Қыстаудан жайлауға: қалың қой өзеннен қалай өтпек?

Қыстаудан жайлауға: қалың қой өзеннен қалай өтпек?

1-күн: Қыстаудан жайлауға: мал айдаған фототілші

2-күн: Қыстаудан жайлауға: Ит өлген сайдың ирелең жолы

Көзімді ашсам, мұздап жатыр екенмін. Кешегі жаңбырдан кейін етігімді кептірмегеннен болса керек, әсіресе, аяғым тоңып қалыпты. Атып тұрып, басыма жастап жатқан дорбадан жаңа шұлық шығарып, дымқылданып тұрған ескі шұлықтың сыртынан киіп алдым. Сәл жылығандай болды. Орныма қайта жаттым. Көрпеге сыз өткенін сонда сездім. Айналама қараймын – қараңғыдан ештеңе көрінбейді. Телефон сөніп қалған, қосатын шам да жоқ. Тоңғаннан ұйқы да қаша бастады. Тыныштық. "Қой!", - дедім іштей, - "Не де болса ұйықтауға тырысайын".

Сол сәт көзім аспанға түсті. Мыңдаған, миллиондаған жұлдыз жымыңдап тұр. Бағанадан бері мына кереметті қалай байқамағанмын? Тағы да атып тұрдым. "Сурет! Суретке түсіру керек!", - деген оймен Алғабектің көлігіне жүгірдім. Кеше кешкісін фотоаппаратымды кабинаға қалдырғанмын. Есіктің ашылып-жабылғанын, ары-бері жүргенімді естісе керек, өзен жақтан маған бағыттала жағылған шам көрінді. Артынша: "Оу, кім бұл?", - деген сұрақ естілді. "Мен ғой", - дедім, дауысымды таныр деген оймен. Шам ұстаған адам жақындап келді де бетіме үңіле тіл қатты: "Еее, Ернармысың? Оянғаның дұрыс болды. Кеттік, шай ішеміз".

Бұл мал күзетіп жүрген Алғабек еді. Біз жатқалы көз ілмеген. Өзен жағасына от жағып, су қайнатып қойыпты. Мал айдаған үшеу оянғанда бірден ыстық шай ішсін деген ойы екен. Екеуміз отқа қарап отырып ұзақ әңгіме айттық. Жұлдыздардың жарығы азайып, аспан ағара бастаған шақта Алғабай мен Ернұр да оянды. Осылайша қыстаудан жайлауға мал айдаған үшеудің қызыққа толы үшінші күні де басталып кетті.

Күн арқан бойы көтеріліп, Пиларамның тоғайы мен жоталарын енді жарықтандыра бастаған шақта шопандар бір түн тұрақ болған бұл алқаптан шығып, Асыға апаратын жолдың бойымен батысты бетке ала кетіп бара жатты. 

Түндегі жұлдызды аспан бүгінгі күн райы ашық болатынынан хабар бергендей. Осыны және енді жолдың тек өрлей беретінін, екі күн ұзақ шақырымды жүріп өткен малдың шаршағанын ескеріп, Алғабай үшінші күннің жоспарын құрды.

Ол жоспар бойынша көш кешегіге қарағанда жылдамдығын сәл азайтып, жайлауға түстен кейін асықпай жетуі тиіс.

Мейлінше сақ болу да ескертілді. Өйткені Шетенді деген жерге жеткенше жолдың бір шеті биік дөңнен, екінші шеті құздан тұрады.

Төменде шатқал арасымен Асы өзені гүрілдеп ағып жатыр.

Мұнда әр қадамды анық басқан жөн. Осыны ескеріп, Ернұр малды оң қапталынан қайырып жүріп, жарға жақындатпауға тырысты.

Артық қимылдың арты үлкен зардапқа әкеп соғуы мүмкін. Бұл көліктің оқиғасын кейін жұртқа жеткенде білдік. Ішіп алған екі бауыр өзара ренжісіп, бірі көлігіне мініп, тауға тартады.  Осы тұста ол рөлін басқара алмай, көлік құздан ұшып кетеді. Өкініштісі, жүргізуші мүгедек болып қалыпты.

Атауы осы маңда өсетін шетен ағашына орай қойылған Шетендіге жеткенде жер біршама тегістеліп, малдың еркін жайылуына мүмкін туды.

Ұзақ жолдан күші таусылған қозы-лақ ары қарай жүргілері келмей, тұрған жерлерінде жата қалып, шаршағандарын әрекетімен жеткізді.

Жоспар бойынша, асықпай жүреміз десек те ұзақ аялдауға болмайды. Мұнда мал бір тынықты да, көп созбай көш жаңа күшпен қайта жалғасын тапты.

Жүре келе жер көгере түсті. Енді бірнеше жотадан кейін жайлау да басталмақ.

Жайлаудың алғашқы белгісі дөң астында жатқан бір отар қой болды. Көзге әдемі көрінгенімен шопандар үшін бұл да бір мәселе. Екі отар араласып кетсе, кейін оларды бөліп алу қиынға соқпақ.

Жазылмаған заң бойынша, жол бойындағы отар сәл шетке ысырылып, көшіп бара жатқан отарды өткізіп жіберуі тиіс. 

Қарт қойшы бұл заңды жақсы біледі, сол себепті алыстан келе жатқан малды көрісімен қойын жолдың шетіне қарай қайырып қойды.

Қарияның қимылын байқаған Алғабай оған амандасып, жағдайды сөзсіз шешкеніне ризашылығын білдіріп, аман-саулық сұрасып, малды бұл тұстан тезірек айдап өтуге тырысты.

Одан кейін бірінен кейін бірі тау етегіне тігілген үйлер көріне бастады.

