол мойныма ұйқының
арқанын лақтырып, бұлқынта буалдырық салған еді. Бірақ жауынгер серіктерім, адал
достарым, болат батальоным мені бұл тұзақтан да құтқарып әкетті, қарағым. Бұл ұрыс
небәрі он минутқа ғана созылды. Алайда, осы он минут ішінде мен дәл бір он жылға
қартайған шығармын деп ойлаймын.
Сонымен батальон қоршаудан шықты. Домна пешінің маңында болғаның бар ма
еді? Басына киіз қалпақ киген болат қорытушы қазанда от боп балқып жаткан болатты
қолындағы ұзын көсеуімен жан-жағына от шашырата көсеп-көсеп алмайтын ба еді.
Руданың ерімей жатқан тұсын танып, оған көсеуін және сілтейді. Сөйтіп ол қолындағы
көсеу арқылы қазандағы құрыштың тегіс балқуына көмектеседі. Жарқ-жұрқ жалын шашып,
бұрқ-сарқ қайнап жатқан құрыш оттың ортасын сұққылап-сұққылап суырып алған ұзын
көсеу сияқты, ұзын колонна боп шұбатылып орманнан шығып, біздің батальон 1941
жылдың 21 ноябрінде таңертең дивизия штабы тұрған деревняға қарай бет түзеді.
Батальон қызыл оттан суырылған құрыш кесеу болса, онда басына киіз қалпақ киген
болат балқытушы генерал Панфиловтың өзі деп ойладым мен ішімнен. Содан кейін
осыдан бір ай бұрын, бес күн, бес түн қоршауда болып, 20 октябрьде батальонның
дивизияға келіп қосылғаны есіме түсті. Сондағы генералдың алдымнан шығып, рапорт
беруге мұршамды келтірмей алақанымды қос қолдай қысып, әкемдей еміреніп, шексіз
қуанышпен қарсы алғаны көз алдыма келді.
Иван Васильевичті бұл жолы да сейтіп қуантамыз деп масаттандым көңілімді қуаныш
кернеп.
Содан кейін жүріп келе жатқан саптың алдына Толстуновты қалдырып, өзім
бүйірден тұрып, батальонға көз салдым. Жігіттерім рота-рота болып, еңселерін көтере
ұстап, аяқтарын адымдай басып келеді. Жол шетіне шыққан мені көргеннен кейін
бойларын
жиып, одан сайын ширақтана түсті. Өз роталарын бастап Ефим Филимонов, Семен Краев,
Жалмұхамед Бозжанов (оны Танковтың орнына тағайындағанмын) бара жатыр. Бір тұста
фельдшер Киреев, лейтенант Борисов, аю денелі артиллерист Андреев кетіп барады. Әр
жерден Курбатовтың, Синченконың, Хасеновтың төбелері көрінеді. Ең соңында кеше
жігіттер байлаған бір танк олжасы бар аспаз Жан Пайзиев томпаңдап ол кетіп барады.
Жаяулардың артынан атқа жегілген зеңбіректер, доңғалақты кухнялар, жаралылар
тиелген арбалар ұзын көш боп шұбалып олар келеді. Соларға көз салып, сыртым сұсты
көрінгенмен, іштей тебіреніп тұрдым. «Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын болат
батальонным менің! - дедім өз-өзімнен күбірлеп. - Батыр жігіттерім, асыл азаматтарым,
айналдым сендерден. Айналдым осындай ұл тауып, тәрбиелеген аналарың мен
аталарыңнан сендердің!».
Деревняға жарты шақырым қалғанда алдымыздан бір салтатты шауып шықты.
Тоқтатып жөн сұрадық. Бір бөлімшеге асығыс кетіп бара жатқан шабарман екен.
- Мынау тұрған Колпаки деген деревня, дивизия штабы осында, - деді ол. - Бірақ...
генерал Панфилов қайтыс болған. Оның орнына Шелудько деген полковник командир боп
келді.
Осы қаралы хабарды айтты да, ол атына қамшы басып жөнеле берді. Панфилов
өліпті деген хабар тарағанда батальон дауыл шайқаған сансыз теректей теңселіп кетті.
Арсаландап алыстан келген жолаушыға үйіне кіре бергенде «әкең өлді» деп естірткенмен
бірдей болды бұл хабар.
Жаңа ғана екпінді келе жатқан біздің еңсеміз түсіп кетті. Бес жүз метр жерге
сүйретіліп әрең жеттік. Батальонды штабтың қасына сапқа тұрғыздым да, баяндайын деп
өзім ішке кірдім. Бұл жолы маған құшағын жая ешкім де қарсы шыққан жоқ. Штабта
полковник Шелудько, дивизия комиссары Егоров және штаб бастығы полковник
Серебряков үшеуі отыр екен. Мен Шелудькоға қарап:
- Жолдас полковник, 1073-ші полктың 1-батальоны генерал Панфиловтың
тапсырмасын орындап, дивизияның қарамағына келді. Баяндап тұрған батальон
командирі аға лейтенант Момышұлы, - дедім.
- Іһі... «генерал Панфиловтың тапсырмасын...», - деп полковник мені кекегендей боп
езуін тыржитты. - Панфиловтың емес, Қызыл Армияның тапсырмасын деңіз, жолдас аға
лейтенант.
- Маған бұйрықты Қызыл Армияның генералы Панфилов берді. Мен соны айтып
тұрмын, жолдас полковник.
Егоров пен Серебряков мойындарына су кеткендей бұқиып, төмен қарады.
Полковник езуін тағы бір тыржитты да:
- Батальонды өз полкыңызға апарып қосыңыз, - деді.
Мен штабқа аяғымды ширақ басып, жіті аяндап кірген сияқты едім. Штабтан
батальонның қасына келгенде, әкенің өлгеніне көзі жетіп, оның қаңырап қалған кара
шаңырағынан құр сүлдері шыққан жолаушы жігітке ұқсадым. Өткен жолы дәл осылай
қоршаудан шығып келгенімізде Панфилов батальонды алдымен дивизия штабының
басында тамақтандырып, жігіттерге жылы сөз бен алғысын айтып, содан кейін полкке
жөнелтіп еді. Бұл жолы олай болмады. Екі күннен бері нәр татпаған жігіттер ішектері
шұрылдап, полкке дейін тағы да он шақырым аш салпақтайтын болды. Соған ашуландым
ба, әлде жігіттерді ширатайын дедім бе мен оларға құшырлана қатты айғайлап команда
бердім:
- Батальон! Оңға! 1073-ші полктың штабына қарай қарыштаңдар! - дедім де, өзім
Толетуновтың қасына келіп, онымен қатарласа аяндадым. Осымен бәрі де түсінікті болды.
Ұрыстан қалжыраған, ұйқыдан қажыған, әрі ашыққан азаматтар қыңқ етпестен соңымнан
ілесіп жүре берді.
Ал полктегілер бізді әлдеқайда жылы қарсы алды. Полк командирі майор Елин мен
комиссар Логвиненко бізді салтанатпен қарсы алмақ боп, алдымызға бір ротаны тізіп
құрметті қарауыл қойыпты. Мен батальонды тоқтатып, оңға бұрып, сапты тегістеп болдым
да, қатар тұрған ол екеуіне рапорт бердім.
- Жолдас командир! Жолдас комиссар! Сіздердің қарамақтарыңыздағы полктың
бірінші батальоны генерал Панфиловтың тапсырмасын орындап, қайтып келді, - дедім.
Полк командирі Елин менің рапортымды қабылдады да, қатты сілкіп қолымды қысты.
Комиссар Логвиненко «Командир саған қолын ғана берді. Міне менің сені қалай
құрметтейтінімді көрдің бе?» дегендей, қапсыра құшактай алып, екі бетімнен кезек сүйді.
Содан кейін тоқталмастан сөз сөйлеп кетті. Сөйлей білетін заржақ кісі еді. Бізді
Панфиловтың тапсырмасын абыроймен орындап келгенімізбен құттықтап, жұртты ұйытып
тастады. Сендерді өліп қалды деп есептеп едік деді. Арасына Жамбылдың
«Ленинградтық өренім» атты өлеңінің жаттап алған бір шумағын да қыстырып жіберді.
Панфиловтың дәстүрін сақтайық деп келді де, дереу «Жаңа командирдің басшылығымен
жана жеңістерге жетейік», «Жаңа командир бізге былай деді», «Жана командирдің
салиқалы нұсқауы әрқайсысымыздың жадымызда болсын» деп екінші әнге көшті. Ең
соңында ол бізге Панфиловтың 18 ноябрьде қаза болғанын естіртті.
Мінеки, ол бұйрықтың тарихы осылай, карағым.
V
Автор. Рақмет, Бауке. Бұл әңгіме полк командирі кезіңізде Сізге дивизия командирі
өзі қол қоймай комиссар мен штаб бастығына қол қойдырып жіберген бұйрықтан шығып
кетті ғой.
Бауыржан. Иә, мен Панфиловтың батальон командиріне берген бұйрығына да өзі
қол қоятынын айттым.
Автор. Айтпақшы Панфиловтың осы бұйрығына байланысты Сізге бір айтайын
дегенім бар еді.
Бауыржан. Айтқын.
Автор. Осы бұйрықтың көшірмесін Сіз «Генерал Панфилов» атты кітабыңызда
келтіргенсіз, Бауке. Бірақ бұйрыктағы «Матренинода 50 кд шеп кұрып жатыр» деген сөз
кітаптың 112 бетінде «Матренинода номері жоқ атқыштар дивизиясы (сд) шеп құрып
жатыр» деп қате кетіпті. Сол сияқты Покровское деген село - Мокровское, 768 артполк -
атқыштар полкі болып жүр. Әрине бұл Сіздің емес, Сізге көмекші ретінде бұйрықтың
көшірмесін салыстырып оқыған адамның кінәсі. Ол қатені Сіз генерал Доватордың атты
әскер корпусына қарайтын 50 кавдивизия екенін білмегендіктен жіберді деп отырғамын
жоқ, Бауке. Кітабыңыздың кейінгі басылымында мұндай тарихи деректердің дұрыстығын
ескеруіңіз керек дегенім ғой. Оның үстіне фото көшірмеде оның қандай дивизия екені
көмескі шығыпты, «д»-сы айқын да, оның алдындағы әрпі адам танығысыз.
Бауыржан. Оны сен қалай айқындадың?
Автар. Менің қолымдағы архив көшірмелерінде «Волоколамск операциясы» деген
документ бар. 16 армия оперативтік бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы майор Соколов қол
қойған сол документе Москва түбіндегі 1941 жылы 14 октябрьден 16 ноябрьге дейінгі
ұрыстардың қысқаша сыпаттамасы берілген. Сонда бұл ұрыстарға 50-ші кавдивизия мен
786-ші артполктың қатысқаны көрсетілген.
Баукең маған сүзе қарады да, үндемеді. Бұл кісі маған иланбай отыр ма деп ойладым
да, сөзімді әрі қарай жалғадым.
Автор. Бауке, бұл Қорғаныс Министрлігінің архивінен алынған документ. Сенбесеңіз өзіңіз
қарарсыз: «Ф. 16 А. ОП. 5916,д. 54-57, л. 1-4».
Бауыржан. Ой, сен өзің документшіл екенсің ғой.
Автор. Жұрт Сізге өтірік айтсаңыз да сенеді. Ал маған документ болмаса кім сенеді,
Бауке?
Бауыржан. Сонда сен мені өтірікші демексің бе?
Автор. Жоқ, Бауке, жай әшейін сөздің сірәғысы ғой.
Баукең менің бұл сөздерімді тындаған жоқ, әлдене ойына түсіп кеткендей, басын
темен салып, үнсіз отырды. Сәлден кейін барып еңсесін көтерді.
Бауыржан. Иә. Генерал Доватор генерал Панфиловтан бір ай кейін қаза тапты.
Екеуі де ел үшін еңіреп туған ер еді. Екеуі де жас кетті: Панфилов қырық сегізінде,
Доватор отыз сегізінде опат болды.
Автор. Сол ерлер қорғаған өмірдің рақат, қызығын қазіргі жастар көріп жатыр.
Бауыржан. Жастар әкелердің қанымен келген рақатты қадірлей білсе екен. Елді,
жерді сол ерлерше сүйіп, Отан үшін отқа түсуге әзір бола білсе екен... Ал, жарайды. Менің
бір күдігім болып отыр.
Автор. Қандай, Бауке?
Бауыржан. Сен оқушынды жалықтырып алып жүрмес пе екенсің деген.
Автор. Себеп?
Бауыржан. Өйткені екеуіміз сәл бүйректеу әңгімеге түсіп кеттік. Біздің бүгінгі
әңгімеміздің желісі Чистяков туралы емес пе? Енді соған оралсақ деймін.
Автор. Құп, Бауке.
Бауыржан. Жоғарыда Нахабино селосынан Чистяковпен жүздескеннен кейін қатты
тебіреніп қайттым дедім ғой. Рас, Панфилов өлгенде мен өзімді де, дивизияны да
бақытсыз екен деп ойладым. Сол ойда ұзақ жүрдім. Оқ пен оттың ішінде жүрген екі ай - аз
уақыт емес, қарағым. Енді міне, дивизияға командир болып Чистяков келді. «Жоқ, біз
бақытсыз емес екенбіз» деген қорытынды жасадым. Солдаттың бақыты дегеннің не екенін
түсінесің ғой сен. Ол командирден қатын әпер демейді, пәтер сұрамайды. Немесе мені не
кандидат, не доктор етіп, ақшамды көбейт, қызметімді жоғарылат демейді. Оған тек қана
бейіл, ықылас,
адамгершілік қатынас қажет. Қатесі болса қатты айтқанға солдат ешқашан да ренжімейді.
Бірақ кемшілігімді қорламай көрсет дейді. Бұйрығынды дұрыстап беріп, өлімге айдасаң да
жылы қабақпен жұмса дейді. Міне, оның бақыты осы. Ал командирін шын сыйлаған солдат
жаудан жеңілмейді, өлімді де жеңіп шығады. Өйткені оның бойында бұйрықтың күші ғана
емес, ар мен ұяттың, командирге, қолбасшыға деген сүйіспеншіліктің күші қоса жүреді.
Бұл
жеңіс үшін аса қажетті фактор. Суворовтың, Кутузовтың солдаттарының жеңімпаз
болуының негізгі себебі осында жатыр. Ал жүздеген, мыңдаған жауынгерге өзіңді жақсы
көрдіру оңай іс емес, қарағым. Оған ең алдымен ақыл, қайрат, адамгершілік қажет.
Ал енді мен саған дивизияға Чистяков келген кездегі жалпы жағдайды айтып
түсіндірейін. Мұны жазасың ба, жазбайсың ба - өзің біл.
Автор. Айта беріңіз, Бауке.
Бауыржан. Өзің білесің, Ұлы Отан соғысының алғашқы дәуірі күрделі-күрделі екі
кезеңге бөлінеді ғой. Оның біріншісі - 1941 жылдың июнь - ноябрь айлары. Бұл Совет
Армиясының стратегиялық қорғаныс жасай отырып, фашистердің Совет Одағын
«тұтқиылдан» талқандап жібереміз деген жоспарын күл-талқан етуі. Гитлер армиясының
емес, оның жоспарының күйретілуі, түсінікті ме? Екінші кезең - 1941 жылдың декабрі мен
1942 жыл апрелінің арасы. Бұл біздің әскерлеріміздің қарсы шабуылға шығып,
басқыншыларды батысқа қарай тырқырата қуған шағы. Міне осы екі кезеңде де біздің
дивизия белсене ат салысты. Алғашқысында оны генерал Панфилов, соңғысында
генерал Чистяков басқарды. Панфиловтың жаңағы № 014 бұйрығына байланысты
әңгімелер сол бірінші кезеңнің - Москваға қарап шабынып бой бермей келе жатқан
қаңтардың қара бурасын тізеден, тірсектен ұрып тоқтатып, оны шөгуге мәжбүр еткен
кездің оқиғалары. Кар-
тадан хабарың болса, көзіңді сал, - Баукең таяғын алып, қабырғада ілулі тұрған жалпақ
картаны нұсқады.
- Мынау үлкен жұлдыз ғой Москва. Біздің майданымыз Москваға иығын тіреп тұрып
жаумен шайқасты. Олар: Ленинград, Волхов, Солтүстік-Батыс, Калинин, Батыс, Оңтүстік-
Батыс, Оңтүстік майдандары деп аталды. Неміс әскерлері осы жеті майданға қарсы үш
топқа бөлініп шабуыл жасап келе жатты. Олар «Солтүстік» армияларының тобы,
«Орталық» армияларының тобы және «Оңтүстік» армияларының тобы деп аталды. Бір
кезде Наполеон Россияға шабуыл жасағанда осындай үш бағытты белгілеп алып: «Егер
Киевті құлатсам онда Россияны аяғынан алғаным; егер Петербургты басып алсам, онда
басынан жұлмалағаным; ал Москваны алсам, онда Россияның жүрегін шұқып жегенім»
деген еді. Гитлер тұтқиылдан соның үшеуін де бірден алып, Наполеонға ұқсаймын немесе
ұстазымнан да озып түсемін деп ойлады. «Мысықтың көзін ашпаған баласы арыстанға
қандай ұқсаса, Гитлер де Наполеонға сондай ұқсайды» деп Сталин оны тірі күнінде-ақ
өлтіріп салған болатын. Міне, Москваға отыз бес шақырым қалғанда біз тізеден соғып
тоқтататын қара бура Гитлерді Наполеон дәрежесіне көтеруге тиісті сол «Орталық»
армияларының тобы еді. Сонымен қатар оңтүстік пен солтүстіктегі ана екі бура да жеткен
жерлеріне шөгіп-шөгіп қалды. Ендігі міндет сол шөгіп жатқан есірік бураларды түрткілеп
орындарынан тұрғызып, бастарын кері бұрғызып, келген жақтарына қарай айдау еді.
Айдағанда сойыл шоқпарды үсті-үстіне салып, олардың енді кейін бұрылуға мұршасын
келтірмеу қажет болды. Сойыл, шоқпар деп отырғаным бомба, снаряд, мина екені түсінікті
ғой. Міне, бұл міндет ең алдымен, ағайынды тоғыз батыр тәрізді советтік тоғыз
майданның үшеуіне: Батыс (командашысы Г. К. Жуков), Калинин (командашысы И.С.
Конев), және Оңтүстік-Батыс (командашысы С.К.Тимошенко) майданына жүктелді. Бұлар
қарсы шабуыл жасап, жауды Москва түбінен желкелеп қууға әзірленді. Бұл үш майданның
қарамағындағы армияларда сегіз жүз мыңға жуық адам, 6808 зеңбірек пен миномет, 782
танк және 545 самолет болды. Ал Москва түбіне келіп тірелген жаудың адам саны
біздікінен - 1,25 есе, танктері - 2,2 есе, зеңбірек пен минометтері - 2,1 есе, ал самолеттері
- 1,7 есе көп болатын.
Оның есесіне біздің әрбір солдаттың көкірегінде жауға деген түпсіз өшпенділік,
Отанға деген мәңгілік махаббат, командирге, қолбасшыға деген шексіз сүйіспеншілік бар
еді. Орысша мұны ненависть, любовь и преданность деп атайды. Бұл үшеуіне жаудың
ешбір қаруы тең келе алмайды және ешбір жау көкірегінде осы үш өзгеше қаруы бар
солдатты ешқашанда жеңе алмайды. Жаздың ба? Менің үш топқа бөлініп Москваға қарай
ұмтылған
жау әскерлерін кісіге қарай шабатын құтырған үш бураға, біздің тоғыз майданды тоғыз
батырға теңеп және басқа да мақал, нақылдар шығарып айтып отырған себебім сенің
оқушыларыңа түсініктірек болсын дегенім. Әйтпесе бұл тұсың кафедрадан оқылған кезекті
лекция сияқты көңілсіздеу болады.
VI
Автор. Бауке, оттан ұшқан ұшқын тәрізді болып, Сіздің ауызыңыздан теңеу, нақыл,
метафора дегендердің жарқ-жұрқ ұшып жататынына таңғаламын. Және Сіз осыншама
оқиға, цифрларды қалай өлеңдей етіп жаттап алғансыз?
Бауыржан. Комплиментті қатындар жақсы көреді. Сен соларға айтқын мұныңды. Ал
мен әскери академияда лекция оқыған кісімін. Түсінікті ме саған?
Автор. Түсінікті.
Бауыржан. Түсінікті болса ары қарай кеттік. Сейтіп, біздің әскерлердің Москва түбіндегі
қарсы шабуылы 1941 жылдың 5-6 декабрінде басталды. 1942 жылғы январьдың басында
Москва түбінен басталған бұл қарсы шабуыл Совет Армиясының жаппай шабуылына
ұласты. Тоғыз батыр түгелдей білекті сыбанып тастап, немістерді оқпен осып, отпен үйтіп,
бомбамен желкелеп, келген жағына қарай қуды. Ол кездегі жағдайға жалпы шолу осы.
Осы тұста генерал Чистяков келіп біздің дивизияның тізгінін қолына алды.
Сөйтіп біз «қара бураны» қаумалап кейін қарай айдап келе жатырмыз. «Қара
бурада» бұрынғы хал жоқ. Москва түбіне келгенде бейіттің құлағындай серейіп тұрған екі
өркеш майысты. Қыршаңқы болғандай, әр жерінің жүні де түсе бастады. Кешегі жер
сызған шудадан желкілдерлік ештеңе қалмады. Сонда да ол артынан келе жатқандарға
айбат шегеді. Кейде кісіге жынын шашып тоқтап қалады. Кей күндері қарсы шөгіп жатып
алады. Екі көзі шатынап, тістері сақырлап, қозғалмастан қатып қалады. Екі-үш күн
әуреленіп, оны орнынан әрең тұрғызамыз. Қайткенмен бураның аты бура емес пе - тақап
барсаң тарпып тастайды: алдынан өтсең шайнап жібереді...
Москваға тақау келіп өмешесі кұрып сіресіп жатқан жауды біздің әскерлер қуатты
соққымен декабрьде желкелеп кейін қарай қуғаннан кейін, сәл күш жинап, қатарына жаңа
жауынгерлер қабылдап үлгірген біздің дивизияны Чистяков қабылдай сала Валдай
қаласына бастап келді. Біз Батыс майданынан, ортадағы Калинин майданының белін
аттап өтіп, Солтүстік-Батыс майданының қарамағына келдік. Осы жерде жаңадан
жасақталып жатқан 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының құрамына кіріп, жауынгерлік
тапсырма алдық. Командование 8-ші гвардиялық дивизияға осы арадан жау шебін бұзып
өтіп, қалың жаудың ортасына үңгілеп кіріп ілгері баруға бұйрық берді. Бұрын жау бет
алдымызда ғана болушы еді. Енді төрт құбыламыз тегіс аранын ашқан дұшпан болды.
Оның үстіне қылт еткен қаранды көрсе неміс құзғындары қаптай ұшып келіп, бомбамен
төбеңнен және құй қазады. Біздің міндетіміз жау қоршауында жүз километр шабуыл
жасап, алдымен Старая Руссаны немістерден босату. Одан соң тағы жүз километрге
ырғып, Холмды алу. Сөйтіп біз, үлкен қаптың ішіне кірген жолбарыстай боп, алға қарай
жылжып бара жаттық. Бұл қолыңа қылыш ұстап, жолдағысын жайпап құжынаған
жыланның ордасын қақ жарып өтумен пара-пар еді. Қаптаған жаудың қалың ортасына
кіріп алып, шабуыл жасап ілгері басу ешбір елде, ешбір
тарихта болмаған окиға. Осы аса жауапты міндетті Жоғарғы Бас командование қаһарман
8-ші гвардиялық дивизияға жүктеді. Бұл жорық бізге оңайға түскен жоқ. Қырық градус
қылшылдаған аязда, орман ішіне үйілген омбы қарды белуардан кешіп отырып, немістерді
бекініп жатқан жылы орындарынан қозғау оңай болып па. Екі жүз шақырымға созылған
бұл жорық Суворов әскерлерінің Альпы тауларынан асуы немесе Кутузовтың Бородино
шайқасынан кем болған жоқ. Сонау Балтық теңізінен Қара теңізге дейін созылған ұлан-
асыр майданда Совет Армиясы құрамаларының алдынан неше алуан ауыр асулар
кездесті ғой. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ал Валдай - Старая Русса - Холм жорығы біздің 8-ші
гвардиялық дивизияның өз Альпысы, өз Бородиносы болды, тіпті ол бүкіл Совет
Армиясының Альпы-Бородиносы болды деп батыл түрде айтуға тұрады. Олай болса
дивизия көлеміндегі біздің кішкентай Суворовымыз да, Кутузовымыз да генерал
Чистяковтың өзі болды. Бұл сөзді мен жағымпазданып айтып отырғаным жоқ. Қазір ол кісі
отставкада, мен армиядан кеткелі әлдеқашан. Несіне жағымпазданайын. Және осы
уақытқа
дейін ешкімге жағымсынып көрген емеспін. Мен сол кездегі болған шын жағдайды айтып
отырмын. Өлген генералиссимус пен фельдмаршалдан тірі генерал артық деген сөз емес
бұл. Сен түсін мұны. Әйтпесе Бауыржан да жағымпаз екен деп жазып қойып жүрерсің бір
жерге. Жоқ, одан аулақпын. Жақпасаң да жағымпаз болма. Мен осының кісісімін. Ал
Чистяковты сәл-пәл Суворов пен Кутузовқа ұқсатсам, оның адал еңбегіне берген бағам
бұл. Одан Суворов пен Кутузовтың ештеңесі де кеміп қалмайды. Олардың есімі Отандық
тарихымыздың төрінде бірі ұлы, бірі данышпан қолбасшы ретінде мәңгі жарқырап тұра
береді. Ал Чистяков ұлы да, данышпан да қолбасшы емес. Ол не бары адал коммунист,
Отанның қажырлы солдаты ғана. Сондықтан да ол осы ғаламат қиын іске иығын тосты.
Өзің ойлашы, саған мыңдаған адамның тағдырын қолыңа ұстатып, мына темір коридорға
кір де, оның ар жағындағы темір қабырғасын тесіп өт десе, барар ма едің, бармас па едің?
Бұйрық болғаннан кейін барсаң барарсың да. Бірақ, адамдардың обалына қалмай оларды
ары қарай алып шыға аласың ба, жоқ па? Әңгіме осында ғой. Сондықтан да ол осы екі жүз
шақырымдық жорықта солдаттармен иық тіресіп қатар жүрді. Әрқашан да алдыңғы
шептен табылды. Қай жерде қиыншылық сезілсе, сол жерге шапқылап өзі барды. Түнде
түні бойы көз ілместен отырып, қолға түскен тұтқындардың берген жауаптарын тыңдады.
Оның шындығын барлаушылардың жау тылынан әкелген ақпарларымен салыстырды.
Өстіп, көрер танды көзімен атқызып, ертеңгі ұрыстардың дұрыс шешімін табуы,
қателеспеуі керек. Мұнда сағат сайын сөйлесіп, кеміңді көрсетіп, жөніңді түзеп беріп
отыратын майдан немесе армия командашысы жоқ. Сол екеуінің ойлайтынын жалғыз
ойлап, олар қабылдайтын шешімді жалғыз табуың керек. Ал Чистяков болса, мұз жарғыш
кеменің капитаны іспеттеніп, жан-жақтан, төбеден жауған оқ астында қасқая қарап тұрып
дивизияны ұрыспен алға бастады. Қасымда командашы жоқ деп қысылмады. Оның
есесіне ол қарамағындағы офицерлермен үзбей ақылдасып отырды. Кейде ол бізге қарап:
«Менің кіші академиям сіздерсіздер ғой. Ал сіздер не айтасыздар?» деп әзіл тастап,
күлімдеп те қоюшы еді. Олай дейтіні Иван Михайлович Бас штабтың академиясында оқып
жүргенде соғыс басталып кетіп, содан майданға келген кісі ғой. Міне, осы жорық кезінде
солдаттар мен офицерлер оны «екінші Панфилов» деп атады. (Қажырлы
командирЧистяков)
Панфиловтың атына дақ түсірмей, оның дәстүрін дивизия арының туы деп біліп,
жоғары көтере ұстады да, Чистяков оны тағы бір даңқты жолға бастады. Бірінші
февральда дивизия Валдай - Старая Русса тас жолына шықты. Үшінші февральдың екпіні
атты кісіні құлатарлық боранды түнінде 1075 және 1073-ші полктардың алғы
батальондары тас жол бойындағы немістердің алғы шебіне жетті. Олар кідірместен
ұрысқа кірісіп, Бологое-Старая Русса темір жолын кесіп тастады. Осыдан кейін Красиково,
Брагино, Козырево, Фильшево сияқты ондаған деревняларда осындай қиян-кескі ұрыстар
болды. Солардың бәрінен немістерді сырғыта айдаумен келіп, дивизия жаудың Старая
Русса қорғанысын талқандады. «Қара бура» жығылған өркештері салаңдап, енді Холмға
қарай қашты. Оны қақпалап қуалай отырып, екі жүз километрлік ерлік жорығын аяқтап,
Холм қаласының түбінде Калинин майданының 3-ші екпінді армиясына келіп қосылды.
Ең алғаш Нахабино селосында көрісіп, қауышқаннан кейін, осы жорық үстінде мен
Чистяковпен бірнеше рет кездестім.
Дивизия ең алғаш дұшпанның шебін бұзып, жолбарыстай атылып жау тылына өтер түні
біздің полктың алдына қойылған міндет Ново-Свинухово қыстағын басып алу еді.
Немістерді маңдайдан және екі бүйірден соғып, қатты ұрыстан кейін қыстақты тартып
алдық. Оқ атылған жерде өлім аз болмайды. Кыстақта кәперсіз жаткан немістер қатты
қырылды, азын-аулақ бізден де шығын болды. Таң ата немістердің ең соңғы тобын
деревня аузынан желкелеп шығарып жатқанымызда кенеттен генерал келіп қалды.
Тұлғасына Қиыр Шығыстан көзім қанғандықтан басына солдат құлақшынын, үстіне
қоңырқай шинель киген, аяғында қалың ұлтанды шаруа етігі бар орта бойлы, тығыршық
денелі төртбақ адамның генерал Чистяков екенін бірден таныдым. Жан-жағына жіті көз
салып, асықпай аяндап келе жатқан генералдың алдынан шығып, рапорт бердім. Полктың
бұйрыкты уақытында орындап, қыстақты алғанын айттым.
- Шығын жоқ па? - деді генерал.
- Азын-аулақ бар, жолдас генерал.
Комдив қабағын шытты.
