Олжас Қасым: "Уақыттың иінінде ырғалған..."

Олжас Қасым: "Уақыттың иінінде ырғалған..."
Фото: facebook.com

Мен Олжасты ақын ретінде көптен білемін. Сөз жоқ, нағыз ақын. Сөзді құр құрастырмайды, жүрегімен, жанымен, қанымен жазады. Өлең оның жанының тереңінен, жүрегінің түкпірінен, санасының саңылауынан көк кептердей түлеп ұшатын сияқты. «Неге көбі ақындықты, өлең жазу деп ұғады» деп өзі айтқандай, өлең жазу үшін келсін-келмесін ақ қағазды шимайлай беру шарт емес, жан-жүректің көмбелі қойнауынан сүзіп алып, сананың саңылауынан өткізіп, ақ балапандай тудыру керек. Сонда ғана жанды өлең болып шығады, ал олай болмаған жағдайда ол жансыз, өлі, қан-сөлсіз құр тақпақ болып қалады. Сондай өлеңнің бойына жан кіргізе алатын ақындардың бірі осы Олжас. Өйткені, оның өлеңдерінде өмір бар. Бес күндік жарық жалғанның қайталанбас айшықты сәттері мен мұңды мезеттерін жырға қосу арқылы үлкен ой айта алады. Өмірді өлеңге көшіріп, өлеңді философияға айналдырады. Жалаң, жансыз көшірмейді, өмірдегідей жан бітіріп, бір-бірімен ымдастырып-жымдастырып, селбестіріп-ұштастырып жібереді. Оған оның «Қайшылық», «Іңкәрлік», «Қоңыр қыз» сынды өлеңдерін оқысаңыз көзіңіз анық жетеді. Оқырмандарға сол өлеңдерді қалай жеткізуді де біледі. Ойы да тұнық, тілі де жатық. Сондықтан өлеңдері көздің жауын алып, жас баланың жанарындай мөлдіреп тұрады. Өлеңін оқып отырып, оның нағыз суреткер екеніне көзіңіз жете түседі. Бір сөзбен айтсақ, сөзбен сурет сала алады, өмірдің сан қилы сәттерін, суреттерін көз алдыңа айнытпай алып келеді. Мәселен, «Анар», «Глобус туралы баллада» сынды өлеңдерін қызыға-құмыға оқымау мүмкін емес, оқып болғаннан кейін ойланбау тағы мүмкін емес. Ал жан-жүрегіңді қозғап қана қоймай, ойландыра алған өлеңнің ғұмыры да ұзақ болары сөзсіз.

Думан Рамазан, жазушы-драматург

Олжас Қасым – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN», «ДАРАБОЗ» басылымдарында, Алматы телеарнасында жұмыс істеді. Бүгінде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында шеф-редактор. Өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарияланған. «Алтын қалам-2011», XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, «Серпер» Жастар одағы сыйлығының, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. «Бозбеткей» өлеңдер жинағының авторы.

Адасу 

Сүйінішін, күйінішін тағдырдың, 
Өткен күннің үлесіне қалдырдым. 
Арасымен сілбілеген жаңбырдың. 
Жүр, адасып кетейікші жан құрбым. 

Барайықшы елсіз жерге кез келген, 
Жетейікші өлкелерге өзгерген. 
Біз адасып кетейікші даулардан, 
Біз адасып кетейікші сөздерден. 

Сонда ғана жүрек мұңнан аршылар, 
Сонда ғана базынамыз таусылар. 
Ол жақта да екеумізге ұқсайтын, 
Ойда жоқта – адасқандар бар шығар. 

Осылай бір түсініксіз хал кешем, 
Талай мәрте ессіз күнде қалды есем. 
Мен сенбеймін, мақсат, мұрат, арманға, 
Адаспай-ақ жеткен адам бар десең. 

Жол да адасқан өзін түннен іздеуде, 
Адасқан тау аңыраяр құз кеуде. 
Қара да тұр орта жолдан, өр жолдан, 
Адасқан жел қосылады біздерге. 

Уақыттың иінінде ырғалған. 
Сабақ алдым адастырған жылдардан, 
Сен де бізбен адасып көр дүние. 
Адастырмақ ойыны ғой бұл жалған. 

Адасудан болмас бізге сірә айып. 
Ауық ауық алған жақсы мұңайып. 
Адасайық, сол адасу арқылы. 
Өзімізді тауып алып тұрайық.

***

Білмедім сырын, 
Мұның себебі не? 
Жауабын кімдер табады? 
Іңгәлап туған менің өлеңіме, 
Сенің көз жасың тамады. 

Таңдаған жоқпын тағдырды мына, 
Тағдырды бәрі кешеді. 
Жырақта жазған жаңбыр-жырыма, 
Сенің жан-дүниең көшеді. 

Осы сағыныш жанымда өле ме? 
Сарғайып барып гүл өңі. 
Мен жазған жырдың бәрінде неге? 
Сен оянасың үнемі? 

Бұл менің оттай маздағаным ба? 
Жазғаным ба әлде төгіп бір? 
Жасын боп түскен жазбаларымда, 
Сенің жүрегің соғып тұр. 

