"Алтай қазынасы". Марқакөлдегі көңілді күн

"Алтай қазынасы". Марқакөлдегі көңілді күн

1-күн: "Алтай қазынасы". Паромға неше көлік сыяды?

2-күн: "Алтай қазынасы". Зайсаннан Марқакөлге дейін

Мөлдір сулы Марқакөл жайлы ел арасында аңыз көп. Соның бірі көл атауының қайдан шыққанын баяндайды. Ертеде көлдің орны жазық дала болыпты. Оны бір байдың ауылы жайлаған деседі. Шөбі шүйгін, суы мол мекен қалың мал бағуға өте ыңғайлы екен. Байдың жүйрік тұлпары бар көрінеді. Күндердің бір күнінде аңшылықтан келген бай тұлпарының мазасызданып тұрғанын байқайды. Оны ауыр жолдан шаршағанға балап, қоя береді. Бірақ тұлпар өзіне жат қылық танытып, жайылудың орнына пысқырып, қайта-қайта жер тарпиды. Бай жылқы баптаушыларын шақырып, бұл жағдайдың мәнін сұрайды. Олар нақты ештеңе айта алмайды. Артынша бір дәруіш келіп, ауылды бұл арадан тез көшіру керектігін ескертеді. Бай оның сөзіне құлақ аспайды. Бірнеше күннен кейін көмекшілері келіп, ауыл маңындағы бастаудан әдеттегіден көп су шығып жатқанын, көп ұзамай айналаны су басатынын айтады. Осы кезде ғана бай ауылды көшіруді ұйғарады. Бірақ елдің бәрі көшкенімен, қозы-марқа оларға ілесе алмай су астында қалып қояды. Осылайша ауыл орны көлге айналып, ол көл алғашқы уақытта "Марқалар қалған көл", кейіннен "Марқакөл" атанып кеткен екен.

Осы аңызды естіп, ұзақ әңгімеден кейін кеше кеш жатса да "Nomad Explorer" бастаған "Алтай қазынасы" экспедициясының мүшелері бұл таңда ерте оянды. Басты себебі — әсем табиғат. Тәуліктің әр уақытында бұл маң әртүрлі күйге енеді. Оның әрқайсысы көруге тұрарлық. 

Жүсіпбек Аймауытов "Ақбілек" романында Марқакөлді былай сипаттайды: "Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған, ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі — алтай жазы тау еркесі — киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалына сайран етіп жатқаны. Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба емізіктеп, қою, салқын, сары қымыз, быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл хор қызын құшқандай боп, бегі шиқан дуылдайды; ауызы қобыз гуілдейді; мас болады, жас болады; жел жетпеске мініп алып, Алтай тауын дүрсілдетіп, таудың тасын күтірлетіп, көкпар, жарыс, алыс-жұлыс асыр салып жатқаны".

Жарыс демекші, "Алтай қазынасының" үшінші күні жарысқа арналды. Басты мақсат: алғашқы екі күнде ұзақ жол жүрген көпшілікке тынығып алуға уақыт және жақынырақ танысуға мүмкіндік беру.

Бірінші болып басталып, ең соңғы біткені — нард ойыны. Бұл ойынға қатысушылар көп болды.

Тарихы сонау көне замандардан бастау алатын нардтың шығуына байланысты мынандай аңыз бар: ерте заманда үнділер көршілері парсылардың зеректігін сынамақ болып, оларға шахмат тақтасын жіберген екен. Сондағы ойлары шахмат ойнауды білмейтін парсылардың бастарын қатыру екен. Бірақ көршілері үнділер ойлағаннан әлдеқайда тапқыр болып шықты. Олардың патшасы Бузург-Михр шахматтың ойнау жолын көрсетіп қана қоймай, өзі жауап ретінде басқа бір ойынның тақтасын жіберіпті. Үнділер ол ойынның сырын таба алмай, зеректік жарысында жеңіліс тауыпты. Бузург-Михр жіберген ойын Сасанидтер әулетінің негізін қалаушы Ардашир Папаканның құрметіне "нэв-ардашир", яғни "ержүрек Ардашир" деп аталыпты.

Көне үнділер сырын аша алмағанымен, нардтың негізгі ережесі аса қиын емес. Бастысы бірнеше рет ойнап, мәнін ұғып алу. Ал, ойын тактикасы мен стратегиясын құру уақыт өте үйренетін дүниелер.

Нард жарысы қызып жатқанымен басқа сайыстар түстен кейін басталатын еді. Сол себепті экспедиция мүшелері бұл уақытта серуендеп қайтуды ұйғарды.

Біреулер автобусқа мінді.

Екіншілер ары-бері жүруге жылқы дұрыс деп ұйғарды.

Үшіншілер жаяу қыдыруды ұнататындарын айтты.

Қайыққа мініп, суға түсемін дейтіндерге де ешкім "Жоқ!" деген жоқ.