- Бұл жауабыңыз маған ұнамайды, - деді ол. - Азын-аулақ емес, бір де жауынгерден
айырылмауыңыз керек. Біз көрші ауылға тойға кетіп бара жатқанымыз жоқ, жолдас
капитан. Біз қалың жаудың ортасына кіріп ойран салуға кетіп барамыз. Қазір осы
деревнядан ілгері аттағаннан кейін, жол тарта топырақ сүзген бульдозердің ізіндей болып,
артымызда тар коридор пайда болды. Корпус біздің соңымыздан ілесе сол коридорға
кіреді де, өзге кұрамалардың күшімен екі жақ бүйірімізді шегендеп отырады. Біздің
міндетіміз корпусқа жол ашып, тоқтаусыз ілгерілей беру. Ол үшін бізге өз күшімізді сақтай
білу керек. Өйткені бізге сырттан келіп қосылар бір де солдат болмайды.
- Кінәлімін, жолдас генерал, - дедім мен комдивтің орынды ұрысқанына өзге жауап
таба алмай.
- Сіздің кінәңіз мынада, жолдас Момышұлы. Сіз жауды, жалынғандай боп, деревнядан
қолынан бір-бірлеп жетектеп шығардыңыз. Сіз кұтқарып қоя берген жау ертең
алдыңыздан шығып, рақым жасайтындай көрдіңіз. Фашистерден бізге ешқандай рақым
болмайды. Сондықтан оларды қоршап алып, құртып жіберуіңіз керек еді.
- Ақылымыздың жеткені осы болды, жолдас генерал. Мен жіберген бір топ әскер мына
қалың қарда омбылап жаудың желкесіне шыққанша таң атып кетеді деп ойладым.
Генерал көзін шүйіре қалып, жау кеткен жаққа назар салды. Оның ойланғанда
өстетіні де маған бұрыннан мәлім. Содан кейін сәл басын изеді де:
- Шығынсыз соғыс болмайды ғой, - деді. - Бірақ оның орынды, орынсыз деген екі түрі
болады. Әрине, біз үшін соның екеуінің де болмағаны жаксы. Мен сондықтан айтып
жатырмын. Мына қалың қарда қоршау қиын да болған шығар. Бірақ болашақта осы әдісті
кең қолдануымыз керек, жауды қоршап алып құртып отыру қажет. Осы есіңізде болсын.
Бүгінгі ұрысты өзіңізге бір сабақ деп қабылдаңыз. Келесі жолы содан қорытынды
шығаратын болыңыз.
Генералдың маған жорықта жасаған бірінші ескертпесі осы болды. Бұған мен
шамданғаным жоқ. Қайта ақылын айтқаны үшін разы боп қалдым. Бәсе, бұл кісі осындай
адам болса керек еді ғой, деп көңілденіп, полкімді ілгері қарай бастадым.
VII
Автор. Бауке, Сіз ол кезде 1075-ші полк командирінің орынбасары емес пе едіңіз?
Полкті Сіз басқарып жүрсеңіз Капров қайда болып еді?
Бауыржан. Орынбасар екенімді қайдан білдің?
Автор. Архивтен алынған документтерден. Өзіңізге берілген куәліктен білемін.
Бауыржан. Қандай?
Автор. Міне, мынадай. Мен Сізге оқып берейін.
«Куәлік»
«Осыны ұсынушы Бауыржан Момышұлы Қызыл Ту орденді 8-ші гвардиялық
атқыштар дивизиясында тұрақты әскери қызмет атқарады».
Осыдан кейін бұл куәліктің «Қызмет бабы және әскери атағы» деген тұсына мынадай
мәліметтер жазылыпты:
1) 26. II 1941 ж. 1073-атқыштар полкының командирі, аға лейтенант.
2) 10.12.1941 ж. 1075-атқыштар полкы командирінің орынбасары, аға
лейтенант.
3) 23.2.1942 ж. 1073-атқыштар полкының командирі.
Тағы да қандай мәліметтер бар дейсіз ғой. Айтайын. 1910 жылы 24 декабрьде Оңтүстік
Қазақстан облысы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында туыпсыз. Әйеліңіз бар екен.
Аяғына «Б.Момышұлы» деп латын әріптерімен қол қойыпсыз. Бұл куәлік мерзімі
алғашында 1941 ж. 13 декабрьге дейін, одан соң 1942 ж. 24 декабріне дейін, одан соң
1943 ж. 18 майына дейін үш рет ұзартылған.
Онда Сіздің 1942 жылы 6 июньде Калинин майданы әскерлеріне арналған № 0196
бұйрық бойынша Қызыл Ту орденімен наградгалғаныңыз, 1942 жылы 27 августа Сізге 2-ші
гвардиялық атқыштар корпусы бойынша жарияланған № 157 бұйрықпен «Гвардия»
значогы берілгені көрсетілген.
Және әскери атағыңыздың қашан, қай дәрежеге көтерілгені туралы да деректер
бар. Батыс майданы әскерлеріне арналған № 0413 бұйрық бойынша 1941 жылы 19
декабрьде капитан, Калинин майданы әскерлеріне арналған № 0146 бұйрық бойынша
1942 жылы 10 майда майор, ал Қорғаныс Халық Комиссариатының № 06 190 бұйрығы
бойынша 1942 жылы 2 октябрьде подполковник болыпсыз. Дұрыс па?
Бауыржан. Дұрыс. Бірақ біз Валдай түбінен шабуылға шыққанда полковник
Капров жараланып, шанада келе жатқан болатын. 1075-ші полкты бұл жорықта тікелей
мен басқардым.
Автар. Артынан 1073-ші полкке қайтадан командир болдыңыз ғой.
Бауыржан. Иә.
Автор. «Москва үшін шайқас» документке негізделген дүние болғанымен бір
жағынан көркем шығарма ғой. Сол себептен де Сіз онда аз уақыт орынбасар
болғаныңызды айтпағансыз ғой, тегі.
Бауыржан. Иә. Оның өтірігі жоқ қой.
Автор. Өзгелер үшін өтірігі жоқ. Мен барлық документтерді салыстыра
оқығандықтан сұрап жатырмын ғой.
Бауыржан. Сөйтіп, жаудың тылында жортып келе жатырмыз. Кей күндері бірнеше
қыстақты бірден алып жібереміз. Қолға түскен тұтқындардың айтуына қарағанда немістер
қатты үрейленіп қалса керек. Бір взвод немесе рота емес, өздерін бақандай бір дивизия ту
сыртына шығып алып желкелеп келе жатса қалай қорықпасын! Оның үстіне бұл Москва
түбінде атағы жайылған 8-ші гвардиялық дивизия екені олардың тіпті зәрелерін алады.
Жолдағы гарнизондар мен бөлімшелердің осы маңда зоопарктан шығып кеткен арыстан
жүр екен деген қорқынышты хабар естігендей, аза бойлары қаза болады. «Сақтаныңдар,
Панфиловтың «тағы» дивизиясы келе жатыр» деп, олар жан-жақтарына жар салады.
Москва
түбінде немістердің аузын әлденеше рет қан жалатқандықтан фашистер біздің дивизияны
осылай, «тағы» дивизия деп атаған ғой. Олар біздің артымызда бүкіл корпус келе
жатқанын, біздің дивизия сол корпустың авангарды екенін қайдан білсін.
Осылай, жолдағы жаумен жағаласа жорық жасап келе жаттық. Бірнеше қатерлі
күндер мен түндер өтті. Алғашында шашырай жүреміз деп шаршауымыз көп болып еді.
Артынан оның да әдісін таптық. Алға шаңғы мінген шолғыншыларды, ақ масхалат киген
тосқауылшыларды жөнелткеннен кейін колонна болып жаяулар қозғалады. Жаяулардың
алдына саперлер шығып, колонна өтетіндей етіп жолда кездескен ағаштарды кесіп
отырады.
Колоннаның алдына кезекпен сегіз жауынгер шаңғысыз қатарласа шығып, қалың қарды
омбылап із салады. Олар кезекпен жүз-екі жүз метр сайын алмасып отырады. Одан
артыққа адам шыдамайды. Нелер атпал азаматтардың жүз метрден кейін булары
бұрқырап шыға келеді. Содан кейін оларды жаңа жігіттер алмастырады. Олар шаршаған
кезде полк комсоргы Балтабек Жетпісбаев бірнеше жігіттерді ертіп алып, алға өзі түсуші
еді. Балтабек
дегеніңіз таудай кісі. Қалың қарды бұрқыратып аршындай адымдағанда қайраттың көкесін
сол көрсететін еді. Қасындағы жігіттері де одан қалыспайтын. Кейіннен білдім, Балтабек
сонда Төлеген Тоқтаров, Жұмажан Батталов, Жүніс Нұрбосынов, Қайырбек Жүнісов
сияқты бірнеше ер жігіттерді қасына ертіп алған екен ғой. Ол жігіттер қалың қарда
малтығып келе жатқан колоннамыздың басы ғана болған жок, сол жорықтағы
абыройымыздың да алды болды. Олардың көпшілігі осы жорықта ерлікпен қаза тапты.
Сол сияқты Мәлік бастаған шаңғышы автоматшылар тобы колоннаны қызғыштай қорғап,
біресе алға, біресе артқа ұмтылып, жұлдыздай ақты. Шынында да солардың бәрі,
айналып кетейіндер, жұлдыздай жарқырап тұрған жандар еді. Көпшілігі қыршын кетті ғой
есіл ерлердің!
Орман ішінде полкты бастап келе жатып, генерал шақырады деген хабар
алдым. Ақбоз атты ызғытып, Васильево қыстағындағы генерал отырған үйге келдім.
Кірсем генерал картаға қатты үңіліп қалған екен. Келгенімді айтып, сәлем бердім. Генерал
адъютантына ас алдырды. Осы күнгі жастардың үстелге отырғанда кітабын ала келіп,
астан анда-санда бір алып, кітапқа қадала отырып тамақтанатыны сияқты, комдив те
біресе шай ұрттап, біресе
картаға қараумен болды. Содан соң ол менің назарымды да картаға аударды.
- Мынау Демьянск деген қала, - деді генерал картаны саусағымен нұсқап. - Біз
жаудың 16-армиясын осы қалада қоршауға түсіруді көздеп келе жатырмыз. Ол үшін біз
Холмға солтүстіктен, Калинин майданының әскерлері оңтүстіктен келіп тоғысуы тиіс.
Сөйтіп Холмда қаптың аузын бууымыз керек. Ол арғы міндет. Ал бергі міндет - Холмға тез
жету. Жолдағы қыстақтарды жау тепкісінен азат ету. Бірақ мынау Соколово деген деревня
екі күннен бері дивизияны шаужайдан алып ұстап тұр. Олай болатын жөні бар. Бұл Холм
тас жолын жағалай бірнеше километрге созылып жатқан үлкен деревня. Бұл деревня
кімнің қолына көшсе, тас жол соған қызмет етеді. Сондықтан да немістер бұл деревняны
қорғауға СС, «Қу бас» сияқты ең таңдаулы бөлімдерін төгіп отыр және сол себептен де
жау біздің төбемізден самолеттерін қаптатып, бас көтертпей жатыр. Соколовоның ар
жағында мына бір Трошково деген деревня тұр, - деп комдив оны тағы да саусағымен
түртіп
Көрсетті. - Бар гәп, меніңше, осында ғой деп ойлаймын. Сіз қалай деп есептейсіз?
- Әрине, жолдас генерал, - дедім мен. - Екі ортада күре тамырдай боп мына бір
жол жатыр екен. Ең алдымен сол күре тамырды кию керек болар.
- Дұрыс айтасыз, - деді генерал куана бас изеп. - Алдымен Трошковоны құрту керек.
Сонда бұл күретамырмен Соколовоға қарай ағатын қан тоқтап қалады. Бұл үшін
Соколовоның мына жақ сыртын айналып барып, таң атқанша Трошковоны алу керек. Бұл
қиын міндетті күштерің аз болса да Сіздің полкке жүктеймін. Сізге беретін бұйрығым осы.
Бұйрықты алып, орман ішінде немістерді қар жамыла қадағалап жаткан полкке
келдім. Полк комиссары Ахметжан Мұхамедияровты, батальон командирлерін шақырып
алып қыскаша ақылдастық та, Балтабекті жігіттерімен тағы да колоннаға паровоз ғып
«жегіп», дереу ілгері жүріп кеттік. Он бес шақырымдай қалың қарды сызып отырып, түс
ауа орманның Трошковомен жанасатын өкпе тұсына келіп іліндік. Сол арадан дереу жан-
жаққа адамдар жөнелтіп, барлау жасауға кірістік. Барлаудың қорытындысында мынадай
жай анықталды.
Соколовоға қуат болып тұрған жалғыз Трошково емес екен. Трошковоның
сыртында тағы Баркловица, Трохово, Кашино, Коншино деген қыстақтар жатыр. Ол
төртеуінің ортасында тіреудей сорайып Бородино деген бір дәу деревня және тұр. Біз
алғашында тек Трошковоны ғана аламыз деп келген едік. Бұйрық бойынша солай етіп
қана қоюымызға болады. Бірақ жалғызТрошковоны алғанмен іс бітпейді. Онда полкке
мына бес қыстақ бес
жақтан ауыз салады. Соколоводан кейін сырғыған жау сені және жаныштайды. Сондықтан
генералдың бұйрығына «түзету» жасап, осы алты қыстақты бірден алу керек пе? «Бұл
қиын міндетті күштерің аз болса да Сіздің полкка жүктеймін» деді генерал. Бұл оның
санмен емес, санамен алыңдар деп, бізге сенгені еді. Сеніп тапсырған істі адал ғып
орындау абырой. Ол үшін алты қыстақты бірдей алу керек. Оған күшіміз жете ме? Генерал
жауды қоршап
құртуды дивизияның бірінші парызы болсын деді. Бар күшпен Трошковоны ғана алып қана
қойсаң, басқа бес қыстақ және жанынды қоймайды. Сондықтан аз күшпен болса да
осының алтауын бірден алу керек. «Нартәуекел!» демейтін бе еді атам қазақ. Халық
сөзінде қапы жоқ. Нар тәуекел!
VIII
Полкке бұйрық осылай берілді.
- Өзіңді өзің өлімге қидың-ау, Бауыржан. Мұның қатал бұйрық болды ғой, - деді
комиссар.
- Басқа жол жоқ, Мадияр, - дедім мен.
- Күшіміз аз ғой, бір батальон артта қалды.
Айтқан бұйрық аққан қылыш сияқты. Оны бәрібір тоқтата алмайсың. Тасқа тие ме,
басқа тие ме - қылыш оны артынан бірақ көреді. Бұйрық берілгеннен кейін оны орындау
ғана қалады. Енді соған кірістік.
Полктың қалған күшін алтыға қақ бөлдік. Әр бөлікке Мұхамедияров, Гундилович,
Трофимов, Мамонов, Жетпісбаевты басшы етіп белгіледім. Алты қыстақтың ішіндегі
алыбы Бородино болғандықтан капитан Гундиловичтің қасына политрук Мәлік
Ғабдуллиннің автоматшылар ротасын қосып бердім. Сағат түнгі екіде полк топ-топқа
бөлініп, қаруларын серт ұстап, орай соққан ақ боранды арқаларына жамылып, әр топ
өзіне тиісті қыстаққа қарай тартып берді.
«Жолдарың болсын, батырларым, бауырларым. Сегізінші февральдің бұл түні
сендердің атақ, абыройларынды арттырсын. Бірақ сендердің өмірлеріңнің ақтық түні
болмасын. Бұл түнде ақ қардың үстіне қызыл қандарың төгіліп, қаза жетер азамат болса,
қандарыңды қарыз ғып менің мойныма жүктемеңдер, қарақтарым. Сүйегім шашылып
қалғанша мен сендердің қасындамын. Осы қараңғы түнде сендерге сілтелер найзаға
кеудемді қоса тостым, мінеки!» - деп іштей тебіреніп тұрдым да, дыбысымды сыртқа
шығармай тістеніп, алтыншы топты бастап Трошковоға қарай өзім жөнелдім.
Бұл міндет те, полктың алдына қойылған өзге міндеттер де абыроймен
орындалды. Дивизия тұтас өз борышын абыроймен іске асырып, 1942 жылдың 14
февралінде оңтүстік жақтан орай шабуыл жасап келе жатқан Калинин майданы
әскерлерінің 33-ші атқыштар дивизиясымен келіп қауышты. Міндет абыроймен
орындалды деген сөз айтуға ғана оңай. Адамға абырой тыныштық күндерде тек термен,
еңбекпен ғана келеді. Ал соғыста тер мен
қан қоса төгіліп барып абыройға жетесің. Демек, бұл жорықта да солай болды, қарағым.
Көптеген асыл азаматтар Отан үшін опат болды. «Абыроймен» деген сөзді сен осылай
түсін, осылай түсіндір оқушыңа. Сонымен, үнемі 8-ші гвардиялық дивизияны алдына
авангард етіп ұстаган генерал Лизюков бастаған біздің 2-ші гвардиялық корпус жау
әскерлерінің Демьянск тобын қоршауға алған атақты жорығын аяқтап келіп, марттың аяқ
жағында Холм қаласының түбінен ірге тепті. 1941-1942 жылдарда Совет Армиясының аса
маңызды жиырма үш шайқасы болды. Оның тоғызыншысы 1941 жылғы октябрьдегі
Москваның шалғай шебіндегі қорғаныс шайқасы, ал оныншысы 1941 жылғы ноябрь-
декабрьдегі
Москваның таяу шебіндегі қорғаныс шайқасы деп аталады. Ал соның он жетіншісі - совет
әскерлерінің 1942 жылғы январь-апрельдегі Демьянск шабуылы операциясы. Біздің
дивизия осы жиырма үш шайқастың үшеуінің жуан ортасы емес, қасқа маңдайында
болды. Алғашқы екі шайқасқа қатысқаны үшін Қызыл Ту орденімен наградталған
дивизияға он жетінші шайқастағы ерлігі үшін Ленин ордені берілді. Алғашқы екі шайқаста
оны генерал Панфилов басқарса, соңғы шайқасты генерал Чистяков бастады. Ал
корпусымыздың командирі болған генерал А. И. Лизюков, кейіннен, Воронеж түбінде, танк
армиясының қолбасшысы боп
жүргенде қаза тапты.
Автор. Төлеген Тоқтаров пен Мәлік Ғабдуллинді Совет Одағының Батыры атағына
ұсыну документтерін кім даярлап, кім қол қойды?
Бауыржан. Мен. Генерал Панфиловтың сенімді серіктерінің бірі, біздің
дивизиядағы қадырлы ақсақалымыз полковник Илья Васильевич Капровтың полкынан
Москва түбіндегі ұрыстарда 29 Совет Одағының Батыры шыққан еді. Саяси жетекші
Василий Георгиевич Клочков басқарған 4-ротадан шыққан 28 батыр және 6-ротаның саяси
жетекшісі Петр Борисович Вихрев. Бұл да өзіміздің жерлесіміз, Алматы облысы Шелек
ауданының тумасы
болатын. Оларға Валдай - Холм жорығында осы екі батыр қосылды. Сөйтіп, бұл жаяу
әскер дивизияларының ішіндегі батыр ең көп шыққан полктардың не бірі, не өзі болды.
Менің 1075-полктегі ең соңғы қызметім осы екі азаматты Батыр атағына ұсынып, қол
қойып, қағаздарын жоғарыға жөнелтумен тынды.
Автор. Өйткені Сіз 1942 жылы 23 февральда мынадай бұйрык алдыңыз ғой.
«1075-атқыштар полкы командирінің орынбасары капитан Б.Момышұлына
Осыны алысымен Сізге дивизия командирі 1073-ші полкты қабылдап, соның
командирі қызметіне кірісуге бұйырды.
Штаб бастығы. полковник (СЕРЕБРЯКОВ)
Дивизия военкомы. батальон комиссары ФРОЛОВ
4-ші бөлімнің бастығы.
2 рангалы интедант. РЕВЯКИН
Бауыржан. Иә.
Автор. Мұндағы үшінші боп қол қойған интендант Ревякин Чистяковқа дейінгі
комдивтеріңіз емес пе?
Бауыржан. Жоқ. Генерал-майор Василий Андреевич Ревякин Кремльдің және
Москваның бұрынғы әскери коменданты болатын. Тегі әскери дипломат, соғыстың жайын
білмейтін қала генералы еді. Сондықтан ол кісі біздің дивизияда 1941 жылдың 1
декабрінен 1942 жылдың 15 январына дейін ғана командир болды. Одан кейін баска
қызметке ауыстырылды.
IX
Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның жау тылындағы сол атақты жорығын баяндай
келіп, генерал Чистяковтың не деп жазғанын оқиын ба?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Генерал Чистяков былай деп жазады:
«Холм бағытында шабуыл жасай отырып, дивизия жаумен жағаласқан ұрыс үстінде
екі жүз километрден астам жол жүрді. Сөйтіп, Замостье-Лисичкино, Чамовка-Пустынки
Вторые шебіне шықты. Дивизия бұл ұрыстарда дұшпанның жекелеген гарнизон,
бөлімдерін жойып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның Холмға өткізбеу үшін жасаған
бөгетінің бәрін талқандады...
Бұл арада 1073-полктың және оның командирі Бауыржан Момышұлының, сол
сияқты полктың жігерлі, батыл комиссары П.В. Логвиненконың еңбегіне тиісті баға бере
кеткен жөн. Старая Русса-Холм тас жолын бойлай жасаған бұл жорықта полк қиын
жағдайда қалғанына қарамастан, дұшпанмен жекпе-жек шайқасып, оның қорғаныс шебін
күйрете алға басып отырды. Қақаған аяз да, қалың қар да оған бөгет бола алған жоқ.
Февраль мен мартта дивизия екі жүз елуден астам ел мекенін жаудан тазартып,
дұшпанның бес мыңнан астам солдаты мен офицерін, жиырма танкін, мыңдай
автомашинасын, жүздеген зеңбіректері мен пулеметтерін жойды.
Осы бір қаһармандық жорықта Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның
жауынгерлері Отан үшін қаншама ерліктер жасады десеңші! Олар мыңдаған ерлік істеді!»
Бауыржан. Рас. Екі айға созылған бұл жорықтың алғашқы жиырма үш күнінде мен
1075-ші полкты басқардым. Капров тәуір болғаннан кейін оған өз полкін өткіздім. Илья
Васильевич әкемдей тебіреніп бетімнен сүйіп, полкінің атынан рақмет айтып, мені
қолтығымнан алып, Ақбоз аттың үстіне өзі аттандырып мінгізді. Мадиярмен (Ахметжан
Мұхамедияровты осылай атаушы едік), Мәлікпен, Гундиловичпен, Трофимовпен,
Мамоновпен, Балтабекпен - бәрімен қоштасып, тумаса да туғандай боп кеткен полкты,
туыстай боп кеткен адамдарды артқа қалдырып, атқосшым Николай Синченко екеуіміз
туған үйіміз іспетті саналатын Талғар полкіне қарай тартып бердік. Сол 23 февральдан
бастап, атақты жорық аяқталғанға дейін, одан кейін де көп уакыт мен 1073-ші полктың
командирі болдым. Чистяков менің осы екі полктегі қызметімді бір-ақ түйіндеп айтқан ғой.
Автор. Бірден полкқа бардыңыз ба?
Бауыржан. Жоқ. Чистяков алдымен маған соқ. Содан соң Лизюковке барамыз
деген еді.
Автор. Бардыңыздар ма?
Бауыржан. Бардық. Лизюков ете бір сүйкімді де, сыпайы да кісі екен. Бар өмірін
танктың болат қорабының ішінде өткізіп келе жатқан адам дейтін емес. (Ол кісі танк
әскерлерінің генералы болатын.) Тура өзіміздің Сарыарқаның сарбаз ағаларының бірі
сияқты еді.
- Сіз туралы маған Иван Михайлович толық айтты, - деді генерал жадырай
сөйлеп. - Сіздің Москва түбіндегі еңбектеріңізбен де, осы жорық үстіндегі
жұмыстарыңызбен де таныспын. Бұл аз десеңіз мына Иван Михайловичпен сонау Қиыр
Шығыста бірге болғаныңызды да білемін. Сізді полк командирі етіп тағайындау туралы
бұйрыққа қол қойып қойдым. Осы уақытқа дейін полктың заңсыз командирі боп келсеңіз,
енді заңды командирісіз. Менің Сізге қоятын көп сұрағым жоқ. Тек өзіңізбен жүздесейін
деп қана шақырдым.
- Сеніміңізге рақмет, жолдас генерал.
- Неше рет қоршауда қалдыңыз, жолдас майор? - деді Лизюков менің бас-
аяғыма көз жүгіртіп өткеннен кейін, әлдене есіне түскендей, ойлана қалып. Жүзі жылы, өңі
сүйкімді, өте бір парасатты кісі екен.
- Бес рет, жолдас генерал, - дедім мен.
- Өз күшіңіз, өз ақыл-ойыңызбен бе, әлде сізді құтқарып алды ма?
- Батальонның қаруымен, жігіттердің жігерімен, өзімнің ойыммен, жолдас
генерал.
- Бесеуінде де ме?
- Дәл солай, бесеуінде де!
- Міне, Сіздің бір басыңызда қаншама қазына жатыр! - Бұл кезде ол менімен
емес, өзімен-өзі сейлесіп кеткендей болды. - Мұндай ғажайып қазыналар қаншама
десеңізші!
Қоршауда қалудың қазыналығы шамалы ғой. Бұл кісі нені ойлап отыр екен дедім
ішімнен.
- Соғысты қай жерден бастадыңыз?
- Москва түбінен, жолдас генерал.
- Шекарадан шегіну мектебінен өтпеген екенсіз ғой.
- Өткемін жок, жолдас генерал.
- Оқасы жоқ, - деді генерал саусақтарымен үстелді тақылдатып. - Москва
түбіндегі ұрыстар өз алдына өзгеше мектеп. - Осыдан кейін ол менің бетіме тіке қарады.
Тікендей қадалатын немесе өңменіңнен өтетін көз емес, өн бойыңды рентген сәулесі
сияқты, әлдебір жылы нұрмен жарқырата шолып ететін өзгеше бір жұмсақ көзқарас екен.
Кеудесінде жарқыраған Алтын Жұлдызы ол да жанға жылу таратқандай әсер етеді. -
Жаңылмасам жаңа сіз «жігіттердің жігерімен» деген сөз айттыңыз-ау деймін. - Генерал
«жігіттердің» деген сөзді сәл бұзыңқырап айтты. - Тегі ол «жауынгер» деген сөздің
баламасы болар деп ойлаймын.
- Дәл айттыңыз, жолдас генерал. Қазақша «жігіттер» дегеннің мағынасы
орысша «жауынгерлер» деген сөз.
- Рақмет, жолдас майор. Онда мен қателеспеген екенмін. - Осылай деп сәл
ойланып алды да, Лизюков сөзін әрі қарай жалғады. - Ал ешбір есепке көнбейтін, ешбір
сынаққа сыймайтын нәрсе адам жанының жігері ғой. Қиын-қыстау кезеңде бір солдаттың
бойынан шыққан бір тамшы жігер мың солдатқа жол ашады. Ал мың солдаттың, айтайық
полктың жігері көл іспеттес, ал дивизияның жігері теңіз боп толқиды. Солдат жігерінен,
шақпақтан ұшқын шашыратқандай етіп, жігер тудыратын кім? Командир ғой. Солай емес
пе?
Мен басымды изедім.
- Дәл солай, жолдас генерал, командир мен комиссар.
Лизюков жымиып басын изеді.
- Дұрыс айтасыз, мен командир дегенде, саяси қызметкер екеуін қосарлай
есептеп отырмын. - Осыдан кейін генерал алғашқы ойын қайтадан жалғастырды. - Ал
солдат жүрегі шақпақ. Бірақ шақпақ өзінен-өзі от бермейді, оны тұтату керек. Және де
шақпақтың ұшқыны құрғақ білтеге түссе ғана тұтанады. Командир бір шақпақты ғана емес,
жүз шақпақты, мың шакпақты, тіпті мыңдаған шақпақты тұтатуы тиіс. Ол үшін ақыл,
қайрат, адалдықтың үстіне, командирге қаншама жалын, шиыршық атқан ширақтык,
дамыл таппайтын мазасыздық, жағдайға қарай жол таба білетін ой-өріс өте керек
десеңізші!
Х
Генерал Лизюков осыларды айтып тоқтады да, кенеттен маған сұрақ қойды.
- Бастан кешкеніңізді баяндап қағазға түсіре аласыз ба?
- Қойын дәптерге түртіп жүргендерім бар, жолдас генерал, - дедім мен.
- Бұрын жазу жұмысымен айналысып көрген жоқ па едіңіз?
- Соғысқа дейін ептеп өлең жазатын едім...
- Өлең? - деп генерал мырс етті. Бұл менің соғысқа дейін өлең жазғанымды
ұнатқаны, не ұнатпағаны екенін аңғара алмадым. Содан соң қасқа басын сәл шұлғып
отырды да, сөзін қайтадан жалғады. - Соғысқа дейін өлең жазсаңыз, соғыстан кейін өнеге
жазу керек болады, жолдас майор. - «Өнеге» деген сөзге екпін бере айтты. - Менің
ойымды түсіндіңіз бе?
- Жобалап тұрмын, жолдас генерал.
- Жобаласаңыз солай! Соғыс - бүгін қисапсыз қан төгіп, шексіз шығын
болғанымен, кейінгіге сабақ. Бүгінгі өлшеусіз өлім - болашаққа өлмеудің өнегесі. Сонау Ақ
теңізден анау Қара теңізге дейін киян-кескі соғыс болып жатыр. Бұл өзі бір жағынан мол
тәжірибе де. Дүние жүзі соғыс тарихында мұндай тәжірибе болған емес. Шегінісіміз де,
қорғанысымыз да, шабуылымыз да тәжірибе, болашаққа қазына. Ендеше сол тәжірибенің
бір дәнін жерде қалдырмай жинап алып, кейінгі ұрпақтың риздығына беру бұл соғысқа
қатысқан үлкенді-кішілі командирлердің қасиетті парызы. Сіз жазатын адам болғандықтан
осы есіңізде болсын деп жатырмын. Түсінікті ме Сізге?
- Түсінікті, жолдас генерал.
- Иван Михайлович, бұл әңгіменің Сізге де қатысы бар, - деді корпус командирі
Чистяковқа мойнын бұрып.
- Құп, жолдас генерал, - деді Чистяков. - Алдымен жауды жеңіп алайық, содан
соң жазу қашпас.
- Маған сұрағыңыз бар ма? - деді генерал Лизюков бетіме жылы жүзбен қарап.
- Сұрағым жоқ, жолдас генерал.
- Онда жолыңыз болсын. Мен Сізге, Сіздей адамдарға әрқашанда тілектеспін.
