Ұмытпаспын ұйыған қаймақ-түнді

Ұмытпаспын ұйыған қаймақ-түнді

Қара Ертіске келіп құйылар ерке бұлақ секілді Қазақ поэзиясына да бір топ жас қаламгерлер келіп үлгерді. Соның бірі таяуда ғана жарық көрген "Бозбеткей" деп аталатын жинақтың авторы - Олжас Қасым. Арда Алтайдың бауырындағы мөлдір бұлақтай тіл тазалығы осы Олжас ақынның әр өлеңінен байқалады. Поэзияға деген адал да кіршіксіз жүрегін ешқашан кір шалмасын деген тілегімізді білдіре отырып, жас ақынның бір шоғыр өлеңдерін ұсынамыз.

 

Тағдырлы ақын

«Жаңа ұрпақ көрмесем де өзіңді,

Мен сендердің сырласыңмын, досыңмын.

Бірге жүрсем, түсімде һәм өңімде,

Өздеріңмен сырласамын осы күн»   

Т. Ысмайылов

 

Болар жырың жаныма қалай бөтен,

Ертеңімді сонымен арайлы етем.

Тағдыры оңай болмаған қайран ақын,

Сен туралы жазу да оңай ма екен?!

 

Шерлі жүрек қоғамның мұңын кешкен,

Бізден де сырт айналар ғұмыр көшкен.

Кең дүниеге сыймастан сен кеткелі,

Талай уақыт өтіпті-ау білінбестен.

 

Таптатпай кеткен ақын ар-намысын,

Ақыры мойындадың жалған ісін.

Есіл, Ертіс ағады өксіп сендей,

Бір толқынын жоғалтып алғаны үшін.

 

Сен орман боп тұрарсың шулап-шулап,

Сен өзен боп ағарсың тулап-тулап,

Көкірегімде жүйткиді жүйрік-күндер,

Қуатты жырларыңдай шумақ-шумақ.

 

Бізде бір ақиқат бар аға сондай,

Қуат та бар биікпен таласардай.

Үйретші аға, өлеңде төмендемей,

Ал, өмірде жүруді аласармай.

 

Тосады алдан мені де кемел шыңым,

Және бар алдымдағы көрер сыным.

Дәл өзіңдей жүрмін мен Алматыда,

«Мезі қылып ермегі өлеңшінің».

 

Үзілдің келген кезде кемеліңе,

Сонда да жыр сыйладың сен еліңе.

Шын ақынның өлгенде бар ғұмыры,

Көшетіні рас па өлеңіне?

 

Кетсе де айлар өтіп, жыл ескіріп,

Соңыңнан көш-керуендей ілесті үміт.

Уақыт жүр ұрпақтарға жырларыңды,

Келешектің қолымен үлестіріп.

 

Естелік

Кеудемді өпкен кезінде өзен де кепті,

Кепсе де кетпес, құлақтан гүрілі мәңгі.

Қызғалдақ қызбен өбіскен кезең де өтті,

Өтсе де мына жүректе дірілі қалды.

 

Бойжеткен жайлы кезім жоқ салқын ойлаған,

Көңілін қанша тостым мен кезген асқарды.

Жанарын кейін жоғалттым жарқыл ойнаған,

Жоғалттым, бірақ, аяулы көзқарас қалды.

 

Сезімде солай жайладық өрісті бірге,

Ол жүрек болып соғатын дүрсілдеп келіп.

Осынау менің беймаза кеңістігімде,

Қалады көзден өшпейтін бір сурет болып.

 

Әуелеп заңғар зердемде мәңгілік әні,

Есімін оның жазғанмын дәптерге жаңа.

Бойжеткен менің санамда жаңғырығады,

Ойламай кетіп, ойлаған сәттерде ғана.

 

Керім қыз қанша аптықты ұрлады менен,

Жаралған асқақ мінезден жолдадым өлең.

Алдағы сүрер бітпейтін жылдарымменен,

Алдағы жүрер күтпейтін жолдарымменен.

 

Сезімсіз кешкен мезгілдің құрысын бәрі.

Алыстап кеттік уақыттың өзі ысырғалы.

Сөз болып мәңгі тұрады ол тіл ұшындағы,

Көкжиек болып  тұрады ол көз ұшындағы.

 

Аңсар

Қарт Семей барам саған, елеңдеме,

Сусадым сенен туған өлеңге де.

Сендегі адамдарды танимын-ау,

Өзіңді тани алмай келем неге?

 

Қанша күн жүрегімде болмай тыным,

Келмесем санамда мұң орнайтұғын.

Адамды тану оңай, білдім Семей,

Жерімді тану оңай болмайтынын.

