Дағдарыс кезіндегі амалдар

Дағдарыс кезіндегі амалдар
Фото: Болат Сырымов

Экономикалық дағдарыс халықты біраз әбігерге салса да, психологтар ең қорқыныштысы — рухани дағдарыс екенін айтады. Себебі экономикалық дағдарыс — кез келген елде жиі қайталанып тұратын құбылыс. Қаншама ел жолын тауып, одан шыға білді. Ең бастысы, адамдар үрейге бой алдырмай, жақсылықтан күдер үзбеуі керек.

Адам ақылымен, қиялымен дүниеге келетін ғажап туындылардың шегі жоқ. Қарабайыр құралдар жасаған ежелгі дүние дәуірінен бастап, небір техниканы ойлап тапқан бүгінгідей өркениет дәрежесіне жеттік. Сол себепті әрбір адам өз ақылына, шеберлігіне, қайталанбас жеке тұлға екендігіне сенсе, қандай да болмасын қиындықтардан шыға алады. Ол үшін күнделікті өмірімізге сырттай көз салайық. Не істеп жүргенімізді саралайық.

Ас — адамның арқауы. Дегенмен, тағамның құрамына, сапасына мән бермейтіндер көп. Негізінен, денсаулыққа аса зиянды қуырылған тамақтарға үйір екеніміз жасырын емес. Оның орнына сорпа, ботқа сияқты ағзаға тез сіңетін әрі пайдасы мол тағамға ауысқанымыз абзал. Дәріханаларда сатылатын әртүрлі кебекті тамаққа қосып пайдалансаңыз, әрі ағзаңызды мол дәруменмен нығайтасыз, әрі жылдап жиналған зиянды шлактардан құтылып, денсаулығыңызды түзейсіз. Қазір күз маусымы болғандықтан, жеміс-жидектердің мол әрі арзандығын пайдаланып, дастарханыңызды толтырып қойыңыз. Олардан шырын жасап ішіңіз.

Өзге тамақты мөлшермен ғана пісіріп, қоқыс жәшігін толтыра бермеуді ойлау керек.

Киімнің сапалысын, қажеттісін ғана алып үйреніңіз. Әсіресе, қыз-келіншектердің шкафтары киілмейтін киімдермен толып тұратыны шындық. Өз стиліңізді қалыптастырыңыз. Дүкенге шығар алдында киімдеріңізді шығарып, қай жерге не киетініңізді саралаңыз, бір-бірімен үйлестіріп көріңіз. Артығын өзіңізден кішілерге беріңіз не қоқысқа тастаңыз.

Әрбір айдағы жалақыңыздың не шәкіртақыңыздың 20 пайызын жинап отырыңыз. Едәуір сома жиналғаннан кейін жеке бизнесіңізді ашуды ойластырыңыз. "Жаспын, маған әлі ерте" деп ойламаңыз. Дүниежүзінде жас кезінде өз ісін ашқандар жеткілікті. Солардан үлгі алғаныңыз жөн.

Психологтардың, бақуатты жандардың кітаптарын оқыңыз.

Уақытыңызды жағымсыз жаңалық, өсек-аяң, ұрыс-керіске кетірмей, мәнді, пайдалы өткізуге дағдыланыңыз.

Жан-жағыңыздағы адамдарға жақсылық жасап, өмірін мәнді етуге үлес қосыңыз. Бірақ біреудің құрбанына айналмаңыз.

Күнделік жүргізіңіз, осы айтылған немесе өзіңіз тапқан пайдалы кеңестерді жүйелі етіп, күнделікке жазып отырыңыз. Өз-өзіңізді іштей мақтап жүріңіз. 

Іске сәт!

Ф. Абилова