"Үстірт құпиясы". Көне акулалардың тістері

"Үстірт құпиясы". Көне акулалардың тістері

1-күн: "Үстірт құпиясы". Тамшалыдан Қапамсайға дейін

2-күн: "Үстірт құпиясы". Жер асты мешітінен Айрақтыға дейін

Таңға жуық соққан қатты желден ұйқылары бұзылған "Үстірт құпиясы" экспедициясының мүшелері бұл күні ерте оянды. Екпіні тігілген шатырларды көтерілуге шақ қалған табиғат құбылысына көнбеске амал бар ма? Күн ұясынан жаңа шыққанда заттарын жинап қойған жұртшылық алдағы жоспарды талқылап жатты. "Бүгін көне акула тістерін іздейміз", – деді ортадағы біреуі. "Бұл маңда қандай акула?", – деді екіншісі. Содан бұл әңгіме таңғы ас кезінде үшінші, төртінші адамға тарап, жаңа дерекке қызыққан ел жолға шығуға асықты.

Күн көтерілген шақта түнімен иелеріне желден қалқа болған жол талғамайтын көліктер оталып, Айрақты маңын шаңға бөктіре жүріп кетті.

Ұзақ жолға шықпас бұрын экспедиция мүшелері екінші күні зерттелмей қалған Айрақты аймағындағы ғажаптарды тамашалап қайтуды ұйғарды.

Түнде үзілген "Айрақты" атауына қатысты әңгіме осы арада жалғасын тапты.

Екі күннен бері Маңғыстау жайлы түрлі деректер айтып, жиналған жұртты аузына қаратқан өлкетанушы, геолог Бекболат Төлегенұлы бұл жолы да шет қалмады. Ол "Айрақты" атауының шығу тарихына байланысты бірнеше деректің барын жеткізді.

Соның бірі бойынша, Айрақты тауы таға тәріздес айрық болғандықтан атауы да содан шыққан делінеді. Екіншісі бойынша, көне түрікмен тілінде "айрақ" – "архар" дегенді білдіреді екен. Расында, бұл аймақта архарлар көптеп мекен етеді. Тіпті, ғалымдар тапқан Айрақтыдағы петроглифтердің негізгі сюжеті осы жануарға арналғаны белгілі.

Тағы бір белгілі болған дүние – бұл аймақтағы әсемдікке қарап, табиғаттан асқан суретші жоқ екеніне көз жеткізесің.

Кезінде поляк зерттеушісі Бронислав Залевский: "Айрақты таулары Рим пантеондарынан кем түспейтін табиғи қала сияқты", – деп, бекер айтпаса керек.

Айрақтыдан шығып, көліктер керуені түс уақыты болғанда Тұзбайыр атанған мекенге келді.

Маңғыстауды Қазақстанның басқа өлкелерімен байланыстыратын бүгінде жалғыз қақпа саналатын Манатаның етегіндегі Тұзбайыр – туристердің де, ғалымдардың да қызығушылығын туғызатын аймақ.

Біріншілер үшін таңғажайып мекеннің көзді тамсандырар табиғатын көру қызық.

Үлкен аумақты алып жатқан сорға қараудың өзі бір ғанибет.

Ортада теп-тегіс болып жылтырап жатқан тұз – тұз емес, коньки тебетін мұз сияқты.

Ал, әк тастан тұратын шатқалдар алыстан қарағанда алып қамалдарды еске салады.

Екіншілер, яғни ғалымдарға, ежелгі балықтардың сүйектерін табу қызық.

Иә, сіз қате оқымадыңыз. Бұл жер, расында, ежелде жойылып кеткен балықтар мен жәндіктердің қалдығына бай.

Оның себебі, осыдан 14-10 млн. жыл бұрын, яғни неоген дәуірінде, бұл жер "Сармат теңізі" деген қазіргі Венадан Тянь-Шаньға дейін созылған үлкен теңіздің түбі болған.

Сол үшін де мұнда палеонтолог ғалымдар көптеп келеді.

Олар өздеріне қажет сүйектерді іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Ғалымдар ғана емес, кей туристер де Тұзбайырға келгенде тастардың арасын қарап, жер қазып, олжа тауып жатады.

Мысалы, мына төрт тіс – көне акулалардікі. Ал, анау тұрған домалақ – бір жәндіктің сауыты болса керек.

Біреулер сорды қызықтап, көне тістерді іздеумен жүргенде, екіншілер көліктерінің ақауларын жөндеп, алдағы жолға дайындалып жатты.

Үшіншілер болса, музыкалық аспаптарын алып, әуендерімен айналадағыларды сонау бір алыс заманға, Сармат теңізінің жағалауына "алып кетті".

Шаңқай түс болды дегенде ел қайта жиналып, жолға шықты.

Біраз жерді жүріп өтіп, экспедиция 25 шақырымға созылған Тұзбайырдың сайына түсіп түнеуді ұйғарды.

Ыстықта тығылар көлеңке таппаған экспедиция мүшелері Күн еңкейгенде жоталардың артына жасырынып, кешкі ас дайындауға кірісті.

Енді біреулер айналаны шолуға кірісті.

Әсіресе, балалар бір орында тұрмай "Тағы бірнәрсе тауып алармын. Тағы бірнәрсе көріп қалармын" деген оймен, жотадан-жотаға шығып, айналадағы тіршілік иесінің назарын өздеріне аудартып, мәз-мейрам болды.

Топырақ астынан шығып келе жатқан сұңғыла да: "Бұл келіп қалған кімдер екен, ей?" деп, таңырқай сығалап тұрғандай.

Экспедицияның соңғы көлігі белгіленген жерге жақындаған шақта кешкі ас та дайын болған еді.

Күн батқан шақта от жағылып, ошақ қасында қас қарайғанша әңгіме айтылды. Үлкендердің айтқанынан "Ертең Тұзбайырдың тұзына барамыз" дегенді естіген балалар ертерек ұйықтауға асықты. Осылайша "Nomad Explorer" бастаған "Үстірт құпиясы" экспедициясының кезекті күні де аяқталды.

Жалғасы: "Үстірт құпиясы". Тұзбайырдың тұзы мен Бозжыра

Жалғасы: "Үстірт құпиясы". Оғландыдағы Бекет ата мешіті

Жалғасы: "Үстірт құпиясы". Түйесу құмы мен Тоқмақ мүйісі

Жалғасы: "Үстірт құпиясы". Соңғы күн: Теңіз деңгейінен 132 метр төмен