Табыстан табысқа жете беріңіз. Жаңағы айтқанды да ұмытпаңыз, - деп Лизюков арқамнан
қақты.
Осы күнге дейін кейде орыс генералының сондағы өзіме мейірлене қарап тұрған
келбеті көз алдыма келеді. Оның алақанының табы әлі күнге дейін арқамда тұрған
сияқтанады.
Сөйтсем генерад Лизюковтың өзі де соғысқа дейін өлең жазған кісі екен. Әскери-
әдеби еңбек жазумен де шұғылданыпты. Соғыс кезінің қиыншылығына қарамастан ол өз
тәжірибесін қағазға да түсіріп жүріпті. Мұны мен артынан білдім. Содан бірнеше күннен
кейін генерал А. И. Лизюковтың Әскери баспа шығарған кітапшасы қолыма тиді. Онда
генералдың әскери барлау және шабуыл ұрыстары деген екі еңбегі жарияланған екен.
Автор. Чистяковпен бұдан кейін неше рет кездестіңіз?
Бауыржан. Бірнеше рет. Демьянск шайқасы аяқталғаннан кейін, 1942 жылдың апрелінде
генерал Лизюков танк армиясына командашы болып кетті де, оның орнына 2-гвардиялық
корпустың командирі болып генерал Чистяков тағайындалды. Ал генерал Лизюков сол
жылдың июлінде Воронеж түбінде қайғылы қазаға ұшырады.
Автар. Константин Симоновтың «Дружба народов» журналында жарияланған
«Соғыстың әр қилы күндері» деген күнделігінде Лизюков деген фамилия екі-үш жерде
айтылады. Осы сол Лизюков емес пе, Бауке?
Бауыржан. Сол. Александр Ильич Лизюков. Білгің келсе ол кісі туралы толығырақ
айтып берейін.
Автор. Әрине.
Бауыржан. Соғыс - адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс - адам жанын
қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс - тірілердің тамұғы. Тозаққа айналған күндер еді
ғой ол, қарағым. Александр Ильич Лизюков соғыстан бұрын Фрунзе атындағы әскери
акаде-
мияны бітірген, ауыр танктер бригадасының командирі болған, сол кездің өзінде-ақ Ленин
орденімен наградталған көрнекті командирлердің бірі болатын. Соғыс басталған кезде
демалыста жүрген Лизюков дереу әскери эшелонмен өз құрамасы тұрған Ленинск
қаласына қарай сапар шегеді. Эшелон Борисов қаласына жеткенде ар жақтан немістер
келіп қалады. Осы арада полковник Лизюков офицерлерді ұйымдастырып, әскер құрап,
Борисов қаласын қорғау ісін ұйымдастырады. Жоқтан бар, бардан батыр жасайды. Сөйтіп
ол бір топ 26 июньнен 8 июльге дейін жауды бөгеп, қалаға кіргізбейді. Шегініп келе жатқан
Қызыл Армия бөлімдерін өткізбеу үшін немістер Борисовтың іргесіндегі Березина өзеніне
салған көпірді бірнеше рет бомбалайды. Лизюков қарамағындағы адамдарға ол көпірді
қайта-қайта қалпына келтіртіп, акыры біздің әскерлерді бері қарай өткізіп алады. Осы
еңбегі үшін Лизюков Отан соғысында ең алғаш ер атанғандардың бірі болып, Совет
Одағының Батыры атағын алады.
Содан кейін Лизюков Москвалық І-ші мотоатқыштар дивизиясының командирі
болып, октябрь-ноябрь ұрыстарында Москваны жаудан Нарфоминск жағынан қорғасты.
Осы еңбегі үшін ол дивизия совет гвардиясы атағын алған сегіз құраманың бірі болды.
Сегізіншісі біздің дивизия еді. Лизюков пен Панфилов ең алғашқы гвардияшы комдивтер
еді. Әкеңмен құрдас, теңдес адамды өзіңнен өзің жақын тартып, жаксы көретінің
болмаушы ма еді. Лизюковты біз осы жағынан да жүрегімізге жақын тартатын едік.
Осыдан кейін Лизюков корпус командирлігіне жоғарылатылды да, одан армия
командашылығына кетті...
Осылай деп Баукең бөгеліп калды.
Автор. Симоновтың күнделігінен сол генералдың өлімі жайында оқығанда төбе
шашым тік тұрып, көңілімді аяныш бір мұң кернеді, Бауке. Сол жерін оқып берейін,
тындайсыз ба?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Күнделіктің «42 жыл» деген бөлімінің бесінші тарауында былай деп
жазылған:
«Ол жақтан (алғы шептен) майдан штабына қайтып келісімен-ақ мен байланыс
офицерімен Лизюковқа барамын деп келіскеннен кейінгі бірнеше сағаттан соң Лизюковтың
опат болғанын білдім.
Оның бір бригадасының жолын жау кесіп тастап, байланыс болмай қалыпты.
Соның алдындағы күндерде ісі сәтсіз болып, есі шығып жүрген Лизюков, үздік-создық
болып арттан келе жатқан басқа бригаданың танктерін күтпестен, өзінің тел танкіне мінеді
де, жалғыз КВ-мен жоғалған бригаданы іздеуге кетеді. Екі ме, үш пе километр жүріп, бір
орманның шетіне тақай бергенде оның танкіне тасада тығылып тұрған неміс зеңбіректері
снарядты жаудырып жібереді. Жалғыз башня атқышы ғана аман қалады - танктан шығып
үлгіріп, қалың егіннің ішіне тығылады да, қираған танк ішінде қалған серіктерінің не күйге
ұшырағанын өз көзімен көреді.
Оның айтуы бойынша фашистер танкті қоршап, өлгендердің, оның ішінде
Лизюковтың да сүйегін сыртқа шығарады. Документке қарап, оның генерал екенін біледі...
Жұпыны айтылған бұл эпизодтан сол бір ашыныс күндеріне тән жалғыздық пен жан
күйініші айқын аңғарылады».
Бауыржан. Сүйікті генералдың сүйегін жаудың қалай қорлағанын айтуға аузым бармай тұр
еді. Симоновтың айтқанының бәрі шын. Фашистердің бұл соғыста көрсеткен айуандығын
айтып жеткізу қиын ғой, қарағым. - Баукең қабағын қатты түйіп, даусын қатайтып алды. -
Олар мыңдаған совет адамдарын тірідей көрге көмді. Ондаған мың жазықсыз жандарды
газ пештерінде тұншықтырып өлтірді. Сан мың адамды тұтқын лагерлерінде аштан қырды.
Миллиондаған ата-аналар, әйелдер, сәбилер, карттар өмірде бір-ақ рет кездесетін ең
асыл қазынасынан: ұл-қыздарынан, адал махаббатынан, әке-шешесінен, үрім-бұтағынан
айрылып, қор боп еңіреніп, зар илеп қалды. Ақ, қара, сары шаштарын қалың ормандай
жайып аңыраған аналардың ащы үндері дүниедегі ең азалы симфонияға айналып, қабат-
қабат болып тарихтың қатпарына шөкті. Мұны ешкашан да ұмытуға болмайды! Ешқашан
да! Понятно тебе?
Баукең соңғы сөздерді айтқанда қатты ақырып қалды. Мен селк ете түсіп,
қағаздан басымды көтеріп алдым. Батырдың екі танауы қусырылып,түсі бұзылып кеткен
екен. Мен сасқалақтап басымды қайта-қайта изей бердім. Біраздан кейін ол сабасына
түсіп, иегін
көтеріп, менің оң жағымдағы этажерканы нұсқады.
- Анау шеткері тұрған Вильгельм Адам дегеннің кітабын алшы, - деді содан соң.
Мен орнымнан тұрып, ақ шүберекпен тысталған мұқабасында «Қиын шешім» деген жазуы
бар кітапты алдым. - Соның қыстырма тұрған бетін ашшы. - Қайта орныма отырып, ашып
қарасам, қыстырма кітаптың 370-бетінде тұр екен. - Сондағы тараудың аты не?
- «Жеңімпаздармен жүздесу» делініпті, Бауке.
- Ендеше соны аяғына дейін дауыстап оқып шыққын. Бұл 6-шы герман армиясы
полковнигінің мемуарлары. Андағы жерде Совет Армиясы Сталинградта қоршауға алған
6-шы армияның командашысы Паулюстің қолға түскеннен кейінгі жай-күйі айтылады.
XI
Мен оқуға кірістім.
- Біз ағаш үйлердің бірінің алдына келіп тоқтадық. Менің көзім терезе
жақтаулары мен шатыр маңдайшасындағы әсем оюларға түсті. Бізді алып келген совет
генералы үйге кіріңдер деді. Ауыз үйде шинеліміз бен фуражкаларымызды шешкеннен
кейін бізді үлкен бөлмеге енгізді. Бұдан кейінгі күніміз не болмақ? Паулюс, қоштасқан
сияқты болып, Шмидтке және маған колын берді. Дегенмен Геббельс насихаты сүйегімізге
өзіміз ойлағаннан гөрі тереңірек сіңіп калған екен.
Совет генералдарының бірі «Т» әрпі іспеттендіріліп қойылған үстелдердің төр
жағынан орын алды. Оның 64-ші армияның командашысы М.С.Шумилов екенін сол арада
білдік. Оның қасына бізді әкелген генерал - армия штабының бастығы И. А. Ласкин мен
майор шеніндегі аудармашы орналасты. Бізге үстелдің ұзын жағындағы орындықтарды
нұсқады. Оған дейін Шмидт маған:
- Өз басымызға қатысты жайлардан басқа ешқандай мәлімет бермеуіміз керек, -
деп сыбырлады.
Маған мұндай сақтық жасау әрі артық, әрі қолайсыз сияқты боп көріңді.
Шумилов біздің командашымызға «Фон Паулюс» деп сөз бастай беріп еді, ол:
- Мен дворян емеспін, - деп тастады.
Совет генералы оған шүбәмен көз тастады. Шені жайындағы сұраққа Паулюс
«генерал-фельдмаршал» деп жауап бергенде, ол шүбә одан сайын күшейе түсті. Паулюс
омырау қалтасынан солдат кінешкесін алып, совет армия командашысына ұсынды. Ол
аудармашымен өзара ақылдасты да, «жақсы» деп қысқа жауап берді.
Генерал Шумилов одан кейінгі әңгіменің орайында Паулюстің «солтүстік
қоршауға» да тізе бүгу туралы бұйрық беруін ұсынды. Паулюс бас тартты, ол қоршаудың
Гитлерге тікелей бағынатынын тілге тиек етті.
Ойпыр-ай, енді не болар екен деп ойладым мен. Өйткені біздің насихатымыз
орыстар айтқан талабын орындамағанның бәрін де қинауға салады деп бізді мүлде
сендіріп тастаған ғой. Мен Совет Армия командашысына үрейлене көз тіктім. Шумилов
сабырлы күйде, іскерлікпен сөз сабақтап отырды. Ештеңе де болған жоқ. Мен іштей осы
таңғажайып қорытындыға келіп үлгіргенше, генерал орнынан тұрды. Майор оның соңғы
сөздерін аударып жеткізді.
Фельдмаршалға айтыңыз, мен қазір оның тамақтанып алуын сұраймын, содан соң
ол майдан штабына барады.
Шын айта ма? Совет солдаттары біздің шинелімізді киюімізге көмектесті. Біз
толқып есік алдына шықтық. Басына милықты тері бас киім киген Шумилов бізді сыртта
күтіп тұр екен. Ол соңымнан ілесіндер деген белгі жасап, көшенің арғы жағына қарай
беттеді. Шынымен біткеніміз бе? Мен жан-жағыма көз тастадым. Жазалау командасы
көрінбейді. Әлде ол анау, генерал беттеп бара жатқан ағаш үйдің ар жағында тұр ма
екен?
Тіпті де олай емес. Шумилов сенектің есігін ашты, онда бір қартаң әйел қызмет
етіп жүр екен. Орындықтардың үстіне ішіне ыстық су құйылған легендер қойылыпты. Әр
легеннің қасында біз көрмегелі көп уақыт болған бір-бір кесек нағыз сабын тұр. Жас қыз
әрқайсымызға бір-бір ақ орамал берді. Жуыну - жан рақаты болды. Көп күндер бойы біз
еріген қар суымен беті-қолымыздың кірін әрең жібітіп жүрген едік.
Содан кейін бізді көрші бөлмеге кіруге шақырды. Онда үстіне неше алуан тағам қойылған
үстел тұр екен. Шумиловтың шақыруы бойынша Паулюспен және Шмидтпен бірге үстел
басына келіп отырғанда мен өз-өзімнен ұялдым. Большевиктерді қанішер деп қалай
алдаған десеңші бізді! Соған сенген біз қандай аңқау болғанбыз! Мен әскери тұтқын
ретінде біздің армияның штабынан өткен Қызыл Армияның бірнеше генералы туралы
ойладым. Олармен дұшпан жөнінде мәлімет жинауға жауапкер барлау бөлімінің бастығы
ғана істес болды. Біз, штаб офицерлері оларға бір ауыз сөз айтуды өзімізге ар көрдік.
Тылға жөнелтілер алдында ғана оларға жорық қазанынан бір тойым ас берілді.
Тегі Шмидтке бізді жеңіп қолға түсірген Совет Армия командашысының бұл
серілік мінез-құлқы ешқандай әсер етпеген болуы керек. Ол маған былай деп сыбырлады:
- Ішімдік ұсынса ішпеу керек: бізге у берулері мүмкін, - деді.
Бұл әрі жеркенішті, әрі зығырданынды қайнататын қамқорлық еді. Мен Шмидтке
көзіммен соны сездірдім. Егер оның сөзін генерал Шумилов ұғып қалса не болатын еді
десеңші! Дәл сол кезде Шумилов былай деді:
- Егер біз сіздермен басқа жағдайда таныссак, егер мен сіздерді бұл жерде
әскери тұтқын есебінде емес, қонақ ретінде құрметтеген болсам, маған әлдеқайда ұнамды
болар еді.
Осылай деп ол бәрімізге бір бөтелкеден арақ құйды. Генерал өзімен бірге
біздің жеңімпаз Қызыл Армия үшін ішуімізді өтінді. Оған жауап орнына біз қозғалмастан
отырып қалдық. Аудармашы оған ақырын бірнеше сөз айтқаннан кейін, Шумилов жымиды
да:
- Мен сіздерді жәбірлейін деген жоқ едім. Сталинград үшін шайқасқан екі ер
қарсыластар үшін ішейік! - деді.
Бұдан кейін Паулюс те, Шмидгте, мен де рюмкамызды көтердік. Аш қарынға
ішкен арақ лезде әсер ете бастады. Менің сәл-пәл басым айналды. Бірақ бутербродтан
бірнеше үзіп жегеннен кейін басымның айналғаны тоқтады. Паулюс пен Шмидтте тамаққа
бас қойды.
Генерал Шумиловпен біз бір сағаттан аса отырдық. Мен көрген, естігендерімнің
бәрін есіме сақтауға тырыстым. Майор таза неміс тілінде сөйлеп отырды. Совет
адамдарының гитлерлік системаны неміс халқынан жақсы ажырата білетінін мен бірінші
рет естідім. Совет офицерлері бізді, арада болған оқиғаларға қарамастан, совет
адамдарының неміс жұмысшылары мен неміс ғалымдарына деген үмітін үзбегеніне
сендірді. Сонымен бірге олар көптеген немістердің оларды Гитлердің өз мақсатына
пайдалануына мүмкіндік бергеніне өкінетіндерін айтгы. Паулюс жаралы, ауру және өлімші
боп қалған неміс солдаттарына көмек көрсетуді өтінді, Совет Армия командашысы қолдан
келгеннің бәрін істеуге уәде етті, ол біздің тікелей өз міндетіміз деді.
- Сіздің тағы да басқа тілектеріңіз жоқ па, фельдмаршал мырза, - деді
Шумилов жүрер алдында. Паулюс сәл ойланды да:
- Адъютантым полковник Адамды менің қасымда қалдыруды өтінер едім, - деді.
Генерал Шумилов офицерлерінің біріне бұйрық берді, ол лып етіп бөлмеден
шығып кетті. Осыдан кейін ол орнынан тұрып, бізді жол жүруге әзір тұрған машиналарға
ертіп әкелді. Ол бәрімізге қол беріп қоштасты да, Паулюске:
- Сіздің тілегіңіз орындалады, - деді.
Автомашиналар орнынан қозғала бергенде, ол жол шетінде тұрып, бізге честь
берді. Бұл шынында да нағыз сері қарсылас еді.
Автор. Бұл тарау бітті, Бауке.
Бауыржан. Мінеки, Совет Армиясының гуманизмін кешегі дұшпандарымыздың
өздері де мойындаған. Гуманизмнен жұрдай гитлерлік қарақшы, жауыз армия тоз-тоз боп
құрыды. Дүние жүзінде Совет Армиясындай гуманист армия жоқ. - Баукең осылай бір
тоқтады. Содан кейін менің қолымдағы беті ашық қалған кітапқа назар аударды да, сөзін
ары қарай жалғады. - Бұл кітаптың авторы полковник Адам Паулюс армиясының
штабында оперативтік бөлімнің бастығы болған. Ал генерал-лейтенант Шмидт сол
армияның штаб бастығы. Бұларға және басқа тұтқынға түскен неміс генералдарына Совет
Одағында жақсы жағдай жасалды. Соғыс біткеннен кейін олардың бәрі аман-есен еліне
қайтты. Вильгельм Адам ГДР-да министр болды. Содан кейін ұзақ жылдар республиканың
қарулы күштерінде қызмет етті. Қартайғаннан кейін отставкаға шығып, осы кітапты жазды.
Ал Паулюс еліне барып, соғыс біткеннен он екі жыл кейін өз ажалынан қайтыс болды. -
Осыдан кейін Баукең бір ойдан екінші ойға аттап түскендей боп, сәл бөгелді де, сөзін
жалғады. - Әрине, адамның өлді дегеніне сенесің. Бірақ өлгенін, табытта жатқан өлі
денесін өз көзіңмен кермеген адамдарың көзіңе тірі күйінде елестейді екен. Қадірлі
генералдарым Панфилов пен Лизюков маған солай көрінеді. Тірі болса олар да Отанға
адал қызмет етіп, Отандық әскери ғылымға талай тамаша еңбектер қосқан болар еді деп
ойлаймын.
I
Автор. Енді қырық екінші жылдың жазына келеміз бе, Бауке?
Бауыржан. Қырық екінші жылдың жазында біздің Калинин майданында да, басқа
жерлерде де елеулі ұрыстар болған жоқ. Жергілікті маңызы бар барлау-бақылау, күш
сынасу ұрыстары совет-герман майданының барлық жерлерінде жүргізіліп жатты. Күшті
ұрыстар күзге қарай басталып, қыста өзінің шарықтау шегіне жетті. Ол ұрыстардың
аспанға көтерілген алауы Сталинград болды ғой. Сталинград неміс-фашист армиясы
күнінің батар
алдындағы алауы болды деп кезінде қолбасы бейнелеп-ақ айтқан еді ғой. Есінде бар ма,
бір баяндамасында оның былай дегені: «Жалмауыз Гитлер түріктің «Джумхуриет»
газетінде жарияланған түрік генералы Эркилетпен жасаған әңігімесінде былай дейді: «Біз
Ресейді құртамыз, сөйтіп оны еш уақытта қайтадан бас көтере алмайтын етеміз». Ақымақ
шалыстау айтылғанымен, мәселе айқын сияқты... Біз мұндай міндетті, Германияны
құртуды көздеп
отырғанымыз жоқ, өйткені Ресейді кұрту мүмкін еместігі сияқты, Германияны құрту да
мүмкін емес. Бірақ гитлершіл мемлекетті құртуға болады және ол құртылуға тиіс».
Қолбасшының осындай уытты сөздерін радиодан естігенде немесе газеттен оқығанда жау
ынгерлер әрі күліп, әрі қайраттанып қалатын. «Қойға шапқан батырың, қаскыр көрсе қой
болар» деген сөз марқұм Жолмұхамед Бозжановтың аузынан түспейтін мәтелі болып
кетіп еді. Оны бірдеңеге жұмсағым келіп «Жолтай!» деп қасыма шақырсам-ақ болды,
жаныма жүгіріп келіп:
- «Қойға шапқан батырың, қасқыр көрсе кой болар!» Кұп болады, аға, - деп
күлімдеп қаздиып тұра қалатыны күні бүгінге дейін көз алдымда. Шабуылға шығарда ол
ылғи: «Неміс оккупанттарына өлім келсін!» деуші еді.
Мұны айтып отырған себебім командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы
нақпа-нақ болуы керек. Жауынгер командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені
жауынгер командирден бұйрық қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы
керек. Жауынгер ол жігерді командир сөзінің үн ырғағынан, оның ойының салауат,
салмағынан іздейді. Командирдің аузынан шыққан әрбір сөздің қайрат-күшінен, дәлдік-
шындығынан іздейді. Сөз шындығы - қайратты қару. Жоғарыда айтылған атақты Холм
жорығында, бір деревняда алдынан танк шыға келгенде тайсақтап кейін шегінген
жауынгерге: «Анаңнан ұл боп туғаның рас болса, ана танкті құртқын!» деп бұйрык
бергенім есімде. Содан кейін ол жігіт қайта ілгері ұмтылып, танкті құртты.
Мінеки, сөз шындығының күші деген осы. Мен оның анасын айтқанда алғашында
қаймығып қалған жауынгер жігерленіп кетті. Сөйтті де танкті құртты. Командирдің берген
бұйрығында, жаңағы қолбасшының сөздері сияқты, не күлдіретін, не қайраттандыратын
шындық көрініп тұруы керек. Бұйрығыңды айтып, оның үстіне жаңағыдай жанды жанитын
жігерлі сөздерді қоссаң, жауынгерге сол жетеді. Бұйрықты орындауға кетіп бара жатқан ол
сенің қайратты сөзің есіне түскенде, күліп те алады. Ал күлкі кісіге қайрат береді. Жауға
қарсы жылап жылжыған солдат жыраққа жете алмайды. Күліп ілгерілеген солдат қана
игілікті іс тындырады. «Күліп» дегеннің солдаттың жынданған кісіше өз-өзінен қарқылдап
күлуі емес, бұйрықты орындауға іштей жігерленіп, қайраттанып баруы деген сөз екені
түсінікті ғой саған?
Жаңа мен жоғарыда Сталинградты атадым ғой. 1942 жылдың 28 сентябрінде
бұрынғы Сталинград майданы Дон майданы болып қайта құрылды. Оның
командашылығына біздің генерал Рокоссовский тағайындалды. Оны неге «Біздің
генерал» деп отырғанымды түсінесің бе? Түсінбесең былай. Қырык бірінші жылы жау
Москваға төніп келгенде 30,1-ші Екпінді, 20, 16, 5, 33-ші және 43-ші армиялар тосқауылда
тұрды. Москваға ең ұрымтал жер (30 километр) генерал Рокоссовский басқарған 16-шы
армияның тұсы еді. Біздің З16-шы атқыштар дивизиясы генерал Рокоссовскийдің
қолындағы қуатты қарулардың бірі болды. Генерал Панфилов қаза тапқанда қабырғасы
қайысқан адамның бірі де сол кісі екен. Оны менің батальоным 20 ноябрьде қоршаудан
шығып келгенде майор Елин мен комиссар Логвиненкодан естідік. Оның үстіне
Рокоссовский мені ең бірінші рет өз қолымен полк командирлігіне тағайындаған кісі. Оны
кітабымның «Сенім» деген тарауында айтқанмын. Ендеше, Москва түбіндегі аса қатал,
қанды ұрыстарды басымыздан бірге кешіргендіктен, ол кісіні «біздің генерал» деп атауға
қақым бар ма, жоқ па менің?
Сол кісінің қалауы бойынша генерал Чистяков 21-ші армияның командашысы
болып, Дон майданына кетті. Кім де болса қайратына көзі жеткен адамдарды ғана өзіне
серіктікке алады ғой. Генерал Чистяков оның сенімін абыроймен орындады.
Сталинградты жаудан азат етуде 21-ші армия аса зор даңққа бөленіп 6-шы гвардиялық
армия болып аталды. Содан кейін бұл армия атақты Курск доғасында да үлкен ерлік
көрсетті. Сөйтіп, генерал-лейтенант атағын алған Чистяков тура бір жылдан кейін, 1943
жылдың сентябрінде 6-шы гвардиялык армияны бастап Калинин облысына қайта келіп, 2-
Балтық майданының қарамағына кірді.
Менің айтайын деп отырғаным генерал Чистяков Дон майданына кетер
алдындағы оқиға. 1942 жылы 26 сентябрь күні таңертең ерте корпус командирі генерал
Чистяков пен армия командашысы генерал Галицкий екеуі келіп, біздің полктың қорғаныс
шебін аралап көрді. Кетерінде Чистяков маған кешке қарай корпус штабына кел деп
бұйырды. Генерал Галицкийдің қорғаныс шебін жақсарту жайындағы нұсқауларын
орындап болғаннан кейін, түс ауа корпус штабы тұрған Княжий Клин қыстағы қайдасың
деп, Ақбоз атпен құйғыта кеп жөнелдім. Жолда, жиі қойылған бақылау постыларының
бірінен соң бірінен өтіп, документ
көрсетіп жүріп, кешігіңкіреп қалыппын.
Автор. Княжий Клин дейсіз бе?
Бауыржан. Иә.
Автор. Менің жинаған материалдарымның ішінде қырғыз ақыны Сүйінбай
Эралиевтің бір өлеңі бар еді. Сонда Княжий Клин деген сөз бар. Тегі қырғыз ақыны Сізді
сол деревняда көрген болуы керек. Сол өлеңді оқып шықсам қайтеді?
Бауыржан. Оқығын.
II
Автор. Өлеңнің аты «Ақбоз ат мінген қолбасы». Шекесінде: «Қазақ халқының
қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына» деген арнау сөз бар.
Княжий Клин селосы,
Жайладық жетіп төрін біз.
Майданнан жырақ жер осы,
Бұл бірақ күзет шебіміз.
Осында тоқсан жол-торап,
Ұмытпа жалғыз міндетті:
Мандатын тексер, тұр қарап,
Кім келді, бұдан кім кетті.
...Ойқастап міне, Ақбоз ат
Жарқ етіп алдан көрінді.
Аспаннан әлде нақ сол сәт
Ақша бұлт оқыс бөлінді.
Құйғытып келед адырдан,
Құрбыма айттым: «Бауыржан!
Тоқтатам кұдай болса да,
Уставқа бәрі бағынған!»
Сол, Момышұлы! Есіттім,
Аңыздай атын көптенгі.
Полкымен жолын кесіпті
Мәскеуге шапқан көп қолдың.
Болсам да қанық даңқына,
Көрмеп ем өзін өмірі.
Ойнайды желмен шалқыма
Бурканың екі өңірі.
Келеді зулап командир,
Майданда сондай ер екен!
Көрінді қызық маған бұл,
Тоқтатсам ол не дер екен?
Белгімді сезе қойды ма,
Тізгінін тежеп атының,
Әлдене түсті ойына,
Аяңға көшті ақырын.
Кексе ме десем, жас екен,
Жігіттің дөйі тас бекем.
Жалынан сипап боз аттың,
Аяулы тілде сөз қатты:
Құлыны болып жүрмегей,
Қырғыздың әдде қазақтың?
«Қай тілде, - деп тұр, - сөз кебі»,
Қадала маған қарады.
О, неткен өткір көздері!
Өңменнен өтіп барады.
«Қырғызбын!» дедім қымсынып,
(Тоқтатқан үшін қаймыға.)
- Бауырымсың, ортақ тіршілік-
Барғанмын талай айлыңа...
Танитын ұл бол еліңе! -
Қолымды алды иіліп.
Атылды Ақбоз еліре,
Айқасты тілеп сүйініп.
Еріне жағар әрбір ат,
Қасиетімен әрқандай.
Ал мына Ақбоз арғымақ
Ақ сүтке малып алғандай.
Арқырар Ақбоз ұрыста,
Айқастың қызып дуынан.
Жарқылдар қиғыр қылыш та,
Сыңғырай шығып қынынан.
Жақсы аттың көркі ерімен,
Жарастық сондай бар мұнда:
Кинодан талай көріп ем,
Ер Чапай тұрды алдымда!
Бауыржан. Аударған кім?
Автор. Мұзафар Әлімбаев. Қырғыз ақыны өзіңізді көрген тәрізді-ау өзі.
Бауыржан. Немесе біздің полкта болған қырғыз жігіттерінің бірінен естіген
болар. 316-шы дивизияның шүу басында негізі қырғыздар мен қазақтардан құралғанымен,
генерал Панфилов оны интериационалдық дивизия етіп жасақтады. Онда орыстар да,
укра-
индар да, белорустар да, өзбектер де, татарлар да, азербайжандар да, башқұрттар да,
чуваштар да, ұйғырлар да және басқа көптеген ұлттардың өкілдері болды. Ұлттық құрамы
жағынан алғанда біздің дивизиямыз көп ұлтты Отанымыздың кішірейтілген макеті сияқты
еді. Мұндай құраманы коммунистік барлық қасиеттерді жүрегіне жинаған нағыз
интернационалист командир ғана ойдағыдай басқара алатыны аян. Биік құзға салған
бүркіт балапанындай, асқар Алатаудың бөктерінде дүниеге келген жас дивизияның бесігін
күні-түні ұйқы көрместен, осынау Алматыдан сонау астанаға дейін тынымсыз тербеткен
генерал Панфилов дәл осындай кісі болды. Ол дивизияға керекті командирлерді де әр
ұлттын нағыз халықтық әскер - Қызыл Армия қатарында шыңдалған патриот өкілдерінен
таңдап алды. Міне, осы орасан шайқаста еліміздің өзге ұлт жауынгерлері сияқты, ұлы
Манастың ұрпағы
қырғыз жігіттері де ересен ерлік көрсетті. Қырғыз-қазақ балалары, егіз қозыдай болып, жау
танкін жайратуға қол ұстасып қатар жүгірді. Қайсарлығы да, қаһармандығы да ұқсас бұл
екі халықтың ұлдары өжет орыс жігіттерінің қос қанаты, өзге ұландардың жолдасын жауға
бермес жан серігі бола білді. Патшалы Ресей тұсында бір-бірімен кудай жұлысып келген
бұл екі халықтың Ұлы Октябрь революциясы шыңдаған болаттай берік достығы осы
соғыста одан сайын нығая түсті. Сүйікті Отанның қасиетгі жеріне қырғыз-қазақтың қаны
қатар төгілді. Денелерін тілкемдеп ок тесіп бірнеше жерден жаралы болса да алғы шептен
бір адым да артқа шегінбеген олар қолдан қуат, буыннан әл кеткенде бір окоптың түбіне
гүрс етіп қатар құлап, құшақтасып жатып жан тапсырды. Сөйтіп олар туысқандар
моласына өздерінің ер достарымен қатар көмілді. Қырғыз жігіттерінің керемет ерліктерін
мен өз көзіммен сан рет көрдім. Дүйшенқұл Шопошов, Бүркіт Әлішеров, Әшірбай
Қоянкөзов, Тоқтағұл Шабеков тәрізді ондаған қырғыз жігіттерінің қажыр-қайратына
сүйсіндім. Мен осылардай отаншыл ұл тәрбиелеген, сан жағынан кішкене де болса
мүскене қырғыз халқының алдына бас иемін! Жалғыз қырғыз халқы ғана емес, ақ сүтімен
тәрбиелеген адал ұлдарын Отан корғау жолындағы қасиетті жорықтарға бастау үшін
менің полкімнің, кейіннен мен басқарған 9-шы гвардиялық дивизияның қарамағына берген
орыс, украин, бе-
лорус, татар, еврей, грузин, армян, азербайжан, тәжік, өзбек, башқұрт тағы басқа
халықтардың алдына тізе бүгіп, тәжім етемін!