Ешқайда бармай, лагерьде қалғылары келгендерге MarkaFest 2018 фестивалі ұйымдастырылды.

Қысқасы, экспедиция мүшелерінің қай-қайсысы болсын қызықсыз қалмады. MarkaFest 2018 фестивалін көруге қалғандар осы өңірге белгілі өнерпаздар ұйымдастырған шараның куәгері атанды. Би биледі, ән тыңдады.

Қайыққа мінгендер суға түсті, арғы жағаға барып, айналаны көл ортасында тұрып шолуға мүмкіндік алды.

Расында, жағада тұрып көлге қарау бір бөлек те, көл ортасында тұрып, жағаға қарау мүлде бөлек әсер береді екен. Әсіресе, жел тынышталған шақта айнадай су бетінен аспан мен тауды көру бір ғанибет.

Бірнеше сағат айналаны аралап қайтқан аттылар да қуанышын жасыра алмады. Қалың орман, құстардың әні, ары-бері зулаған қояндар, ағаштан ағашқа секірген тиіндер, алыстан адам дауысын естіп қашқан бұғы — олар осындай көріністердің куәсі болды.

Жаяу серуендеушілер мен автобусқа мінгендердің барар жері бір болып шықты. Олар лагерьге жақын маңда тұрған Ұранқай ауылымен танысуға келді.

Көл жағасында тұрған кішкентай ғана ауылда көрер дүние көп болып шықты. Сондықтан оған жеке репортаж арнауды ұйғардық. Әзірге басқа қызықтарға тоқталайық.

Марқакөл маңын тамашалауға кеткендер қайта оралғаннан кейін лагерь үлкен айқас алаңына айналды. Нард сайысынан бөлек, орманға жақын тұста садақшылар жарысы басталды.

Садақ ата алатыны бар, ата алмайтыны бар — елдің бәрі осы жарысқа қатысуға ниет білдірді.

Төреші тізім жасап, адамдардың нысанға тию-тимеуіне байланысты ұпайларын жазып тұрды.

Қатысушылар дәл тигендермен бірге қуанып, тимегендерді қолдап, құрдастар бірін-бірі қағытып жатып бұл жерде бастысы жеңіс емес, қатысып, көпшілікпен көңіл көтеру екенін сөзсіз жеткізді.

Садақшылар сайысының қызық болғаны соншалық  ел дәл осы уақытта көл маңындағы осынау ғажап көріністі байқаған да жоқ.

Тек бірен-саран жан ғана келіп, Күршім жотасының артына қызара батып бара жатқан Күн мен соның әсерінен ерекше күйге енген көл бетін суретке түсіріп кетті.

Садақ ату сайысы аяқталғаннан кейін аспаздар арасындағы байқауға кезек берілді.

Нағыз тартыс осы арада болды десек, қателеспеспіз. Дастарханға астың түр-түрі қойылды. 

Дәмін негізгі төрешілер — Марғұлан Сейсембай, Қуаныш Шонбай, Олжас Құдайбергенов пен Айгүл Кенжебаевадан бөлек, экспедицияның басқа мүшелері де татып көрді.

Шешім шығару оңайға соққан жоқ. Дегенмен нәтиже бір сағат ішінде жарияланды.

Бұл арада жеңілген жан болмады. Қатысушылардың бәрі ақшалай сыйлық алды.

Аспаздар — мәз, көпшілік — тоқ! Бұдан артық не керек?

Көңілді кеш от маңында жалғасын тапты. Ел айнала отырып, кезек-кезек ән айтып жарысты.

Біреу мұңайтты, біреу қуантты, енді біреу ойландырды дегендей... Бұл сайыстың қатысушылары да сыйлықсыз қалмады.

Бірнеше сағат бойы лаулап жанған от сөнуге жақындағанда көпшілік әлі ұйықтамаған еді. Үлкендер әңгіме айтып, жастар жағы мафия секілді ойындарын ойнап, көңілді отырысты аяқтауға асықпады. Тек ортасы ауғаннан кейін ғана ертең қайта жол жүру керектігі еске түсіп, бәрі шатыр-шатырларына тарай бастады.

Бұл күн экспедиция мүшелерінің есінде ұзаққа дейін сақталатындай көңілді өтті. Көпшілікке бірін-бірін тануға мүмкіндік беріп, олардың ұйымшылдығын күшейте түсті. Марқакөл жағасында өткен "Алтай қазынасы" экспедициясының үшінші күні осылай аяқталды.

Жалғасы:

4-күн: "Алтай қазынасы". Шварценеггердің атасы салған жол

5-күн: "Алтай қазынасы". Қаракөлдің ғажап табиғаты мен Арасан қайнары

6-күн: "Алтай қазынасы". Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесі

7-күн: "Алтай қазынасы". Берел қорымы мен Оралхан Бөкейдің үйі