"Алтай қазынасы". Қаракөлдің ғажап табиғаты мен Арасан қайнары

"Алтай қазынасы". Қаракөлдің ғажап табиғаты мен Арасан қайнары

1-күн: "Алтай қазынасы". Паромға неше көлік сыяды?

2-күн: "Алтай қазынасы". Зайсаннан Марқакөлге дейін

3-күн: "Алтай қазынасы". Марқакөлдегі көңілді күн

4-күн: "Алтай қазынасы". Шварценеггердің атасы салған жол

Түнде себелеген жаңбыр төбені тесіп өтпесе де, шатырдың ішін біраз ылғалдандырып жіберді. Ерте тұрғаныммен, дала суық болар деген ой тежеп, ұйықтауға арналған жылы қапшығымнан шыққым келмей біраз жаттым. Алғашында айнала тыныш еді. Бір уақытта біреулердің күбірлескені естілді. Қай тұстан екені нақты белгісіз. Әйтеуір, маңызды әңгіме айтылып жатқан секілді. Қызығушылығым оянып, сыртқа шықтым. Дала мен ойлағаннан әлдеқайда жылы екен.

Кеше "Ескі аустриялық жолмен" жүрген он сағат қатты шаршатты ма, әлде жолбасшылардың бүгін осы маңнан ешқайда кетпейміз деген сөзі әсер етті ме, "Nomad Explorer" бастаған "Алтай қазынасы" экспедициясының мүшелері бұл күні ұйқыларынан тұруға асықпады.

Ерте оянған, әдеттегідей, фотографтар мен балықшылар болып шықты. Олардың өзі белсенді емес — баяу қимылдайды, ақырын сөйлейді.

Бұл әрекеттері айналасы да, өзі де тыныш жатқан Қаракөлмен үйлесім тапқандай.

Бір жаққа асыққан бұлттар ғана. Күннің бетін жауып, қайта ашып ойнаған олар табиғаттың сәт сайын сан алуан түске боялуын қалағандай.

Егер солай болса, демек дегендеріне жеткені. Өйткені, бұл таңда Қаракөл де, оны қоршаған таулар да бірде ашық түске еніп, бірде қарауытып, мың құбылды.

Көп кешікпей ел де көл жағасына тігілген шатырланынан шыға бастады.

Біреулер таңғы шайларын ішіп жатқанда, екіншілер суға түсті.

Үшіншілер қайыққа мініп, көл ортасына барып, табиғатқа сүйсініп, демалыстан ләззат алуға тырысты.

Басқа жұрт қыдырып жүргенде қызу жұмысқа кіріскендер де табылды. Ол — көлік жүргізушілері. Ертең де жол жүру керек. Оған бүгінгідей демалыста дайындалып алған жөн.

Бұл күні көпшілік аспанның ашылуын асыға күтті. Себебі, бәрінің ойы Алтайдың ең биік нүктесі алтайлықтар "Үч-Сүмер", "Қадын-Бажы", орыстар "Белуха" атап кеткен Мұзтауды көру болатын.

Бірақ, бұлттар қасарысқандай дәл сол Мұзтаудың айналасына жиналып алғаны. Бағанадан бері асыққандары да сол шыңды елге көрсетпей тезірек жабу болған сияқты деген ой да туады.

Орманшылардың айтуынша, биіктігі 4509 метрді құрайтын Мұзтаудың басы үнемі көріне бермейді екен. Оның ашылу-алышмауы қараған адамның мінезі-құлқына байланысты деседі.

Экспедиция мүшелерінің арасында бұл жайтқа мұңайғандары да, аса мән бермегендері де болды. Алтайға қайта келуге себеп бар деп, жақсылыққа жоруға тырысқандар да табылды. Сөйтіп, бәрі жиналып, көліктерді лагерьде қалдырып, Қаракөлдің айналасын тамашалап қайтуға бел буды.

Неге жаяу? Өйткені, теңіз деңгейінен 1656 метр биіктікте тұрған Қаракөл маңындағы ғажап табиғатты асықпай жүріп көру керек. Оның үстіне жаяу жүрудің адам денсаулығына пайдалы тұстары да көп. Оны мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.

Ұзындығы 3, ені 0,7 шақырымды құрайтын, тереңдігі кей тұстарында 6-7 метрге дейін жететін көлде балықтың бірнеше түрі мекен етеді. 

