- Негізгі бет
- Психология
- Дұрыс шешім қабылдауды...
Дұрыс шешім қабылдауды үйрену
Дұрыс шешім қабылдау, тәуекелге бару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асығыс шешім кейде сан соқтырса, «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» сәтте де кейде дұрыс шешімге қол жеткізе алмаймыз. Сол себепті шешімді шешпес бұрын, бірнеше қадамдарды шешіп алу керектігін айтамыз.
Ойыңызды жинақтаңыз
Өзіңізге нақты не керек екенін білу үшін, алдымен санадағы жағымсыз ойлардан арылу керек. Ол үшін отырып немесе тұрып денені еркін ұстаңыз. Арқаны түзу ұстап, терең тыныс алыңыз. Ағзаға ешбір күш салмай, бүкіл дене мүшеңізбен сезініп, жағымсыз әсердің бәрін бойдан шығарыңыз. Бұл сізге сенімділік пен жайлылық сыйлайды.
Шешім қабылдағанда жүрек қалауымен сәйкес келсе, бойда қуаныш пен күш-қуат пайда болады. Егер де іштей күмән болса, қолға ақ парақ пен қарындаш алып, ойыңызды, жобаңызды, арман-мақсатыңызды жазып, тізіп шығыңыз.
Түйсігіңіз алдамайды
Ішкі дауыс, сенімсіз ойлар, тәуекел, жолдың қисынсыз тұстары кез келген адамның басында болып көрген жағдайлар. Алайда ішкі түйсік – біздің ерекше ақыл-ойымыз бен бірегей сезімтал тетік. Сондықтан бұл қасиетті танып, онымен санасып, тыңдай білуіміз керек. Дұрыс шешім қабылдауда кейді ішкі түйсігімізбен диалог құрудан қашамыз. Ал біз қандай да бір қателік жібергенде түйсік дене арқылы белгі береді дейді мамандар. Сол сәтте бас ауырады немесе асқазаныңыз түйіліп ауырады.
Шешім тек өзіңізге емес, жаныңыздағы жандарға да қатысты болатын болса, онда оның пайдалы не тиімді тұстарын анықтаңыз. Ол үшін ойыңыз бен шешіміңіз жайлы ашық айтудан қашпаңыз. Өзгелердің де қажеттілігін орындаңыз. Бұл арадағы болатын келеңсіздіктің алдын алады және шешіміңіздің дұрыстығына көз жеткізесіз.
Жетістіктің кілті өз қолыңызда
Алдағы сәттілікке сеніп, көз алдыңызға елестетіңіз. Өзіңіздің жақсы қырларыңызды тани білмесеңіз, қағаз бетіне түсіруге болады. Сонымен қатар өзіңізді өзгелермен салыстырғанды доғарыңыз. Қандай іспен айналыссаңыз да оның сізге жақсылық алып келетініне сеніңіз. Басыңызды әрқашан көтеріп жүріңіз. Мүмкіндігінше көңілді әрі жымиып жүруге тырысыңыз. Өзіңізге шектен тыс талап қою жүйкеңізді шаршатады.
Н. Үсенова