Қыстаудан жайлауға: мал айдаған фототілші

Қыстаудан жайлауға: мал айдаған фототілші

Жерге жарық беріп, тіршілік атаулыны оятуға асыққан Күн Көкпек жазығының солтүстік-шығысындағы Бұғыты тауларының артынан көрінер шақта алдына бір отар қой, қырық шақты сиыр мен тоғыз бас құлын-тайы аралас жылқыны салған атты үшеу Торайғыр тауының терістігінде орналасқан қыстақтан шығып, батысты бетке алған еді. Ондағы мақсат – былтырғы күзден бері шөпке тарыққан малды көк майсалы Асы жайлауына айдап апарып, отын қандыру. Барар жер жақын емес. Жол талғамайтын көліктер үш сағатта, салт атты бір күнде, ал алдына түлігін салған адам екі не үш қонып жететін қашықтықта.

Мал айдаушылардың бірі – Алғабай. Бұл істе алдына жан салмайтын тәжірибелі шопан.

Бала күні жайлау мен қыстауда өткен, әскерден келген жылы мал өсірумен түбегейлі айналсуға бел буған ол бауырларымен бірлесіп, атадан қалған қыстақты қалпына келтіріп, қолындағы бірнеше он қой мен бір-екі сиырды өсіріп, қазіргі санына жеткізген. Бүгінде өзі сот орындаушысы болып қызмет етеді. Ал, мал інілерінің қарамағында. Мына жүргені – солардың бір шетіне шығысып, көмек көрсеткені. Алғабайдың бес баласы бар. Жары Нұрбала мен балаларын осыдан бірнеше сағат бұрын түнделетіп жүк көлігіне киіз үй мен тең артып, жайлауға қарай шыққан інісі Алғабекке қосып жіберген. Ондағысы бұл жеткенше жұртқа барып, үйді тігіп, қора-қопсыны дайындай берсін дегені.

Екінші малшы – Ернұр. Алғабайдың үлкен ағасы Жайырбектің ұлы. Өзі қалада тұрады, сонда жұмыс істейді. Бірақ мұның да бала күні осы өңірде өткен.

Тәжірибесі ағасынан аздау болса да, бойында жастық жалыны бар. Астына мінген кер атын қамшылап бірде отардың арғы бетіне, бірде бергі бетіне өтіп, алыстап кеткен жылқыны қайырып, қайта келіп артта қалған сиырды асықтырып, ары-бері шауып жүргені.

Жасы қырыққа тақаған Алғабай оның бойындағы бұл қасиетті керек іске жаратып, арасында ағалығын көрсетіп қоятыны бар.

Үшіншісі – мен. Мал айдаудың жай-жапсарын оқырманға жеткізу жолында айтылған екеуге ілесіп жүрген фототілшімін. Бұл істе Алғабай мен Ернұрдан әлдеқайда қалып қойсам да, өзіме берілген көк атқа мініп қой қайыруға шамам жетеді. Сол себепті сапарлас серіктеріме бір көмегім тиетініне сенімдімін.

Айта кетерлігі, малшылардың менен басқа да көмекшілері жоқ емес. Солардың бірі – Альфа аталған қаншық. Аты грек әліпбиінің алғашқы әрібінің құрметіне қойылған демесеңіз, бұл шопандарға бергісіз ит.

Альфаның да өз көмекшілері бар. Олар: Сары күшік пен Көк күшік.

Бұл үшеуі іске кіріскенде шашырап кеткен мал атаулы бір сәтте жиналып, жеп жатқан шөбін тастап, алған бағытқа қарай зулап қоя береді.

Малшылардың тағы бір көмекшілері – есектер. Еті арам болса да, еңбегі адал бұл жануарға алдағы сапарға қажетті заттар салынған тең артылады. Осылайша, есек басқа малмен қатар жайыла жүріп, иелеріне көп көмек көрсетеді.

Малшылардың уақыты алдын ала жоспарланып қойған. Ол жоспардан ауытқуға болмайды. Өйткені даланың адамға бағынбайтын өз заңдары бар. Сол заңдармен санасқан абзал. Басқаша болған жағдайда табиғат ешкімді аямақ емес.

Жоспар бойынша көш түске дейін Көкпектің түстік бетімен Торыайғыр тауын жағалай отырып, Бартоғай су қоймасына жетуі тиіс. Ондағы ой: суы жоқ жазықпен жүріп өткен малды суарып алу. Одан кейін малшылар Тақалма атанған жерге жетіп, сонда түнемек.

Бұл жоспар бірнеше сөйлемге сыйып кеткенімен оңай болмай шықты. Жолай шопандар біраз әбігерге түсті.

Алдымен жүйрік жылқылар басқа малдан бөлініп, тым ұзап кетті.

Оларды қайыруға кеткен уақытта жайбасар ірі қара артта қалып қойды.

Бұл екеуін реттеген сәтте қойдың бұта арасына тап бергені белгілі болды.

Абырой болғанда, Алғабай мен Ернұрдың уақытылы әрекет етуінің арқасында түлік қайта алған бағытқа түсіп, көш жалғасын тапты.

Көп кешікпей алыстан бұлдырап Бартоғай да көрінді.

Шелек өзенін бөгеу нәтижесінде пайда болған бұл су қоймасы 1986 жылы толықтай пайдалануға берілген.

Ұзындығы 5, ені 3 шақырымнан асатын Бартоғай бүгінде ауыл шаруашылығына қажетті суды жинақтайтын таптырмас нысан.

Суға жақындағанда әбден шөлдеген мал жолдың ойқы-шойқысына қарамастан жүрісін жылдамдатып, жағаға жетуге асықты.

Жағаға жетіп, мал суарылып, міністегі аттар тыныққаннан кейін түс ауа көш жалғасын тапты.

Мал көлдің батыс жағалауына көпір арқылы өтіп, Тақалманы бетке алды.

Алайда, ол жаққа жетпей жатып күн райы күрт құбылып, аспанды торлаған бұлт қалыңдай түсті.

Жаңбырдың астында қалмауды ойлаған шопандар кеш батпай тұрғанда түнейтін жер іздеуді ұйғарды.

Сәті түсіп, жолай қора-қопсысы бар, иесі бірнеше күн бұрын жайлауға көшіп кеткен ескі қыстақ кездесіп, Алғабай көштің алғашқы түнін осы арада өткіземіз деген шешім шығарды.

Түлікті санап, қора-қораға қамағаннан кейін шопандар кешкі астың қамына кірісті.

Бұл уақытта күн күркіреп, жаңбыр жерге шелектеп құя бастаған еді. Дұрыс шешім қабылдағанына риза болған Алғабай жолдастарына қыстақтың иесінің кім екенін айта келе, кеш қарайғанға дейін жалғасқан ұзақ әңгімені бастап кетті. Ағасының айтқанына бас изеп, арасында сұрақ қойып әңгімені қыздырып отырған Ернұр кезекті оқиғаны соңына дейін тыңдауға шыдамай, қорылға басты. Мен де алғашқы күннің қызықтарын ойлап жатып, қорадағы қой тыныш жатса да, құлағымнан маңыраған дауыс кетпей, көзіме ары-бері жүгірген қозы-лақ елестеген күйде қалай ұйықтап кеткенімді байқамай қалдым. Қайта-қайта ойнаған найзағайдың дауысы ертеңгі күн бүгінгіден де қиын болатынынан белгі бергендей.

Жалғасы:

2-күн: Қыстаудан жайлауға: Ит өлген сайдың ирелең жолы

3 күн: Қыстаудан жайлауға: қалың қой өзеннен қалай өтпек?