Олжас Қасым: "Ақынның өлең жазатын сәті теңіздің буырқанғаны сияқты"

Олжас Қасым: "Ақынның өлең жазатын сәті теңіздің буырқанғаны сияқты"
Фото: facebook.com

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті өлең іздеп келген талай жас ақынның қиялына қанат бітіріп, кең қияға самғатты. Жырға құмар жастар сол қара шаңырақтан жыр бұлбұлын ұшырды. Ақын Олжас Қасымның өлеңдерімен көпшілік жұрт жақсы таныс. Студент кездегі "Бозбеткей" кітабының жарық көргеніне де 5 жыл өте шығыпты. Шығармашылық адам үшін үнемі ізденіс үстінде болу шарт. Олжас ақын қазір не жазып жүр? Осы турасында білмек болып, оны сөзге тартып көрдік. 

– Олжас, қазіргі таңда әдеби ортада өз салмағыңыз бар ақынсыз. Тегінде «бұл өнер әкесінен дарыған, атасынан дарыған» деген сөздер алқа топтың алдында жүргендерге қаратылып жиі айтылады. Ал, сіздің ақын болып қалыптасуыңызға кімдердің әсері бар?

– Менің әжем Бикен деген кісі суырып салма ақындығы бар, үйге келген адамдарға әзілдеп өлең айтып отыратын, сөз қасиетін ұстанған ойға кенен, шешен кісі болатын. Өзі Евгений Онегиннің Татьянаға жазған хатын жатқа оқитын. Сонымен қатар, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларын білетін әрі ертегіні өте көп айтатын кісі еді. Пештің түбінде отырып алып ұршығын иіріп, тоқымасын тоқып отырып айтатын өлең мен ертегісінің бізге де әсері болғанына дау жоқ. Әкем де сөзге шешен, әдебиет пәнінің мұғалімі. Институт қабырғасында қазір елге танылған Әбубәкір Қайрандай ақын мен белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтан тәлім алыпты. Әкеміз үшін асыл қазына дегенің кітап болыпты, төрт бөлмелі үйдің үш бөлмесінде толып тұратын. Кішкентай кезімізден армансыз кітап оқыдық, өлеңге жақындығымызды біліп, ақын-жазушылардың еңбектерін талдап-талғап оқытатын еді. Кейін қарап отырсам, маған сол кезде оқуға ұсынған кітабының бәрі қазақ поэзиясының кілең марғасқалары екен. Әкемнің берген бағыт-бағдарының арқасында өлеңге деген құштарлығым оянып, әдебиет атты тылсым әлемге қызығушылығым артты.

– Тұңғыш өлеңіңіз есіңізде ме? Тырнақалды туындыңыздың алғашқы тыңдарманы кім?

– Алғаш жазған өлеңім «Қос көкжал» деп аталады. Осы туындым баллада жанрында жазылған екен, оны кейінірек аңғардым. Бұл өлеңнің әуелгі тыңдарманы әкем. Ал, баспа бетінде жарық көруіне Семейдегі журналист ағам Сәтжан Қасымжанұлының ықпалы зор болды. Мазмұнына келсек, шығу тарихы Мұхтар Әуезов шығармашылығының әсерінен туған деуге болатын шығар. Өйткені мен аталған еңбегімде осы уақытқа дейін айтылып келе жатқан Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің жазылу тарихы қасқырдың картинасына ғана емес, біздің өңірдегі Мұсатай қыстауына байланысты туғанын жеткізу еді. Заңғар жазушы аз ғана уақыт осы қыстауда болыстың балаларын оқытқан екен. Сол кезде байдың балалары үйінде қасқырдың бөлтірігін асырапты. Бір күні қанша асырасаң да түзге қарап ұлитын жыртқыш болыстың ұлын талап өлтірген деседі. Қаламгердің атақты әңгімесіне осы бір оқиға әсер етті ме деген ой жоғарыдағы өлеңнің жазылуына себеп болды. Бұл деректі Тұрсын Жұртбай ағамыздың зерттеуінен оқығанымды айтып өткім келеді.

