- Негізгі бет
- Психология
- Интуицияны дамытудың әдістері...
Интуицияны дамытудың әдістері
Интуиция – өмірде қажет болатын қасиеттің бірі. Ол кез келген адамның бойында бар. Оны қалай дамытуға болады?
1. Фантазияңызды дамытыңыз
Өзіңізге шектеу қоймаңыз. Қиялыңызды күнделікті пайдалануға тырысыңыз. Таңертең жұмысқа келіп, компьютеріңіз қосылғанша, блокнотыңызға ойыңызға келген сөз, сөйлемдерді жазып отырыңыз. Сол бойда бәрін елестетуге тырысыңыз.
2. Өз өміріңізді елестетіңіз
Біреумен кездесер алдында оны елестетуге тырысыңыз. Бүге-шігесіне дейін ойластырыңыз. Яғни, кездесу орнын, сәлемдесуді, оның киімін, айналаңыздағы адамдардың іс-әрекетін, мәзірді, сол адаммен кездесуден кейінгі сезіміңізді бәрін-бәрін елестетуге тырысыңыз. Мұны ұйықтар алдында, жұмысқа бару жолында, кез келген уақытта істеуге болады. Киноға баруыңызды, достарыңызбен серуенді, демалыс сапарыңызды, өмірде болатын кез келген оқиғаларды алдын ала елестетуді әдетке айналдырыңыз.
3. Қандай да бір мәселенің шешімін іздеңіз
Кез келген адам өмірінде қиын мәселелер туындап тұрады. Мұндай кезде проблеманың шешімін табуға түйсігіңіз көмектесе алады.
Мысалы, жұмысыңыздан шықсаңыз, «не істеу керек?» деген сұраққа жақындарыңыз «дереу жаңа жұмыс ізде» деп кеңес береді. Мұндай жағдайда «неліктен мұндай күйге түстім?» деген сұрақ қойыңыз. Мүмкін денсаулығыңыз сыр берген болар? Соңғы рет қашан демалдыңыз? Дәрігерге қаралмағаныңызға қанша уақыт болды? Жаңа жұмыс тапқанға дейін денсаулығыңызды қалыпқа келтіріп алуыңызға мүмкіндік бар.
Интуиция сұрақ пайда болған кезден бастап жұмыс істейді. Ол «мәселе – туындау себебі – шешу жолдары – ең дұрыс шешімді анықтау – нәтиже» сызбасы бойынша, ал сана «мәселе – шешу жолдары – шешім таңдау – нәтиже» сызбасымен жұмыс істейді. Сана мен интуиция бірге қызмет еткен жағдайда ең дұрыс шешім табуға болады.
4. Ішкі жан дүниеңізді тануға тырысыңыз
Күніне жарты сағат уақытты өзіңізге арнаңыз. Жалғыз отырып, ой, идея, арман, сезімдеріңізді саралаңыз. Жалғыздықтан қорықпаңыз. Бақыттың кілті біреуде емес, өзіңізде.
Интуицияны әр адам әрқалай түсінеді. Бірі ішкі дауыс десе, басқасы көз алдына келетін суреттер деп, ал үшіншілері шешім қабылдау алдындағы қобалжу деп түсіндіреді.
Ал сіз интуицияңызды сезесіз бе?
Ф. Абилова