Автор. Бұл жерде де біраз философияға бардыңыз, Бауке.
Бауыржан. Немене, менің философиям ұнамай отыр ма саған? Онда
тындамағын!
Автор. Қойдым, Бауке, қойдым. Ал Сіз қазір, қырғыз ақыны айтқандай
«аспаннан бөлінген ақ бұлттай» немесе «ақ сүтке малып алғандай» Ақбоз атпен корпусқа
қарай келе жатырсыз. Чистяковпен кездесейік, кәне.
III
Менің жаңағы сөзіме шамданып қалған Баукең дүрдиіп біраз үнсіз отырды.
Содан кейін, арамызда ештеңе болмағандай қайтадан сөзін жалғады. Менің ойыма
қазақтың бір ескі мақалы түсті. «Жаманның ашуы - басы жерге жеткенше, жақсының ашуы
- жібек орамал кепкенше» деген осы екен-ау деп ойладым ішімнен.
Бауыржан. Мен корпус штабы тұрған жерге күн батар алдында келген едім.
Штабтағылар Сізге генерал блиндажға келсін деп бұйырды деді. Блиндажда корпус
комиссары С.А.Егоров екеуі ғана отыр екен. Мен генералға келгенімді баяндап рапорт
бердім. Панфилов марқұм кісімен тек кана «сіз» деп сөйлесуші еді. Тек қана «жолдас
пәленше» деп фамилияңды атайтын. Ал Чистяков ұрысарда немесе бұйрық берерде ғана
«сіз» деп сөйлеп, ресми емес жағдайда «сен» деп және атынды атап сөйлесе беретін.
- Кел, кел, Бауыржан, - деді ол маған қолын ұсынып. - Ескі достардан жетпей
тұрғаны сен ғанасың.
Бұған қарап мен болатын әңгіменің ресми емес екенін аңғардым. Әңгіме ресми
болмаса да, мен өзімді ресми күйде ұстап, генералдан соң комиссардың қолын алғаннан
кейін де тік қалпымда тырп етпестен тұрып қалдым.
Генерал стол басына шақырды. Өзі ортаға жайғасты да, комиссарға сол
жағынан, маған оң жағынан орын нұсқады. Отырарда орындыққа тиіп менің қылышым
сарт ете қалды. Генерал жымиды да:
- Бұл қылышты қашан тастайсың, Бауыржан? - деді.
- Жауды жеңіп, әскерден босанғаннан кейін мұны музейге өткіземін, жолдас
генерал.
- Жігіт! Осындай өзгермейтін өз дәстүрі бар адамдарды ұнатамын, - деді де
генерал Егоровқа қарай бұрылып, содан соң оған өзінің мені ең алғаш осы қылышты
көтеріп ипподромда шауып жүргенде көргенін айтты. - Бірақ сол жолы астындағы атының
құйры-
ғын шауып алды бұл батыр. Ал оның дәлелді себептері бар еді...
Мен қысылып, үнсіз отырдым. Генералдың адъютанты дастарқан жайып,
үшеуіміздің алдымызға ас қойды.
- Ал, Бауыржан, - деді генерал асқа икемделген ыңғай танытып. - Мен ертең
Москваға жүргелі отырмын. Тегі басқа жаққа ауысармын. Ауыспасам қайтып келермін, кет
демессіңдер.
- Әрине, - деді комиссар басын изеп. - Сол дұрыс болар еді.
- Оны бара көреміз, Сергей Александрович, - деді генерал сөзін жалғап. - Басқа
жолдастармен телефон арқылы тілдестім. Бірақ ешкімді шақырмадым. Сені шақырып
отырған себебім екеуіміз 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясынан бұрынғы ескі доспыз.
Сонау Қиыр Шығыста, қиын кездерде табысқан адамдармыз. Сондықтан сенімен
қоштаспай кетуді жөн көрмедім.
- Рақмет, жолдас генерал,- дедім мен басымды иіп. Генералдың бұл сөзі
маған соншама жылы тиді. Іштей қатты толқып, тебіреніп қалдым.
- Осыны, - деді генерал қырлы стаканды орталай құйылған арақты қолына
алып, - мына сіздердің денсаулықтарыңыз үшін, осы отырған үшеуіміздің ұямыз 8-ші
гвардиялық дивизия мен 2-ші гвардиялық корпустың және менің туған жерім Калинин
облысын жаудан толық азат ету үшін күресіп жатқан Калинин майданы әскерлерінің жаңа
табыстарға жете беруі үшін алып қоялық.
- Бәлкім, қайтып келерсіз, туған жеріңізді жаудан бірге азат етерміз, Иван
Михайлович, - деп күлді комиссар онымен және менімен стаканын соғыстырып жатып.
Екінші тосты генералдың денсаулығы мен барған жерінде абыройлы болуы
үшін деп Егоров көтертті.
Ас арасында генерал тағы да Қиыр Шығыс туралы әңгіме қозғады. Уссурий
өлкесінің қаһарлы қысы біткеннен кейін қырқұлақ ауруы басталатынын, әлденеше рет
дивизия жауынгерлерін жүзімнің, ағаштың жапырағын қайнатып ішкізіп, ащы пияз жегізіп
аман алып қалатынымызды айтты. Талай рет белуардан батпақ кешіп жасаған
жорықтарымызды есіне түсірді. Осы арада менің құйрығы шолақ ақбоз атты жаяу
жетектеп, батпақ кешіп дивизия штабынан полкке келгенім ойыма оралды да, генералға
өмір бойы тісімнен шығармай көкірегімде сақтап келген сұрағымды қойдым.
- Жолдас генерал, бір сұрақ қоюға бола ма?
- Сұра, Бауыржан, - деді генерал.
- Комбриг Дотоль мен полковник Коваленко кетіп, Сіз біздің дивизияға
келгеннен кейін бір күні мені шақырттыңыз, жолдас генерал. Сонда мені тек қана атымның
құйрығын шауып алғаным үшін дивизия штабынан полкке дейін жаяу баруға жазалайын
деп
қана шақырдыңыз ба, жоқ әлде басқа себебі болып па еді?
Генерал ол оқиғаның желісін еске түсіріп, сәл ойланып алды да, басын
шайқады.
- Жоқ, ол үшін емес. Сенің сол жолы халің мүшкіл болатын. Бірақ менің
сенімен сөйлесіп, кім екеніңді білмей жатып қолыңнан жетектетіп қоя бергім келмеді.
- Онда мен осы өмірім, тіршілігім үшін Сізге қарыздар екенмін, жолдас
генерал.
- Егер олай десең, сен ол қарызыңцы әлденеше есе ғып, асырып өтедің,
Бауыржан.
- Онда менің Сізді әкемдей құшақтап, сүюіме рұқсат етіңіз, жолдас
генерал,- деп жүйе-жүйем босап, орнымнан тұрдым...
Тағы бір сұрақ көмейіме келген еді. Өткен апрельде, 8-ші гвардиялық
днвизиядан 2-ші гвардиялық корпусқа ауысып бара жатқанда генерал тағы да мені
шақырып алып, былай деген болатын.
- Сен туралы ойларым бар еді, оны жүзеге асырып үлгірмедім. Бірақ
Иван Ивановичке тапсырдым, сол кісі қамқорлық жасар,- деген.
Алдында сол ойыңыз не еді деп сұрағым келген болатын. Енді мына
әңгімеден кейін оны сұраудың ешқандай қажеттігі болмай қалды.
- Баска қандай сұрағың бар? - деді генерал.
- Ешқандай сұрағым жоқ, - дедім мен екі аяғымды сарт еткізіп.
- Жолыңыз болсын, жолдас генерал, жауынгерлік зор табысқа жетуіңізге
тілектеспін!
Сөйтіп, генерал Чистяков Москваға аттанып кетті. Одан кейін Дон майданына
барғанын білдік.
Осылай деп Баукең бір тоқтап тағы да темекіге қол созды. Баукеңнің аузынан шыққан
сөздерге кәнігі хатшыдай болып төселіп алған менің оң қолым жаза-жаза қатты салдырап
қалған еді. Құрысын жазайын деп, моторы жаңа ғана сөндірілген кішкене самолеттің
пропеллеріндей қалбаңдатып, қолымды бірер рет сермедім де, тез тоқтата қойдым.
Тоқтата қойғаным генерал-полковник Чистяковтың жоғарыда келтірілген:
«Бұлардан басқа Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті болатын, ол оның
шыншылдығы еді. Мен оның қанша қиын болса да, тіпті одан өзіне зиян келсе де тек қана
шындықты айтатынын білуші едім» деген сөзі дәл осы сәтте сақ етіп қайтадан ойыма
оралды. Алғашында мен бұл сөзді журналдан оқып бергенімде «оны неғыл дейсің?» деп
Баукең бетіме ажырая қараған болатын. Генералдың бұл сөзіне Момышұлы мақтанатын,
қуанатын болар деп ойлап едім. Бірақ Баукең ондай нышан білдірмеді. Чистяковтың бұл
сөздері басылған журналды алтын тапқандай қуана қолтықтап ентелей басып, ентіге
кірген маған ол жылы қабақ көрсетпеді. Журналдағы өзі туралы айтылған тамаша бағаны
оқып
бергенімде «оны неғыл дейсің?» деп зірк ете түскенде мен қатты қысылып, шынымды
айтсам, ренжіп қалдым. Сол сәтте басыма осы кісі Чистяковты ұнатпай ма екен деген ой
келді. Сасқанымнан мен: «Жай, Бауке. Сол кісімен қалай кездескендеріңізді айтпайсыз
ба?» дей салғанмын. Бұрынғы барлық сұрақтарыма берген жауаптары сияқты, Баукең бұл
сұрағыма да жауап қайтаруға кірісқен. Бірақ ол жауап осындай үлкен әңгімеге ұласып, әрі
драмалық, әрі жан тебірентерлік детальдары бар дүние болып шығар деп тіпті де
ойламаған едім. Генерал Чистяковтың өз мемуарында жазған «Момышұлының маған
ұнайтын тағы бір қасиеті - шыншылдығы еді»дегенінің мәнісі, міне, енді келіп шықты.
Мұны да Баукең «Иә, біздің генерал ғажап кісі еді, мені жақсы көруші еді» деген сияқты
құрғақ сөздермен емес, жоғарыдағыдай, жан тебірентерлік әңгіме етіп айтып берді. Онда
да өзін-өзі дәріптеп,
көтермелей сөйлеген жоқ, генералды алға ұстай отырып, өзінің іс-әрекеттерін генералдың
әр түрлі бұйрықтарына байланыстыра баяндады. Ұзын ақ мүштікке жалғап, папирос
тұтатқалы жатқан Баукеңнің саласынан ет қашқан арық, ұзын саусақтарының діріл аралас
қимылына көз сала отырып мен оның шыныдай мөлдір шыншылдығына сүйсіндім.
Сонымен бірге оның әңгіме айтқыштық өнеріне тағы да ғажаптандым. Қандай сұрақ
қойсаң да Баукең
оның жауабын өзінше сюжетке негіздеп, қарапайым да болса композицияға желілеп
айтады. Сюжет, композицияны ол алдын ала құрып алмайды, сенің сұрағың қойылғаннан
кейін соған жауап бере отырып, қиюластырып, кұрастырып әкетеді. Бұл шапшаңдық оның
әр түрлі жауынгерлік жағдайда тез шешім қабылдап үйренгендігін, сонау ескі әскери
дағдыны танытқандай еді. Баукеңнің Чистяков жайындағы бұл әңгімесі мені одан сайын
толғандыра түсті. «Сенің қандай ғажап ұстаздарың болған, Бауке! Сол ұстаздарың сені
мәпелеп тәрбиелеген. Сені олар талай-талай апаттарға жұмсап, шынықтырған. Апатқа
жұмсау арқылы олар өзіңді апаттан алып қалып отырған. Сенің тағы бір асыл қасиетің сол
ұстаздарыңды ешқашан ұмытпайтындығың. Тірісінде ұстаз тұтқан ағаларын көзі жұмыла
сала ұмытып кететін адамдар аз ба? Сен ондай кісі емессің, Бауке. Сені халық сол үшін
де жақсы көреді».
Баукеңнің менің не ойлап отырғанымда шаруасы болған жоқ. Темекісін
тұтатып, бұрқ еткізіп аузынан түтін шығарды да: «Ал, дайынсың ба? Енді не сұраушы
едің?» дегендей бұрылып маған қарады.
IV
Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның Чистяковтан кейінгі командирі кім болып
еді, Бауке?
Бауыржан. Оны 1942 жылдың жазында полковник Серебряков деген кісі
басқарды. Ал күзде полковник Серебряков 3-ші екпінді армия штабына оперативтік
бөлімінің бастығы болып кетті де, дивизияға Панфиловтан кейінгі алтыншы командир
болып Ч. деген кісі келді...
Ал Иван Иванович Серебряковқа келетін болсак, ол кісі өте ақылды, өте
бейнетқор адам еді. Басынан кешкен тәжірибесі де ұшан-теңіз мол болатын. Өйткені Иван
Иванович бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, оны аға унтер-офицер боп аяқтаған кісі.
Содан соң азамат соғысының университетінен өткен. Міне, осы кісі 316-дивизия ең алғаш
құрылғанда штаб бастығы болып келген еді. Штаб жұмысын жанындай жақсы көретін,
өзіне
тапсырылған істі жан-тәнімен беріле атқаратын. Біздің дивизияның даңққа жетуіне бұл
кісінің сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Өйткені штаб әскерді басқарудың тұтқасы ғой. Ал
Серебряковтың қолындағы ол тұтқа дивизия Москваға қарай жойқын ұрыспен
жылжымалап шегінгенде де, Крюковаға келіп табан тіреп тоқтағанда да, Москва түбінен
ілгері қарай шабуылға шыққанда да үнемі оңтайлы күйде болды. Қолындағы сегіз таспалы
бұзау тіс
қамшының сабы мықты болса ғана оны жауыңның басына найзағайдай жарқылдата
сілтейсің. Сілтегенінді сілейте аттан құлатасың. Қамшыңның сабы сынық болса, онда
ештеңе тындыра алмайсың. Ал Серебряков штаб жұмысын әрқашан алып батырдың сегіз
таспалы бұзау тіс қамшысының ырғай сабындай ықшам күйде ұстады.
Бұған қарап полковник Серебряковты қағаздан бас көтермейтін бюрократ
екен деп әсте ойлауға болмайды. Оның қағазкұмарлығы өз ісіне қалтқысыз берілгендіктің
белгісі еді. Иван Иванөвич тек қана қағаздағы жазу мен картадағы белгілерді оқуға ғана
сауатты
емес, сонымен бірге адамның жүзіндегі ой мен жүрегіндегі сезімді оқуға да зерек кісі
болатын. Полковник Серебряков солдат үшін қоң етін кесіп беруге әрқашанда әзір еді.
Оның штаб жұмысын өте мұқият атқаруы да сондықтан болар деп ойлаймын.
Жоғарыда мен Горюны түбіндегі қиян-кескі ұрыстар кезінде полковник
Серебряковтан өмірі ұмытылмайтын жылы хат алғанымды айтқан болармын. Біз Горюны
селосын тактикалық есеппен алдымен жауға беріп, артынан оған кірген дұшпанды түнде
тас-талқан ете құртып жіберіп, селоны қайтадан өзіміз алып жанталасып жүрген түндердің
бірінде мен Серебряковтан... бұйрық емес, әкенің ұлына, ағаның інісіне жазатын кәдуескі
сәлем хатын алдым. Ол хатта полковник маған генерал Панфиловтан бастап бәрінің
біздің ісімізге риза болып жатқандығын айтыпты. Қай полктің қай жерде екенін көрсетіп,
генералдың жоғарыға кеткенін хабарлапты. Содан кейін ісімізге рақмет айтып, алда да
абыройлы болуымызға тілектестік білдіріп қолын қойыпты.
Өзің ойлашы, Гитлер Москваны алуға топырлатып елу бір дивизиясын
айдаған екен. Соның тура бес дивизиясы біздің бір ғана 316-шы дивизияға жабылған екен.
Шекараны бұзғаннан бері күніне 20, 26, 30 километрден алып, ілгері анталап келе жатқан
жауды тұсаулы аттай шоқақтатып, күніне бір-екі километрден артық алға аттатпай, бес
дивизияның бірдей жағасын жыртып жатқан дивизияның штабында тыныштық бола ма,
жоқ па? Оның адамдары бел шешіп бір сағат ұйықтай ала ма, жоқ па? Жоқ қой!
Міне, сондай жағдайда: дивизия қос қанатын кезек қозғап тағы да бір-екі шақырымға
шегініп бара жатқанда, түн ортасында, бірнеше күн бойы кірпік айқаспай, көзге ұйқы
шақпақ қантқа жабылған қара шыбындай үймелеп, шаршаған дене сырқырап тыныштық
тілеп тұрған сәтте жартылай қоршауда қалған батальонның командиріне ешкімнің
бұйрығынсыз өз еркімен хат жазу, сол хатты жазуға өзін-өзі күштеп көндіріп, анау
адамның жанына қуат боларлық жылы сөздер тауып қағазға түсіру, ол хатты оқ астында
иесіне жеткіздіріп беру кімнің қолынан келеді? Мұндай ауыр жағдайда ондай іс әкеңнің де,
адал досыңның да қолынан келе бермейді, қарағым.
Міне, Серебряковтың сол хаты қолыма тигенде мен сынық батальоным
бүтінделгендей, бүтін ротам батальонға айналғандай қуанып, қайраттандым. Соғыс
сияқты ауыр жағдайда жасалған адамгершілік адамға қайрат береді екен. Серебряковтың
сол ағалығын, адамгершілігін мен өле-өлгенше ұмытпаспын деп ойлаймын.
Автор. Полковник Серебряковтың ол хаты бар ма Сізде?
Бауыржан. Жоқ. 1942 жылы 1073-ші Талғар полкының құрылғанына бір жыл
толуын атап өттік. Полкымыздың штабы Холм түбіндегі Васильево деген деревняда еді.
Деревняның іргесіндегі орман ішінде айналасын жасыл бұтақпен қоршап тастаған полк
клубы болатын. Оны бәріміз «Көгілдір клуб» деп атайтынбыз. Осы клубқа полктың әрбір
ротасынан өкілдер жиналды. Оған қатысуға дивизия командирі полковник Серебряковтың
өзі келді. Салтанатты жиналысты мен аштым. Қызыл Армияның бір жасқа жаңа ғана
толған жас полкының Москва түбінен басталған даңқты жорықтарына қысқаша шолу
жасай келіп, былай дедім:
- Орыстарда «крестный отец», қазақтарда «өкіл әке» деген сөздер бар.
«Крестный» деп жаңа туған жас нәрестеге ат қою салтанатына қатысқан адамды айтады,
«өкіл әке» деп сол жаңа туған нәрестенің кіндігін кесіп, жерден көтеріп алған кіндік
шешенің күйеуі аталады. Орысша, казақша екі түрлі айтылатын бұл екі сөздің мән-
мағынасы бірдей. Ал жас сәбидің мінез-құлқы, адамгершілігі, ерлік-батырлығы бала туған
кезде қасында болған адамдарға тартады деген сөз және бар. Мен дұрыс айтып тұрмын
ба, жігіттер? - дедім залға дауыстап.
- Жөн!
- Дұрыс! - деп винтовкаларын тізелерінің арасына қысып ұстап отырған солдаттар
орысша, қазақша жамырай үн қатып жатты.
- Ендеше, - дедім мен сөзімді жалғап, - біздің полкымыз ең алғаш дүниеге
келгенде соны жас нәрестедей етіп жерден көтеріп, жөргекке орап алған үш адам бар еді.
Олар: генерал Панфилов, аға батальон комиссары Егоров және полковник Серебряков
бола-
тын. Сондықтан да біздің полкымызға генерал Панфиловтың ерлігі, комиссар Егоровтың
сабырлылығы, полковник Серебряковтың сезімталдығы дарыған. Біз өзіміздің осы үш
«крестныйымызды», үш «өкіл әкемізді» мәңгілік мақтаныш етеміз!
Зал, команда берілгендей, тегіс орындарынан атып тұрды. Жауынгерлер
винтовкаларын оң қолдарына ұстап, тіп-тік боп тұра қалысты да:
- Панфиловқа, ура!
- Егоровқа, ура!
- Серебряковқа, ура! - деп «Көгілдір клубтың» түндігін көкке желпілдете ұран
салып жіберді. Ешкімнің басқаруынсыз, ешбір бұйрықсыз жүздеген адамдардың жүрегін
жарып шыкқан бұл қуатты ұран жан толқытарлық ғажап күй танытты. Бір сәтке өне бойды
әлдебір күш кернеп, сол күш денені абайсызда соққан электрдің тоғындай шымырлата,
дірілдете жөнелген сияқтанды. Сонау Алматыдан бері келе жатқан полк ардагері ескі
жауынгерлердің көздерінен бұрқ еткен жас көрінді.
Жауынгерлер орындарына қайтадан жайғасқаннан кейін мен даусымды кұлағы
босап кеткен домбыра ішегіндей, қайта қатайтып, сөзімді аяқтауға көштім.
- Жолдастар, жауынгерлер мен командирлер! Мен жаңа біздің полкымызға
полковник Серебряковтың сезімталдығы дарыған дедім. Олай деуге менің әбден хақым
бар. Өткен жылы ноябрьдің он сегізі күні генерал Панфилов осы полктың бірінші
батальонының командирі маған аса жауапты бұйрық жіберді. Сол бұйрықты орындау
жолында біз Горюны деревнясын жауға бермеу үшін үш күн шайқастық. Батальон
жартылай қоршауда қалды. Сондай қиын жағдайда мен полковник Иван Иванович
Серебряковтан мынадай хат алдым, - деп омырау қалтамнан хатты алып оқып шықтым. -
Қиын жағдайда келген бұл хат маған орасан зор күш берді. Батальон жаудың қоршауын
бұзып шығып, тағы да дивизияға, полке кеп қосылды. Міне, содан бері сегіз айдан аса
уакыт өтті. Бұл хатты мен күні бүгінге дейін жоғалтпастан офицерлік куәлігімнің ішінде
сақтап келемін. Енді міне, бүгін Талғар полкының бір жасқа толған күні Москва түбіндегі
ұлы шайқастарда оқ тигізбей, отқа шарпылтпай аман алып шыққан бұл хатты бүкіл бір
батальонға қайрат берген Ұлы Отан соғысының жауынгер документгерінің бірі ретінде
Иван Ивановичтың өзіне шын жүректен, аса зор ризашылықпен, құрметпен сыйлауыма
рұқсат етіңіздер. Бұл хат бір кісінің, тек менің ғана меншігім болып қалмай, полковниктің
басқа да документтерімен қосылып, ертең, жауды жеңгеннен кейін, бүкіл халықтың
меншігіне айналсын деген ниетпен сыйлаймын.
Осылай деп хатты полковниктің қолына бердім. Полковник бір қызарып, бір
бозарып, саусақтары сәл қалтырап хаттың бүктеуін аша бастады. Өз жазуын, өз қолын
танығаннан кейін ол басын изеп, қуана күлімдеп, маған шын жүректен ризашылык білдірді.
Оны жоғалтпай ұзак сақтағаным үшін рақмет айтты. «Москваға қауіп төнген қарбалас
сәтте асығыс сүйкектетіп алғы шепке жолдаған бұл бір жапырақ ағалық хатым, достық
сәлемім сіздерге қуат болуға жараса, онда мен бақыттымын», - деді.
Иван Иванович Серебряков жалғыз бізге ғана емес, үн-түнсіз жүріп-ақ өзінің
іскерлігімен, білімділігімен, адамгершілік мол асыл парасатымен талай адамға медет
болған кісі еді. Соғыстан кейінгі алғашқы он жылдың ішінде дүниеден қайтты. Барлық ісін
айғай-шусыз атқарып, адамдарға адал қызмет еткен, өз Отанына шексіз берілген асыл
ұлдардың бірі еді, жарықтық.
V
Автор. Одан кейін 1943 жылы Талғар полкының құрылғанына екі жыл толғанын
да атап өтіпсіздер ғой, Бауке. Онда Сізге қарулас достарыңыз 173825 номерлі маузер
сыйлаған көрінеді.
Бауыржан. Оны кім айтты саған? Номерін қайдан білесің?
Автор. Менің архивтен алған материалдарымның ішінде мынадай бір документ
бар. Рұқсат етсеңіз оқып берейін.
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Бұл 19-шы гвардиялық аткыштар полкі 1943 жылы Сізге берген № 28
куәлік. Онда былай делінген:
«КУӘЛІК
Берілді гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына, себебі 19-шы гвардиялық
атқыштар полкының құрылғанына екі жыл толған күні оған сыйлыққа: «Талғар полкының
екі жылдығы күні гвардия полковнигі Б.Момышұлына. 19-шы гв. атқыштар полкының
ардагер офицерлерінен. 25. 7.43 ж...» деген жазуы бар 173825 номерлі маузер
тапсырылды.
19-шы гв. атқыштар полкының командирі
гв. майоры КУРГАНСКИЙ».
Дұрыс па, Бауке?
Бауыржан. Дұрыс.
Автор. 19-шы гвардиялық полк деп отырғанымыз бұрынғы 1073-атқыштар полкы
ғой.
Бауыржан. Иә, И.Д. Курганский осы полктың алғаш негізін қаласқан байырғы
командирлерінің бірі еді. Соғысқа дейінгі мамандығы агроном болатын. Бұл жау жүрек
азамат алғашында рота, батальон командирі, кейіннен менде полк штабының бастығы
бол-
ды. Өрттей лаулап тұрған өжет Курганскийдің талай ерлігіне, адамгершілігіне сүйсінген
едім. Кейін мен кеткенде ол 19-шы гвардиялық полктың командирі болып тағайындалды.
Өз қолымен маған маузер тапсырғандағы оның тебірене сөйлеген сөзі, маған деген
достық сүйіспеншілігі, туыстық ықыласы мәңгі есімде қалды... Ер азамат содан бір жыл
кейін, 19-шы гвардиялық полкты бастап Резекне қаласын дұшпандардан азат етіп, енді
Мадона қала-
сына беттегенде ерлікпен қаза табады. Артынан подполковник Курганскийге Совет
Одағының Батыры атағы берілді. Бұл ұлы жорықта талай батыл солдат, батыр
командирлерден айрылдық қой, қарағым. Сөз арасында айта кетейін, біздің 19-шы
гвардиялық Талғар полкы ержүрек командирлерге кенде болған жоқ. Оның Курганскийден
кейінгі екінші командирі подполковник Иван Леонтьевич Шапшаев 19-шы гвардиялық
Талғар полкының Риганы азат ету және дұшпанның Курляндия тобын талқандау
ұрыстарында көрсеткен ерекше еңбегі үшін Совет Одағынын Батыры деген атаққа ие
болды. Айтпақшы, 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясында 19-шы гвардиялық Талғар
полкынан басқа ешбір полктың командиріне Совет Одағының Батыры атағы берілген жоқ.
Ал Талғар полкының екі командиріне қатарынан бұл аса жоғары атақ берілді. Оның
соңғысы Шапшаев соғысты аман-есен аяқтап шықты. Өзіме тете командирлердің ішінде
маған Курганскийдің өлімі қатты батты. «Бауыржан, сен басқарған, сенің туған жеріңде
жасақталған Талғар полкының атағына кір келтірмеуге мен саған ант етемін!» деген сөзі
есіме түсіп, «Есіл ерім-ай!» деп талай рет егіліп алдым. Дивизиядан қара үзіп, туырлықты
тесіп өткен найзадай сұғынып, ілгері ұмтылған 19-шы гвардия полкын жау қоршап алады.
Арттан дивизия келіп жеткенше полкты тып-типыл етіп жойып жіберуге тырысады. Сол
қауіпті сезген Курганский бес рет полкты өзі бастап атакаға шығады. Бірақ жау темір
шеңбердей қысып, уысынан шығармайды.
- Гвардиялық полк қоршауда қалып құрымайды. Ол өзінің анасы сегізінші гвардиялық
дивизияға барып қосылуға тиіс. Панфиловтың батырлары, Бауыржанның бауырлары
ешқандай қамауда қалмайды, қалайда жарып шығады. Еріңдер соңымнан, ерлерім! - деп
Курганский Талғар полкын алтыншы рет атакаға бастайды. Барлық күшін бойына жинап,
ышқына соққан полк қоршауды бұзып өтеді. Бірақ оның ержүрек командирі оққа ұшады.
Сөйтіп Курганский өз өмірін қиып, полкты жойылудан сақтап қалады.
Курганскийдің өлер алдындағы жаңағы сөздерін мен ол өлгеннен кейінгі
полктың екінші командирі Шапшаевтың өз аузынан естідім. Соғыстан кейін Калинин
қаласында онымен сан рет жолығып, әңгімелестім.
«Соңғы атакаға шығарда Курганскийдің Панфиловты аузына алуы занды. Бірақ
мені атамаған шығар?» деп одан қайталап та сұрадым. Шапшаев Совет Одағының
Батыры болса да екі иығын кезек түртіп, шоқынып тұрып мынадай әңгіме айтып берді.