– Өлеңдеріңізде Алматыға деген сағыныш, аңсар басым секілді. Ақын-жазушылардың мекені саналатын осы шахардың өміріңізден алған орыны қандай?

– Студенттік шағымыз Алматыда өтті. Жастық жалынмен жазылған ғашықтық жырлар да сол жерде туды. Ол кезде Алматыдағы әдеби ортаның сеңі бұзылмаған алып мұхит деуге болатын еді. Өйткені, онда кітаптан оқып, табынып жүрген тау тұлғалар Қадыр Мырза Әли аға бастаған, Тұманбай Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов сияқты ағаларымызды кездестірдік. ҚазҰУ-да оқыған соң, ақын-жазушылармен жиі кездесетін болдық. Ол кездегі деканымыз – Бауыржан Жақып болды. Ұстазымыз – Мұрат Шаймаран, Сағатбек Медеубек ағалар, сол кісілерден тәлім алдық. Ал, әдеби ортаны көрген соң, оң-солымызды тани бастадық. Досым Бауыржан Әліқожа екеуміз ең алғаш өлеңімізді Иран-Ғайып ағамызға оқып беріп, ол кісінің оң пікіріне ие болдық. Кейін Иран аға өлеңдерімізді жоғары бағалап, «Аманат» альманағына жариялады. Сонымен қатар, Ғалым Жайлыбай аға да жақсы пікірін білдірді. Жазушылар одағында Жәркен Бөдеш менің "Ертіске емірену" деген өлеңімді оқып, "сенен жақсы ақын шығады" деп пікір айтты, кейін кітабыма алғы сөз де жазып берді. Алматыдан сыйлас, сырлас достар таптым. Светқали ақын айтқандай «жастықтың жазғы жұрты» болған әдемі қаланы зарығып, аңсап тұрамыз.

– Бүгінде қоғамдағы жылт еткен дүниені қаламына іле қоятын, поэзиялық салмағы жоқ дүниелер жаза беретін жастар көп. Сіз қаншалықты жиі жазасыз?

– Санадағы ой қағазға сол қалпы ақтарылып түсе салмайды. Оның да өзінің сәті болады. Ақынның өлең жазатын сәті теңіздің буырқанғаны сияқты. Іштегі асау толқындар бірін бірі иектеп, бірінің қуатын бірі жұтып, ғаламат тебіреніске түседі ғой. Қаламгердің жазу үстеліндегі күйі де осындай буырқанысқа толы. Сол кездегі мықты деп бағалаған өлеңің бір аптадан соң өзіңнің ішкі сыныңнан өтпей қалатын кездер болады. Кейбір өлеңдер жүректе ұзақ уақыт бойы тербеліске түсіп жүріп алады. Мысалы, менің "Қар еріген" деген өлеңімнің сұлбасы жүрекке 2008 жылы түсті. Өлең ой тербелісінде ұзақ жүріп, 2014 жылы жазылды. Жан жүйеңді қозғаған жыр қағаз бетіне түсіп болғанша жүйкеңе кәдімгідей салмақ салары анық.

– Өткен жылы бірнеше әдеби сыйлық алдыңыз. Әдеби сыйлықтың да ішінара шарттары бар ғой?

– Әрине, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 2 жылда бір рет өз саласы бойынша үздік деп танылғандарға беріледі. Оның негізгі талабы бойынша белгілі бір ұйымның атынан ұсынылады. Шыққан кітабың, Республикалық деңгейде өткен сайыстардан алған жүлделі орындарың сарапқа салынады. Қазылар сынға түскен авторлардың арасынан мені жеңімпаз деп таныпты. Азды-көпті еңбегімізді елеп-ескерген аға-апайларымызға рақметімді айтамын. Енді тек жазу керек. Үздіксіз еңбектену қажет.

– Былтырғы «Алтын тобылғы» жүлдесі де сіздің еншіңізге бұйырды. Менің білуімше оған белгілі бір шығарма ұсынылуы керек. Солай ғой?

