Жұмыс "жүрмей" жатса, не істейміз?

Жұмыс "жүрмей" жатса, не істейміз?

Кейде ісіміз алға баспай жатса "жұмыс жүрмей жатыр" дейміз. Осындай жағдайда монитор алдынан кетпей, жұмыстағы өнімділігімізді арттырудың жолдарын іздей бастаймыз.

Мұндайда не істеу керек? Жалпы мақсатқа жету үшін не істеп, не қоюымыз керектігін бүгінгі материалымыздан оқи аласыз.

Тіпті кейде белгілі бір тапсырмаға шамадан тыс күш жұмсап қоямыз да, екіншісіне деміміз жетпей қалып жатады. Бұл тек еріншектіктің емес, әрбір күн бір-біріне ұқсап, өмірдің өзі қызықсыз болып көріне бастауының белгісі деп ұғыңыз. Бұл жағдай әсіресе таңы ерте ататын, кеші кеш бататын көктем мезгілінде кездеседі. Мотивация мен энергияның жетіспеушілігінен уақыт көшінен қалып та қоямыз. Сондықтан да адамға жаңалану, түрлену керек. Кеңестеріміз сіз үшін пайдалы болады деген үміттеміз.

Соңынан бастаңыз

Белгілі бір іс қызықсыз көрінсе, оның соңынан бастап көруге де болады. Оның ішінде барынша жеңіл көрінген бөлігімен айналыссаңыз, жұмыс барысында қызығушылығыңыз артуы әбден мүмкін. Сосын әрбір аяқталған бөлікті біріктіре салу оңайға түседі.

Басқа жерге орналасамыз

Егер жұмысты үйде жасасаңыз басқа бөлмеге немесе балконға шығып көру керек. Кеңседе де мұндай қулыққа бара аласыз: жұмыс орныңызды басқа жаққа ауыстырып көріңіз.

Егер қолыңыз сонда да жүрмей жатса, компьютерді сөндіріп, қағаз-қаламмен-ақ істі бітіруге тырысып көру керек. Далаға шығып, таза ауада жұмыс жасау пайдалы бола алады. Бұл қарекеттер көмектеспесе де сіз қағазға қаламмен жазу үстінде миыңызды шынықтырып, өзге бір ойларға баруыңыз мүмкін. Ал әрмен қарай жаңа идеялар мен шабыт келеді!

Күн тәртібін өзгертеміз

Күніңізді мүлдем басқа жоспарлармен толықтырып өзгерте аласыз. Мәселен түсте немесе кешкі уақытта жасайтын ісіңізді таңғы уақытта, ал таңғы уақытта атқаратын ісіңізді кешкі уақытқа ысырып көріңіз.

Жүгірудің де пайдасы жоқ емес

Жүгіру – адамға артық энергия сыйлайды. Күнделікті жүгірумен айналысқыңыз келмесе де, бір рет қана жүгіріп көрсеңіз, миыңызды жаттықтырасыз, рухани ашыла түсесіз.

Егер жұмыс тіпті де алға баспай жатса, демалу керек

Егер таусылғаныңызды, деміңіздің біткенін сезсеңіз, өз ағзаңызды күштей бермей, демалыс алу қажет. Мәселен, таңғы уақытта 2 немесе 3 сағат бойы өзіңізге қызықты көрінетін істермен ғана айналысыңыз. Дүкенге барыңыз, фильм көріңіз, қыдырыңыз. Мұнда сіз айызыңыз қанғанша демалған соң жұмысыңызды өндірте істеу керек екеніңізді біліп, саналы түрде алға ұмтылатын боласыз.

Сәттілік!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: wikihow.com

А. Құлтай