- Құдай ақына рас, - деді ол. - Онда мен батальон командирі едім. Баяғы өзіңнің
бірінші батальоныңды басқаратынмын. Полкқа жол ашуды біздің батальонға жүктеді де,
Курганский жауынгерлерге қысқаша сөз сөйледі. Сонда жаңағы сөздерді айтты. Ол
сөздерді бірнеше рет кейін мен де айттым. Курганскийден кейін 19-шы гвардиялық Талғар
полкының командирі болып тағайындалдым. Онда біз генерал Казаковтың қарамағындағы
10-шы армияда, сенің 9-шы гвардиялық дивизияң генерал Чистяковтың 6-шы гвардиялык
армиясында болатын. Бұл екі армия талай рет иін тіресіп, көрші жүрді емес пе. Қырық
бесінші жылы мартта генерал Казаковтың 10-шы армиясы шабуылға шыққанда 8-ші
гвардиялық дивизия жаудың ит тұмсығы өтпейтін қалың орман ішіндегі шебін талқандап,
бірінші боп алға ұмтылды. Оның ішінде Талғар полкы тағы да алға кетті. Біз тағы да
қоршауда қалдық. Панфилов дивизиясы мен өзінің уысынан талай рет шығып кеткен
Талғар полкына өшіккен жау бұл жолы бір полкқа екі дивизиясын жапты. Бізге қарсы
танктерін де айдап салды. Артиллериядан да талай рет оқ боратты. Бізді сөйтіп он күн
мыжғылады. Біз берілмедік. Сонда мен Курганскийдің сөзін қайталап:
- Панфиловтың батырлары, Бауыржанның бауырлары ешқашанда қамауда
қалмайды. Гвардиялық полк қоршауда қалып құрымайды, - деп сан рет айттым. Біз
Панфиловты дивизияның рухы, сені Талғар полкының рухы деп есептейтінбіз. Сол он күнгі
ұрыста Панфилов пен Бауыржанға сан рет сиындық. Сендердің аттарыңды атағанда
солдат ерлер сан рет жігерленіп, жауға қарсы ұмтылды. Солдаттар ғана емес, менің өзім
де сендерден сан рет қайрат алдым. Сонау Алматыдан Панфилов бастап бірге келгеніміз,
Москва түбіндегі қиян-кескі ұрыстар, сенің батальонды бастап талай қоршаудан аман
алып келгенің, декабрь шабуылында сенің полкты бастап, ақ қарды бұркыратып, ақбоз
атпен шауып бара жатқаның, соңда сенің менің көзіме атқа мініп шауып бара жатқан адам
емес, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін қара бурка қардың үстінде өзінен өзі қалықтап ұшып
бара жатқан сиякты боп көрінгенің - бәрі-бәрі есіме түсті. Талғар полкының пірі - екі
танауы шелектей боп делдиген ақбоз атты көсілте шауып жүрген қаһарлы Бауыржан
әрқашанда көз алдымда болды. Ол қоршауда мен қатты жараландым. Жараны сылтау
етіп, бірдеңе ғып қоршаудан шығып кетуіме болатын еді. Бірақ Бауыржан менің орнымда
болса, полкын тастап кетпес еді деп ойладым да, полкта қалдым. Егер полк құрыса,
сүйегім Талғар полкы солдаттарының ортасында қалсын деп ойладым. Зембілде жатып
полкты басқарумен болдым... Дивизия мен полктың пірі Панфилов пен Бауыржан деп
есептегеніміз рас екен. Оныншы күн дегенде дивизия артиллериядан оқ боратып, бізді
қоршаған жаудықкиратты да, полкты өз қарамағына алды. Сол жолы маған Совет
Одағының Батыры атағы берілді.
Мұны маған 19-шы гвардиялық Талғар полкының соғыс кезіндегі соңғы
командирі Совет Одағының Батыры подполковник Шапшаев айтты. Бұл соның әңгімесі.
Мен саған содан естігенімді ғана айтып тұрмын. Понятно тебе?
VI
Автор. Түсінікті, Бауке.
Бауыржан. Мен Иван Леонтьевич Шапшаевты ерлігі үшін, әңгімесі үшін
құшақтап, бетінен сүйдім. Шапшаев сонау Амурда туғанымен, біздің Қазақстанда өсіп,
Түрксибті өз қолымен салысқан етене ескі достардың бірі еді. Оның осы әңгімесін
естігеннен кейін мен түні бойы Курганскийді есіме алып, қатты толғанып, тебіренумен
болдым. «Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақтың мәтелі бар. Бұл рас сөз. Бірақ ерлік
сақтықтың жетегінде жүрмейді. Өйткені сақтық - есеп. Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік
ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап
санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Ерлік
биіктегі кемерінен асып, лақ етіп құздан құлаған тасқын; жер сілкінсе салдыр-күлдір болып
таудан төмен қарай лықситын сан алуан тастардың ағыны. Тасқынның қашан төгілетінін,
жердің қашан сілкінетінін білмейсің. Білсең де қанша текше метр су құлап, қанша тас
домалайтынын, ол зілзаланың қанша уакытқа созылатынын болжай алмайсың.
Ерліктің негізі сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, кұрбаны да болады.
Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп саналы түрде ерлік
жасайды. Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты
жетіп, жан
толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен
ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Дүниені дүлей тасқын кернейді. Жер сілкініп,
тау төңкеріледі. Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Солдат ерлік жасағанда осындай
болады! Солдаттың жүрегін ерлік атты балапан жұмыртқадай жарып шыққанда осылай
болады! Бірақ солдат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді
атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі. Ерлік жасаған
сәтте солдаттың басындағы ой осы ғана болады. Өзінің ерлік жасағанын өлген солдат
білмей кетеді, тірі қалған артынан ұғады. Онда да алғашында ол ондай ерлік жасаған мен
емес, басқа біреу болар деп ойлайды. Мінеки, ерліктің ешқандай есепке көнбейтіні де
сондықтан!
Әркімнің-ақ ер атанғысы келеді. Елім деп еңіреп туған асыл азаматтардың
ерекше еңбегі ғана ерлік боп бағаланады. Екінің біріне ер атағы берілмейді. Он мыңның
бірі, миллионның жүзіне ғана тиеді ол құрмет. Ердің еңбегін ел бағалайды. Бір ердің ерлігі
жүз жауынгерге үлгі, мыңға өнеге болады. Ердің ерлігін ер қайталайды. Сондықтан да Ұлы
Отан соғысында Матросов ерлігі - 275, Талалихиндікі - 176, Гастеллоныкі - 207 рет
қайталанды. Ал сен ешкімге ұқсамайтын ерлік жасадың, Ваня. Сенің ерлігіңді үзеңгілес ер
досың Шапшаев қана қайталады. Ал біздің 28 панфиловшы батырларымыздың ерлігін
ешкім қайталай алған жоқ. Қайталамай-ақ қойсын! Жиырма сегіз ердің жүрегі жаудың
Москва түбінде лаулап жанып жатқан елу танкісімен қоса ақтық тамшы қандарын сарқып,
туған жердің топырағына құлап жатқан ауыр күндер біздің ешбір ұрпағымыздың басына
келмесін! Мен сенің Отаншылдығыңды, азаматгығынды, ерлігінді мәңгілік мақтаныш
етемін, батыр бауырым Курганский!
Осылай деп таң атқанша бір тебіренгенім бар еді, қарағым... Анда-санда
жаңағы сен айткан маузерді көргенде көз алдыма оны маған соншама ілтипатпен, туған
інідей сүйіспеншілікпен, мақтанышпен ұсынған батыр бауырым Иван Курганский
елестейді.
Автор. Ол маузеріңіз қайда қазір, Бауке?
Бауыржан. Музейде.
Жауынгер достарын есіне түсіріп, тебіреніп отырған Баукеңе менің «Маузеріңіз
қайда?» деген сұрағым орынсыз көрінді-ау деймін, ол «Музейде» деп бір-ақ ауыз сезбен
қатулана жауап берді де, теріс қарап кетті. Қойған сұрағымды ұнатпағанын білдім де, мен
үнсіз отырып қалдым. Расында да ол адам туралы, азаматтар тағдыры жайында сөйлеп
отырғанда, менің бір тұтам қарудың қайда екенін сұрағаным орынсыз да еді. Бірақ менің
міндетім Баукеңе қатысты нәрсенің бәрін де білу, бәрін де анықтау. Ойыңа келіп тұрған
сұрақты сол сәтінде беріп қалмасаң, артынан, сөз аралап, ұмытып кетесің. Бірақ, бұл
Баукеңе дәлел емес. Сондықтан, батыр сабасына түскенше, төмен қарап, үнсіз отырдым.
Үнсіз отырып, ақын Сырбай Мәуленовтың «Батыр ағам Бауыржанға» деген мына өлеңін
іштей қайталап шықтым:
Кешіп өтіп кешегі от-жалыннан,
Дүниеге ерлігімен танылған.
Кең жауырынды, Талғардай тік иықты,
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
Қалтыраған атынан жау ордасы,
Панфиловтың жорықтағы жолдасы.
Даңқ туын майдандарда көтерген,
Гвардия бөлімінің қолбасы.
Шежіресін жазып соғыс кезінің,
Бүгін сенің жырға айналды сезімің,
Бүгін тағы естіледі әлемге,
Айкастарда атой салған өз үнің.
Ел аузында ерлігі - аңыз, аты - жыр,
Халкымыздың мақтанышы батыр ұл.
Мерекелі мүшеліңді кұттыктап,
Сырбайыңның жазған сәлем хаты бұл.
Қайрат-күшін қан майдандар сынаған,
Сенсің менің ардақтайтын бір ағам!
Ескерткіш боп тқрып қалмай бір жерде,
Алшаң басып жүргеніңе қуанам.
Бір күні мен Сырбайдан осы өлеңнің тарихын сұрадым.
- Осы бес шумақ өлеңнің он бес жылдық тарихы бар, - деді Сырбай дауыл
тербеген теңіздей гүр ете қалып. - Өлеңнің қалай жазылатынын өзің білесің. Кей өлең
ағаш басынан пыр етіп кеп жерге конған бір топ торғай сияқты, лып етіп бірден қағазға
түседі.
Енді бір өлеңдер, көпке дейін жерге түспей, біресе төмендей, біресе жоғарылай қалықтап,
аспанда жүріп алатын қалың қара торғайға ұксап ұзақ уакыт қағазға қонбай қояды...
Баукеңді мен бірінші рет 1944 жылдың басында, Алматыда, Жазушылар одағының
пленумында көрдім. Мен қырық үшінші жылы майданнан жаралы боп келіп, Қостанай
облыстық газетінде қызмет істейтінмін. Жергілікті жердегі әдеби бірлестіктің жетекшісі
болғандықтан пленумға шақырылдым. Баукең сонда пленумның президиумында отырды.
Біздің екі көзіміз сонда болды: мен оны бөріге де, бүркітке де ұксаттым. Тегі: «Кең
жауырынды, Талғардай тік иықты, бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан» деген жолдар менің
ойымда сонда туған болса керек. Бірақ бұл жолдар ол кезде қағазға түскен жоқ. Содан 4-5
жыл кейін мен Алматыдан Көкшетауға дейін Баукеңмен бір самолетте ұштым. Ол кезде
таныс емеспіз, тілдескеніміз жоқ. Танысып, сөйлесуге батылым жетпеді. Көкшетау
аэродро-
мының айналасы белуардан келетін көкорай шалғын екен. Бауыржанның соған үстіндегі
плащ-накидкасын жайып жіберіп, полковник басымен аунай кетіп, Көкшенің көкорай
шалғынын құшақтап, аймалағанын көрдім. Бұрқ етіп көзіме жас келді. Анадай жерге
барып, Бауыржан орнынан тұрып, қайтадан самолетке отырғанша көз айырмай қарап
тұрдым... Кырық тоғызыншы жылы шыққан жинағымда Бауыржанға арналған алғашқы
өлеңім жария-
ланды. Бірақ оған өзім қанағаттанбадым. Алпысыншы жылы Баукең аурудан тұрып,
Жазушылар одағына таксимен келіп, қайтып бара жатқанын көргенде жүрегім бір түрлі
болып кетті. Астаң-кестең ой тулады. «Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде, алшаң
басып жүргеніңе қуанам» деген екі жол ең алдымен келді. Бұл екінші өлеңімді мен
Баукеңнің елу жылдығында жарияладым.
Автор. Жоғарыда Сіз «полктың көгілдір клубы» дедіңіз. «Бауыржанның көгілдір
клубында болдық» деген сөзді мен алғаш Әбекеңнен естіп едім.
Бауыржан. Ол кім?
Автор. Әбділда Тәжібаев.
Бауыржан. Ә, Әбекеңнің ол «көгілдір клубты» көргені рас. Немістерді Москва
түбінде тоқтатқаннан кейінгі бір әредікте мен Қазақстан Жазушылар одағына хат
жазғанмын. Қазақстан жазушылары, мынау сұрапыл соғысты өз көздеріңмен көрмей үйде
отырасындар ма? Ертең соғыс туралы шығарманы қалай жазасындар? Бұл соғыс тарихта
да, әдебиетте де атаусыз қалатын соғыс емес. Бұл совет халқының анау азамат
соғысынан кейінгі ең басты, ең шешуші шайқасы. Ендеше осыны келіп көздеріңмен
көрмейсіндер ме, денелеріңмен сезінбейсіндер ме? - дегенмін. Сол хаттың ішінде бірнеше
жазушылардың аттарын атағанмын. Соның бірі етіп Әбділданы да айтқан болуым керек.
Оның үстіне Әбділда екеуіміз баяғыда Шымкент интернатында бірге оқыған бала доспыз
ғой. Сондықтан Әбділданың тікелей өзіне арнап жазған жеке хаттарым да болса керек.
Адам қасында жүргеннің қадірін біле бермейді. Өлген соң өкінеді, өлген соң өкіреді.
Әйтпесе Әбділда деген ұлы ақын, ұлы азамат қой, шіркін! Өзің ойлашы, сен бір ауыз
сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың ішінде жүрген саған қай досың
артыңнан іздеп келеді?
Шешең келсе келер, әкең келсе келер. Бірақ соғыстан бес мың километр алыста, тыныш
үйде, тыныш жайда, бала-шағасының қасында жылы ұяда отырған бөгде біреу сені қалай
іздеп келеді? Соның бәрін тастап, ешкімнің әмір-бұйрығынсыз, соғыс кезінің әр сағат, әр
тәулігі өліммен ұштасып жатқан ауыртпалық қиыншылықтарына қарамастан майдандағы
солдаттарға сәлем беремін деп келу үшін адамға қаншама қажыр-қайрат, адамгершілік,
азаматтық сүйіспеншілік керек десеңші! Соны мен бірінші рет осы Әбділданың басынан
көрдім, қарағым. Ақпейіл ақынның аңқылдап майданға келіп қалғанын бір-ақ білдім. 1942
жылдың апрелінде корпус штабынан дивизияға келе жатқан жолда машиналарына бомба
түсіп істен шығып, көктем кезіндегі Калинин облысының қара батпағын жарымжан
аяғымен тізеден кешіп, жиырма шақырым жаяу жүріп, қап-қара боп түтігіп Талғар полкына
келген
Әбділданы көргенде төбе шашым тік тұрды. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай,
дыбысым шықпай оны бас салып құшақтай алғаным есімде. Жігіттердің жиналып
қалғанына қарамастан, екеуіміз қайта-қайта сүйісіп, бір-біріміздің бас-аяғымызға қайта-
қайта қарай бердік. Мен қасымызда тұрған қаһарман солдаттардың қаһарлы командирінен
арсалаңдаған балаға айналып кеткен сияқтандым. Өйткені, Әбділда өзімен бірге майданға
менің балалық шағымды арқалап алып келді. Ол менің балалық шағым бауырында өткен
қазақтың Қаратауын қасыма әкеп қойғандай болды. Мен оны көргенде алыстағы елімнің
алтын ордасы Алатауға арқамды тіреп тұрғандай болдым. Әбділдамен бірге бүкіл қазақ
даласы қасыма көшіп келген сияқтанды.
- Неге келдің? Мынау бұршақ орнына төбеден бомба жауған майданда өліп
қалсаң қайтесің? Неге келдің, Әбділда? - дедім мен бір кезде даусым шығып.
- Өлсем сенен жаным артық па? Мынау тұрған көген көз боздақтардан жаным
артық па? - деді ол.
- Біз солдатпыз, сен ақынсың ғой, Әбділда-ау.
- Солдатыма сүйегім сырқырамаса менің нем ақын, нем азамат, Бауыржан?! -
деп әбден қажып келген Әбділда сылқ түсіп блиндаждың жиегіне отыра кетті.
Содан Әбділда бірнеше күн менің полкымда, менің касымда болды. Дивизияға
елден сыйлык әкелген Казакстанның өзге делегаттары әлдеқашан қайтып кетті. Елдің
хабарын айтып, жалынды өлеңдер оқып Әбділда менің де, менің полкымның
жауынгерлерінің де құлақ құрышын қандырды. Сол аз уақыттың ішінде солдаттар
Әбділданы әкесіндей көріп кетті. Кейінгі жылдарда майдандағы біздің дивизияға Әбділда
салған айқын жолмен Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұканов, Жүсіпбек Елебеков сияқты
бірсыпыра мәдениет пен өнер қайраткерлері ат ізін салды. «Келіннің бетін кім ашса, сол
ыстық» дейді ғой қазақ. Соғыста кімді бұрын көрсең, сол қымбат. Әбділданың өзге
тұрғыластарымнан ыстық көрінетін бір себебі сол, қарағым. Оның үстіне Әбділданың
әкедей ақылгөй, шешедей мейірбан, парасатты өлеңдеріне тәнтімін. Мен үшін қазіргі өзге
ақындар бір төбе де, Әбділда бір төбе. Мінеки, Калинин ормандарының қылқандарынан
жасалған полктың «Көгілдір клубын» соғыстың қақап тұрған қатал жылында қазақ ақыны
Әбділда Тәжібаевтың асқақ үні кернеді. Ол үн жауынгерлердің жүрегіне қайрат боп тұнып,
Калинин орманының ішін кернеп кетті. Жауынгер жігітгермен қоса орманның бұтақтары да
ақынның сөзін ұғып, теңселе тербеліп, бас изеп тұрған сияқтанды. Соғыстан кейін,
бертінде Калинин облысына барып қайтқан жігіттердің бірі маған әзілдеп:
- Бауке, жел соқса Калинин облысының ормандарына дейін қазақша ән
салады екен, - деді.
- Ән салса оны 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясының жауынгерлерінен,
сол жерге ең алғаш келген қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтан үйренген болар, - дедім мен
оған шындап жауап беріп.
VII
Автор. Әбекең ол жолы Сіз туралы өлең шығарған жоқ па?
Бауыржан. Оны өзінен сұрағын.
Автор. Жоқ, мен оны сұрамаймын, Бауке. Әбділда Тәжібаевтың 1942 жылы майданға
барғанда Бауыржан Момышұлы туралы өлең шығарғанын бұрыннан білемін. - Ол өлеңді
орысшаға Самуил Яковлевич Маршак аударып «Известия» газетінде басылып еді, - деген
болатын маған ақын. Бірақ Әбекең ол өлеңнің өзінің кай кітабында жариялағанын есіне
түсіре алмаған. Артынан мен ол өлеңнің қазақшасын да, орысшасын да тауып,
салыстырып оқып шыққанмын. Қазақшасы «Бауыржанға» деген атпен 1945 жылы
жарияланған «Өлендер жинағы» деген кітапта шығыпты. Орысшасы «Великан» деген
атпен ақынның 1958 жылы Москвада басылған «Песнь о друге» деген жинағына еніпті.
Өлеңнің бас жағында ақын балалық шақта Бауыржан екеуінің көк майса кең далада бірге
жүгіріп өскенін, садақ тартып, қарға атып ойнағандарын еске алады. Көрші кемпірдің
балаларды оттан, судан, қара құстардан қорғайтын алып жайлы айтатын әңгімесін қатар
отырып, қызыға тындайтындарын, ертегідегі алыпты екеуінін өз әкелеріндей жақсы көріп
кеткендіктерін айтады. Сол бала күнгі досын сағынып, бір көруге зар болып, төбеден неміс
самолеттері жаудырған бомбаға да қарамастан ілгері басып келе жатқан сәтін ақын
былай баяндайды:
Келем қалың қара орманмен,
Көрсем деймін тездеп сені.
Қара құстар көктен төнген,
Бөгемеші жолда мені.
Шегінбедім, сескенбедім,
Тоқтамады салған әнім.
Тек тезірек жетсем дедім,
Сағынғаным - Бауыржаным!
Ақ қайыңдар ортасында
Тұрдың берік жас емендей.
Көріскеннен жайдың құшақ,
Ғашық жарлар кездескендей...
«Қош» дедің сен, міндің атқа,
Құтқаруға бөбектерді!
Қайырымды алып, кемпір айтқан, -
Сен екенсің, ұктым енді.
Бұл өлең «Известияға» басылмас бұрын алдымен республикадағы ана тілінде
шығатын газеттерде басылыпты. Майданда Бауыржан деген батыр бар екені байтақ
Қазақстанға, бүкіл Отанға алдымен осылай тарапты. Ойлап қарасам, біздің
«Бауыржанымыздың» басы Әбекеңнін осы өлеңінен басталатын сияқты. Бұған дейін
Бауыржан есімі «Момышұлының бірінші батальоны Горюны, Матренино аудандарында
жаумен шайқасты» деген сияқты полктан дивизия штабына жіберілген әскери ақпарларда
ғана аталып келген. Пулемет ротасының командирі жас ақын Василий Вершининнің 316-
атқыштар дивизиясының органы «За Родину» газетінде басылған өлеңінде Б.
Момышұлына арналған мынадай бір ғана шумақ бар:
...Он помнит, что служит народу,
Что путь наш суров и велик.
За счастье людей, за свободу
В бой идет молодой большевик...
Полк, дивизия ақпарларынан Момышұлының есімі ең алғаш «Известия»
газетінің бетіне көшті. Өлең тақырыбының астындағы «Гвардия капитаны Бауыржан
Момышұлына» деген сездерге миллиондаған көздер қадалды. Миллиондаған әкелер мен
аналар, жас жарлар мен жасөспірім жеткіншектер гвардия капитаны Момышұлының кім
екенін білмесе де, оның фашистердің құлдығындағы совет адамдарын, барлық сәби
балаларды азат етуші алып
екенін, қазақ халқының қаһарман ұлы екенін көңілдеріне түйіп алды. Бауыржан атын бүкіл
Казақстанға кеңінен танытқан бұл өлеңді тамаша орыс ақыны Маршак орыс тіліне
аударып, ол есімді барша байтақ Отанға мәшһүр етті.
Тәжібаев өлеңінің Маршак аудармасы «Известия» газетінде жарияланғаннан
кейін іле-шала 1942 жылы 18 майда «Правда» газетінің бетінде Совет
Информбюросының мынадай хабары жарияланды:
«Калинин майданының бір участогында дұшпан біздің бір бөлімшемізге шабуыл
жасады. Бауыржан Момышұлының қол астындағы біздің жауынгерлер жауға миномет пен
пулеметтен оқ жаудыра қарсы алды, одан кейін қарсы шабуылға шығып, гитлершілдерді
кейін сырғытып тастады. Ұрыс даласында жаудың 120 солдатының өлігі жайрап қалды.
Фашистердің 2 танкі қиратылды».
Осылай деп «Правда» газеті ер есімін елге жайды. Осыдан кейін «Красная
звезда» газетінің бетінде Бауыржан есімі жиі атала бастады. Александр Кривицкийдің
очерктері, Александр Бектің атақты кітабының алғашқы бөлімдері дүниеге келді. Қазақ
ақындарының Бауыржанға өлең арнамағаны кемде-кем болды. Тіпті кейбір ақын арасына
бірнеше жыл салып, екіден-үштен өлең арнады.
Мәселен, Тәжібаев «Момышұлына» деген алғашқы өлеңін 1942 жылы жазса, отыз
жылдан кейін оған арнап екінші өлеңді және шығарды. Ал ақын Қалижан Бекхожин
Момышұлын аарнаған «Қол бастаған батырға» деген алғашқы өлеңін 1944 жылы, «Томаға
киген тау бүркіт» деген өлеңін 1960 жылы, ал «Атыңды мен естідім» деген үшінші өлеңін
1971 жылы жариялады. Ақындардың аузымен халық сөйлеп, тарих тиісті бағасын берді.
Өйткені ақын өзі ұнатқан ардагер азаматты ғана жыр етеді, соған ғана өлең арнайды.
Теңіздің түбіне сүңгіп алған маржан сияқты асыл қазынасын ақын кез келген жұртқа
сыйлай бермейді. Ақын халық сүйген қаһарман ұлды, қадірлі азаматты ғана мадақтайды.
Ол ұнатпаған адамына үн қатпайды, бірнешеу тұрғай, бір де өлеңін арнамайды. Ақынның
жүрегіндегі отты сезімге ешкімнің әмірі жүрмейді, ол жүректің жылуын ешкім зорлықпен
тартып ала алмайды. Ақын сүйгеніне ғана сүйсіне жыр төгеді. Ақынға зорлықпен сүйікті
бола алмайсың. Ал саған Әбділданың сонау қырық екінші жылғы өлеңінен бастап, барлық
қазақ ақындары жабыла жыр арнаса, олардың сені жабылып жақсы көргені. Бір емес, екі-
үш реттен арнаса, онда сені үш мәртебе жақсы көргені, шексіз сүйіп құрметтегені ғой,
Бауке. Мен саған кімнің қандай өлең шығарғанын білмегендіктен емес, білгендіктен,
көкірегімді мақтаныш кернегендіктен сұрап тұрмын ғой, ақсакал. Мұны айтсам сен:
«Білсең несіне сұрайсың?» деп, даусыңды күндей күркіретіп, мұртыңнан найзағай
шашыратып шыға келесің. Сондықтан менің іштей тебіреніп, ішкі ырғаққа кайта-қайта бас
изеп, үнсіз сүйсініп қана қоюыма тура келеді. Оны аңғарған сен: «Әй, шыбындаған атқа
ұқсап, басыңды неменеге шұлғып отырсың?» деп тағы да мені әжуа қыларсың. Сондыктан
өз күйімді саған аңғартпай, әңгімені ілгері жалғап, менің енді келесі сұрақтарыма көшуім
керек, батыр-екесі.
Автор. Мен Сіздің сол қырық екінші жылдың жазында елге жазған бір
хатыңызды тауып көшіріп алдым. Соны өзіңізге оқып берейін бе?
Бауыржан. Кәне, не деппін?
Автор. Өз қолыңызбен түзу сызықты дәптердің екі бетін толтыра арабша
жазған хатыңызда былай депсіз, Бауке:
«Ардақты Мұхтар аға!
Жазған хатыңызды алып, өте шаттанып, төбем көкке, қолым қияға жеткендей
болып отырмын. Хатыңызға көп рахмет. Мені әсіресе қуантқан жай - Сіз менің хатымды
алып, менің жаманды-жақсылы пікіріме толық түсінгенге ұқсайсыз: Отан соғысын
тақырыпқа алып еңбек етемін. Ол еңбекті ат үстінен емес, әбден терең мағына-
мазмұнына төселіп, біліп алып бастаймын деген ниетіңіз, талабыңыз мені өте қуантады.
Сіз сияқты қазақ әдебиетінің полковнигі шынында солай істемеуіне де болмайды. Сырттан
қарап, көргенге қызығып, терең тексермей, шын-өтірігін араластыра бес-алты күндік өмірі
бар шы ғарма жазу- әдебиет ефрейторлары мен сержанттарының қызметі емес пе? Ал,
Сіз, құдайға шүкір, полковниксіз ғой. Талабыңыздың орындалуына тілектеспін. Сіздің
қолдан шыққан көркем, тарихи еңбек болашақта жалғыз қазақ әдебиеті ғана емес, барлық
әдебиеттің ішінде
төрден орын алып, жалғыз біз емес, біздің немере-шөберелерімізге үлкен үлгі, насихат
дастан болып, бірнеше ғасыр өмір сүретініне кәміл сенемін.
«Абайдың» бірінші кітабының жарыққа шыққанына да өте қуаныштымыз. Ол
жайындағы хабар қазақ әдебиетінің тұңғыш ұл баласының қайта туғанындай болып
естілді! Амандық болса, оқып, көріп, пікірімізді адал ниетпен айтармыз деген үміттемін.
Әрине, үмітсіз адам баласы болушы ма еді - соғыс бітсе, біз жеңсек, аман-есен, тірі елге
қайтып, жақын ағайын-туысқандардың дидарын қуанышпен көрсек дейміз. Ол үшін, жан-
тәнімізді аямай, майданға қыза кірісеміз. Егерде ол ниетке жетсек әңгімені дастан-дастан
етіп айтып беруден біз қашпаймыз ғой. Бірақ та майдан- өмірдің қыл көпірі емес пе? Ол
көпірден жанның барлығы бірдей аман-сау өте бермейді ғой. Сал тар жол, тайғақ кешуде
мыңды басқарған өте қиын, ғажайып міндет емес пе ? «Білмеймін қандай асу алда жатыр,
құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр? Сиынып аруақ пен бір құдайға, ұстадым етегіңнен,
баста батыр!» деп өзіңіз сөйлетпеп пе едіңіз қаһарманыңызды? Сол сияқты, біз бастаған
бұқара - солдат қауымы өзінің қолбасына осыны айтып, сеніп сиынып артына ілеседі. Ал
мыңның істеген ісін ізсіз тастап кету- қолбасыға үлкен сын емес пе? Ол көзі тірі кезінде
айтып, жазып беретін іс мойнындағы үлкен борышын орындағаны болып табылмай ма?
Сондықтан мен осы борышты орындауға асықтым.
«Знамя» дейтін журналдан Александр Альфредович дейтін жазушы қайтадан
келіп, батальонның бастан кешкенін тағы да қайталап айтып бергін деп, телміріп отырып
алды. Зерікпестен жарым ай ілесіп жүрді. Ауызша айтқанның жаман да болса қағаз
бетінде қалады ғой деген оймен, мен оған бастан өткен соғыстардың барлығын Мәскеуге
дейінгісін толық етіп, әрбір соғысты екі-үш сағаттан баяндадым. Бір жарым ай дегенде Бек
менің айтқандарымды бұлжытпай жазып алып, жақында ғана кетті. Екінші бөлімін қайта
келіп жазбақ. Бек үлкен жазушы емес - жақсы стенограф, айтқаныңды айтқанша жазады -
оның қасиеті сол.
Кетерінде мен оған былай дедім:
- Сенің жазатын кітабыңның қысқаша мазмұны мынау:
Мен істедім дегенше - мың істеді десеңші!
Ер істеді дегенше - ел істеді десеңші!
Мен - мыңдікі болмасам,
Ер - елдікі болмаса -
Кім істеді дер едің?