Бағым батпандай сірә менің де, 
Санаңда сайрап, 
Жатталсам, 
Мен боламын ба жыр әлемінде, 
Сен бұл әлемде жоқ болсаң? 

Қайғыны елемес сері көңілімнен, 
Ақтүтек сезім үдеген. 
Мәлім, беймәлім сенің өміріңмен, 
Ұйқаса берді-ау бұл өлең!

Сезім сиқыры 

Жаңбырдың мүлдем жауғанын айтпа, 
Жаңбырдан әсер алғаныңды айт. 
Ой құшағында қалғаныңды айтпа, 
Ағыл да тегіл арманыңды айт. 

Түсірген небір кезді есіңдегі, 
Шулы шаһардың оттарын айт. 
Сол түнгі тұңғыш кездесудегі, 
Жүректің қалай соққанын айт. 

Сағынышымды еселер күнде, 
Сезгейсің жанда сүйініш барын. 
Ұққайсың бөтен көшелердің де, 
Екеуміз үшін қиылысқанын. 

Күн туар мүмкін қосылар аман, 
Болмаспыз бәлкім мәңгі ғашық біз. 
Дегенмен жаным осы қаладан, 
Кездесу дейтін даңғыл ашыппыз. 

Жүрекке ғана жеңдір тағдырды, 
Жазбайын енді қоштасар өлең. 
Тілек бар менде сол бір даңғылды, 
Ешқандай адам баспаса деген. 

Өзіңе ғана тіледім ізгі ой, 
Кештерде кейде бастым әуенге. 
Даңғыл дегенім – жүрегіміз ғой, 
Жүректі ешкімге бастыра көрме!

Қаз баққан ана 

Таң атса ақ жүзінде шуақ ойнап, 
Қаздарын алдына сап, шығады айдап. 
Алты қаз ұзағанда аяулы ана, 
Алты ұлын ұзап кеткен тұрады ойлап... 

Айғыздап әжім дейтін өрнек өңін, 
Сызылтар жүрегінен шерлі өлеңін. 
Алты ұлы әр тарапқа аттанғалы, 
Алты қаз жанына алған ермегі оның. 

Өмірдің сан сауалы күнде тергеп, 
Санада сағынышын бүрлетер көп. 
Ойлайды ол алты қазға жем бергенде, 
Алты ұлым жемін тауып жүр ме екен деп... 

Солардың жеткізер ме оған үнін?! 
Әкеткен қара жолдар – қара бұрым. 
Алты қаз балпаң басқан салды есіне, 
Алты ұлдың балпаң басқан бала күнін... 

«Тұңғышым арман – шыңға туын қадар, 
Кенже ұлым – үмітімдей күлім қағар. 
Бұрынғы күліп түскен суретіне, 
Шынымен ұқсай ма екен бүгінде олар?! 

Бірінің өрт түсті ме өзегіне, 
Тағдыр ғой, қайтер дейсің, төзеді де. 
Алты ұлым сыңғырлаған алты бұлақ, 
Бұлақтар жетті ме екен өзеніне?! 

Ортаншым біртоға еді, еркем еді, 
Ойласам көкірегім өртенеді. 
Қорқамын қала деген қатыгез жер, 
Ал қала еркелетпес ертең оны». 

Жалғанның толғантқанда жазған ісі, 
Жатады оттай лаулап, маздап іші. 
Ананың алай-дүлей сәтін сонда, 
Бұзады қаңқылдаған қаз дауысы. 

...Төзімдей діңгегінің түбін ырғап, 
Көзінің өтуде өмір нұрын ұрлап. 
Тілінде сағатының тық-тық етіп, 
Білінбей көшіп жатыр күні зулап. 

Көктеткен алты дәндей санаға егіп, 
Аңсатты кеткен ұлдар қалаға еніп. 
Ананың сағындырған алты ұлындай, 
Соңынан алты қазы барады еріп!!!

Қар еріген 

Кездескен шақ. Нұрлы сәт. Қар еріген, 
Қар еріген қарсы алған әлемімен. 
Қойнымда құшақ-құшақ шаттық тұрды, 
Мойныңда ойнап тұрды әдемі мең...

Бір шуақ тарағанда жүз, өңінен.
Тоң жібіген, жүректе мұз еріген.
Таңғы ауадай тап-таза аңсарым мен,
Ықыласымнан ып-ыстық қыз еріген.

Аппақ қыздың алғаусыз тілегінен,
Қолымдағы нарт қызыл гүл еріген.
Аңдап қалғам мен сонда сезім жасы.
Сырғып бара жатқанын жүрегінен.

Қос жүректің ынтызар сәлемінен.
Ебіл-дебіл егіліп, жан еріген.
Мекенінен сезімнің көштік қалай?
Өштік қалай мезгілдің бәденінен?!

Шуақ қайда сондағы сызды еріткен.
Қуат қайда бойдағы қызды еліткен.
Қар ерісе қағамыз неге дірдек?
Қар ерісе тоңамыз біз неліктен?

Қоштасқан шақ. Мұңды сәт. Қар еріген,
Көңіл қайтқан, жаңылған әуенінен.
Ерудей-ақ, еріппіз ол да, мен де.
Ештеңе жоқ, ешкім жоқ, бәрі еріген... 

Ж. Жұмағұлов