Соның ішінде ең көп кездесетіні — аққайран. Қаракөлдің "Язевое" деген орысша атауы да сол аққайранға байланысты қойылған. (Аққайран - язь)

Көл өсімдігі мен жануары көп Қатон-Қарағай Ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Оның солтүстігінен таудан аққан бұлақтар келіп құяды. Ал, оңтүстігінен кішкентай өзен ағып шығады.

Бұлақтардың бойымен терістікке жүре берсеңіз, бірнеше шақырымнан кейін Ресей шекарасына жетесіз. Мысалы, анау тұрған жота Алтай Республикасының жерінде. Оның етегінде бастауын Мұзтаудан алатын Қатын өзені ағып жатыр.

Жолдың қиын болуына орай бұл маңды көруге туристер көп келе бермейді. Дегенмен, табиғат аясында серуендеп жүрген бірлі-екілі адамды кездестіріп қалуыңыз мүмкін.

Туристердің дені осы маңнан 40 шақырым жердегі Арасан қайнарына (Рахман қайнары) барады екен. Қаракөлдің жағасында біраз қыдырғаннан кейін "Nomad Explorer" мүшелері де аты әйгілі қайнарларды көріп қайтуды ұйғарды.

Ол жерге жету де оңай емес екен. Ортаны екі сағаттық тау жолы бөліп тұр. Бірақ, Арасан қайнарындағы жағдай Қаракөлмен салыстырғанда мүлде басқа.

Келушілерге ыңғайлы болсын деген оймен мұнда көп нәрсе заманға сай жасалған. Қонақ үйлер, ары-бері таситын арнайы көліктер, ұялы байланыс желісі, интернет — бәрі бар.

Табиғат аясында жаяу серуендеймін, шипалы қайнарға түсемін, көлге шомыламын, қайыққа отырамын десеңіз де өз еркіңізде.

Рахман қайнарына қатысты ел ішіне таралған аңыз былай дейді: Ерте кезде Алтай тауларының бөктерінде Әбдірахман деген аңшы өмір сүріпті. Бір күні ол жалғыз ұлын ертіп аңға шыққан екен. Екеуі орман ішінде жайылып жүрген маралды байқап қалады. Аңшы оқ ату кезегін ұлына береді. Кішкентай бала қанша көздегенімен, оның оғы сәл қисық ұшып, маралдың аяғына тиеді. Жарақаттан аққан қанды көріп, Әбдірахманның ұлы талып қалады. Марал ақсаңдаған күйі қашып кетеді. Баласының есін жиғызу үшін Әбдірахман су іздейді. Ары-бері жүріп, ақыры бір қайнарға тап болады. Қараса, сол маңда бағанағы марал жүр екен. Бірақ аяғындағы жарақаты жазылып қалған. Мәселе осы қайнарда болар деп, аңшы су алып, ұлына береді. Ол бірден есін жияды. Артынша Әбдірахман сол суды ауылына апарып, ауру-сырқауларға ішкізеді. Судың расымен шипалы екені сол кезде белгілі болады. Неше түрлі аурудан емделген ел Әбдірахманға алғыстарын айтып, ол тапқан су көзін "Әбдірахманның қайнары", кейіннен "Рахман қайнары" атап кеткен екен.

Экспедиция мүшелері бұл маңда ұзақ жүрмеді. Бірақ аз уақытта үлкен әсер алғандарын бір-біріне айтып жатты.

Сөйтіп, "Алтай қазынасының" бесінші күніне жоспарланған шаралар да аяқталды. Енді көпшілік көліктеріне мініп, қайта Қаракөлдегі лагерьге бармақ. Алда екі сағаттық жол күтіп тұр. Қаракөлге жеткенше кеш те бататыны анық. Бірақ одан қорқып тұрған экспедиция мүшелері жоқ.  Ницшеше айтқанда: "Бізді өлтірмейтіннің бәрі бізді мықты етеді" — кешегі 10 сағаттық қиын жолдан кейін олар кез келген тосын жайтқа дайын.

Жалғасы:

6-күн: "Алтай қазынасы". Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесі

7-күн: "Алтай қазынасы". Берел қорымы мен Оралхан Бөкейдің үйі