Демалыс кезінде күйзеліске түсу себептері

Демалыс кезінде күйзеліске түсу себептері
Фото: Origo

Жаңа жылмен қатар көпшілік үшін демалыс мерзімі де келеді. Керемет жайбарақат күндер басталады. Алайда барлық адам үшін демалыс керемет уақыттың бірі емес. Жұмыста мерекеге дейін біраз шаруаны бітіру керектігі, жақындарымен мерекені ұйымдастыру кезінде келіспеушіліктің туындауы және ауа райының бұзылуы адамның көңіл күйіне кері әсерін беруі мүмкін. Психологтардың айтуынша, «демалыс» күйзелісінің негізгі бірнеше себебі бар.

Аса жоғары дәмелену

Әлеуметтік желілерден, журналдардан және теледидардан сәнді безендірілгн қымбат пәтер фонындағы әдемі әрі бақытты адамдарды көресіз. Үйіңізде де, жұмысыңызда да аласапыран болып жатқанын көріп, өзіңізді дұрыс емес немесе толыққанды емес сезінуіңіз мүмкін. Жаңа жыл суреттегідей болуы керек секілді көрінеді. Психологтардың айтуынша, демалыс адамдардың ойлағанындай өтпегендіктен, мерекеден соң, олардың клиенттері көбейе түседі екен. Мұндай көңіл қалудан емдейтін ең күшті дәрі – алғыс білдіру. Шынайы өмірдегі жағымды сәттерге мән беріңіз. Шыршаның әдемі безендірілмегендігі, күйеуіңізбен болмайтын нәрсе үшін сөзге келу немесе балаларыңыздың шулай беретіндігі маңызды емес. Бастысы – олар аман-есен, дендері сау және сізді жақсы көреді. Ал әдемі суреттер – жай ғана суреттер.

Өзіңізге көп жүктеме алу

Жұмыстағы шаруаларды бітіру, үйді жинау және безендіру, отбасы мүшелерінің немесе достардың басын қосу – олардың барлығына үлгеру үшін уақыт аз. Барлығына үлгермеу қалу қорқынышы көңіл күй түсуінің бір себебі. Оған ұйқының қанбауы қосылса, «демалыс» күйзелісі пайда болады. Өзіңізді еркін ұстаңыз, бір нәрсеге үлгермей қалсаңыз, ештеңе етпейді. Мереке алдындағы жүйкеңіздің жұқаруы демалыс күндеріңізді бұзады.

Маусымдық жабырқау

Егер жылдан жылға қыстың келуімен өзіңізді нашар сезінсеңіз және демалыс күндерден соң да негативті сезім кетпей қойса, ол маусымдық жабырқау болуы мүмкін. Өкінішке орай, оны демалу арқылы немесе позитивті ойлар арқылы кетіру мүмкін емес. Мұндай кезде дәрігердің кеңесі қажет.

А. Жапатова