- Негізгі бет
- Проза
- Америка драматургиясының атасы...
Америка драматургиясының атасы
Әйгілі Америка драматургиясының атасы, интеллектуал Юджин О'Нил 1888 жылы Нью-Йоркта, танымал актер Джейс О'Нил жанұясында өмірге келген. Әкесі актер болғаны себепті олар Американың о шетінен бұ шетіне саяхаттап, бір орында тұрақтамай, қонақүйлерде, пойыз вагондарында өмір сүруге мәжбүр болған. Соның кесірінен Юджин бірнеше рет мектеп ауыстырған.
1906 жылы болашақ драматург Принстон университетіне оқуға түседі. Бірақ бір жылдан соң оқуды тастап, әкесінің қарсылығына қарамай, Кетлин Дженкиз есімді қызға үйленіп, алтын іздеушілер қатарында Гандурасқа кетеді.
1910 жылы сәбилі болған соң, Нью-Йоркқа қайтып келеді. Көп өтпей Англияға, одан Аргентинаға сапарлайды. Қаңғыбастардай өте нашар тұрмыс кешіреді. 1911 жылы әйелімен ажырасып кетеді.
Үйсіз-күйсіз жүріп Достоевскийді, Толстойды, Золяны, Горькийді, Шопенгауэрді, Ницшені, неміс философы Макс Штирнерді оқиды. Нью-Лондондағы газетте тілші боп жүргенде, 1912 жылы құрт ауруына шалдығады. 6 ай емханада емделіп, сауығып шыққан соң "суретші боламын немесе белгісіз адам болмаймын" деп өз-өзіне серт береді.
1916 жылы достарымен бірге "Provincetown Players" атты экспериментті театр құрады. Жаңа театр сенсациялық танымалдылық алып келеді. Юджин күндіз-түні тоқтамай жұмыс істейді, пьесалар жазады. Бродвейдегі алғашқы пьесасы "Көкжиектен тыс" ("Beyond the Horizon", 1919) "Пулитцер" сыйлығын иеленеді. Арада екі жыл өтіп "Анна Кристи" ("Anna Christie", 1922) пьесасымен тағы да "Пулитцер" сыйлығын алады. Жалпы драматуг өмірінде бұл сыйлықты 4 рет алған.
1920-43 жылдар аралығында Юджин 20 пьеса жазады. Ол бала кезінде, алтын іздеп жүріп, жалпы әлемді саяхаттағанда көргендерін, адамдардың мінезін, іс-әрекетін айнытпай қайталап береді. Ол осынысымен де танымал болады. 20-жылдарда басты рөлге америкалық актриса мен қара нәсілді актерді ойнатады. Бұл да америкалық БАҚ өкілдері арасында дау-дамай тудырады. 1922 жылы "Түкті маймылдар" ("The Hairy Ape", 1922) пьесасы оған кезекті дау-дамай мен даңқ алып келеді. Бұл пьесаның желісі де қылмыскер, Вест-Индия аралына әмірші болған қара нәсілді адам туралы еді.
Енді америкалықтар, сыншылар оны драматургия саласында жаңа бағыт тудырған "гений" деп атай бастайды. Еуропалық театр танушылар да Америкада драматургияның жаңа белеске шыққанына қол соғып жатады.
Өнерде қаншалықты жолы жарқын болса, өмірде керісінше 3 жылдың ішінде (1920-23 жж.) ата-анасын, қамқор ағасын жер қойнына тапсырады.
Бір қызығы Юджинге "Нобель" сыйлығы берілгенде "Мұз тасушы келе жатыр" ("The Iceman Cometh", 1939), "Ай өгей балалардың тағдыры" ("Long Day’s Journey Into Night", 1941), "Ұзақ күн түнге жалғасады" ("A Moon for the Misbegotten", 1941-1943) деп аталатын атақты пьесалары жазылмаған еді.
1936 жылда швед академиктері Юджин О'Нилді "Трагедия жанрын тереңдетіп әрі жаңа жағынан көрсете білгені үшін" әдебиет саласындағы "Нобель" сыйлығына лайық деп табады.
Драматург өмірінің соңғы 10 жылын ештеңе жазбай өткізеді. Себебі үздіксіз "ащы су" ішу, құрт ауруы, балалық шағындағы күйзеліс, басқа да аурулар оның жүйкесіне әсер етіп, "паркинсон" ауруына шалдықтырады. Ол пьеса жазу мақсатында стенография сатып алады. Бірақ айтып отырып пьеса жазу мүмкін еместігін түсінеді.
Сыншылар бұл кезде Юджинді Американың бірінші драматургы деп таныған кез еді. 1946 жылы атақты сыншы Джордж Джин Нейтан Юджинге: "Мінезді беруде оған ешқандай драматург тең келе алмайды. Ешкім ол сияқты адамдардың ішкі дүниесін білмейді. Ешкім сахнаның мүмкіндіктерін ол сияқты пайдалана алмайды. Оның театры нағыз университет", – деп баға береді.
Қаламгер 1953 жылы 65 жасында өмірден өтті.
Т. Раушанұлы