Қыстаудан жайлауға: Ит өлген сайдың ирелең жолы

Қыстаудан жайлауға: Ит өлген сайдың ирелең жолы

1-күн: Қыстаудан жайлауға: мал айдаған фототілші

Түнделетіп келген екі жолаушының бірі Бартоғай маңынан жыртқыштың ізін көргенін жеткізгеннен кейін онсызда дөңбекшіп жатқан Алғабайдың ұйқысы қашты. Мұндай хабарларға бей-жай қарамауды оған өмір үйреткен. Бірде жанындағы жолдасы екеуі қатты шаршап көз ілгені сол екен, дөң астында аңдып жатқан қасқыр бірнеше тоқтыны жарып кетіпті. Шығынның саны көп болмаған. Десе де, сабақ аларлық жағдай. Сақтықта қорлық жоқ – қора маңын бір тінтіп өткен артық етпес деп шешті ол.

Ернұр екеуіміз иттердің үрген дауысынан ояндық. Далада жаңбыр жауып тұр. Сағатымыз жоқ. Алғабайдың сыртта жүргеніне қарап, таң атуға жақын шығар деп топшыладық. Расымен солай боп шықты. Оның осы уақытқа дейін қой күзеткенін кейін білдік. Абырой болғанда, жолаушы қателесті ме, әлде жыртқыш басқа бағытта кетті ме – түн тыныш өтті. Оразамызды ашып, алдағы ұзақ та қиын күнге дайындалдық. Жолай тоқтап жүрек жалғауға мүмкіндік бола ма, әлде кеш батқанша ат үстінен түспейміз бе – белгісіз.

Бұл күннің жоспары бойынша, малшылар түске дейін Кеңсай, Тақалма, Ит өлген сай, Бетбастау деген жерлерді басып өтіп, Пиларам аталған алқаптан асып, Асыға жақын маңда қоныстануы тиіс. Бірақ таулы өлке болғандықтан, жоспарға өзгерістер енуі мүмкін.

Себебі, мұнда күн құбылмалы. Бірде аспан ашылып, ысып кетеді, бірде көкті бұлт торлап, найзағай ойнап, жаңбыр құяды. 

Ал малдың жүру жылдамдығы ауа-райына тікелей байланысты. Жаңбыр жауса, айдауға көнбей, малышларды әуреге салады. Күн ысыса, үйездеп, жүрмей қояды. Түлікке аспан бұлттанып, самал соғып тұрғаны ғана жағатындай.

Алайда табиғат малшыларға ондай сыйды анда-санда ғана жасап тұрмаса, үнемі солай болуы мүмкін емес.

Көш Кеңсайды өтіп, Тақалмаға жақындағанда түнімен жауып, артынша бірнеше сағат тамшылап тұрып алған жаңбыр басылып, Күн сәулелері жұқарған бұлтты әр тұстан тескілей бастады.

Артынша көк аспан көрініп, ауаның жыли түскені сезілді. Осы сәтке дейін айдауға көніп, тыныш келе жатқан қой мен ешкі бұта-бұтаның арасына кіріп, бір шеті жайылып, бір шеті көлеңке іздеуге көшті.

Малдың бұлай шұбыруы шопандарға біршама қолайсыздық туғызады. 

Мұндайда бұтадан аласа лақ не қозылардың артта қалып қою қаупі біршама өседі.

Сол себепті, көзі қырағы Алғабай түнде ұйқысы шала болғанына қарамастан Ернұрды алда кеткен сиыр мен жылқыны айдауға жіберіп, өзі арт жақты түгендеуге қалды.

Қалың мал "Ит өлген сай" аталып кеткен ұзын сайға келгенде ауа температурасы қыза түсті. Бірақ бұл жер тар болғандықтан, қой-ешкі бұрынғыдай шашырай жайылуын қойып, қаз қатар жүруге көшті.

Ит өлген сайдың атауына қатысты аңыз дәл осындай ыстық күнмен тікелей байланысты. Баяғыда осы маңда екі шопанның малы қосылып, олар екі отарды сайдан шығара алмай қиналыпты. Бірінің жанына ерген иті бар көрінеді. Көп ойланбай шопандар малды сол итке айдатқан екен. Ішер суы жоқ сайдан шыққанша жануар әбден зорығып, шөлдеген. Малшылар жақын маңдағы бастаудан барып су әкелеміз дегенше ит өліп кеткен. Содан бері бұл сайға "Ит өлген" деген атау берілген деседі.

Әдеттегі аңыздарға қарағанда тым қарапайым. Түбіне жасырған пәлсапасы да жоқ сияқты. Бірақ сайдың атауы дәл қойылған. Оны өтеміз дегенше әшейінде тыным таппайтын Альфа мен жанындағы күшіктер де шаршап қалды. Тіпті, көк күшік жол бойынан шалшық тауып, шөлін сонда қандырды.

Ит өлген сай біткеннен кейін тау жақтан самал соғып, айнала көгере түседі. Бұл Бетбастауға жақындадық деген сөз.

Қиын жолдан келген мал шөп көргенде шашу шашылғанда кәмпитті көрген баладай қуанып, басын жерден алмастан жан жаққа бытырай жөнелді.

Алғабай мен Ернұр осы тұста сәл демалуды ұйғарып, тастақтан шаршаған малдың басын қайырмай, жайылуына мүмкіндік берді.

Көп ұзамай күн қайта бұлттана бастағандықтан жолды жалғастыруға тура келді. Ондағы ой жаңбыр жаумай тұрып мейлінше ұзақ жерді жүріп өту.

