Таңдау жасау алдындағы тағылымдар

Таңдау жасау алдындағы тағылымдар

Өмірдегі ең қиын нәрселердің бірі – дұрыс таңдау жасау. Бір дұрыс емес шешім жасадың – бәрі бітті. Ол адамға да, затқа да, басқаға да байланысты...

Олай болса, бірінші мен екіншінің немесе үшіншінің арасында дұрыс таңдау жасай алмай әбігерге түстіңіз бе? Төмендегі ақыл-кеңестеріміз тек сіз үшін!

1. Кейде таңдау мәселесінің басында қателік жасау қорқынышы тұрады. Оның тамырында – өзіңе деген сенімсіздік бар. Бақытыңызға орай, өмір кез келген жүйені қабылдай алады. Қателік жасағанның өзінде өмірлік тәжірибеге ие боласыз. Ал ол тәжірибе болашақта дұрыс таңдаулар үшін қызмет етеді. Батыл болыңыз.

2.  Миллиондаған нұсқалар тұратындықтан дұрыс таңдау жасауды білмей тұрсыз ба? Қағаз бен қаламның көмегіне жүгініңіз. Қағазға екі бағана сызып, таңдау алдында тұрған нәрсенің "Оң" және "Теріс" жақтарын тізіп жазу керек. Қайсысы пайдалы, қайсысы тиімсіз екендігі қағазда анық көрініп тұратындықтан, бұл сіз үшін "таразы" бола алады. Жеңімпазды таңдауда "оң" қасиеттері көп нұсқаны есепке алыңыз.

3. Жасанды "таразы" көмектеспеді ме? Ендеше, көздеген мақсатыңызға, асқақ арманыңызға жақындататын нұсқаға тоқтаңыз. Бос дүниелерге уақыт шығындаудың қажеті жоқ, себебі адам – мәңгілік жаратылыс емес.

4. Өзгелердің пікіріне құлақ асып әдеттенгенсіз бе? Олар әртүрлі кеңестер айтып, әбден шатастырды ма? Олай болса, біліңіз: жауапкершілік пен таңдауды өзгенің иығына артып қоюдың арты жақсы болмайды. Біріншіден, адамдардың танымы әр түрлі, жақсы мен жаман туралы түсініктері де бірдей емес. Екіншіден, олар мәселеге өздерінің көзімен қарайды, өздеріне пайда әкелетін нұсқаға тоқталады.

5. Таңдауды ұзақ уақыт бойы жасай алмай, бөгеліп қалатын болсақ, өмір біз үшін шешім қабылдайы. Келісіңізші, Жағдай мырзаға билікті беріп қойғанша, таңдау жасау еркіне өзіңіздің ие болғаныңыз дұрыс емес пе? Қалай болғанда да, жауапкершілік сіздің мойныңызға жүктеледі. Қателік үшін өмір жауап беріп көрген емес. Сол себепті, мүмкіндікті жіберіп алып, өкініп жүргенше, дер кезінде әрекет жасап үлгеру керек.

Ал сіз таңдауды қалай жасайсыз?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: startuppro.ru