- Негізгі бет
- Поэзия
- Қасым Қайсеновке арналған...
Қасым Қайсеновке арналған өлеңдер
Бүгін Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, партизан-жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, халқымыздың біртуар перзенті Қасым Қайсеновтың туған күні. Осыған орай ақындарымыздың Қасым Қайсеновке арнап жазған өлең-жырларын топтастыруды жөн көрдік. Төменде Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Асқар Егеубаев, Исрайл Сапарбай сынды белгілі ақындардың өлеңдері берілген.
"Қасым ол қазақ емес қатардағы..."
"Қасым Қайсенов"
Әжем айтса ертегінің маңызын,
Тез таусылып қалушы еді таң ұзын.
Ендігіге біздің Қасым Қайсенов –
Ертеңгіден ұзағырақ аңызым.
Ерлерім көп, мен де соның бірімін,
Жөні басқа аңыз болған тірінің –
Жөні басқа оттың, судың, жел құздың
Адамзаттан жаратылған пірінің.
Қасымым көп, мына Қасым – бір Қасым,
Ажалмен де ойын – сауық құрғасын...
Бір қарасаң, жаны нәзік жауқазын,
Бір қарасаң, балқымайтын қорғасын.
От көрдің бе қар жамылып, сөз төсеп,
Маздап жанған тамызыққа мұз көсеп?
Ондай отты ала алмаған Прометей,
Ондай отты біз табамыз іздесек.
Ол - партизан аталып жүр бертінде,
Бес сөндірсең, он жанатын бір түнде.
Бірін атсаң, ертеңіне – екеу ол!
Жұртым десең, осыларша жұртым де!
Қасым – сол от! Көркі оттың көркінде; -
Жалын жанып тұрады оның бөркінде!
Бақ пен сорға түкірген ол, маңдайдан
Қос шырақтың бірін алсаң - еркіңде...
Құз басынан құласа да бір түнде –
Бәрі бір ол баз баяғы сертінде, -
Халық дейтін періштесі қаққан соң,
Оған ешбір дарымайды дертің де!
Мен отырам осы жайды ойлап қап,
Теңеу іздеп мысқалдап та, оймақтап.
Қасым болса, айғай салып жүреді
Қарлы шыңда машинамен ойнақтап.
Шүкір!.. Аңыз Қасым інім қасымда,
Өлмеу үшін жаралған соң басында...
Саспа, құрбым, шөберең де көреді
Бұл тентекті бір жүз алпыс жасында!..
Хамит Ерғалиев
Барша алаштың бағасы
Қашанғы қарайламай білісіме,
Қызығам бітімінің ірісіне.
Алғандай тұтас қалпы таудан кертіп,
Алпамса!..
қорбаң-қорбаң жүрісі де...
Бас иіп іштен, сыйлар бар танысы,
Жоқ оның көңілінің қалтарысы:
Ашықтық, адалдығы боямасыз,
Адамды магниттей тартар күші.
Беделге белін бүкпес безбүйректей,
Қасымда баса алмайды сайтан мысы.
Өзімен дәмдес болған, сөзін естіп,
Солай деп айтады үлкен, байқар кіші.
«Тағдырдың таразысы қалтылдаған,
Қалсын, - деп қатер-өрттен халқым аман».
Ажалды бет бақтырмай қағып Қасым,
Жасындай жау үстінде шатырлаған.
...Теңеуін толғап-ойлап таба алмай да,
Тегінен іздемесем барам қайда!
Оллаһи, осындай-ақ болған шығар,
Бабасы Қаракерей Қабанбай да.
Қасым ол қазақ емес қатардағы,
Шарт емес қаулы-заңмен аталмағы.
Қайсенов бар алаштың бағасында,
Халықтың қастер тұтар қаһарманы.
1993 жыл
Мұзафар Әлімбаев
Дара батыр
Қасым аға, Халық батыры атағыңыз құтты болсын!
Асқар Алтай алыбы –
Жомарт жүрек жайсаңым!
Дүниенің жарығын
Жанмен cезген қайсарым!
Асубұлақ аялап,
Ашулы Алтай шыңдаған.
Кәрі Карпат саялап,
Сынағанда – сынбаған.
Асау Ертіс тербетіп,
Арқа, Алатау жебеген.
Қасым аға келбетін,
Бар қазаққа теңер ем!
Түр-өңінде: Батырлық,
Жүрегінде: Даналық!
Жаны тұнған ақындық,
Жаны толған ағалық!
Тағдырымен таласқан,
Қазағымның өзіндей!
Эпостарға жарасқан,
Батырлардың көзіндей...
Жарытуға қазақты,
Керек әлі ғасырлар.
Танытуға қазақты,
Керек әлі Қасымдар!
Бар қазақтың ағасы –
Дарабозы Халықтың.
Батырлардың дарасы –
Алып аты Алыптың!
1995 жыл, 20 мамыр
Асқар Егеубаев
"Дарагөй"
(Халық қаһарманы Қасым Қайсеновке)
Асыққаннан алды-артына қарамай
Бұлт ішінде дөңгеленіп барады Ай...
Қаскең оған қарап қойып кей кезде:
«Қайда бара жатсың, - дейді, – дарагөй?»
Қастыққа да, достыққа да жарамай
Қайбіреуді иектесе арам ой.
Қаскең біздің қарап қойып алаңсыз:
«Аманбысың, -дейді оған да, - дарагөй?»
Ішкен уы тамырынан тарамай,
Әлдекімдер мазаны алса арадай.
Қаскең оның қағып қойып арқасын:
«Әй, дарагөй, - дейді, - үйіңе бара ғой...»
Шаруаға шамасы жоқ шалағай,
Шала қазақ, билік айтса шала бай,
Үндемейтін Қаскең кейде шарт кетіп:
«Не оттап тұрсың, - дейді оған, - әй, дарагөй?!»
Нағыз батыр, наркескен ер, нар ағай,
Қаскең біздің қай кезде де дара ғой!
Аман болғай ардагерлер – «дарагөй»,
Есен болғай қариялар данагөй!
1995 жыл
Исрайл Сапарбай
Ұқсас жазбалар:
9 мамыр. Партизан-жазушы - Қасым Қайсенов
Қасым Қайсенов туралы фильм түсірілді
Өлеңдерді топтастырған: Шерхан Талапұлы
Сурет: kaissenov.kz
Н. Айдархан