"Үстірт құпиясы". Соңғы күн: Теңіз деңгейінен 132 метр төмен

"Үстірт құпиясы". Соңғы күн: Теңіз деңгейінен 132 метр төмен

1-күн: "Үстірт құпиясы". Тамшалыдан Қапамсайға дейін

2-күн: "Үстірт құпиясы". Жер асты мешітінен Айрақтыға дейін

3-күн: "Үстірт құпиясы". Көне акулалардың тістері

4-күн: "Үстірт құпиясы". Тұзбайырдың тұзы мен Бозжыра

5-күн: "Үстірт құпиясы". Оғландыдағы Бекет ата мешіті

6 күн: "Үстірт құпиясы". Түйесу құмы мен Тоқмақ мүйісі

Маңғыстаудағы сапардан естелік болсын деп жейделеріне "Үстірт құпиясы" деген жазуы бар төсбелгілерін таққан "Nomad explorer" мүшелері бұл күнді асыға күтсе де оның келіп қалғанына мұңайды. Бүгін – таңғажайыпқа толы Үстірт даласын артқа тастап, үйге қайтатын күн. Бүгін – апта бойы жолсерік болған жолдастармен қоштасатын күн. Бүгін – қызыққа толы экспедицияның соңғы күні.

Қарт Каспийдің жағаға соққан толқыны мен самал жел, шағаланың шаңқылдаған дауысы қимастық сезімін одан әрмен үдете түсті.

Бүгінгі жоспар бойынша экспедиция Тоқмақ мүйісінде түске дейін болып, артынша Қарақия ойпатын тамашалап, Құрық ауылына барулары тиіс.

Тоқмақтағы бірнеше сағатты әркім әрқалай өткізуді ұйғарды.

Біреулер көрген-білгенді қайтадан ой елегінен өткізіп, артта қалған жұманы іштей қорытындылағылары келгендей үнсіз ғана шегі жоқ теңізге қарайлаумен болды.

Екіншілер су астында балық аулап, түскі асқа таңнан қамданды.

Олардан бөлек, "Каспийге келіп тұрып суға түспей кетуге болмас" деген ұстаныммен теңізге шомылғандар да табылды.

Теңіз жағасында жүріп тас-таста оратылып жатқан су жыландарын көптеп көруге болады.

Олардың тыныштығын алған экспедиция мүшелері түс болды дегенде көлік көлігіне отырып, кең даланы шаңдата тағы да жолға шықты.

Бір табын жылқымен жарыса, сағымданған жазықпен жүріп отырып көліктер Қарақия ойпатына да келіп жетті.

Бұл – теңіз деңгейінен 132 метр төмен орналасқан Қазақстандағы ең терең ойпат.

Ойпаттың ұзындығы 40, ені 10 шақырымға созылған.

Қарақиядан шығып, экспедиция жолай Құрық ауылына соқты.

Ондағы мақсат: ауыл ақсақалдарына сәлем беріп, Екінші Дүниежүзілік соғыс қаһармандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қою болатын.

Гүл қою рәсіміне экспедицияның барлық мүшесі қатысып, батырлардың рухына тағзым етті.

Соңғы күннің қарбаласы көп болып, көпшілік барған жерлерінде көп тұрақтамауға тырысты. Құрықтан шыққаннан кейін көліктер легі Ақтау қаласын бетке алды.

Қалада көпшілікті облыс әкімі Ералы Тоғжанов күтіп алып, ішкі туризмді дамытуға үлес қосуға ұмтылған экспедиция мүшелеріне алғысын білдірді.

Сөйтіп, Ақтауда басталған "Үстірт құпиясы" экспедициясы араға апта салып Ақтауда аяқталды. Жеті күндік сапарға қатысқан жұрт әкімшілік алдында қоштасып, алдағы уақытта байланысты жоғалтпау үшін нөмірлерімен алмасып, бір-біріне әлеуметтік желіде достық ұсынып, достық қабылдап, келесі жылғы экспедицияда жолығамыз деп серттесіп, абыр-дабыр болып жатты. Осы арадан біреулер әуежайға, біреулер вокзалға, үшіншілер жол алдында тынығатын қонақ үйге такси ұстап, ел әр жаққа тараймыз дегенше кеш те таяп қалған еді.

Көп уақыт өтпей әлеуметтік желілер #Ustirt_Kupiasy деген хэштегке толып, экспедиция мүшелері сапардың аяқталғанын жарыса, мұңая жазып жатты. Бұл – дөңгеленген Күн шегі жоқ теңізге батар шақ болатын...

Соңы.