– Шарт бойынша сайысқа бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар қабылданады. Бұл байқауға мен «Жарылыс» деген поэмаммен қатыстым. Аты айтып тұрғандай, Семей қасіреті, 40 жыл адамзатқа ажал сепкен сынақ полигоны туралы жаздым. Жалпы, бұл менің екінші поэмам. Енді бұл тақырыпқа қалай келгенімді айтайын. Біріншіден – туған өңірім Семей қаласына қарасты Абыралы аймағы. Абыралы нағыз полигонның нүктесі. Сынақ алаңы жабылып, тоқтатылса да жергілікті жердегі халықтың жағдайы әлі жақсарған жоқ. Абыралыдағы ағайын алпыс жасқа жетуді армандайтын болды. Өйткені, сұрқия заманның індетінің кесірінен ауру-сырқау қаптады. Дегелең дерті әрбір Абыралылықтың жүрегінде бар. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жүрегіне жара салған, Сапарғали Бегалиннің іштей күйреуіне себеп болған, Бақия Атшабаровтай ғалымды жазықсыз жазалаған, Кешірім Бозтаевты толғандырған да осы бір ғасыр трагедиясы. Поэмада жарылысқа дейінгі және жарылыстан кейінгі ахуал сөз болады. Бұл жердің ғана жарылысы емес, сынақтан зардап шеккен адамдардың жарылысы деп түсінген жөн.

– Жалпы, өлең сайыстарына қатысу ақынға атақ жақтан дәреже әкеле ме, әлде өлең жақтан шеберлікке тарбиелей ме?

– Таяқтың екі ұшы бар ғой, сол сияқты мүшәйраны да екі жақты қарастыруға болады. Қазіргі жас ақындардың көбі материалдық жағдайы үшін қатысады. Бір жағынан мүшәйраның ақынға берері де бар. Өйткені, сен сол тақырып туралы ізденесің әрі аз уақыттың ішінде есті дүние жаза білуге тырысасың. Бұл дегеніңіз шеберлікті шыңдайды.

– Қазір кімдерді оқып жүрсіз?

– Әлем әдебиетінен Францияның жазушысы Эмиль Золяның екі романнын оқып бітірдім. Қазір Владимир Набоковтың шығармаларын оқып жатырмын. Өзімізге келсек, Серікбол Қондыбайдың көп томдықтарын оқуға алдым. М.Мағауиннің "Әуелгі әңгімелерін" тағы бір парақтап көрмекпін.

– Қазіргі ақындардың «тілі жұтаң» деп көп айтылады. Осыған не дейсіз? Әлем әдебиетіне көбірек назар аударып, өзіміздің шұрайлы тілімізді пайдалана алмай жатқан сияқтымыз?

– Меніңше, өзіміздің қазақ әдебиетінің қайнарларымен сусындаған ақын ұлттық әдебиеттің бояуын жоғалтпайды деп ойлаймын. Өйткені, өзіңіз айтқандай қазір ақындардың арасындағы тілдің жұтаңдығы қатты байқалады. Кей ақын тіл құнарлығын көрсету үшін қазақтың көнерге архаизм сөздерін іздеп, түсіндірме сөздіктен алып өлеңіне өзгеше өң бергісі келетіндерді де көріп жүрміз. Ал, дұрыс игерілмеген сөз бірден көрініп тұрады. Әр сөздің болмысы, өз орыны бар. Қазақ сөзінің құнары сонау жыраулар дәуірімен кеткен сияқты көрінеді. Қазір біз тарих қойнауына кеткен ғаламат сөздердің самалына ғана тербеліп жүргендейміз.

– «Бозбеткейдің» шыққанына да біраз жыл болды. Оқырмандарыңызға жаңа кітап ұсынатын уақыт келді деп ойламайсыз ба?

– Бес жыл өтіпті «Бозбеткейдің» жарық көргеніне. Аз уақыт емес. Ал екінші кітапты шығару жайын ойластырып жүрмін. Біраз дүние жинақталып қалыпты. Енді соларды сүзгіден өткізіп, сараптау керек. Балалар тақырыбына арнап та бір кітап беру жоспарда бар. Бәрін уақыт көрсетеді. Алла сәтін салған күні оқырмандарға ұсынып қалармын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева

Ж. Жұмағұлов