 

Соңыңнан шұбап-шұбап ғасыр қалсын.

Басыңнан сан уақытты асырғансың.

Жұмбақсың, сол бір қиын жұмбағыңды,

Абайдың жүрегіне жасырғансың.

 

Түстің сен қилы тұста қиын дауға,

Көндігіп, иіліктің сан бұйырғанға.

Әншісің, әндеріңді Әміренің,

Даусымен жеткізгенсің қиырларға.

 

Саған деген аңсау бар менде мәңгі,

Өйткені, жан-жүрегім сенде қалды.

Тағдырдан сыналғаның аз болғандай,

Полигон сынағын да сенде жарды.

 

Қашан да ерек еңсең, ерек мұңың,

Қайғы емген шақтарыңды елепті кім?

Сен әлі көрсетесің адамзатқа,

Шыдамның қандай болу керектігін.

 

Өзіңе сағынышсыз келген жоқпын,

Гүліңді сағынышсыз терген жоқпын.

Қаншама тереңдерді көрдім, бірақ,

Ертістей тереңіңді көрген жоқпын.

 

Өрлік пен тектіліктің тұғырысың,

Құлагер-замандардың дүбірісің.

Мен сенен тым алыстап кетем Семей,

Сен маған тым жақын боп тұру үшін.   

 

Өткен  шақ

Келмейді  қанша іздесең ыңғай ондай,

Кетемін  ауық-ауық мұңға аялдай.

Тұрушы ем  бір ұлы сөз айта  алмастан,

Тұрушы ең ұлы сөзді тыңдай алмай.

 

Мұңымды басқа ешкімге шаға алмастан,

Өзіңе байланыппын мен әу бастан.

Тұратын сыртта нөсер жауа жаздап,

Ішімде  де бір нөсер жауа алмастан.

 

Сол түні бұлт бауырлап,  аспан көшкен,

Ол-дағы тарих болар бастан кешкен.

Астаң-кестең соққанда сыртта дауыл,

Іште дауыл соғатын астаң-кестең.

 

Ұмытпаспын ұйыған қаймақ-түнді,

Қаймақ –түн саған нені ойлаттырды?

Найзағай ойнап тұрған  сыртта сонда,

Ішімде бір найзағай ойнап тұрды.

 

Көндікпеген,  біресе  көндіккендей,

Тарлық көрмей мінезден кеңдік көрмей.

Келешекке ұласар ымырт кеші,

Сен  күткендей болмаған  мен күткендей.

 

Қайта  оралмас сол шаққа  ұмтылармын,

Әйтеуір бір құлармын, бір тұрармын.

Алдымнан  сансыз күндер туар әлі,

Сен бірақ та,  тумассың  біртуар күн.

 

Кеткен  солай көп  сәттер тылсымға  еніп,

Қалады кейде-кейде бір сыр  беріп.

Мен  оның ішінде бір лүпілдермін,

Ол менің  ішімде  жүр  дүрсіл болып.

Ту деген не?

Бала болдым мән іздеген өмірден,

Қайран жүрек ол кездері не білген?

«Ту деген не?» деп сұрадым әкемнен,

Дәл сол жылы тоғыз жаста едім мен.

 

Жанарынан сырғытқандай сәл мұңды,

Көңілінде өткен уақыт жаңғырды.

«Көбі туды шүберек деп ойлайды,

Ту дегенің тарих»,- деді тағдырлы.

 

Жүрегімде жүйткігендей бір ағын,

Әзір тұрды тағы менің сұрағым.

Қиялыма ерік беріп бірауық,

«Туды кімдер жасайды?» деп сұрадым.

 

Әкем сонда бала сынды шаттанып,

Айтқан еді құпиясын ақтарып,

«Ар мен төрден табылатын бұл туды,

Қан мен терден жасадық»,- деп шаттанып.

 

Мына жауап жігер беріп жаныма,

Тәубе етумен өз елімнің барына.

«Туды кімдер ұстайды?» деп тосыннан,

Әкешіме сауал қойдым тағы да.

 

«Балам менің деді әкешім бері қара,

Алдыңда бар айналайын жол дара,

Ұстамайды кез-келгені бұл туды,

Туды ұстайды рухы биік ел ғана».

 

Қарсы алдымнан шақырғандай бір міндет,

Байрағыма көз тоқтатып тұрдым көп.

Сәлден кейін мазалады әкемді,

Неге тудың көк болғанын білгім кеп.

 

Ардақты әкем сөзін толғап дастандай,

Еңсе тіктеп, тұрды алдымда асқардай.

