- Негізгі бет
- Проза
- Аштықтың зардабы ...
Аштықтың зардабы
Кнут Гамсун (Педерсен) 1859 жылы Гудбрандсдален алқабындағы Лом қорғанында Педер Педерсен мен Тора Олдсдаттерлер жанұясында төртінші перзент болып өмірге келді. 1862 жылы Педерсендер жанұсы Тора жағынан туыс болып келетін Ханс Олсенге тиісті ферманы жалға алып Хамара қалашығына көшіп барады. Осылай бала Гамсун алты жыл бойы Норвегияның әсем табиғаты аясында мал бағады, балалық шағын уайым-қайғысыз өткізеді. Бірақ бұл болашақ жазушының өміріндегі дауыл алдындағы тыныштық еді...
Алты жылдан соң отбасы Олсенге қомақты қаржы қарыз болғандықтан Кнут қатігез нағашысына жалданып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ол Гамсунды ұрып қинайтын, кейде тамақ та бермей қойған. Бұл оның болашақта тұлға болып қалыптасуына көп септігін тигізеді. 1873 жылы Ханстың таяғы астындағы ауыр жұмысқа шыдамаған болашақ жазушы Лом қалашығына қашып кетеді. Бұл қалада етікшіге шәкірт болып жұмысқа орналасады. Етікші бола жүріп Кнут алғашқы хикаясын "Жұмбақ жан немесе Нурдланның махаббат хикаясы" ("Den Gaadefulde. En kjærlighedshistorie fra Nordland") атты шығармасын жазып шығады. Тырнақ алды туындысы баспа бетін көргенде Гамсун бар болғаны 18 жаста еді.
1878 жылы бір саудагердің демеушілігімен Кнут Осло қаласына келеді. Ондағы мақсаты – жазушы болу. Бірақ, шығармашылықтан түсетін ақша күнделікті тамағына да жетпей, кедейшілікте өмір сүреді. Осыдан соң шығыс Норвегияға барып, табылған жұмысты істеп жүре береді.
1882 жылы АҚШ-қа барып алғашында жұмыс таппайды, кейін Висконсин штатында жалдамалы жұмысшы болады. Миннесота штатында жүріп норвег елшісінің хатшысы да болады. Осы жерде өкпесіне суық тигізіп алған жазушы дәрігерлердің кеңесімен отанына оралуға мәжбүр болады.
Ослоға келгенен кейін Кнут Марк Твен туралы шығармасын жазып бітіреді. Бұл қалада да жазушы ретінде орнын таба алмай тағы да таршылықта өмір сүреді. 1886 жылы АҚШ-қа қайтып барып, Чикаго трамвайында билет сатушы боп жұмыс істейді. Шығармашылығына көңілі толмаған жазушы көп өтпей Еуропаға қайта келіп, бастап қойған қолжазбасын Копенгагендегі танымал сыншы Георг Брандестің інісі Эдвардқа көрсетеді. Ағалы-інілі Брандестер қолжазбаға да, оны алып келген тән ауруы мен жан аурынан сүйретіліп сүлдесі қалған авторға да таңданып қарайды.
Жазушының бұл шығармасы жаздың соңына таман Даниядағы бір журналда басылып шықса, 1890 жылы "Аштық" ("Sult") деген атпен толыққанды кітап болып шығады. Бұл болашақ "Нобель" сыйлығына ашылған есік болды. Шығарма тез таралып оқырмандардың ыстық ықыласына бөленеді. Кнуттың өзі жазушы ретінде таныла бастайды.
Осыдан соң Гамсун шығармашылығында біраз бетбұрыс болып, оның жазған-сызғандары бірінен соң бірі басылып, әдебиетке жол ашылады. Кнутты аударған белгілі аудармашы, жазушы Сарбас Ақтаев жазушы туралы: "Ол Ф.М.Достоевскийдің суреткерлік тәсілі мен тәжірибесіне арқа сүйеді. Оны ұлы орыс жазушысының адам мінез-құлқын айнытпай дәлме-дәл бepyi, сөздің ғаламат мәніне бойлатып, кейіпкерлердің қарекет-қимылын көз алдына қолмен койғандай жайып бepyi айрықша ынтықтырып, қатты қызықтырды. Алайда Ибсен мен Бьернсен сияқты алыптарды берген төл әдебиетінің дәстүрінен мүлдем қол үзіп кеткен жоқ. Ол да өмірді зерделей зерттеуге талпынды. Алайда жазушылардың басым бөлігіндей әлеуметтік болмысқа ғана шұқшимай, адамдардың көңіл-күйіне, жан-дүниесіне зер салды. Олардың жан әлемін жайып салып, жұмбақ сырын ашуға, қалтарыс куысын, бұралаң бұрылысын түгел ақтаруға ден қойды. Осы мақсат-мұратына ол ең алғаш "Аштық" романында жеткен де сияқты,"– дейді.
Гамсунды бүгінгі оқырман жазушы ретінде таниды, ол жазушылықпен бірге драмалық шығармалар, өлең де жазған. Сыншылардың пікірінше, Кнут пьесаларындағы кейіпкерлер мінезін прозалық шығармаларындағыдай терең ашып бере алмаған. Осындай сындардан қорықты ма әлде өзінің көңілінен шықпады ма Кнут өлеңдерін жарияламай жойып жіберген. Тек, оның 1904 жылы кітап болып шыққан "Жабайы хор" ("Det vilde Kor") деп аталатын өлеңдер жинағына сыншылар тарапынан оң баға берілген.
Кнуттың 1911 жылдары қоғамнан аулақтап, фермаға көшіп кетуі, бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты оқиғалар – замандастарын, олардың жазу мәнерін қабылдай алмағанымен түсіндіріледі. Оның "Нобель" сыйлығын алуда үлкен рөл ойнаған "Жер шырыны" ("Markens Grоde") шығармасы да дәл осы көңіл-күймен суғарылып жазылған.
"Нобель" сыйлығын алғанан кейін бір жылдан соң Кнут оңтүстік Норвегияның Нерхолм қаласынан үй сатып алып шығармашылықпен бірге бағбаншылықпен де айналысады.