"Үстірт құпиясы". Түйесу құмы мен Тоқмақ мүйісі
1-күн: "Үстірт құпиясы". Тамшалыдан Қапамсайға дейін
2-күн: "Үстірт құпиясы". Жер асты мешітінен Айрақтыға дейін
3-күн: "Үстірт құпиясы". Көне акулалардың тістері
4-күн: "Үстірт құпиясы". Тұзбайырдың тұзы мен Бозжыра
5-күн: "Үстірт құпиясы". Оғландыдағы Бекет ата мешіті
Шығыстан шыққан Күннің сәулесі алдымен экспедиция мүшелері құрған лагерьге жақын маңдағы бөрінің азу тісін еске салатын екі алып жартасқа түседі. Одан кейін ақырын жылжып, тұрақтағы шатырларды жарықтандырады. Осы сәтте "Nomad Explorer" мүшелері табиғатқа ілескендей бірінен кейін бірі оянып, сыртқа шыға бастайды. Кімнің қай уақытта тұратынын, кімді оятқан дұрыс екенін, кім таңғы ас ішпейтінін жаттап алған көпшілік Маңғыстауда өткен алты күнде бір отбасының адамдарындай болып кетті. Ал, өткен кеште болған фестиваль оларды, тіпті, жақындата түскен. Сол әсер еткен шығар, бұл таңда бәрі көңілдірек көрінді.
Бозжыраның ғажаптарын әбден тамашалап, құмарлары қанған жұрт бір жерде екі тәуліктен артық тұрақтаудың қажеті жоқтығын ұққаннан болар, таңғы астарын ішпестен шатырларын жинап, жолға дайындықтарын пысықтап кетті.
Көліктер қаз-қатар тізіліп, санақ жүргізілгеннен кейін батысты беткен алған керуен Үстірт даласын шаңдатып, Боқты тауының маңын бойлай Сенек ауылына қарай бет алды.
Сенекте көпшілікті бат-бат кесіртке күтіп алды.
Атауын қауіп төнсе құмға сіңіп кететін әдетіне байланысты алған бұл кесіртке Антарктидадан басқа құрлықтың бәрінде мекендейді. Еліміздің аумағында бат-бат негізінен Каспий теңізі мен Алакөл арасындағы шөлді аймақтарда тіршілік етеді.
Қонақжай жәндікті жан-жақтан суретке түсіріп болғаннан кейін, экспедиция мүшелері іздеп келген нысандарын тамашалауға кірісті.
Сенек – Маңғыстаудың орталық бөлігінде орналасқан ауыл.
Экспедиция мүшелері осы ауыл маңындағы үлкен құмды алқапты көруге келген.
Бұл алқап "Түйесу құмы" деп аталады. Туристер арасында "Сенек құмы" деген атауымен де белгілі.
Жел соққанда жергілікті тұрғындарға қолайсыздық туғызатын құм уақыт өткен сайын жайыла түсуде.
Ғалымдар бұл құбылысқа қарсы шара ретінде 2003 жылдан бастап мұнда сексеуіл, жыңғыл, изен секілді шөлейтті жерге тамыр бойлай алатын ағаштарды отырғызу жобасын қолға алған.
Адам баласы қызық қой. Табиғатты қадірлемей, ну ормандарды қоймай шауып алады. Жер-Ана нәубетімен жауап қатса ғана сол ағаштардың қадірін түсінеді. Жоқ, түсінбейді. Түсінгендей болады. Түсінсе, мына шағылған әйнектер бұлай жатпас еді ғой? Бұл да болашақта залал болып келмесіне кім кепіл?
Осындай ойға шомып, экспедиция мүшелері құмда отырып суретке түсті де келесі нысанға қарай жолға шықты.
Жолай Жаңаөзен қаласын басып өтіп, 50 шақырым жер жүріп өткеннен кейін белгіленген жерге де жетті.
Бұл экспедицияға бүгіндікке тұрақ болатын Тоқмақ мүйісі. (Мүйіс– құрлықтың теңізге, көлге, өзенге сұғына еніп жатқан бөлігі).
Маңғыстаудағы көркем аймақтардың бірі саналатын мүйістің тарихи құндылығы да бар. Ғалымдар зерттеу жұмыстары кезінде бұл маңнан энеолит дәуіріне жататын тұрақ тапқан.
Одан бөлек, экспедиция мүшелері арасында Тоқмақтан ежелгі кеме қалдықтары табылған деген әңгіме де айтылып жатты. Бірақ оның рас-өтірігі толық зерттелмеген.
Қазіргі таңда мұнда су астына сүңгіп балық аулаушылар көптеп келеді. Мұндай мөлдір суда жүріп мүлт кету мүмкін емес деседі.
Теңізге сұғынған жардан жағалауға түсіп-шығатын бірнеше жол бар.
Оның бірінде келушілерге ыңғайлы болсын деген оймен арқан байланған.
Жардан төмен түскен адамды табиғаттың таңғажайып көрінісі күтіп тұр.
Көп күннен бері судан жырақта, шөлді аймақтарда жүрген экспедиция мүшелерінің Тоқмаққа келгенде қуаныштарында шек болмады.
Олар теңіз суын кешіп, тас жинап, жағалауда ұзын-сонар әңгіме айтумен жүрді.
Каспийдің самал желіне бет тоса, шексіз теңізге қарап, ұзақ уақыт бойы елден оңашаланып отырғандар да табылды.
Көпшілікке бұл жақтың кеші алдыңғы кештерден өзгешелеу секілді көрініп, бәрі Күннің батуын бірге тамашалады.
Толқындары қайта-қайта жағаға соққан теңіз де табиғаттың осынау керемет сәтін жұртпен бірге көргісі келгендей тынышталып, Күн ұясына қызара батқаннан кейін ғана өзінің бұрынғы әдетіне салды. Бір жағынан Каспийді көргендеріне қуанып, екінші жағынан экспедицияның соңғы түні екеніне мұңайған "Nomad Explorer" мүшелері айнала қарая бастағанда шатырларын тігіп, қалың ұйқыға кетті.
Жалғасы: "Үстірт құпиясы". Соңғы күн: Теңіз деңгейінен 132 метр төмен