«Көк ту сенің көк аспаның емес пе?

Сен де биік болғын!»,- деді аспандай.

 

Осы сөзбен келешекке талпындым,

Шақырады арманыма жарқын күн.

Жоғалмайтын жыры болам ұлтымның,

Ту көтерер ұлы болам халқымның!!!

 

Ертіс мұңы

Мұңсыз таулар жағаңда мұңсыз дала,

Уақыт өтіп барады құнсыздана.

Мен қуанып келгенде Ертіс-анам,

Неге жылап жатасың үнсіз ғана.

 

Еске алдым дәуренімді кешегі өткен,

Бауырыңнан көшіпті-ау неше көктем.

Сарқылмадың, тынбадың, алқынбадың,

Сонда Ертісім егілдің не себептен?

 

Қаншама дәуірлердің мұңын еміп,

Төбеңнен ұшқан құстың үніне еріп.

Сен мүмкін Оралхандай ұлыңды ойлап,

Жылайтын секілдісің күңіреніп.

 

Дамылдап алуан ойлар құрсағыңда,

Шомылып тұрдың кейде кіл сағымға.

Әлде сен төсіңде өскен Нұрланыңның*,

Жалынды жырларына сусадың ба?

 

Көтертіп кетті-ау ауыр саған қайғы,

Шерлендің іздеп Марат Қабанбайды.

Мақсатына ұмтылғыш толқындарың,

Енді оның елесін де таба алмайды.

 

Мұңыңды ағысыңнан қалдым ұғып,

Кеудемде бір сағыныш салды бүлік.

Беу, Ертіс тұрған сынды толқыныңмен,

Солардың асқақ даусы жаңғырығып.

 

Екпініңнен сезіліп дала демі,

Мұңыңнан басқа қандай бар әдемі?

О, Ертіс мен де сендей асылымды,

Өзіңдей іздей алсам жарар еді?!

 

Білмеймін жаным сені көп қалайды,

Кеудеме сенен ғажап от тарайды.

Ертісім, аға берсең тоқтамастан,

Олардың да ғұмыры тоқтамайды.

(*  Белгілі ақын Нұрлан Мәукенұлы)

 

Әттең

Сәбиден бетер қылығың,

Бұрыннан таныс бұрымың.

Мен иіскемеген мойныңды,

Жел иіскеп кетті-ау сұлуым.

 

Дәрменсіздік пе қаруым,

Санаңның сезбей жарығын.

Бір сүйе алмаған ерніңді,

Күн сүйіп кетті-ау аруым.

 

Сәуле боп бетке тарадың,

Былғамай өтші тән арын.

Мен сипамаған шашыңды,

Түн сипап кетті-ау қарағым.

 

Жыл жылжыса да ай кейін,

Қамтиды сені мәрт ойым.

Мен таға алмаған алқаны,

Ай келіп тақты қайтейін.

 

Көбелек көңіл ұшып жүр,

Сырыңды соған түсіндір.

Мен құша алмаған кеудеңді,

Керімсал самал құшып жүр.

 

Өзіндік өрнек, үлгіңмен,

Жүресің бе екен кім білген.

Сөзіңнен ұқпағанымды,

Көзіңнен ұғып тұрмын мен!!!      

Сеул түні

Алатын үнсіз мазаңды.

Бұл кештер баста тұрмас та.

Алматы түні ажарлы.

Сеулдің түні бір басқа.

 

Адамдар үшін сыр ұғар.

Түн қызық болып таусылар.

Бұл түнде айдың нұры бар.

Бұл түнде қыздың дауысы бар.

 

Сеулге еніп, сиғандар,

Қаладан арман,  шаттықты ал.

Бұл түнде дегдар дидар бар.

Басылмай қалған аптық бар.

 

Бұл кеште екпін, салмақ бар.

Бұл кеште тұма, тұнық бар,

Сеулді мен боп аңдап қал,

Сеулді мен боп ұғып қал.

 

Сеулмен солай өс бірге,

Бірге көр, көрсең бейнетті.

Бұл Сеул маған ешкімге,

Ұқсамауды да үйретті.

 

Өмірге ажар, өң берер,

Қалада жатыр бар үлгі.

Сабыры қашқан пенделер,

Сеулден алғын сабырды.

 

Бұл жерде атқан ақ таңды.

Жүрермін қатты сағынып.

Аңсаймын жатқан шақтарды.

Сеулдің түнін жамылып.

 

Тұрпаты дара жеріне.

Назарын тіккен  бар тарап,

Қайтармын туған еліме,

Сеулдің түнін арқалап.

 

04.07.12           

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: yvision.kz

Қ. Қауымбек