Үй саны көбейген сайын, жолай шыққан мал саны да өсіп, отардың отарға араласу қаупі ең шекті деңгейге жетті.

Кей кездерде қойды "Міне, қосылды!" деген жерінен бөліп алған жағдайлар да орын алды.

Мұндайда ірі болғандықтан (саны да аз), қойға қарағанда сиырдың жарасы жеңіл. Араласқан күннің өзінде бөліп алу қиынға соқпайды.

Ал, бұқа мен бұқа кездессе, бұл бір қызық. Дегенмен, жайлаудағы бұл шоуды тамашалауға уақыт қайда?

Көп кешікпей ені он, ұзындығы жиырма шақырымнан асатын үлкен аумақты алып жатқан Асы жайлауы да көрінді.

Жота-жотаға тігілген киіз үйлер, әр жерде жайылып жүрген мыңғырған мал, ирелеңдеп аққан өзен – мұнда келген адамды он тоғызыншы, не одан да ертерек бір ғасырға түскендей күйге енгізеді.

Көзге жиі ұшырасатын көне обалар, жануарлардың тасқа салынған суреттері бұл әсерді одан ары күшейте түседі.

Біз келген уақытта жайлаудың күнделікті тіршілігі қайнап жатқан еді.

Мұнда көп жұрт көктем бітер шақта келіп алған. 

Алғабайдың көші соңғылардың қатарында.

Малшылар жоспардан озбай-қалмай жайлауға уақытылы жеткенімен, үйге жету үшін бірнеше сағаттық жол бар. 

Түнде Алғабек үй жылдағы дәстүр бойынша Қарағайлы атанған сайдағы жұртқа тігілгенін айтқан. Ал ол тұсқа жету үшін Асы өзенінің арғы бетіне өту керек.

Ірі қара өзеннен оңай өтті.

Ал қой-ешкіге келгенде шопандардың біраз тер төгуіне тура келді.

Жағаға келіп бас тіреген қой суға түсуге жүрексініп, орнынан қозғалмай тұрып алды.

Әдетте отардың алдына шығып көш бастайтын серкелер көп ешкінің арасына жасырынып, көрінбей қалды. 

Қойды өзенге түсіруге, тіпті, үш иттің де шамасы жетпеді. Олар ары жүгіріп, бері жүгіріп, ақыры өздері шаршап қалды.

Дегенмен, Алғабай да, Ернұр да бұл жағдайды қалай шешу керектігін білетін еді. Түлік айдауға көнбеген соң, олар бірнеше ешкіні көтеріп суға лақтырды.

Артынша, арғы бетке аман-есен өткен ешкіні көрген басқа мал да бірінің артына бірі суға секіруін бастап кетті.

Олар бейне судың астында көрінбейтін жол бардай өзеннен қаз қатар тізіліп, бір ізбен өтіп жатты.

Ернұр бергі беттен қалған малды айдап тұрса, Алғабай арғы бетте ұсақ малды бақылаумен болды.

Өзеннің ағысы қатты. Сол себепті қозы-лақтың арғы бетке өтуге шамасы жетпей, ағып кету ықтималдығы жоғары.

Алғабай сондай жайттар орын алған жағдайда құтқарушының қызметін атқармақ.

Үстіне тең артқан есектер өзеннен өткен малдың соңы болды.

Өзеннен өткеннен кейін жүріс жылдамдығы арта түсті.

Жұрттың қайда екенін білетін жылқы малшылар айдамаса да, басқалардан алға озып, көш бастады.

Ал, көк күшік пен сары күшік "Бағана айдауыма көнбеген ең" дегендей, отарды тыным таппай қуалап, жылқының жылдамдығына ілестіруге тырысты.

Көп кешікпей сай ішінен үй де көрінді.

Үш күнде ағасына қолғабыс болып, қатты шаршаған Ернұр үйді көргенде қуанышын жасыра алмады.

Жұртқа өзі ойлаған уақытта жеткеніне риза болған Алғабай малды еркін жайылуға қоя берді.

Сөйтті де, алыстан әкесін көріп жүгіріп келе жатқан ұлына жетуге асықты.

Жайлауға осыдан екі күн бұрын Алғабек ағаларымен келіп алған Алғабайдың бес ұлы әкелерін тағатсыздана күтіп жүрген еді. Бала кезден үлкендерге көмектесуге үйренген олар енді үш ай қатарынан мал бақпақ. Қой санау, бұзау іздеу, құлын байлау, отын жинау, су тасу – осы жұмыстың бәрі алдағы жазды қызықты етері сөзсіз. Ежелгі көшпелі халықтың дәстүрін ұстанып, бүгінгі күні бабалар жолын жалғастыруға тырысқан Алғабайлардың ізімен жүретін де осы балалар болар...

P.S. Осылайша үш күнде, нақтырақ айтсақ, алпыс сағатта қыстаудан жайлауға мал айдап әкелдік. Есептеп қарасам, бұл алпыс сағаттың қырық бесі ат үстінде өткен екен. Осы уақыт аралығында жанымда серік болған Алғабай мен Ернұрдан көп нәрсе үйрендім. Жолай қызыққа толы әңгімелер естіп, өзім де ауыз толтырып айтатын оқиғалардың кейіпкері болдым. Әр сапар адамды аз да болсын өзгертеді дейді. Расымен, солай. Бұл өзіңе не керек екенін түсінудің ең ұтымды жолы. Менің осы үш күнде білгеніммен қатар, түсінгенім де көп. Ол жайында бір айтармын әлі. Жолдастарымның сөзіне сенсек, жайлаудан қыстауға көшудің де өз қызықтары бар екен. Бәлкім, көрерміз?