Бірақ аузы шөпке тиген мал тұрған орнынан қозғалғысы келмей, шопандар иттерді іске қосты. Ары-бері жүгірген үшеу бір сәтте түліктің бәрін иіріп иелерінің алдына салып берді.

Арада аз уақыт өткеннен кейін Бетбастау да көрінді. Мұнда үлкен суат бар. Сонау Бартоғайдан бері су ішпеген мал әбден шөлдеген екен. Иісін сезе сала жүрісін тездетіп, алға ұмтылды.

Суатқа су сонау тау басындағы бастаудан құбыр арқылы тартылған. Малға ыңғайлы етіп ұзын науа да жасалған.

Суы мұздай әрі дәмді. Шөлді бір ұрттағаннан қандырады.

Бетбастаудан тау етегі алақандағыдай көрінеді. Байқасаңыздар, алыста менмұндалап Көкпек жазығы мен Бартоғай су қоймасы тұр.

Суаттан шөлін қандырған мал бір уақыт тынығуды ұйғарды.

Иттер де ұйқыға басты.

Оларға қарап: "Отырып шай ішейік", - деп ойлады малшылар.

Дегенмен бұл уақытқа көктің өз жоспары бар еді. Мал тынығып, иттер ұйықтап, малшылар шай ішіп үлгерместен жаңбыр басталып кетті.

Елестетіңізші: су-су болған киім, суық жел, жан-жаққа бытыраған түлік, шаршаған ат, мұздаған ит. Сіркіреген жаңбыр астында мал айдау оңай емес.

Бірақ бұл да өткінші. Жауын басылған сәтте Ернұр дөңге шығып, малды түгендеуге кірісті.

Жаңбыр кезіндегі қарбаластан кейін түліктің санын шамалап болсын есептеп алған абзал.

Өйткені мұндайда бір-екі қозы емес, он, жиырма қойға дейін қалып қоятын жағдайлар болады.

Сол себепті, кейде шопандар артқа қайтып, сай-саланы, бұта арасын, жыра-жыраны тағы бір тексеріп келетіні бар.

Абырой болғанда, артта қалған мал жоқ сияқты. Жайлауды бетке алған жылқының ұзап кеткенін қоспағанда, сиыр да, қой да түгел көрінеді.

Малшылар санақпен алысып жүргенде алыстан Пиларам (пилорама – ағаш өңдейтін білдек) атанып кеткен алқап та көрінді.

Кезінде мұнда ағаш өңдейтін орталық болған. Жердің атауы да соған байланысты қойылған.

Алқаптың бір шетімен Асы атанған тау өзені ағып жатыр.

Бастауын сонау Қараш жотасынан алатын бұл өзен Асы жайлауын кесіп өтіп, шатқалдардың ішімен ағып барып, Шелек (Шілік) өзеніне құяды.

Күн басындағы жоспар бойынша біз бұл маңнан әлдеқайда ертерек өтуіміз керек еді. Бірақ жауған жаңбырдың әсерінен жылдамдық азайып, Пиларамға тек кеш уақытында келдік.

Көп малды алыстан көрген жергілікті қойшы "Көш көлікті болсын!" айтып, амандасқаннан кейін, Алғабайға осында қонуға кеңес берді. Өйткені жол бойында өзінің малы жатқан көрінеді. Ол малды шетке айдап, ары өтеміз дегенше кеш батып, қонатын жер таппай, бекер әуре болады екенбіз. Алғабай бұл ұсынысқа ойланып қалды.

Осы сәтте жайлаудан түсіп келе жатқан көлік ішіндегілер тағы бір жаңалық жеткізді. Олар тауда жаңбыр құйып тұрғанын, көп ұзамай осы маңға да жауатынын, Күн ұясына кірмей тұрып түннің қамын ойлаған жөн екенін айтып кетті.

Жан-жақтан алынған ақпаратты қорыта отырып, Ернұрмен ақылдаса келе, Алғабай осы маңда қонатынымызды айтты. Тез арада шай қойылып, кешкі қарбалас та басталып кетті.

Мал өзен жағасына қамалып, қайта саналғаннан кейін, таңнан бері суды азық еткен асқазанға да көңіл бөлетін уақыт табылды.

Бұл уақытта аспандағы бұлт қызғылт-сары түске боялып, Күннің ұясына кіріп бара жатқанынан хабар бергендей болды. Қой күзеткен үшеу сол бұлттарға қарап: "Көліктегілердің айтқаны келсе, қалай болар екен?", - деген уайыммен отырғанда, алыстан басқа бір көліктің дауысы естілді. Бұл кеше киіз үй мен тең артып жайлауға кеткен Алғабектің көлігі еді. Үйді тігіп, қора-қопсыны реттеп қойған ол, малшыларға ыстық тамақ жеткізіп, түнде қой күзетуге көмектеспек ниетпен келіпті.

Оның ниетіне қуанған Алғабай мен Ернұр қалған шаруаны соған тапсырып, өздері малдың екі шетіне көрпелерін төсеп, ашық аспан астында қалың ұйқыға кетті. Күндіз шаршағандықтан болар, көп ұзамай екі жақтан да қорылдың дауысы естіліп жатты. Қойшылардың ит-құс жайлы айтқан әңгімелерінен кейін көрпемді көлікке жақын маңға төсеп, жымыңдаған саны жоқ жұлдыздарға қарап ертеңгі ауа-райын болжап, күндіз болған оқиғалардан алған әсерім мен түсірген суреттерімді елге көрсетуге асығып, қалаға барғанда бұл күн жайлы не жазатынымды ойлап жатып мен де ұйықтап кеткенімді байқамай қалыппын. Көзімді ашсам...

Жалғасы:

3 күн: Қыстаудан жайлауға: қалың қой өзеннен қалай өтпек?