Қызметіңді, Александр Альфредович, ешкімнен қызғанба, жасырма. Айтқанымның
бәрін жазып алдың, бірақ түсінген жоқсың. Себебі сен мен бастаған мыңның кім екенін,
менің кім екенімді және қазақтың салт-санасын, әдет-ғұрпын білмейсің. Мен айтқан
қазақтың халық мақалдарын жазуға сенің қаламың шорқақ, тілің қысқа. Сондықтан байқа,
олардың мазмұнын дұрыс беру үшін тиісті адамдармен ақылдас.
- Кіммен ақылдасайын? Сіздің ұйқыңызды бөліп жазып алған нәрселерімді қайта
түсіндір деп әурелеуге ұялдым, - деді маған Бек.
- Кіммен ақылдасуыңды Мәлік пен Құрманбектен сұрағын, - дедім мен оған.
Бақсам, Мәлік пен Құрманбек Сізді ұсынғанға ұқсайды. «Қырық мақал» дейтін бір
нәрсе жазып едім. Егерде оны Құрманбек жөн деп тапса Сізге жіберер.
Уақыт, жағдай белгілі ғой. Ойдағыны түгел жазуға шама қайдан келсін, айып
етпеңіз.
Хатыңызға, талабыңызға бас иіп, сәлем беруші Бауыржан.
18. 8.1942 жыл.
РС. Әбділда мен Әлжаппарға сәлем айтуыңызды сұранам».
Бауыржан. Иә, бұл менің Әуезовке жазған жауап хатым болатын.
Автор. Мұхаң өз хатында не айтқан еді?
Бауыржан. Александр Бекпен тілдесіп, оған бірсыпыра жайдан түсінік бергенін,
өзінің де Отан соғысы туралы кең тынысты роман жазғысы келетінін, бірақ ол үшін талай
уақыт ойланып, толғанатынын, соғысқа қатысқан талай адамдармен әнгімелесетінін
айтып, соғыс жайын жақсылап ұғындыратын адамдардың бірі өзің болсаң екен деген
тілегін білдірген.
Автор. Хатыңыздағы Мұхаңның шығармасынан келтірілген цитатыңызды әдейі
салыстырып шықтым. Еңлік қыздың Кебек батырмен қол ұстасып кетерде елімен
қоштасқан төрт ауыз өлеңінің ең соңғы шумағы екен. Қолында цитат көшіріп алатын
кітабы жоқ соғыста жүрген адам бір жолын, тым болмаса бір сөзін шатыстырған-ақ шығар
деп ойлап едім. Тіпті бір де әрпі ауыспапты.
Бауыржан. Немене, біз жас кезімізде әдебиет оқымай, ай қарап жүрді деп ойлап
па едің?!
Автор. Сіздің Әуезов творчествосына сонау қырық екінші жылы берген
бағаңыздың айнымай дәл шыққанына және таңғалдым.
Бауыржан. Көзі бар кісінің бәрі асқар тауды алыстан көреді. Тек мүгедек соқыр
адам ғана Алатаудың қасында тұрса да оның қандай екенін болжай алмайды. Мені соқыр
деп пе едің сен!? Кәне, келесі сұрағыңа көшкін.
Автор. Сол хатыңыздағы: «Бек үлкен жазушы емес - жақсы стенограф» деген
сөзіңізге қазір қалай қарайсыз?
Баукең сәл ойланып алып, жауап берді.
Бауыржан. Ол қырық екінші жылғы хат қой, қарағым. Бек ол кезде одаққа
танымал үлкен жазушы емес болатын. Полкқа келгенде аузымнан шыққан сөздің бірін
қалдырмай жазып ала беретін. Сондықтан ол тұста мен оны үлкен талант иесі емес,
жақсы стенограф қана болар деп ойлағаным рас. Ал бірақ Бек кейіннен аса талантты
жазушы екенін танытты. Одаққа ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі қаламгерлеріміздің
бірі болды. Оның «Волоколамск тас жолы» кітабы барша жер шарын шарлап кетті. Ең
алдымен сол кітап арқылы қазақ халқының ерлігі, оның бір ұлы - менің есімім Отанның іші,
тысына тегіс мәшһүр болды. Осы үшін оған мың мәртебе рақмет! Бұл үшін оған менің осы
күнгі үрім-бұтағым, алыс ұрпағым, тек өз ұрпағым ғана емес, ұлтым да мәңгілік қарыздар.
Болашақта Алматының және облыс орталықтарының бір-бір көшесі Александр Бек атына
қойылса орынды-ақ болар еді. Бірақ оны мен емес, қалалық советтер шешеді ғой,
қарағым. - Осылай деп Баукең басын сәл еңкейте түсіп, үнсіз отырып қалды. Біраздан
кейін еңсесін қайта көтеріп, сөзін жалғады. - Осы сияқты қазақ халқы ерекше қарыздар
тағы бір орыс жазушысы бар.
Автор. Ол кім, Бауке?
Бауыржан. Оның аты да - Александр. Бірақ Александр Альфредовичтен басқа,
Александр Юрьевич Кривицкий.
Автор. Оны қай себептен айтып отырсыз?
Бауыржан. Панфиловшы 28 батырдың атағын дүние жүзіне паш етіп, артынан
аттарын анықтаған адамның кім екенін білмеуші ме едің?
Енді есіме түсті.
Москва үшін шайқасқан сол ауыр күндердің бірінде, ноябрьдің аяқ шенінде
«Красная звезда» газетінде «Жиырма сегіз батырдың өсиеті» деген бас мақала
жарияланды. Онда, осыдан бірнеше күн бұрын Москва түбінде жаудың елуден аса танкі
Панфилов дивизиясының жиырма тоғыз жауынгері бекінген шепке лап койғаны, совет
жауынгерлерінің тайсалмай елу тажалды қарсы алғаны, олардың тек біреуі ғана қорқақ
боп шыққаны, саяси жетекші Диевтің басшылығымен қалған жиырма сегіз батыр елу
танкпен шайқасып, оның он сегізін өртеп, өздері тегіс Отан үшін опат болғаны айтылған
болатын.
Ертеңінде «Красная звезда» газетінің редакциясына Одақтың ең үлкен ақсақалы
Михаил Иванович Калинин телефон соқты.
- Біздің адамдардың өлімі аянышты-ақ, жанға батады, - деді ол жиырма сегіз батырдың
ерлігіне сүйсініп, өліміне өкіне отырып. - Бірақ соғыс шындығы - ауыр, ол шындықты
айтпау одан да ауыр. Не істерсің, Ленин айтқандай, соғысқаннан кейін шындап
соғысу керек. Сіздердің ерлерді мадақтағандарыңыз - жақсы іс. Енді олардың аты-жөнін
білген жөн. Іздестіріп көріңіздер. Адал ерлер атаусыз қалмауы керек.
Сол күні редакторға тағы да телефон соғылды. Қызыл Армияның жоғарғы Бас
басқармасының бастығы газеттің «Жиырма сегіз батырдың өсиеті» деген бас
мақаласынан қауымдасқан бұқаралық ерліктің жарқын өнегесі танылатынын, оған
Сталиннің өзі көңіл бөліп отырғанын айтты.
Осыдан кейін редактор бұл бас мақаланың авторын кабинетіне шақыртты. Ол
жас журналист Александр Кривицкий еді. Кривицкий ол мақаланы редакцияға алғы
шептегі дивизиялардың бірінен келіп түскен төрт жол ғана саяси ақпарға сүйеніп жазған
еді. Мұндай ақпарлар редакцияға көптеп келіп жататын. Редактор армия саяси бөлімінен
шындығын анықтағаннан кейін бұл ақпарды бас мақалаға факты ретінде пайдалануға
ұсынған. Ал онда Дубосеково мен Диев деген бір ғана фамилия көрсетілген еді. Танкпен
шайқасқан өзге батырлардың бірде-бірінің аты-жөні айтылмаған.
Қырық бірінші жылғы декабрьдің басында, сақылдаған сары аязда Кривицкий
Москва іргесінде жаумен шайқасып жатқан дивизияны іздеп алғы шепке аттанған
болатын.
Бір адым ілгері аттап, екі адым кейін шегініп, шегінген жерден қайта шабуылға
шығып, жаумен күні-түні қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан дивизияның басшыларына
жолығу, жолықсаң әлдененің егжей-тегжейіне қану үшін толықтап тілдесу мүмкін емес
болатын. Оның үстіне дивизияның аяулы әкесі Панфиловтан айрылып, көп адамы
құрбандыққа ұшырап қызыл жоса қан болып жатқан шағы еді. Өлінің орнын тірі басып,
жаралының міндетін жаңа келгендер атқаруға кірісіп, біреуді біреу біліп болмайтын тұста
келген әскери тілшінің бірден жолы болмады. Жолы болмағаны сол, бұл дивизияда Диев
деген саяси жетекшіні ешкім білмейтін болып шықты, ешбір тізімде жоқ. «Красная звезда»
газетінің 28 батыр жайында жазылған бас мақаласын мұнда ешкім де оқымаған, көрмеген.
Не газетті алғы шептегі дивизияға жеткізіп бере алмаған, берсе жаумен жағаласып жатқан
жұрттың газет қарауға мұршасы болмаған. Москва түбінде опат болған мыңдаған адам
топыраққа көміліп, қар астында қалып жатқанда аты-жөні белгісіз 28 жауынгерді
сұрастыру қақаған қаңтарда Қара теңізге сүңгіп, қапылыста қолыңнан түсіп кеткен алтын
сағатыңды іздеумен пара-пардай еді...
Не істерін білмей жаны қысылған әскери журналист енді Диевті қойып, 16
ноябрьде Дубосековоны қандай бөлімнің қорғағанын сұрастыра бастайды. Капров полкінің
адамдары екені айқындалады. Капров Дубосеково разъезін ол күні капитан Гундилович
бас-
қарған тертінші рота қорғағанын айтады. Тілші енді Гундиловичқа келеді.
- 16 ноябрьде Дубосеково разъезін сіздің рота қорғағаны рас па?
- Рас. Ротаның саяси жетекшісі басқарған 29 адам қорғады. Бірақ олар тегіс
қаза болды.
- Саяси жетекші Диевті білесіз бе?
- Білемін. Ол менің ротамның саяси жетекшісі Клочков... Дәлірек айтқанда
соның екінші фамилиясы.
- Қалайша?
- Василий Клочков асыл азамат еді. Ол өз жігіттерімен Дубосеково
түбінде 50 танкіні тоқтатты. Не керек, өліп кетті. Тынным таппайтын. Сонысына қарап
ротадағы бір украин жауынгер: «Біздің саяси жетекші Диев - тынымсыз жан» деп сүйсінуші
еді. Осыдан ол Диев аталып кеткен болатын.
- Опат болған сол 29 адамның аты-жөнін тегіс айтып бере аласыз ба? Біреуі
опасыз болып шыққан ғой, оны білесіз бе?
- Кімнің опасыз болғанын білмеймін. Мен өзге адамдармен ротаның екінші
қанатында болдым. Ал өлген 29 адамның аты-жөнін тегіс айтып бере аламын.
Осылай деп капитан Гундилович планшет аша бастайды.
Осыдан кейін тілші Дубосеково разъезіне таяу жердің тұрғындарымен
әңгімелесті. Госпитальға барып, ондағы жаралы панфиловшылармен тілдесіп, 28
батырдың бірі, өлім халінде жатқан Иван Моисеевич Натаровпен кездеседі. Осыдан кейін
ол Москваға қайтып келіп енді «Красная звезданың» 1942 жылғы 22 январындағы
номеріне «Мерт болған 28 батыр» деген очерк жариялады. Сонда олардың аты-жөні тегіс
аталып, ерлер өлімінің егжей-тегжейі толық баяндалды.
Бұл да аз. Александр Кривицкий 28 батыр жайында бұдан кейін орталық
газеттерде бірнеше очерктер жариялады. Нақ сол кезде қоршаудағы Ленинградтан
редакцияның шақыруы бойынша ұшып келген көрнекті совет ақыны Николай Тихоновқа 28
батыр жайында қызықты-қызыкты әңгімелер айтып беріп, солар жайында жыр жазуға
шабыттандырды. Сөйтіп Николай Семеновичтің осы ерлер жайында поэма жазуына
мұрындық болды. Тихоновтың «28 гвардияшы туралы жыры» «Красная звезданың» 1942
жылғы 22 марттағы номерінде басылды. Бұдан кейін бұл батырларға атақты ақын Михаил
Светлов және поэма арнады. Ал белгілі композитор Исаак Дунаевский «Менің Москвам»
атты әнінде 28 батырдың ерлігін музыка тілімен толғады.
1942 жылы 21 июльде СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша
даңқты 28 панфиловшыға өлгеннен кейін Совет Одағының Батырлары атағы берілді.
Дубосеково разъезіне жақын Нелидово селосында осы оқиғаға байланысты өткен
салтанатты жиын туралы очеркті де Кривицкий жазды. Одан кейін «өліп тірілген» үш
батырдың - 28-дің тірі қалғандары И.М.Шемякин, И.Р.Васильев және И.Д.Шадриннің
бақытты тағдыры туралы да орталық баспасөзде бірінші боп жазу абыройы Кривицкийге
және тиді.
Содан көп жылдар кейін Александр Кривицкий 8-ші гвардиялық дивизияның
адамдарына арналған «Москва түбіндегі қарауыл» атты кітабының бір бетіне былай деп
жазды:
«Мен бақыттымын, маған тағдыр панфиловшылардың ерлігіне жақындасуға,
ұрыс картинасын қалпына келтіруге, батырлардың есімдерін тауып, олардың ерлігі
туралы бірінші болып айтып беруге мүмкіндік берді. Адамдарды рухтандыратын бұл ерлік
туралы бірінші болып айтып берушінің бақыты менің санамда өмірімнің соңғы минутына
дейін сақталатынын мен білемін».
Автор. Рас айтасыз, Бауке. Ұлы Отан соғысы батырларының ішінен 28 ердің
есімі, аспандағы көп жұлдыздар арасындағы үркердей жарқырап, адамзат тарихында
мәңгілік қалды ғой. Олар адамдар арасындағы достықтың, туысқандықтың,
отаншылдықтың, социализм елін қорғау жолындағы бұқаралық ерліктің өшпес өнеге -
шамшырағы боп нұр шашуда.
Бауыржан. Сол батырлардың жиырма екісі қазақстандық та, төртеуі - Нарсұтбай
Есболатов, Мұстафа Сеңгірбаев, Асқар Қожабергенов, Әлікбай Қосаев - қазақ қой!
Халқымыздан шыққан Совет Одағының тұңғыш батырлары! Менің біз Кривицкийге де
ерекше қарыздармыз дейтін себебім сол, қарағым. Сол азаматтың қажыры, қайраты,
дәйектілігі арқасында өлген ерлердің есімі бар әлемге мәшһүр болды. Егер Кривицкий
мұншама табандылық көрсетпесе, Москва түбінде бораған қауіп-қатер боранының ішінде
тырмысып жүріп қолындағы ерлік арқанының ұшынан өлсе де айрылмауға бел байламаса
28 батырдың аты-жөні табылып, тарихта қалар ма еді, қалмас па еді? Әңгіме осында. Ел
үшін еткен ерліктің бұл да бір түрі! Келе-келе Кривицкий очеркист-жазушыға айналды. Ал
жазушы халық үшін қалтқысыз қызмет еткен адамды мәңгі жасатады. Бастапқы сөзімді
қайталап айтамын: Панфиловты, оның дивизиясынан шыққан 28 батырды және басқа
панфиловшыларды мәңгі өлмейтін етіп, тірілердің қатарында қалдырған екі орыс
жазушысы бар. Олар Александр Бек пен Александр Кривицкий, бұлар жазған
«Волоколамск тас жолы» мен «Москва түбіндегі қарауыл» кітаптары. Түсінікті ме саған?
Автор. Түсінікті. Тағы да бір сұрақ, Бауке. Кривицкий 28 батырдың аты-жөнін анықтау үшін
дивизияға барған жолы сізбен де жолыққан екен. Өзіңізбен жақсы дос, сырлас болып
аттаныпты. Артынан Бек сол дивизияға барып, Момышұлының батальоны туралы повесть
жазып қайтты. Сонда маған Кривицкийдің қолымен Бекке тағдыр сізді нұсқап жіберген
сияқты боп көрінеді.
Бауыржан. Оны Кривицкийден немесе тағдырдан сұрағын.
Автор. Бір сөзбен айтқанда, «Волоколамск тас жолы» Москва түбінен
басталған біздің ұлы жеңісіміздің де, совет халықтарының мызғымас достығының да және
сіздің есіміңіз арқылы қазақ халқының ерлік даңқының да әлемге шеру тартқан даңғыл
жолы болды ғой, Бауке.
Бауыржан. Жаңа айттым емес пе, ол кітаптың авторына менің ұлтым да,
ұрпағым да қарыздар деп.
VIII
Автор. Сөйтіп, 1942 жылдың сентябрінде генерал Чистяков 21-ші армияның
командашысы боп Дон майданына кетті. Ал біз қайда қалдық, Бауке?
Бауыржан. Біз қайда қалушы едік? Калинин майданында қалдық. Генерал
Кузьма Никитович Галицкий басқарған 3-ші екпінді армияның қарамағында фашистерге
қарсы күзгі, қысқы ұрыстарға әзірлендік. Майдан командашысы генерал-лейтенант
Максим
Александрович Пуркаев деген кісі болды.
Біз ол кезде Холмның түбінде қорғаныста тұрдық дедім ғой. Холм біздің қолда.
Ал Великие Луки, Невель, Новосокольники деген темір жол бойындағы үш қала
немістердің қарамағында. Холмдағы біздің әскерлер фашистердің «Солтүстік» армиялар
тобының денесіне кірш етіп кірген найзадай сұғынып, немесе басқаша теңеумен айтсам,
әлі от алдырылмаған ракетаның космосқа көтерілер алдындағы тұмсығындай сұстана
сүйдиіп, немістердің бүйіріне қадалып тұрған болатын. Енді түсінікті ме саған?
Автор. Түсінікті, Бауке.
Бауыржан. Денесіне найза дарығанын кім ұнатады? Дереу оны қағып
тастауға немесе ортасынан опырып жіберуге тырыспай ма? Немістер де сөйтті. Бірақ
Холмды қайтадан ала алмады. Біз де жаудың жанды жеріне қадалған найзамызды одан
әрі сүңгіте түсуге тырыстық. Сонымен итіс-тартыс боп ұзақ тұрдык. Бұл жерде немістердің
жан ұшыра тыпырлап, өлердей арпалысуының екі түрлі себебі бар еді. Бірінші себебі
мынадай. Калинин майданының оң жағындағы көршісі Солтүстік-Батыс майданы ол кезде
жаудың 16-шы армиясын қоршауға алып, «Демьян қапшығының» ішінде ұстап тұрған
болатын. Оның «Демьян қапшығы» аталатын себебі ұзын қапшыққа ұксаған қоршаудың
түбі біздің Демьянск деген қаламызға келіп тірелетін. Ең алдымен немістердің сол
«қапшықты» сыртынан тесіп, жыртып, оның ішінде бір үйір егеуқұйрықтай шыңғырып,
шақылдап жатқан әскерлерін шығарып алғылары келді. Екінші себебі - коммуникациялык
ірі торап саналатын Великие Луки қаласын қолдарынан шығармауға тырысты. Өйткені бұл
қаладан жан-жаққа он тас жол, төрт темір жол тарайды екен. Солтүстік жақтағы Дно,
Новгород, Ленинградтан, шығыс жақтағы Ржев пен Москвадан, ал батыстағы Балтық
жағалауындағы елдерден келетін жолдардың барлығы да осы Великие Лукиде тоғысады.
Оның үстіне оңтүстік-батысқа - Германияға баратын жолдар да осы қаладан шығады.
Қазақта «тоғыз жолдың торабы» деген ұғым бар ғой. Ол жан-жақтан тоғыз жол келіп
түйіскен деген мағынаны білдіреді. Ондай жер ең үлкен орталық болып есептеледі. Ал
Великие Луки тоғыз емес, он сегіз жолдың торабы екен. Сондыктан да патша үкіметі
Великие Лукидің ерекше стратегиялық маңызын есептей отырып, бірінші дүниежүзілік
соғыстан бұрын аса қуатты темір жол торабы ретінде Великие Луки - Невель -
Новосокольники үш бұрышын салдырса керек. Мұндай мықты бекіністі қолдан шығару
кімге болса да оңай ма? Сол себептен де бізге қарай немістердің «Орталық» армиялар
тобынан әскерлер ағыла жөңкіп, біздің 3-ші екпінді армияның қақ маңдайындағы Локня,
Великие Луки, Невель аудандарына келіп топтаса бастады. Мұндай жағдайда біздің 8-ші
гвардиялық дивизияға, бүкіл армия мен майданға қорғаныс шебін нығайтқан үстіне
нығайта беру қажет болды.
Осы кезде генерал Галицкий де, генерал Пуркаев та біздің шебімізге жиі
келіп, оны нығайтуға бағытталған ақыл, кеңестерін үнемі айтып жүрді. Бұл екі генералдың
екеуін де полкта қонақ етіп, баяғы өзін көрген аспазым Жанның қолынан дәм татырдым,
қазақтың қазы-қарта, бесбармақ, бауырсақ сияқты асыл асын жегізіп, қымыз ішкіздім.
Алдымда аға командир, дивизия басшысы полковник Серебряков тұрғанда менің
генералды қонаққа шақыруға қақым жоқ еді. Бір келген жолында Галицкий полктың бекініс
ауданын аралап көрді де, қайтарында маған:
- Майор жолдас, сенің полкыңның кухнясын біздің штабтың офицерлерінің
бәрі мақтайды. Не кереметің бар, көрсетпейсің бе бізге? - деді.
Мен Серебряковқа қарап едім, ол басын изеді.
Бір жолы Пуркаев келіп дивизия шебін аралағанда оны біздің полкке ең
соңында әкелген Серебряков:
- Жолдас генерал, осы жерден, мына майор Момышұлының кухнясынан
қазақша тамақ ішейік, - деп ұсыныс жасады. Пуркаев қымызға әсіресе таңғалды.
- Мұны қалай жасайсыңдар? - деп сұрады тамсанып отырып.
Пайзиев генералға қымыздың қалай жасалатынын ғана емес, ол сауып
отырған биенің «өмір тарихына» дейін айтып берді.
- Тауарыш генерал, я, - деп алдымен Жан өзінің кеудесін түртті, - обоз
пошет. Кобыла видал. Лежит, жеребенок рождайт. Маленький-маленький жеребенок
вышел. Красивый. Звезда,-деп ол енді маңдайын түртті. - Опять пошел. Жеребенок
видал. Бе-
гайт. Потом майор сказал,- деп мені иегімен нұсқады. - Қымыз пить бойдешь сказал.
Қымыз пить - сильный бойдешь, қымыз пить - красивый бойдешь сказал. Майор голова
кивал. Я кобыла брал. Доит стал. Как корова доит. Қымыз сделал. Тауарыш генерал,
пейте қымыз. Қымыз пить бойдешь - сильный бойдешь. Қымыз пить бойдешь - красивый
бойдешь. Вот так, - деп Жан ұзын лекциясын аяқтап алақанын жайды.
Генерал әбден түсіндім дегендей, Жанға қарап басын изеді.
- Сізге ұлттық тағамдарыңыз үшін рақмет. Немістер біздің ұлылық
қасиеттерімізді де, ұлттық қасиеттерімізді де жоя алмайды, - деп Жанның қолын алып,
арқасынан қақты. - Сіздің сол әдемі құлыныңызды көруге бола ма?
- Можно, можно, тауарыш генерал. Совсем недалека. Я сам землянка капал.
Накат делал. Я жеребенок берегу как солдат, как сын полка...
Генерал қайтар бетінде Жанның жерден қазып жасаған ат қорасын кіріп көрді. Жирен бие
бізді оқырана қарсы алды. Жирен төбел құлын күлте құйрығымен екі санын кезек сипалап
тұрып, мойнын бұрып, әдемі қара көздерін генералға қадады. Генерал оның
жібектей жұмсақ титімдей жалынан сипады. Тегі Жан сипалап үйретіп қойған болуы керек,
жирен құлын генералға қарап сүйкене түсті.
- Мұның аты бар ма? - деп сұрады генерал. - Аты не?
- Есть, есть, тауарыш генерал, имя его Камиль!
- Қалай?
- Камиль, тауарыш генерал, Камиль, - деп Жан екі рет қайталады.
- Ол не деген сөз?-деді генерал Жанның құлынға қойған атының
мағынасын ұқпай.
- Камиль - мой сын, - деді Жан өзінің кеудесін сұқ саусағымен түртіп. -
Камиль - город Прежевалск живет, Қырғыз ССР. Я узбек. Генерал Панфилов дивизия
организовал, я попал. А жеребенок тоже Камиль, как сын!..
- Балаларыңыз нешеу еді? - деді генерал Жанға қарап ойлана бас изей
тұрып.
- Два ребенка был, - деді Жан генералға екі саусағын шошайтып. - Трети
живот остался, жинка живот. Он тоже вышел. Теперь три! - деп ол енді үш саусағын
шошайтты.
Генерал сол жерде адъютантына айтып, Жанның білегіне сағат тақтырды.
- Мынау менің соғыс кезінде туған соңғы балаңызға сыйлаған сыйлығым.
Соғыс біткеннен кейін оған ескерткішке апарып беріңіз, - деді содан соң.
- Ой, спасиба, тауарыш генерал, спасиба, тауарыш генерал! - Умирайт
буду век незабуду, умирайт буду век незабуду, - деп Жан байғұстың қалбақтап есі шығып
кетті.
- Жоқ, өлмеңіз, алдымен жеңіске жетейік, - деді генерал күліп. - Ал мына
құлыныңызды аман сақтаңыз.
- Хош, тауарыш генерал, бойду береш, бойду береш! - деп Жан екі
қолымен кеудесін басып, өзбекше иіліп тұрып генералға жол берді.
Генерал Пуркаев пен полковник Серебряков машинаға отырып, біздің
полктан аттанып кетті. Содан кейін көп ұзамай Иван Иванович Серебряков генерал
Галицкийдің штабына жаңа қызметке ауысты.
IX
Автор. Бауке, сөзіңізді бөлгеніме ғапу етіңіз. Сіз Серебряков атын айтқаннан
жаңа ғана есіме түсіп отыр. Ол кісінің Сіз туралы жоғарыға жазған бір үлкен хаты бар екен
ғой. Сонны білесіз бе?
Бауыржан. Қандай?
Автор. Мінеки. Мен Сізге казақша аударғанымды оқып берейін.
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Серебряков бұл хатын СССР Жоғарғы Советінің Президиумы мен
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумына жолдапты. Онда былай деген:
«Сідерге мына төмендегі жағдайды баяндап жеткізуді борышым деп білемін.
1941 жылы июль айында мен Алматы қаласына генерал-майор Панфилов басқарған 316-
шы атқыштар дивизиясына штаб бастығы болып келдім. Бұл дивизия кейіннен 8-ші
гвардиялық дивизия болып аталды да, Москва түбіндегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін
Қызыл Ту орденімен, одан кейінЛенин орденімен наградталды. Мен ұзақ уақыт осы
дивизияда штаб бастығы боп келдім де, 1942 жылдың мартынан 1942 жылдың октябріне
дейінгі шабуыл ұрыстарында осы дивизияның командирі болдым. Кезінде осы дивизияға
командир болған генерал Панфилов та, генерал Чистяков та, осылардың бірінші
орынбасары және артынан осы дивизияның командирі болған менің өзім де Панфилов
дивизиясы ардагер офицерлерінің бірі, қанды шайқастарда аға лейтенанттан полковник
дәрежесіне дейін көтерілген, қазір де аман-есен қызмет етіп келе жатқан Бауыржан
Момышұлының ұрыстарда бірнеше дүркін көрсеткен лайықты ерліктерін шегініс-шабуыл
кездерінің әр түрлі жағдайларына байланысты, дәл уақытында атап көрсете алмадық.
Менің мойнымдағы әділеттілік, адамгершілік парызы бұл азаматтың Отан үшін еткен
ерліктерін осы хат арқылы сіздерге баяндай отырып, өтініш жасауыма мәжбүр етті.
Бауыржан Момышұлы аға лейтенант кезінде 19-шы гвардиялық атқыштар
полкының батальон командирі болып тағайындалды. Батальон командирі кезінде ол
Москва түбіндегі 1941 жылғы маневрлі қорғаныс ұрыстарына 27 рет қатысты. Генерал-
майор Панфиловтың жау қоршауында қалып орындауға жүктеген арнаулы тапсырмасын
іске асыру мақсатымен 5 рет дивизиядан бөлініп дұшпан әскерінің сыртында қалды.
Арнаулы тапсырманы орындағаннан кейін ол өз батальонымен қарамағына берілген
басқа бөлімшелерді қоршаудан ойдағыдай алып шығып, адамдар мен техниканы аман
сақтап қалды. Атап айтқанда:
1) 1941 жылы 26. х-де Момышұлы жолдас, батальон командирі кезінде, оң жақ рубежде
болған табан тірескен ұрыстардан кейін қоршаудан шығып, Волоколамск қаласына 690
адамды, 18 артиллерия жегінін, 30 пәуескені аман-есен алып келді. Сөйтіп, 35 километрге
созылған аралық рубежде ұйымдасқан түрде ұрыс жүргізе отырып, жау қоршауын бұзып
өтіп дивизияға кеп қосылды.
Бұл күндерде оның Сафатова, Миловани, Рюховское және Спас-Рюхевское
аудандарында жүргізген ұрыстарының дивизия үшін ерекше маңызы болды. Бұл
ұрыстарда батальон Волоколамскіге шабуыл жасап келе жатқан жау колоннасының ту
сыртынан тиісіп, олардың ілгері басқан аяғын кері кетірді. Сөйтіп дұшпанның Валоколамск
бағытындағы басты күшін 2 тәулік бөгеп, дивизияның жау өкшелеп келе жатқан негізгі
күшінің одан сытылып шығуына және уақытты ұтуына мүмкіндік туғызды. 1941 жылы 27. Х-
ден 1941 жылғы 15.ХІ-ге дейінгі Волоколамск қаласы үшін болған ұрыстарда
Момышұлының баталъоны неміс басқыншыларын талқандауда өзінің әр алуан
қимылымен бірнеше рет көзге түсті.
1941 жылғы 16. Х-ден 1941 жылғы 15. XI-ге дейінгі барлық ерліктері үшін генерал
Панфнлов 1941 жылы 7 ноябрьде аға лейтенант Момышұлын үкімет наградасына -Ленин
орденіне ұсынған еді. Сол награда қағазының тағдыры осы күнге дейін мәлімсіз боп кетті
де, Момышұлы жолдастың ересен ерлігі атаусыз қалды.
