- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жүгірудің пайдасы...
Жүгірудің пайдасы
Жаздың жайма шуақ күндерінде жүгіріп, денсаулығыңызды түзетіп алыңыз. Себебі, жүгіру көңіл күйді көтеріп, артық салмақ пен ұйқысыздықпен күресуге жол береді.
Күнделікті таңертең көше не саябақ ішіндегі жолдың бойымен жүгіріңіз. Егер де жүгіруге ерініп, оның орнына жылы төсекті құп көрсеңіз, сіздің күш-жігеріңіздің деңгейі өте төмен. Ал жүгіру болса, сізге күш беріп, рухтандырады. Жүгірудің арқасында бойыңыздағы жалқаулық, жауапсыздық сияқты қасиеттерден арыласыз. Сәйкесінше, сенімділік, шыдамдылық сияқты қасиеттерді бойыңызға сіңіресіз.
Басыңызға қиындықтар түсіп, сәтсіздікке ұшырасаңыз, жүгіріңіз! Себебі, жүгірген кезде адам бойындағы барлық жағымсыз ойлардан арылады. Сондай-ақ, жүгірудің арқасында көңіліңіз көтеріліп, талай мәселелердің шешімін таба аласыз.
Жүгіру арқылы басқа жандармен танысып, достарыңыздың қатарын кеңейтесіз. Сондай-ақ, көптен бері кездеспей, сырласа алмаған құрбыңызға бірге жүгіруді ұсынып, дидарласыңыз.
Жүгірудің басты пайдасы - денсаулықты түзету. Ұзақ ғұмыр кешем десеңіз, жүгіріңіз. Жүгіру иммунитетті көтеріп, жүрек қан тамырларының жұмысын жақсартады. Сондай-ақ, ұйқысыздықтан арылып, арықтауға жол береді.
Жүгірудің алдында 1 сағат бұрын 1 кесе ыстық шәй не 1 стакан айран ішіп, алма я банан жеп алыңыз. Ал жүгіріп болғаннан кейін жаттығулар жасаған абзал.
Күн сайын жүгірудің уақытын көбейтіңіз. Жүгірген кезде жеңіл әрі ыңғайлы киім киіп, ыңғайлы аяқ киім таңдаңыз. Егер де жүгірген кезде өзіңізді нашар сезінсеңіз, демалып, күш жинаңыз. Екі-үш күндік үзілістен кейін жүгіруді қайта қолға алыңыз.
Ауа-райы нашарлап, жаңбыр я қар жауған кезде жүгіруге болады. Бірақ та, аяздан қорықсаңыз, жаттығу залына жазылыңыз.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: woman.ru, sportsday.com
Ғ. Ұзақ