"Алтай қазынасы". Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесі

"Алтай қазынасы". Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесі

1-күн: "Алтай қазынасы". Паромға неше көлік сыяды?

2-күн: "Алтай қазынасы". Зайсаннан Марқакөлге дейін

3-күн: "Алтай қазынасы". Марқакөлдегі көңілді күн

4-күн: "Алтай қазынасы". Шварценеггердің атасы салған жол

5-күн: "Алтай қазынасы". Қаракөлдің ғажап табиғаты мен Арасан қайнары

Өткен түн өте суық болды. Қаракөл жағасына қоныстанған "Nomad Explorer" мүшелері мұздаған секілді — әдеттегіден ерте оянды. Таңғы астан кейін қарбалас басталып, лагерьдегі жұрт абыр-сабырмен шатырларын жинап, көліктерге заттарын тиеп жатты. Бір жерге ұзақ тұрақтауға үйренбеген олар жолға қайта шығуға асық. Десе де, көңілдерінде бір кірбің бар — Мұзтау бүгін де көрінбеді. Аспан ашық болғанымен тау басына бұлт үйіріліп тұрып алды. Кеше кешке Күн ұясына қызара батқанда үміт оты маздап еді. Бірақ, ол бүгін түбегейлі өшті.

Жоспар бойынша экспедиция бұл күні бірнеше нысанға соқпақ. Біріншісі — Қаракөл сарқырамасы, екіншісі — Бұқтырма көлі.

Сарқырамаға жету оңай. Өйткені ол Қаракөлге жақын орналасқан.

Жоғарыдан төмен аққан тау суы осы сарқырамаға келгенде тастан тасқа соғылып, тасыған күйі етектегі Ақберел өзеніне барып құяды.

Ал, Бұқтырма көліне жету қиын. Ол Қаракөлден 90 шақырым жерде, Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесіндегі биік таудың арасында жатыр.

Оған апаратын тау жолы Бұқтырма өзенін бойлай салынған. 

Кей тұсы, тіпті, жол талғамайтын көліктердің өтуіне де ауырлық туғызатын жолдың қаупі де жоқ емес.

Экспедиция мүшелері сол қауіптің алдын алу мақсатында айналасына елеңдеп, асықпай жүрді. Бірақ, қанша сақтанғанымен бір көліктің алдыңғы дөңгелегі үшкір тасқа тиіп, тесіліп қалды. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Дөңгелек тез арада ауыстырылып, сапар жалғасын тапты.

Бұқтырма өзені жайлы айта кетсек. Бұл Оңтүстік Алтайдың мұздықтарынан бастау алатын, кей тұстарында тасып, кей тұстарында баяу ағатын суы мол өзен. 

Оның ұзындығы, шамамен, 350-400 шақырымды құрайды.

Суы көкшіл түсті, қараша мен сәуір айлары арасында бетіне мұз қататын Бұқтырма өзімен аттас су қоймасына барып құяды.

Айта кетерлігі, Бұқтырманың өзіне де құятын өзендер бар. Соның бірі — Шындығатай. Екі өзеннің қиылысқан тұсында Шындығатай шекара бекеті тұр.

Экспедиция мүшелері еліміздің қиыр шығысында тұрған сол бекетке келгенде түс уақыты таяп қалған. Шекаралық аймақ болғандықтан, бұл маңда да құжаттар тексерілді.

Нағыз керемет бекетті өткеннен кейін басталды.

Көк аспанмен таласқан қарлы шыңдар, қалың орман, құлпырған көк шалғын көздің жауын алардай ғажап! Бұл ғажапты көрген экспедиция мүшелері "Алтай деген осы екен ғой!", - деп таңдай қағысып, тұмса табиғатқа таңдана да таңырқай қарады.

Ал, Бұқтырма көлінің сұлулығы өз алдына жеке әңгіме. 

Ұзындығы 5, ені 1 шақырымды құрайтын бұл көл өте биікте орналасқан.

Оған жетудің өзі қиын болғандықтан туристер көп келмейді. 

Сол себепті де суы мөлдір әрі мұздай көлдің айналасындағы табиғат ластанбай, жақсы сақталған.

Әдемі көлдің сұлулығына сүйсініп, аздап тыныққаннан кейін "Nomad Explorer" көліктері қайта жолға шықты.

Ондағы ойлары: артқа қайтып, тау етегіне қону.

Қайтар жол да қызыққа толы болды. 

Көпшілік келер кезде байқамаған дүниелерін осы кезде көріп: "Жаңа бұл маңнан өтіп пе едік? Анау шыңды қарашы! Мына ағашты бағана көрмей қалыппын..." десіп жатты.

Бұл Күн ұясына батар шақ болғандықтан, айнала түрленіп, түске дейінгіден мүлде басқа күйге енген болатын.

Тау бөктері сарғылт түске еніп, көліктер бұрқыратқан шаңның өзі ерекше әдемі көрінген.

Көп кешікпей экспедиция діттеген жерге жетіп, жүк қайта жерге түсіп, шатырлар тағы құрылды. Осылайша "Алтай қазынасының" кезекті күні өз мәресіне жетті.

Бұл күн көпшілікке Алтайдың нағыз кереметін көзімен көруге мүмкіндік беріп, ерекше әсер сыйлады. Осынау ғажап өлкеде аптаға жуық уақыт жүрген жұрт енді оны қимай, сапар созыла түссе екен деп тіледі...

Жалғасы:

7-күн: "Алтай қазынасы". Берел қорымы мен Оралхан Бөкейдің үйі