2) 1941 жылғы 16. ХІ-ден 1941 жылғы 20. ХІ-ге дейін Момышұлының баталъоны
Волоколамск тас жолының бойындағы Горюны деревнясы ауданында, Матренино темір
жал станциясында тағы да жау әскерінің қоршауында қалын, қиян-кескі ұрыс жүргізді.
Дұшпанның Москваға шабуыл жасап бара жатқан басты күшін қақ ортасынан бөліп
тастады. Осы жағдайды пайдаланып дивизияның бөлімдері келесі рубежге сырғып барып
бекініп алды. Момышұлы батальонының бұл қимылы тағы да дивизияның негізгі күшін
шабуылдан келе жатқан дұшпанның соққысынан аман сақтап қалды. Осы ұрыстарда
батальон 600-дей гитлершілдерді жер жастандырды, жаудың 6 танкін жойды. Сонымен
қатар 6 станокті пулемет, 12 қол пулеметі, 8 радиостанция, документ тола 2 штаб
машинасын қолға түсірді. Олардың ішінде Волоколамск тобының басты күштерін ашып
беретін «Өте құпия» деген документтер де көп.
Жау тылында дұшпанмен әлденеше рет шайқас жүргізіп, 1941 жылы 20. ХІ-де
батальон қоршауды бұзып шығып, тағы да өз полкына келіп қосылды. Бұл жолы
Момышұлы өзімен бірге 350 адам, 2 зеңбірек, 16 пәуеске, 4 станокты пулемет алып
шықты. Сөйтіп батальон дивизияның жауынгер бөлшегі болып, қайтадан сапқа тұрды.
3) Лопастино - он үй деревнясы ауданында 1941 жылы 25. ХІ-де Момышұлы бір ПТО, екі
минамет, екі станокты пулеметпен қаруланған жарты взвод жауынгерлерді бастап дұшнан
тұрағына түнде шабуыл жасап, 200 неміс солдатын жойды. Оның бұл ерлігі де ескерусіз
қалды.
4) 1941 жылы 26. ХІ-ден 1941 жылғы 7. ХІІ-ге дейін аға лейтенант Момышұлы 1073-ші
атқыштар полкының, қазіргі 19-шы гвардиялық атқыштар полкының командирі болды.
Момышұлының басқаруымен бұл полк мынадай нәтижеге жетті:
а) Соколово деревнясы ауданында 1941 жылы 26-30 ноябрь аралығында
Момышұлының полкы төрт тәулік бойына табанды ұрыс жүргізіп, жау авиациясының
төпелей бомбалауына қарамастан, дұшпанның төрт рет жасаған атакасын тойтарып
тастады.
б) Крюково станциясы және елді пункті үшін болған ұрыстарда бұл полк дивизия
жауынгерлік сапының қақ ортасында тұрып, 1941 жылғы 30 ноябрьден 7 декабрьге дейін
дұшпанмен табан тірескен ұрыс жүргізді.
1941 жылы 5. ХІІ-де ұрыс үстінде Момышұлы жаралы болды. «Енді шегінерлік
жер жоқ, полкта адам аз қалды, не көрсем де полкпен бірге көремін» деп ол ұрыс даласын
тастап кетуден бас тартты, сөйтіп 1941 жылғы 7 декабрьге дейін полкты жаралы күйінде
өзі басқарды.
Крюково үшін болған ұрыстарда дұшпанның бір полктай жаяу әскері, 18 танкі
және көптеген техникасы жойылды. 1941 жылы 8 декабрьде полк дивизияның басқа
бөлімдерімен бірге қарсы шабуылға көшті. Бұл жас офицердің осы ұрыстардағы ерлігі де
елеусіз қалды.
в) 1942 жылдың қысқы шабуылында капитан Момышұлы жолдас бір жарым батальон
атқыштарды өзі бастап «Қу бас», СС дивизиясына түнде батыл шабуыл жасады. Бұл
ұрыста 1200 гитлершілдерді жойып, алты жолдың аузында тұрған Бородино, Барклавица,
Трашково, Трохово, Конюшено, Вашково деревняларын басып алды. Сөйтіп, жаудың үш
тәулік бойына Соколово деревнясын бермей жатқан Соколов тобына жаңа күш, қару-
жарақ жіберу мүмкіндігін жойып, 1942 жылы 6 февральда дивизияның өз міндетін орындау
үшін алға басуына мүмкіндік туғызды.
г) 1942 жылы 8 февральда полктан қара үзіп қалған барлаушылар взводын іздеп
келген Момышұлы бұл Шелудьково ауданында дұшпанның кейін шегініп бара жатқан 600-
дей адамы, 8 танкісі бар колоннасына тап болды. Момышұлының басшылығымен взвод
тұтқиылдан шабуыл жасап, немістердің 200-дей солдатын жойды, маңызды оперативтік
документтерін қолға түсірді.
5) 1942 жылы 27. ІІ-дан 13. V-ға дейін қолайсыз жағдайда, орманды-батпақты
жерде, Дубровка - Кобляки деревнялары ауданында үлкен кеңістікте қорғаныс шебін ұстап
тұрған Момышұлының полкы немістердің 1, 4, 5 авиа-жаяу әскер полктарының отты
қапшығының ішінде тұрып, жаудың жүздеген атакасын тойтарды. Дұшпанға бір адым да
жер берместен, оны қатты қырғынға ұшыратты.
Момышұлының жоғарыда аталған жауынгерлік еңбектерін ескере отырып, мен
1942 жылы августа оган Совет Одағының Батыры атағына награда қағазын толтырып
берген едім. Одан да күні бүгінге дейін ешбір хабар-ошар болмай кетті.
Момышұлының Отан үшін еткен ерліктері тек бұл айтылғандар ғана емес. Мен
солардың тек басты-бастыларын ғана қағазға түсіре отырып сіздерден осыны негізге
алып, ССР Одағы ордендерінің статуттарына сәйкес, Момышұлы жолдасты өздеріңіз
лайықты деп
тапқан наградамен атап өтуді өтінемін. Азаматтық, әділдік парызы менен сіздерге осы
ақиқатты айтып жеткізуді талап етіп отыр.
Гвардия полковнигі Момышұлы 1910 жылы туған, ұлты қазақ, 1942 жылдан
ВКП(б) мүшесі. Отан соғысына 1941 жылдың сентябрінен бері қатысып келеді. Қызыл
Армияда - 1936 жылдан қызмет етеді. 1941 жылы 5. ХІI де Крюково ауданында ауыр
жарқаттанды. Оның қазіргі тұрағы: Москва қаласы, Кропаткин көшесі, 19, Қызыл Армия
Бас Штабының Ворошилов атындағы академиясы.
8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының бұрынғы командирі, гвар-
дия полковнигі Серебряков.
8-ші гвардиялық дивизияның кадрлар бөлімінің бастығы, гвардия майоры
Кондрашев.
Серебряков пен Кондрашев жолдастардың қолын куәландырушы
Қазақ ССР-інің Москвадағы тұрақты өкілінің орынбасары Айтқұлов.
17 июль 1944 жыл ».
Автор. Гвардия полковнигі Серебряковтың хаты осы, Бауке.
Бауыржан. Рақмет. - Баукең мұңды үнмен, даусын сәл төмендете сөйледі. -
Серебряков деген өте бір парасатты адам еді. Ар мен әділдік дегенде жанын аямайтын.
Иван Иванович адамға жариялап жақсылық жасамайтын кісі-тұғын. Ал жасаған
жақсылығын және айтып жатпайтын. Әрқашанда өзін сабырлы, байсалды қалыпта
ұстайтын. Бетіңе ойлана қарайтын да, үңдемей қоя салатын. Мен бұрын ондай адамның
жүрегінен жылы сөз шығады-ау деп ойламаушы едім. Ол ойымның қате екенін мен одан
Горюны-Матренино ұрыстарында, жеті түнде, жүрек тебірентер жылы хат алғанда ғана
түсіндім. Жақсылығын сөзбен емес, іспен дәлелдеп, қиын-қыстау кезде қасыңнан
табылатын қайран орыс ағам-ай! - деп мен сонда бір толғана тебіренген едім. Ал оның
бұл хатын анна жылы, Панфилов жетпіс жасқа толар қарсаңында ол туралы кітап
жазамын деп материал жинастырып жүргенде көрдім. Подольскідегі әскери архивтің
бастығы менімен танысқаннан кейін бізде
Сіз туралы бір керемет документ бар деп зор мақтанышпен әкеп Серебряковтың осы
хатын қолыма берді. «Топырағың торқа болғыр, ақсақалым, сен менің иықтағы
періштемдей үнсіз
жебеушілерімнің бірі болған екенсің-ау!» деп іштей толғана оқып, архив бастығына
қайтарып бердім. Сен мұны сол Подольскідегі архивтен алдырып отырсың ғой?
Автор. Иә, Бауке. - Осы арада оның мұншама ерлігіне сүйсінгендіктен
аузымнан келесі сөздердің қалай шығып кеткенін де аңғармай қалдым. - Алла-ай, Бауке,
фашистерді қойдай қырыпсыз ғой өзіңіз... - Осылай деуін десем де батыр шамданып қала
ма деп, тез аузымды жаба қойдым. «Бәләй, бұрынғыдай іштей тебіреніп неге үнсіз отыра
бермедім» деп өкіндім. Бірақ «құдай иіп» бұл жолы Баукең шамданбады.
Бауыржан. Өйтпесек жауды жеңе алмайтын едік қой, қарағым. - Осылай деп жайлап
айтып, сәл ойланды да, менің бетіме қарады. - Сен өзің де фашистерді аямаған
боларсың?
Автор. Мен бе? Мен зеңбіректен атып не бары жаудың екі-ақ танкін жойдым,
Бауке. Бірін Великие Луки түбінде, екіншісін Варшава маңында...
Бауыржан. Ол да аз емес, қарағым. Сен сияқты солдаттың әркайсысы екі
танктен қирата берсе, ол осал іс пе екен!? - Баукең сәл ойланып, сұқ саусағын шошайтты
да, қайтадан сөйледі. - Егер сен бір рота танкты киратсаң, онда сен өзіңді, өзге
жолдастарыңды, жанындағы жаяу әскерді жалмайын деп келе жатқан бойында мың аттың
күші бар, салмағы отыз тонна тажалды құртқаның. Өзің ойлашы: жайлауда қаннен-
қаперсіз отырған ауылдың үстінен қиқулап қуалап кеп мың жылқыны айдап өтсе ол
ауылдын адамдарынан не қалар еді? Түк те қалмас еді. Мың жылқының болат тұяғы
тепкілеп, түтіп өткен жерде тозаңнан басқа не қалушы еді? Ал танк жылқы сияқты тек
тұяғымен ғана таптап өтпейді, оның жан-жағына өлім шашып келе жаткан зеңбірегі мен
пулеметі және бар. Танктен атылған снаряд өте ұшқыр келеді, бір секундта бір километр
жерге жетеді. Оның стволынан минутына 5-8 снаряд атылады. Ал танктың пулеметі бір
минутта бір жүз оқ төгеді. Сонда бір танк бір минуттың ішінде екі жүзге жуық адамды
жалмайды екен. Одан өткен тажал бола ма? «Бір танктың дөңгелегінде мың адамның
тағдыры шыр көбелек айналады» деген солдаттардың нақыл сөзі болушы еді. Бұл солдат
философиясы, жай долбармен айтыла салған сөз ғой. Әйтпесе сонау Шығыс Европаны
табанымен таптап, Москваға дейін ізінен қызыл қан ағызып келген фашист танктерінің
әрқайсысы мыңнан әлдеқайда көп адамды жалмағанына дау бар ма. Жарайды, солдат
нақылының мөлшерімен-ақ есептейік. Егер сен Ұлы Отан соғысында екі танк қиратсаң,
онда сегіз фашисті өлтіріпсің - бір танктың экипажы төрт адамнан болады. Ал екі мың
отандасыңды ажалдан аман алып қалыпсың. Бұл, біле білген кісіге, аз еңбек емес,
қарағым.
Автор. Апырай, а! - Мен желкемді қасыдым. Өйткені күні бүгінге дейін еліме
мұндай еңбек сіңірдім деп ойламаушы едім. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, жұртпен
бірге барып, жаумен төрт жыл соғыстым. Оқ тимеді, өлмей қалдым. «Қырық жыл қырғын
болса да, ажалды өледі» деген сол шығар деп жүре беретінмін. Тіпті өзімнің соғыска
қатысқаныма ешқандай мән бермейтін едім. Соғыстан келгеннен кейін орден,
медальдарымды омырауыма тағып, ешқашан мақтанған емеспін. Енді міне, Баукең маған
солдаттық еңбегімнің бағасын айтып бергенде кеудемді ойда жоқта мақтаныш кернеді.
Зеңбірек расчетыммен жауып тұрған оқ астында ашық позиңияға шығып, жау танктерімен
жекпе-жек шайқасқан сәттерден басқа, Калинин, 2-Балтық, 2-Белорусс майдандарында
жабық позициядан жүздеген снаряд және аттым. Әрине, менің ол снарядтарымның да
Ұлы Отан соғысына келтірген азды-көпті пайдасы бар... Жоқ, мен мұны Баукеңе айтқамын
жоқ. Айтсам, мақтанғандай болар едім. Мақтансам, оным төсінде аққу жүзген айдын көлге
батпағына бақа шомылған көлшіктің мақтанғанына ұқсар еді. Баукең мені ондай көлшік
болуға қимады-ау деймін, сөзін тез ары қарай жалғап әкетті.
Бауыржан. Ал Дубосеково разъезінің түбінде біздің 28 жауынгеріміз жаудың 50
танкін жойды. Сөйтіп олар ең кемі елу мың адамды ажалдан құтқарып қалды. Өздері
ерлікпен қаза тапты. Сол жиырма сегіз батыр өмірін сақтап қалған елу мың адам қазір
150-200 мың боп өрбіді. Олардың ұрпағы мәңгіге ұласа береді. Мінеки, солдаттардың өз
отандастарына келтірер пайдасы, адамдардың бір-біріне өзара қарыздарлығы қандай
десеңші! Отан соғысына қатысып келген әрбір азамат өзінің соғыстағы еңбегімен,
қарапайым ерлігімен елдегі талай адамдардың өмірін сақтап қалды. Қазір көшеде жұпыны
киінген мүгедек жанды, балдаққа сүйенген ақсақ азаматты немесе білегіне қара протез
жалғаған шолақ қол адамды көрсем, соларға қаншама қарыздар екенімді ойлап, басымды
изеп, иіліп өтемін. Өйткені соғыстан менің он екі мүшем аман болғанымен, мен үшін
басқалар жараланды. Мен аман келгеніммен, мен үшін өзгелер опат болды. Ал мен де
өзгелер үшін қан төктім, солар үшін жараландым. Адамдар бір-біріне өзара
қарыздарлығын әрқашан да ойлай жүрулері керек. Әсіресе Отан соғысы ардагерлерінің
еңбегін ерекше бағалай білу қажет.
Осы сөзді балаға ғана емес, басқаға да айтып отыруымыз абзал. Ұлы Отан
соғысына бүкіл Совет Одағы қатысқаны рас. Бірақ Совет Одағын қорғау үшін самолетпен
«сүзісіп», танкпен тартысып, жаралы, жарасыз алғы шептен келген азаматтар да бар емес
пе? Олар қазір көп те емес. Олардың мұқтажын ескермеуге болмайды! Понятно тебе?
Автор. Рас айтасыз, Бауке. Енді бір сұрақ: полковник Серебряков соғыстан кейін
қайтыс болды ма?
Бауыржан. Иә, соғыстан соң бір-ақ жылдан кейін.
Автор. Қайда?
Бауыржан. Москвада. Сүйегі Новодевичье зиратына жерленді. Маркұмды
қойысуға мен қатыса алмадым. Кезінде хабар жетпеді, кейін естідім. Артынан, жауынгер
жолдастары бірігіп, басына шағын ескерткіш орнаттық. Ескерткіш ашылар алдында арнап
Москваға бардым. Марқұмның зайыбына көңіл айттым, қабірінің басына гүл қойдым. Әйелі
байғұс разы болып қалды.
- Валентина Николаевна, - дедім содан кейін, - қазақ дәстүрі бойынша бір
жылдан кейін өлген адамға ас береді. Иван Иванович қайтыс болғалы бір жыл болды.
Ертең, басына ескерткіш орнатылғаннан кейін, Иван Ивановичтың ең жақын достарын
үйіңізге
шақырыңыз. Мен ас беремін.
Серебряковтың жесірі сенер-сенбесін білмей, абыржып қалды.
- Ой, Бауыржан, оған көп қаражат керек кой, - деді басын шайқап.
- Оған қысылмаңыз, қаражатын мен көтеремін. Достарыңыздың тізімін жасап,
бүгін хабарлап қойыңыз, - дедім.
Полковник Серебряков соғыстан бұрын Бас штабтың тамаша мектебінен өткен
кісі екен. Қырық бірінші жылы 316-дивизия жасақталғанда Иван Иванович Алматыға
Москвадан, Бас штабтың өзінен келіпті. Соғыстан кейін ол ГУК-те басқарма бастығы
болып қызмет істеді. Қабір басына ескерткіш орнатылғаннан кейін, Бас штабтағы ескі
достары мен ГУК-тағы жаңа жолдастары тегіс Серебряковтың үйіне жиналды. Олардың
ішінде сен
білетіндерден генерал-полковник Иван Михайлович Чистяков болды. Мен әкемдей болған
Панфиловқа ас бере алғамын жоқ, соғыста жүрдім. Ал Серебряковтың асын осылай
өткіздім. Айта кететін бір өкінішті жай Иван Ивановичтың артында ұрпақ қалмады. Әйелі
құрсақ көтермеген кісі екен, баласыз өтті.
I
Автор. Ал, Бауке, Серебряков ақсақалдың Сіз туралы жазған тағы бір жауынгерлік
мінездемесін таптым. Соны оқып шықсам қайтеді?
Бауыржан. Оқығын.
Автор. Бұл полковник Серебряковтың өткен жолы өзіңізге көрсеткен жоғарыға
жолдаған хатынан екі жыл бұрын жазылған екен. Мұнда былай делініпті: «Совет
Одағының Батыры генерал-майор И. В. Панфилов атындағы Ленин және Қызыл Ту
орденді 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 1073-ші гвардиялық атқыштар полкының
командирі -
майор Момышұлы Бауыржанға
ЖАУЫНГЕРЛІК МІНЕЗДЕМЕ
1910 ж. туған, 1942 жылдан ВКП(б) мүшесі, ұлты қазақ, әлеуметтік жағдайы
қызметші, жалпы білімі орта, әскери білімі - бір жылдық, Қызыл Армияда 1932 жылдан
1934 жылға дейін, одан соң 1936 жылдан күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді, 1941
жылдың сентябрінен бері майдандағы армия қатарында.
Момышұлы жолдас 8-ші гвардиялық дивизияда ол алғаш ққрылған күннен
бастап қызмет істейді. Осы дивизияның құрамында ол жауынгерлік даңқты жолдан өтті.
Советтік Отан үшін ұрыстарда Момышұлы жолдас өзін Лениннің ұлы ісіне
берілген қайтпас қайсар әрі батыр командир ретінде танытты.
Момышұлы жолдас тактикалық жағынан жақсы әзірленген, оның үстіне неміс
фашистерімен кескілескен қанды ұрыстарда, нақты істе өз білімін одан әрі көтеріп, сан
қилы ұрыстарда оны ойдағыдай қолдана білді.
1941 жылдың июль-сентябрінде атқыштар баталъонының командирі болған
кезінде аға лейтенант (қазір майор) Момышұлы жауынгерлер мен командирлерді Отанды
шексіз сүюшілікке тәрбиелеп, өз батальонының адам құрамының жауынгерлік әзірлігі
жақсы дәрежеге көтерілуіне жетісті.
1941 жылы октябрьде Москва үшін болған ұрыстарда Момышұлы жолдас
басқарған батальон жаумен арыстанша алысып, оған ойсырата соққы берді.
1941 жылы ноябрьден бастап Момышұлы жолдас 1073-ші полктың
командирі. Бұл полктың құрамы Батыс майданда дұшнанның алға ұмтылган екпінін тежеп,
оның адамдары мен техникасын ойсырата жойды.
Дивизияның басқа бөлімдерімен қол ұстаса отырып, Момышұлының полкы
неміс басқыншыларын Москва түбінде талқандауды бастаған (Волоколамск бағытында)
бөлімдердің бірі болды.
1942 жылдың қысы мен көктемінде Калинин майданында, қалың қар, қатты
аяздарда, одан кейін батпақты жердің көктемгі лайсаңында 1073-ші гвардиялық атқыштар
полкы шабуыл ұрыстарын жүргізе отырын, мыңдаған неміс солдаттары мен офицерлерін,
дұшпанның көптеген танк пен автомашинасын және басқа әскери техникасын жойды,
ондаған селолар мен деревняларды азат етті.
Дивизиямыздың ел алдындағы жалпақ жұртқа мәлім ерлігі, оның гвардиялық
дивизия болуы және Қызыл Ту, Ленин ордендерімен наградталуы майор Момышұлы
басқаратын 1073-ші атқыштар полкының жауынгерлік табыстарымен тығыз байланысты.
Майор Момышұлы Совет елінің намысы мен тәуелсіздігін қолына қару алып
қорғап жүрген қазақ халқының адал ұлы. Осы халықтың ең таңдаулы өкілдерінің бірі
ретінде біз оны наградаға ұсынамыз.
Дививия командирі Дивизия военкомы
полковник СЕРЕБРЯКОВ, полктық комиссар ЛОБОВ,
Дивизия штабының бастығы
подполковник ГОФМАН.
...июнь 1942 жыл».
Июньнің қай күні екені өшіп қалыпты, мен айқындап ажырата алмадым. Осыған
байланысты бір сұрағым бар, Бауке.
II
Бауыржан. Қойғын сұрағыңды.
Автор. Сізге 1942 жылы 6 июньде Қызыл Ту ордені берілген. Бұл мінездеме
Сізге осы орденге жазылған ба? Әлде Қызыл Ту ордені Сізді Панфилов ұсынған Ленин
орденінің кешігіп, кішірейіп келіп төсіңізге қадалған белгісі ме? Немесе бұл мінездеме 1942
жылы августа Серебряков Сізді Совет Одағының Батыры атағына ұсынғанда жазылған
ба? Осыны білесіз бе?
Бауыржан. Білмеймін. Мен награда қуғамын жоқ. Ешкімнен награда сұрағаным
жоқ. Совет халқының неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысында мен өзімнің
солдаттық, азаматтық борышымды адал атқардым. Мен награда үшін емес, еліміздің
тәуелсіздігі, халқымыздың намысы үшін соғыстым. Маған жаңағы өзің оқыған полковниктің
жоғарыға жазған хаты награда. Ең жоғары награда. Серебряковтың өзінің, оны дүниеге
келтірген ата-анасының әділдігінен айналдым мен. Түсінікті ме саған?
Автор. Түсінікті, Бауке. Сонымен біз 1942 жылдың күзінде Калинин
майданында қорғаныс шебінде тұрмыз ғой. Генерал Чистяков 27 сентябрьде Москваға
жүріп кеткен болатын.
Бауыржан. Иә.
Автор. Сөзіміздің осы жерін тағы да бір рет документпен растап қойсақ қайтеді?
Бауыржан. Растағын.
Автор. Растасам генерал Галицкий өзінің « 1941-1944 сұрапыл сын жылдары»
деген кітабында 1942 жылы 26 сентябрьде өзінің қайда болып, не істегенін былай деп
баяндапты:
«26 сентябрьде армия әскерлерімен танысуға кірістім...
Ең алдымен 2-ші гвардиялық аткыштар корпусының командирі И.М.Чистяковтың
КП-сына бардым. Комкорды қасыма алып, одан генерал И.В.Панфилов атындағы 8-ші
гвардиялық атқыштар дивизиясына келдім. Москва түбіндегі ұрыстарда қаһармандықпен
шайқаскан бұл даңқты құрама бүгінде Холм қаласының солтүстігінде қанатын кең созып,
қорғаныс шебін ұстап тұр екен. 19-шы гвардиялық атқыштар полкында бізді оның
командирі, Отанымыздың астанасын қорғаған ерлердің бірі майор Бауыржан Момышұлы
қарсы алды. Менің сұрағыма жауап бере тұрып ол 8-ші гвардиялық атқыштар
дивизиясында өткен жылы Волоколамск бағытында ажалмен бетпе-бет айқасқан
жауынгерлердің көп
екендігін айтты.
- Бүкіл дивизия сияқты, біздің бөліміміз де ұлы Москва шайқасының даңқты
жауынгерлік дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап келеді, - деді оның сөзін
толықтырып полк комиссары Ф.Д. Толстунов.
Жауынгерлермен әңгімелесіп, полктың қорғанысы және оның дұшпанға оқ ату
жүйесінің қалай ұйымдастырылғанымен танысқаннан кейін менің бұл сөздердің
шындығына әбден көзім жетті. Полк жауынгерлері өз рубеждеріне көп еңбек сіңірген екен.
Бұл жердің жағдайы қорғаныс жұмысына көп қиындык келтірерлік болатын, орманы мен
батпағы өте көп еді. Бірақ гвардияшылар бұл қиыншылыктардың барлығын да ойдағыдай
жеңіпті...
19-шы гвардиялық атқыштар полкының қорғаныс шебіндегі бекініс тіректері де,
пулемет-артиллерия күшінің екі қанатқа бірдей өзара жымдаса жайғастырылуы да - жақсы
ойластырылған екен. Әрине, оның кей жерлерін одан сайын жақсарта түсуге болатын еді.
Мәселен, орман шетіне орналастырылған дзоттар анадайдан «мен мұндалап» білініп
тұрды. Ал орман ішіне салынған дзоттардың бақылау және атыс аясы тар екен. Соңғы
кемшілікті түзеу үшін орман ішінен биік пулемет мұнарасын орнатып, сол арқылы жерден
көрінбейтін нысананы атқылауға болатын еді. Менің бұл кеңесім майор Момышұлына
қатты ұнады».
Бауыржан. Дұрыс. Ол шақ Галицкийдің 3-ші екпінді армияға командашы боп
келіп, қызметін жаңа қабылдап, енді кірісіп жатқан кезі болатын. Галицкий мен Чистяков
біздің полкта болып кеткен күннен кейін іле-шала біздің 2-ші гвардиялық корпусқа
генерал-майор М.П.Кутузов деген кісі командир боп келді. Бұл кездегі біздің 3-ші екпінді
армияның мойнына жүктелген міндет Холмды қолдан шығармау, біздің қарсымызға келіп
шоғырланып жаткан жау әскерінің шабуылына төтеп беру, шама келсе олардан Великие
Луки - Невель - Новосокольники үш бұрышын тартып алу екенін жаңа айттым ғой. Бұл
үшін ең алдымен қорғанысымызды нығайтып, шебімізді мықтап ұстау бірінші міндет еді.
Майдан, армия командашылары мен корпус командирлерінің бізге жиі келіп, жағдайды өз
көздерімен көріп, кемшілігімізді көрсетіп, ақыл, кеңестерін айтып жүргендері сондықтан
болатын. Біз күні-түні тынбастан жұмыс істеп, қорғанысымызды одан сайын нығайта
бердік. Жаңадан толып жатқан окоптар, орлар қаздық. Ұрымтал жерлердің бәріне доттар,
дзоттар орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, солдаттың шебер қолы Холмның айналасын
өнерлі қыз кестелеген орамалдың өрнегіндей етіп әшекейледі. Солдат қанды аз төгу үшін
терді көп төгеді. 3-ші екпінді армия солдаттарының ол кезде төгілген тері анау Арыс,
Бадам сияқты кішігірім өзендердің суынан кем болмаған шығар деп ойлаймын. Полк
комиссары Толстунов, штаб бастығы Курганский үшеуіміз жау шабуыл жасаған күнде,
өзіміз шабуылға шыққанда істеуге тиісті мүмкін деген жобаларымыздың бәрін де жасадық.
Осы қызу қорғаныс кезінде, 1942 жылы екінші октябрьде маған кезекті әскери лауазым -
подполковник атағы берілді. Мынау сол кезге қатысты документ, мә, оқып шық, керек
десең, көшіріп ал.
III
Баукең қасында жатқан қызыл папкадан алып, табақтай фото көшірмені
қолыма ұстатты. Онда былай деп жазылыпты:
«3-ші екпінді армия командашысының
ТЕЛЕГРАММАСЫ
8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 19-шы гвардиялық полкының командирі
подполковник Бауыржан МОМЫШҰЛЫНА Сізді Октябрь революциясының 25 жылдық
мейрамымен құттықтаймын нкт Армияның Соғыс советі Сізді американ жұмысшыларынан
келген сыйлық сағатпен наградтайды нкт Армияның Соғыс советі Сіз жүргізіп жатқан
жауынгерлік жұмыс бөлімнің жауды толық жеңуге әзірлігін арттыра түседі деп сенеді.
Галицкий,
Литвинов,
Юдинцев.
7.11.1942 ж.
№ 1168
Дұрыс қабылданды.
19-шы гвардиялық атқыштар полкы штабының бастығы капитан И. Курганский.
Автор. Телеграммаға командашыдан кейін қол қойғандар кім, Бауке?
Бауыржан. Бригада комиссары А. А. Литвинов - армияның Соғыс советінің
мүшесі де, генерал-майор И. С. Юдинцев - штаб бастығы.
Автор. Ол сағатты кейін берді ме Сізге?
Бауыржан. Берді. Сағат сол 7 ноябрьдің кешінде менің блиндажымдағы
үстелдің үстінде шық-шық соғып тұрды. Оны біз: мен, адъютантым, атқосшым және
аспазым Жан төртеуіміз кезек-кезек құлағымызға тосып, американ жұмысшылары
жүрегінің достық лүпілін тындап тұрғандай болдық.
Автор. Ол сағатыңыз қайда қазір?
Бауыржан. Тозды. Тоқтады. Қалды.
Автор. Ал, ол қорғаныс қаншаға созылды, Бауке?
Бауыржан. Ұзаққа, келесі жылы сол уақытқа дейін. Қорғаныстың екі түрі бар.
Бірі - төніп келген жауды ілгері өткізбей табан тіресіп қатып қалу, қалайда алға жібермеу.
Екіншісі - табан тірескен жауды теуіп, тепкілеп, үнемі үрейлендіріп ұстау. Сөйтіп қарсыңда
жинақталған жаудың тобынан майданның басқа участоктеріне көмек жіберуіне бөгет
жасау. Қазақшалап айтқанда күрескен балуанының белін босатпай, қапсырып,
қайыстырып, Қажымұқанша ұстау. Оның бұлтарып, бұлтаңдауға шамасын келтірмеу. Ол
жылы бүкіл Калинин майданының алдына Бас командованиенің қойған міндеті осы болды.
