- Негізгі бет
- Психология
- Кедейшілік немен байланысты?...
Кедейшілік немен байланысты?
Бай болғысы келген адам әлдеқашан ауқатты адамдардың қатарына кірер еді.
Ал оларға не кедергі?
Біріншіден, баю – орасан зор тер төгумен келеді деген түсінік. Күніне 8 сағаттық жұмыс күніңіз жеткіліксіз деп түсінесіз. Бұл көбіне сізге беделді кісілердің: жақын-жуығыңыздың, мұғаліміңіздің не бастығыңыздың сізді жалқаулардың қатарына қосқандығынан туындайды. Алайда біліктілігіңізді жетілдіре отырып, 8 сағат істеп-ақ еңбек ақыңызды көбейте аласыз. Ол үшін атқаратын қызметіңіздің қыр-сырын жетік меңгеріп қана қоймай, өзге елдегі әріптестеріңізбен тіл табысып, халықаралық әдебиетті оқып, дамуға ұмтылыңыз. Ол үшін, әрине, алдымен шет тілдерін (ағылшын, қытай, француз, т.б.) меңгергеніңіз жөн. Сіз өз мамандығыңыз бойынша жаңалықтың жаршысы болуыңыз керек.
Екіншіден, баюға әлі жаспын деген ой. Бұл − мүлде қате пікір. Ғаламтордағы түрлі сайттарды ақтарсаңыз, жастайынан өз істерін ашып, нәтижесінде байып, дүниежүзіне танымал болған жастар туралы ақпаратты көресіз. Соларға еліктеңіз.
Үшіншіден, мақсат қоя алмаушылық. Белгілі бір іспен айналысу мақсат қоюдан басталады. Оны қысқа және ұзақ мерзімге бөліп, жоспарлау керек. Оған жету әдіс-тәсілдерін талдап, ең тиімді жолын таңдайсыз. Күнделікті атқарған жұмысыңызды саралап, талдап, өзіңізге баға беріп отырыңыз. Табыстарыңыз үшін өз-өзіңізді мақтап жүріңіз.
Төртіншіден, қызығушылық жоқ, яғни көп ақшаны не істеймін деп ойлайсыз. Белгілі бір соманы табуды жоспарлағаннан кейін оны қайда жұмсайтыныңызды да бірден шешіңіз. Мысалы, пәтер, көлік, ата-анаңызды шетелге қыдырту, т.б. Демек «ақша келе қалса, жұмсайтын амалды табармын-ау» секілді жоспарыңыз бұлыңғыр емес, нақты болуы қажет.
Бесіншіден, жақсы нәрсе туралы ойлауға дағдыланыңыз, күніне бір жақсылыққа кенелетініңізге сеніңіз. «Елде экономикалық дағдарыс басталды, енді талпыну бекершілік» дегенді мүлде ойыңыздан алып тастаңыз.
Күндеріңіз нұрлы, болашағыңыз жарқын болсын! Сәттілік тілейміз!
Ф. Абилова