Он жетінші поэзия мерекесі өз мәресіне жетті

Он жетінші поэзия мерекесі өз мәресіне жетті

 Астанада XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» («Поэзия») аталымы бойынша конкурс өз мәресіне жетті. Жүзден астам ақын қатысқан жыр додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.

 Massaget.kz сайты Астана қаласынан арнайы фоторепортаждар ұсынып, оқырмандарды бір апта бойы байқау барысынан хабардар етіп отырды. Арқа төсінде дүркірей өткен жыр бәйгесін қорытындылай кетсек.

 Фестивальге қатысатын үміткерлердің шығармалары 2014 жылдың 10 қазанына дейін «Әдебиет порталы» Интернет-жобасында қабылданып, онлайн түрде ашық жарияланды. Аталған халықаралық фестивальге алғашында Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстаннан 150 үміткердің шығармалары келіп түскен екен. Ұйымдастырушылар барлық үміткерлерді қайта сүзгіден өткізіп, қатысушылардың санын 100-ге қысқартты. 

4 қараша күні Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ХVІІ Халықаралық «Шабыт - 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (Поэзия) аталымы бойынша конкурс басталды. Алғашқы күні іріктеуден өтіп, байқауға шақырылған барлық ақындар өлеңін оқыды. Қазылар алқасы 100 үміткердің ішінен 50 ақынды екінші кезеңге өткізді. 

Сол күні фестиваль аясында «Шабыт» танытқан таланттар»  атты  көрме ұйымдастырылды. 

Көрмеге Халықаралық «Шабыт»  шығармашыл жастар фестиваліне қатысып, көпшілік оқырманға танылған бір топ ақын-жазушылардың кітаптары қойылды. 

 Екінші кезеңде іріктеуден өткен 50 ақын өлеңдерін оқып, байқау жүлделерін сарапқа салды.

Бұл жолғы жыр додасында Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Қарағызұлы, Танагөз Толқынқызы, Ақберен Елгезек, Әнуар Омар сынды белгілі тұлғалар қазылық етті. 

Бұл күні байқау бағдарламасына сай халықаралық «Шабыт»  шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегерлері және лауреаттарымен кездесу кеші өтті.

Кездесуге Асылзат Арыстанбек, Құралай Омар, Ербол Бейілхан, Мирас Асан сынды әр жылдары Халықаралық «Шабыт»  шығармашыл жастар фестивалінде жүлдегер атағанған ақындар қатысты.

Сонымен, XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» («Поэзия») аталымы бойынша Гран-при жүлдесін Түркістаннан келген талантты жас ақын Батырхан Сәрсенхан иеленді.

Жүлделі І орынды ақын Олжас Қасым, жүлделі ІІ орын тараздық талантты ақын Хамит Есаман, жүлделі ІІІ орынды қарағандылық ақын Жадыра Байбұланова еншіледі.  

 Сондай-ақ, бірнеше ақынға халықаралық конкурстың арнаулы сыйлықтары табысталды. Атап айтқанда:

Астана қаласы әкімдігінің ҚР Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлығының иегері –Әлия Іңкәрбек.
«Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» Интернет-жобасының Әмірхан Балқыбек атындағы арнайы сыйлығының иегері – Бекзат Смадияр.


Әмірхан Балқыбектің жолдасы Мархабат Шойбекова арнайы Алматыдан келіп ақын атындағы сыйлықтың иегеріне өзі жасатқан төсбелгіні табыстады.
 

«Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» Интернет-жобасының Әбділда Аймақ атындағы арнайы сыйлығының иегері – Шерхан Талап.
«Жұлдыз» журналының Ғафу Қайырбеков атындағы арнайы сыйлығының иегері – Саян Есжан

 
Астана қаласы әкімдігінің Нағима Өтепова атындағы арнайы сыйлығының иегері – Калича Жақыпова.
«Ақ Жайық» журналының Жұмекен Нәжімиденов атындағы арнайы сыйлығының иегері – Ләззат Мақаш.


«Фолиант» баспасының Кәкімбек Салықов атындағы арнайы сыйлығының иегері – Динара Мәлік.
«Ұлт» порталының Төлеужан Исмайылов атындағы арнайы сыйлығының иегері – Нұржан Қадырәлі.


«ТӘЖ» әдеби-интеллектуалды клубының Ермұрат Зейіпхан атындағы арнайы сыйлығының иегері – Айбол Исламғалиев.


Әріби-Әрібек Өр Алтай сынды бір топ талантты жастар «Шабыт» фестивалінің дипломанты атынды.

 Жеңімпаздар анықталған күні "Алматы жырлайды" атты алматылық ақындардың қатысуымен поэзия кеші өтті. 

Кешке өздерін Әмірхан әскерінің қолында бапталған "Қайсардың қағанатымыз" деп атап жүрген алматылық бір топ жас ақындар қатысты. 

Бұл кеште жас ақындар өз жырларымен қатар өздері үлгі тұтар аға буын өкілдерінің де өлеңдерін оқып берді. Сазгерлік қырымен көзге түсіп жүрген Тәуірбек Бозекенов, Абылайхан Жұмаш, Сәкен Есенгелдиев сынды жігіттер ән шырқап, кеш көрігін қыздыра түсті.

«Шабыт» фестиваліне Қырғызстанан келген ақындар туған еліне жақсы әсермен аттанды. 

«Шабыт» фестивалі - өлеңнің бәсекесі емес, достық пен татулықтың мерекесі. Еліміздің әр аймағынан келген жастар бір ортаға жиналып, танысып-табысып, аз ғана күннің ішінде достасып үлгерді.

 Жас ақындар «Шабыттан» шабытпен оралып, өлең өлкесінде өзінше өрнек салу жолында аянбай еңбектенері анық.

Келесі «Шабытта» кездескенше!

Сурет: ©Мassaget.kz