Ал қорғаныс деген екі балуанның бірін-бірі шаптан тіреп жатып алғанына және ұқсамауы
керек. Ұрымтал жерде жауды аяғынан шалып қалып, шабуылға шығып отыруға да тура
келеді. Сонда ғана жаудың зәресін алып, белін қайыстырып ұстауға болады.
Біздің 3-ші екпінді армия осы мақсатпен өз күшін екі топқа бөлді. Армияның
қорғаныс шебі Холмнан Великие Лукиге дейін 120 километрден аса жерге созылып жатты.
8-ші гвардиялық дивизия қарайтын 2-ші гвардиялық атқыштар корпусы Холмның солтүстік
жағында, Великие Лукиден жүз километрдей қиыстау тұрды. Ал армияның өзге
құрамалары Великие Лукидің дәл іргесінде жатты. Великие Луки маңындағы әскерлер
алдымен Новосокольники, одан соң Великие Луки қалаларына шабуыл жасауға көшті. Бұл
екпінді топты армия командашысы генерал Галицкийдің өзі басқарды. Армияның Холм
түбінде қорғаныста қалған екінші тобына біздің корпустың командирі генерал Кутузов
басшылық етті. Бұл топқа жүктелген міндет қарсыдағы жауды қапсыра ұстап тұру және
армияның шабуыл жасап ілгері жылжып бара жатқан екпінді тобының сыртына жау
әскерлерінің шығып кетпеуін қамтамасыз ету болды.
Бұл операция 25 ноябрьде басталды және үздік-создық етіліп, ұзақ уакытқа
есептелсе керек. Оның мақсаты совет әскерлерінің Сталинград түбінде басталған ұлы
шайқасымен ұласып жатыпты. Калинин майданы сияқты баска майдандардың міндеті осы
сияқты және «жергілікті маңызы» бар басқа да ұрыстарды үздіксіз жүргізе отырып, жауды
шырмап, оның Сталинград түбіндегі әскерлеріне көмек жібертпеу екен. Оны кейіннен
білдік.
Біздің армияның екпінді тобының кұрамында шабуылға шыққан 2-ші
механикалық корпус, 257, 357, 381-атқыштар дивизиялары, 9, 46, 21-гвардиялық
атқыштар дивизиялары және 31-ші атқыштар бригадасы Великие Лукиді қоршап алға
ұмтылып, Ново-
сокольникиге қарай тікелей беттеп бара жатты. Бірақ жау жанталасып, қатты қарсылық
көрсетуге кірісті. Сөйтіп 3 декабрьде Новосокольникиге жасалған шабуыл тоқтап қалды.
Ал 10-13 декабрьде 3-ші екпінді армия Великие Лукидің батыс, оңтүстік-батысындағы
жауды талқандап, 20-25 километр алға басты. Қаланы қоршау 29 декабрьде аяқталды да,
31 декабрьде қала біздің қолға көшті. Бірақ январьдың жуан ортасына дейін қаладағы
қорғанға
бекінген жау әскерлерін талқандауға тура келді. Ұмытпасам сенің 100-ші бригадаң да осы
Великие Луки ұрысына қатысқан болса керек.
IV
Автор. Иә, Бауке. Біздің 100-ші атқыштар бригадасы 25 ноябрьде Калинин
облысының Молодой Туд деген деревнясы түбінде жаумен шайқасты. Елден майданға
жаңа келген өңкей өрімдей жиырма жасар қазақ жігіттерінің жауынгерлік тұсауы осы
деревня түбінде кесілді. Сержант Карабек Бұрышов бастаған жауынгерлер жаудың
окобына ең алдымен келіп кірді. Немістерді гранатамен жойып, найзамен шанышқылап
құртып, тірі қалғандарын кері шегіндіріп, фашистер бекініп жатқан орға өздері орналасып
алды. Саяси қызметкер капитан Егемкұл Тасанбаев ол ұрыстарда қатарынан үш рет
жараланды. Сонда да ол ұрыс даласынан кетпеді, жауынгер жігіттердің ортасында болды.
Қазір Егемқұл Тасанбаев Социалистік Еңбек Ері, Өзбек ССР-інде жауапты қызметте...
Бауыржан. Жүзінші бригаданың ол азаматын мен екі реет көрдім. Ең
алғашында, соғыс кезінде, 9-шы гвардиялық дивизияда командир боп жүрген кезімде ол
маған сәлем беремін деп іздеп келді. Онда омырауы орденге толған майор еді. Екінші
ретте, 1960 жылы мен жазушылык сапармен Оңтүстік Қазақстан өлкесін аралап
жүргенімде, Жетісайда жолықтым. Бұл кезде ол кеудесіне Алтын Жұлдыз қадаған
аупартком секретары екен. Сендердің 100-ші бригадаларыңнан да талай жақсы ардагер
азаматтар шығыпты. Халықтың адал ұлдары солай болуы керек қой. Ал, әлгі сөзіңді ары
қарай айта бергін.
Автор. Әшкеев Райымжан, Көшеков Қажым сияқты азаматтарымыз ерекше
ерлік керсетіп, сол жолы бригаданың даңқын шығарды. Зеңбірекші Қажым Көшеков ауыр
жараланып жатып, жолдастарына:
Алға қарыс бассаң бас,
Сүйем кейін шегінбе!
Әдет жоқ ондай тегіңде! -
деп өлмес ұран тастады. Неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан
командирдің бұл сөзі біздің бригаданың соғыс кезіндегі жауынгерлік ұраны болды.
Бауыржан. Бұл жау Москва түбіне тақап қалғанда 1941 жылы 19 октябрьде
берілген атақты «Ни шагу назад!» бұйрығының қазақша және өлеңге аударылған нұсқасы
болар тегі.
Автор. Рас айтасыз, Бауке, дәл солай. 1942 жылы 22 декабрьде біздің 100-ші
бригада Великие Луки түбіне келді. Келгеннен кейін оны қоршау, алу, одан соң қорғау
ұрыстарына тағы да белсене қатысты. 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлері жау
танктерімен Дубосеково түбінде қандай шайқасса, біздің бригаданың соған ұқсас шайқас
жүргізген өз Дубосековосы Великие Луки болды. 1943 жылы 1 январьда фашистер
Великие Лукиді қайта қайтарып алуға тырысып, көп танкпен біздің бригада тұрған шептен
шабуыл жасады. Артиллерия дивизионының үшінші батареясындағы жігіттері жау
танктерімен Клочков бастаған батырларша жұлқысты. Батарея мерт болды. Бірақ бірде-
бір танкты Великие Лукиге өткізген жоқ.
Осы күнгі ұрыста сержант Рымбек Байсейітовтың взводы жекпе-жек айқаста
жаудың сегіз танкін өртеп жіберді. Сөйтіп бұл взводтың Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби
Ерназаров, Мұкан Омарбаев сияқты өжет жігіттері өздерін өшпес даңққа бөледі.
Жауынгер серіктерімен бірлесіп сегіз танк жойған сол Рымбек Байсейітөв қазір Алматыда
тұрады, Қазақ ССР Финанс министрі.
Бауыржан. Ол да сендердің бригадаларыңдікі ме еді?
Автор. Иә, Бауке. Біздің бригададан шыққан одан басқа да белгілі адамдар
бар. Олар: академик Сақтаған Бәйішев, журналист Қасым Шәріпов, ауылшаруашылық
ғылымының докторы, профессор Иманбек Сүлейменов.
Бауыржан. Бригада Великие Лукиден баска кай жерлерде соғысып еді?
Автор. Невельді фашистерден азат етуге және дұшпан оған қайта шабуыл
жасағанда қаланы қорғау үшін болған қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Өзіңіз білесіз, Бауке,
қазақ халкы советтік Шығыс әйелдерінің ішінен тұңғыш рет Совет Одағының Батыры
атағын алған екі қызын ерекше мақтаныш етеді ғой. Олар Мәншүк Мәметова мен Әлия
Молдағұлова. Біз, 100-ші бригаданың ардагерлері, сол ер екі қыздың бірі - Мәншүк
Мәметова біздің бригадамыздан шыққанын мақтаныш тұтамыз. Генерал Галицкий
басқарған үшінші екпінді армияға аты шыққан атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов те
өзінің өшпес ерліктерін осы қаланың түбінде жасады. Новосокольники қаласын жаудан
азат ету ұрысына және қатыстық. Даңқты генерал Доватордың шәкірті батыр
подполковник Әбілқайыр Баймолдин осы қаланың іргесінде ерлікпен қаза тапты. Осы
адам Москва түбіндегі атақты ұрыстарда өзіңізбен тағдырлас болған, Бауке және оның
дивизиясы сіздің
дивизиямен қанаттас жүрген. Генерал Панфиловтың 1941 жылы 18 ноябрьде Сізге
жазбаша жіберген атақты 014 бұйрығының бірінші пунктінде мынандай сөздер бар:
«Жаудың танктері мен жаяу әскері Лысцево мен Шишкиноны басып алды. Матренино 50-
кавдивизияның колында».
Дәл сол кезде генерал Доватордан сондай бұйрык алған осы дивизияның 51-атты әскер
полкының комиссары Баймолдин бастаған совет жауынгерлері жауды Матренино
селосына кіргізбеу үшін жанталаса ұрыс жүргізіп жатты. Сіз екеуіңіздің әскери
тағдырларыңыз да қарайлас басталған. Баймолдин 1931 жылы Павлодар аудандық
комсомол комитетінің секретары боп тұрған кезінде армияға шақырылған. Содан ол
біржола армияда қалып қойған. 1930 жылы КПСС мүшелігіне өткен. Лебяжі ауданындағы
Тақыр ауылынан шыққан кедей баласы Әбілқайыр Баймолдин 1941 жылы июльде
Москвадағы В.И.Ленин атындағы әскери-саяси академияны бітірісімен 51 атты әскер
полкына комиссар боп тағайындалып, Москваны қорғауға аттанады. Сол 18 ноябрьде
жараланып, бір айдан кейін ол өз корпусына қайтып келеді. Алғашында атты әскер
полкының командирі, одан кейін полк комиссары болады. 1942 жылы августа Баймолдин
екінші рет жараланады. Москва түбіндегі ұрыстарда көрсеткен ерліктері үшін Қызыл
Жұлдыз, жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен наградталған Баймолдин алғашында біздің
бригадаға командирдің орынбасары боп келген еді. Артынан бригадамыз құрылғанда ол
дивизия командирінің
жауынгерлік жұмыс жөніндегі орынбасары болды. Өте өткір, батыл кісі еді. Есіл ер
дивизияны шабуылға бастап жүргенде қаза тапты. Ол кісі де үстіне қара бурка киіп,
астына ұзындығы есік пен төрдей қара көк ат мініп жүруші еді. Баймолдинді біз өз
Бауыржанымыз деп сүйсінуші едік! Қазір оның туған жеріндегі бұрынғы «Жалтыр»
совхозына Баймолдин аты берілді.
Бауыржан. Дұрыс болған екен. Баймолдиннің артында қалған ұрпақ бар ма?
Автор. Бар, Бауке. Москвадағы Бауман атындағы училищені бітірген Тельман
деген ұлы қазір Алматыдағы В.ИЛенин атындағы политехникалық институтта сабақ
береді. Ал қызы Жұлдыз Баймолдина белгілі әнші.
Бауыржан. Асыл ердің артында ат аталар ұрпақ қалғанға не жетсін! Талай
азаматтардың артында ешқандай белгі қалмады ғой. Ал сен солардың ерлігін кітап етіп
жаздың ба?
Автор. Там-тұмдап газет-журналдарда бірдеңелер жариялап жүрмін.
Бауыржан. Газет-журналдағылар уақыт желімен ұшады да кетеді. Ерлердің
есімін кітапка кіргізу керек. - Осылай деп Бауыржан сәл ойланып алды да, тағы да
тақпақтай сөйлеп кетті. - Қар ерігенмен, Қаратау ерімейді. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел
жүрегінде сақталған ер ғана бақытты. Ел қорғау жолында ерлікпен өлген ерлердің жазығы
жоқ. Оларды жаза алмасақ - жазық бізде. Ал әркімнің өзі көрген есіл ерді жырлап, өзі
білетін батырды баяндағаны жөн. Оны өзің де білесің. Бірақ ақылдың артықтығы, кеңестің
көптігі жоқ қой. Мен сондықтан айтып жатырмын.
Автор. Бауке, Сізден тағы да кейбір мақал-мәтеліңіздің қалай шыққан тарихын
сұрап білсем деп ойлаушы едім. Осы жаңа ғана, қас пен көздің арасында бірнеше
мақалды төгіп-төгіп жібердіңіз. Енді сұрауға да бата алмай отырмын.
Бауыржан. Е, сұрағын. Есімде барын айтайын.
Автор. «Қол көтерген дұшпаннан гөрі, қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды
сыйла» деген мақалыңызды қандай оқиғаға негіздеп шығарып едіңіз?
Бауыржан. 1941 жылы 4 декабрьде біздің әскерлер Москва түбінен ең алғашқы
шабуылға шықты. Біздің дивизия сол тұңғыш шабуылдың алғы легінде болды. Алғашкы
деревня босатылды, тұңғыш тұтқындар қолға түсті. Жаңа ғана бір үйге бас сұғып едім, іле-
шала саяси жетекші Бозжанов кіріп келді.
- О не, Жолтай?-дедім мойнымды бұрып.
- Ақсақал, екі немісті тұтқынға алып едім. Соны Сізге көрсетейін деп айдап
келдім. Есік алдына шығып, көріңізші, - деді.
Жолтайға ілесіп сыртқа шықсам, бір неміс анадай жерде, автоматын алға
кезеген қалпында өліп жатыр екен. Мен қолдарын көтеріп тұрған тірі тұтқындардың
қасына бармай, өліп жатқан немістің жанына жақындадым. Оған біраз қарап тұрдым да,
қасымдағы Бозжановқа:
- Ана екі тұтқынға өлген немісті көмдіртіндер! - деп бұйрық бердім.
- Неге? - деді аң-таң болған Жолмұхамед.
- Қол көтерген дұшпаннан гөрі, қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйлау
керек. Понятно! - деп жауап бердім мен оған.
Автор. «Бір жаралыға жәрдем беріп, оны аман алып қалған жауынгер - он ұл
тапқан анадан артық» деген сөз қалай аузыңыздан шығып еді?
Бауыржан. Москва түбіндегі қырық бірінші жылғы қиян-кескі ұрыстардың бірінде
Вера Гордова деген санитар қыз бір өзі он жауынгердің жарасын таңып, ұрыс даласынан
арқалап алып шықты. Сонда қасымда отырған Жолтайға:
- Апырай, мынау жұдырыктай қыз он ұл тапқан анадан артық болды-ау, - деген
едім.
Автор. «Үлкенді - ізетте, кішіні - күзетке» деген сөзді неден шығарып айтып
едіңіз?
Бауыржан. 1941 жылы он сегізінші ноябрьде генерал Панфиловтан
Волоколамск тас жолының бойындағы Горюны деген деревняда жауды екі күн бөгеуге
бұйрық алдым. Сол кезде дивизиямыздың баска бөлімдері жаңа шепке қарай шегініп
орналасуға тиісті еді. Генералдын бұйрығын ойдағыдай орындап, үшінші күні жау
қоршауында қалып кейін шегіндік. Жолда, орман ішіндегі жалғыз үйге сол тыныс алуға
тоқтағанымызда бірнеше күн жаумен шайқасып әбден қалжыраған жігіттер қисая сала қор
етіп, ұйқыға кетті. Мен штаб бастығы Рахимовқа қарап:
- Кәне, екеуіміздің қайсысымыз ояу отырамыз? - дедім. Сонда анадай жерге
жаңа ғана жантайған Жолмұхамед Бозжанов орнынан атып тұрып:
- Ағатай, екеуіңіз де ұйықтаңыз. Мен тұрайын, мен кішімін ғой, - деді.
Мен Бозжановтың бетіне қарадым да:
- Үлкенді - ізетте, кішіні - күзетке деген. Жарайды, сен тұрсаң тұр. Бірақ
жарты сағатқа қалайда шыда! -деппін. Тура жарты сағатта мен өзімнен-өзім ояндым да,
Бозжановты ұйқыға жатқыздым. Бозжанов деген екі көзі тостағандай, екі беті әппақ
манардай шиыршық атқан шапшаң, шектен тыс кішіпейіл, үлкенді аға, кішіні іні тұтып
тұратын аса бауырмал, әрі ақылды, әрі алғыр, әрі батыр жігіт еді. Мені жанындай жақсы
көретін, мен де оны туғанымнан артық деп есептейтінмін. Жоғарыда айтқанымдай, ол
менің
ұйқы-күлкіме, тіпті аузымнан шыққан әрбір сөзіме дейін қамқор болып жүретін. Менің өзіне
ұнаған кейбір сөздерімді дереу жазып алып, артынан бірнешеуін өзіме әкеп беруші еді.
Жаңағы өзің тарихын жазып алған мақал-мәтелдерді Жолтай маған өлерінен бір күн
бұрын әкеп табыс етті.
- Аға, ертең шабуылға шығамыз ғой, мына сөздеріңізді көк дәптерге көшіріп
алыңызшы, - деді. Сөйтіп ол қай сөздің қандай жағдайда айтылғанына дейін қоса баяндап
берді. «Айдындана шапқаннан ажал да сескенеді» деп Горюны түбінде жауға жалғыз
шапқан танкист туралы айтқан бір сөзімді планшетіндегі топографиялық картаның ақ
жеріне түртіп қойған екен, соны да тауып берді. Ертеңінде есіл ер опат болып кетті.
Автор. Жолмұхамед Бозжанов қаза болғаннан кейін оның Алматыдағы туған
ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың үйіне әскери бөлімнен мынадай қазанама қағаз келіпті.
Тындайсыз ба?
Бауыржан. Құлағым сенде.
Автор. Қағазы тозыңқырап қалыпты, бірақ ешбір жері өшпеген. Онда былай
деп жазылған:
«ҚАЗАНАМА
Социалистік Отанымыз үшін неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарда, 1941
жылы 6 декабрьде, өрімдей жас, жайраң қаққан жалынды азамат, Коммунистік партия мен
қазақ халқының адал ұлы, командир әм саяси қызметкер, гвардияшы Жолмұхамед
Бозжанов жолдас ер өлімімен қаза тапты.
Жолмұхамед Бозжанов жолдас ақ финдерге қарсы ұрыстарға қатынасып,
«Ерлігі үшін» медалімен наградталды, содан кейінЛениншіл Қазақстан комсомолында
жауапты қызмет атқарды. Содан бізге ротаның саяси жетекшісі болып келді.
Фашистермен кескілескен қанды айқасқа кірген күннен бастап, ақтық демі
біткенше Бозжанов жолдас күн сайын, сағат сайын большевиктік ерліктің, коммунистік
адамгершіліктің, азаматтықтың үлгі-өнегесін үздіксіз көрсетіп отырды. Сол себептен де
бөлімшенің жауынгерлері мен командирлері оны жанындай жақсы көрді.
Ұрыстың қиын-қыстау кездерінде мен оны сан рет ең жауапты жерлерге
жұмсадым, ең ауыр міндеттерді сенгендіктен соның иығына арттым. Талай-талай қиын
тапсырмаларды ол ойдағыдай орындап келіп еді. Сондықтан да мен оны өзімнің көзсіз
батырым деуші едім.
Бозжанов жолдас тәрбиеші, саяси жетекші қасиетімен қаһарман командир
қабілетін мүлтіксіз ұштастыра білді. Ол ерлікті ерекше дәріптеп, қорқақтар мен
үрейшілдерді жан тәнімен жек көрді. Сәбидей ақ көңілділік, командирлік қаталдық,
большевиктік адалдық Бозжановтың бойынан бар жарасымын тауып үйлескен еді. Ол
ротаны басқарды, одан соң баталъон командирінің орынбасары болды. Оған үлкен сенім
білдіріліп, соңғы уақытта полк партбюросының секретары болып жоғарылатылды.
Ұрыстарда көрсеткен батырлық, ерлігі үшін майдан командованиесі оны үкімет
наградасына ұсынған болатын.
Осындай асыл жүрек тоқтады, алтын бас ойлаудан қалды, тостағандай қара көздер
мәңгіге жұмылды, азаматтың үнемі күлімдеп тұратын қызғылт ерні қозғалмастан тас боп
қалды дегенге сенгім келмейді. Бірақ, сенбесіме амал жоқ, бұл қасіретті жағдайды мен өз
көзіммен көріп тұрмын. Мұның орны толмас қаза екенін ойлағанда көкірегім қарс айрылып,
жүрегім тулап, қан жылайды.
Жауынгер дос, гвардияшы жолдас, батыр политрук-командир Жолмұхамед
Бозжанов енді біздің қасымызда жоқ. Бірақ оның есімі, Отан соғысының ері есебінде
қарулас гвардияшы достарының жүрегінде, совет халқының есінде мәңгіге сақталады.
Егер мен жауды түпкілікті жеңетін бақытты күнге жетіп, Отанға аман-сау
оралатын болсам, онда мен сенің атыңды өлеңге қосу үшін ұлы Жамбылға айтып
барамын. Онда сенің ерлігіңді дастан етіп жазу үшін талантты жас жазушыларға баяндап
беремін, Жолтай!
Қош бол, арыстаным, ардақты батырым менің!
Жолмүхамед Бозжанов жолдастың туыстары мен жақындарына шын жүректен
көңіл айтамын.
Жылаңыздар, жолдастар. Жылай тұрып, Жолмұхамед батыр біздің досымыз,
туысымыз, жақынымыз болған деп мақтан да етейік.
Полк командирінің орынбасары капитан
Б.Момышұлы.
8. XII - 1941 жыл».
Бауыржан. Әй, сен мұны қайдан тауып алдың?
Автор. Жолмұхамедтің ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың үйінен.
Бауыржан. «Фашистің бетін ғана емес, бөксесін де көрдім... Шегінбей,
шабуылға шығып өлдім. Арманым жок, аға» деді ол өлерінің алдында менің қолымды
ұстап жатып. Панфиловтың өлгенін көріп, өз қолыммен қоймағандықтан көпке дейін оны
жолаушы кеткен кісідей көріп жүрдім. Жолтайдың өлімі өзегімізді одан сайын өртеп кетті...
Автор. Жолтайдың соңғы айтқаны «Арманым жок, аға» деген сөздер болды
дейсіз бе?
Бауыржан. Иә. Бірақ жас адамда арман болмаушы ма еді? Онысы тек менің
көңіліме қаяу түсірмейін дегені ғой. Сүйген қызы бар еді, қосыла алмай кетті. Артында
ұрпақ қалмады. Одан артық арман бола ма?
Автор. Сүйген қызының аты Ақлима екен. Жолтай екеуінің соғыс басталар
алдында қатар отырып түскен суретін де көрдім. Бірақ қазанама келгеннен кейін Ақлима
Жолтайдың күйігіне шыдамай, құса болып өліпті.
Бауыржан. А, солай ма? Жолтай: «Аға, мынау Сіздің келініңіз болады.
Соғыс біткеннен кейін осы кісінің қолынан шай ішетін боласыз» деп ол суретті маған да
көрсеткені бар еді.
Автор. Сіз қазанамада Жолтайды майдан командованиесі үкімет
наградасына ұсынды деп жазған екенсіз. Сол ұсыныс бойынша оған Ленин ордені
беріліпті.
Бауыржан. Білемін.
Автор. Сол қырық бірінші жылы 8 декабрьде айтқан уәдеңізді орындапсыз,
Бауке. Жолтайдың да атын «Москва үшін шайқас» кітабына кіргізіпсіз.
Бауыржан. Жок, орындай алғамын жоқ. Менің кітабымда Жолтайдың аты
ғана жүр. Ал ол туралы Қасымның Абдоллаға арнаған дастанындай поэма жазу керек еді.
Ол менің қолымнан келмеді. Жастар бар ғой, бәлкім, жазар әлі де.
V
Есікті ашып, Бауыржанның әйелі бөлмеге бас сұқты.
- Бауке, телефонға шақырады,-деді ол жайлап.
- Мен жұмыс істеп отырмын ғой, қолым бос емес, - деді Бауыржан
қатқыл үнмен.
Әйел «осы сенің мінезің-ай» дегендей күлімсірей басын шайқады да,
Бауыржанның қасына келді.
- Бауке, Талғат, - деді қайтадан сыбырлай үн қатып.
Бауыржан иегін кетерді. Мына кісі әйеліне: «кеткін, есікті жап!» деп ұрысып
тастар ма екен деп, мен қысыла жалтақтап қалдым. Жоқ, бұл жолы Бауыржан өйтпеді.
- Ә, Талғат па? Талғат болса барайын, - деп орнынан тұрды.
Кеңседе телефон шылдыраса, біреумен сөйлеп отырған сөзімізді ортасынан
үзіп тастап, немесе жүріп жатқан жиналысты тоқтатып тастап, трубкаға ұмтыламыз. Үйде
телефон бажылдаса бөйтеңдеп дәлізіміздегі трубкаға жеткенше асығамыз. Бәріміз
сөйтеміз. Өйткені атам заманындағы телефонның культі осындай.
Баскамызды кұрдай жорғалататын телефон-әміршінің тек Бауыржанға ғана
әлі келмеуші еді. Иесінің сырын білетіндіктен бұл үйдіңтелефоны шылдырайын ба,
шылдырамайын ба деп алдымен ойланып алатын, көбінесе, әй, койшы, босқа әуре болып
қайтемін деп, үндемей қалатын сияқты боп көрінуші еді. Шылдыраса да, шылдырамаса да
Баукең телефон жаққа бармаушы еді. Үй иесі бүгін, бұрынғы әдетін бұзып, телефонға
кетті. Сонда оны орнынан тұрғызған Талғат деген кім болды екен? - деп ойладым мен
кабинетте оңаша қалғанда. Мен ондай есімді адамды алдымен Жазушылар одағының
айналасынан, одан соң баспалар маңынан, газет-журнал редакциялары төңірегінен
іздедім. Бірақ таба алмадым. Соған бас қатырып қайтемін, жақындарының бірі шығар
дедім де қойдым. Осы кезде бөлмеге Баукең оралды.
Бауыржан. Талғат Бигелдинов қой, хал-жай сұрап жатқан. - Ол орнына келіп
отырды.- Сен оны білуші ме едің?
- Білемін, - дедім мен бағанадан бері Бигелдиновтың аузыма
түспегеніне өкінгендей және оған кінәлідей күмілжіп. Күмілжитінім кешегі Ұлы Отан
соғысында атағы айдай әлемге аян болған асыл азаматтың, Совет Одағының Батыры
атағын екі рет алған халкымыздың ең қаһарман ұлының есімін бүгінгі тыныштық күннің
тоқтығына масайрағандай боп, қапелімде қаперімнен шығарып алған пенделігіме
қысылғаным еді.
- Жалпы білуін білесің ғой, - деді Баукең темекісін тұтатып жатып,-
Жақын келіп, шүйіркелесе сейлесіп пе едің деймін.
- Сөйлескенмін. Ертеректе бір түн бірге болып, Талғатпен ұзақ
әңгімелескенім бар. Алғашында кеудесінде қос Алтын Жұлдыз жарқыраған мұндай ерен
батыр елмен сейлесе береді дейсің бе, өркекірек келетін шығар деп ойлап едім. Оным
мүлде бекер болып шықты. Талғат қарапайым, кішіпейіл, өте жұғымтал кісі екен. Өз
басынан кешкен окиғаларды да мүдірмей, жақсы әңгімелейді.
Талғат Бигелдинов бұрынғы Ақмола қаласының іргесіндегі Майбалық
аулында туып есті. Кейін ата-анасымен бірге Қырғызстан астанасы Фрунзе қаласына
көшіп келді. Қаршадайынан ұшқыш болуды армандады. Ол үшін алдымен аэроклубта оқу
керек еді. Алғашында оны жасың он алтыға толмапты деп қайтарып жіберді. Талғат он
алтыға толғанша асықты. Он алтыға толған күні салып ұрып, аэропорт бастығына тағы
келді. Енді оған:
- Бойың аласа екен, ұшкыш болуға жарамайсың, - деді.
- Жараймын, - деді ол ызаланып, - ұзындардан кем ұшкыш болмаймын,
ағатай.
Қайсар Талғат аэроклуб бастығының табалдырығын тоздырып,
«ағатайлап» жүріп, сегізінші класқа келгенде аэроклубқа алынды. Оны ойдағыдай бітірді.
Самолетті өзі басқарып ұша алатын болды. Орта мектепті бітіргеннен кейін Талғат енді
нағыз әскери ұшқыш болуды алдына мақсат етіп қойды.
Ол алдымен Саратовтағы әскери ұшқыштар мектебін бітірді. Онда
барлаушы самолеттерді үйренді. «Өнерді үйрен де, жирен» деген бар емес пе. Енді оның
баска машиналарды білгісі келді. Осы оймен Орынбор училищесіне түсті. Онда
истребительде,
штурмовикте ұшып дағдыланды. Талғаттың көңілі штурмовик болуды қалады. Сөйтіп ол
ұшқыш-штурмовик болып, майданға аттанды.
Талғаттың Калинин, Воронеж, Дала, 1-ші және 2-ші Украин майдандарында
жасаған ерліктері орасан көп. Ол кеште маған қазақтың қос батыры өз басынан кешкен
сегіз ерлігін баяндап берген еді. Жаңа Баукең Талғатты білуші ме едің дегенде, алдымен
есіме түскен оның сегіз ерлігінің бірі мынау еді.
Көзге қорашқа көңіл көншімейді. Ежелден солай. Майдандағы штурмшы
авиация полкына келген тәпелтек сержант Бигелдиновты эскадрилья командирлерінің
ешқайсысы өзіне алғысы келмеді. Талғат әр командирдің бетіне жаутаңдай қарап,
жалынғандай болды. Ақыры адамы толмай қалған бір эскадрильяның командирі оны
еріксіз қабылдауға мәжбүр болды.
- Сержант, - деді командир Бигелдиновқа қабағын шытып, - менде
ұшқыштар ұнатпайтын он үшінші номерлі машина бар. Соған мінетін болсаң ғана сені
қабылдаймын.
- Мінемін! - деді Талғат жігерлі түрде. - Ұшқыштар одан он үш саны -
«шайтан дожынасы» деп қашатын шығар. Қазақтар шайтаннан қорықпайды. Халық
аңызының қаһарманы Алдар Көсе шайтанды астына ат етіп мінген...
- Сен өйтіп батырсынба, - деді командир Талғаттың бойын көзімен
қайтадан бір шолып өтіп. - Талай ер жігіттер ол самолеттен сәтсіздікке ұшыраған.
- Өз жанымды олардан артық деп есептемеймін! - деді Талғат.