- Негізгі бет
- Тұлға
- Ли Мин Хо:...
Ли Мин Хо: "Оны көргенде жүрегім дүрсілдеп кетуі керек"
Ли Мин Хо – 1987 жылдың 22 маусымында туған оңтүстік кореялық актер, әнші, модель. Ол киноға түсуді мектеп кезінен-ақ ойлаған. "Жігіттің сабаздары", "Қала тыңшысы" ("Boys over flowers", "City hunter") дорамаларында ойнаған Ли Мин Хо есімі қазақ көрермендеріне жақсы таныс. Жанкүйерлері арасында әсіресе қыздар көп. Түсірілім жұмыстарына көп уақыт кететіндіктен, Ли Мин Хо әзірге бойдақ. Әлі күнге жалғыз жүруінің себебі – графигінің тығыздығы. Бірақ актер болашақта міндетті түрде жүрегінің жартысын жолықтыратынына сенеді. Жанкүйерлері үшін Ли Мин Хо – мінсіз ханзада. Бірақ өзі бойында кемшілігі көп қарапайым адам екенін айтудан жалықпайды. Жанкүйерлерінің жүрегіне жара салмау үшін шынайы өмірде дұрыс емес қадамдарға бармайды екен.
Ли Мин Хоның қызығушылықтары мен ұстанымдарын білу үшін оның бір сұхбатын аударып отырмыз.
Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
Ли Мин Хо: "Мойынсұнған адам ешқашан жеңе алмайды". Жеңіс емес, күрескерлік рух маңызды. Қолыңыздан ештеңе келмесе де, меніңше, "мен берілмеймін" деген ұстанымның өзі – керемет нәрсе.
Өміріңізде үлкен қиындық келтірген дағдарыс болды ма?
Ли Мин Хо: 2006 жылғы көлік апаты. 6 ай бойы ауруханада жатып, қатты уайымға салындым. Бұдан былай кинода ойнай алмайтын болсам, не істеймін деп қапаландым. Алғашқы күндері моралдық тұрғыда сынып қалдым, енді жүре алмайтын болармын деп ойладым.
Күйзелістен қалай арыласыз?
Ли Мин Хо: Мен жай ғана ұйықтаймын. Оянған кезде әлі күйзеліп жатқан болсам, қайтып ұйықтаймын. Өз-өзіме келгенше осылай ұйықтай беремін. 24 сағат бойы ұйықтай алмаған кездерім де болған.
Қыздың қай қылығын ұнатасыз?
Ли Мин Хо: Ол сұлу болмаса да, менің жүрегім оны көрген бойда дүрсілдеп кетуі керек. Оның сыртқы келбеті мен үшін екінші орында тұрады.
Алғаш рет кіммен, қайда сүйістіңіз?
Ли Мин Хо: Бұл жоғары сыныптың бірінші жылында болды (біздіңше, 10 сынып). Мен қызбен өз үйінің алдында алғаш рет сүйістім.
Қызыңыз болса, одан қандай сыйлықты жиі алып тұрар едіңіз?
Ли Мин Хо: Мен жай ғана қызым болса екен деймін. Оның өзі мен үшін үлкен сыйлық болар еді.
Қай актрисамен бірге киноға түскіңіз келеді?
Ли Мин Хо: Өзім үшін мінсіз қыз болып саналатын Сон Хе Ге-сонбэмен түскім келеді. Ол – элегантты, харизмасы мықты, актерлік шеберлігі сұрапыл адам. Егер екеуміз киноға бірге түссек, одан көп нәрсе үйренемін деп ойлаймын. Бірақ көп қобалжыр едім.
Қандай адаммен кездескіңіз келеді?
Ли Мин Хо: Голливуд актері Эдвард Нортонмен кездескім келеді. Харизмасымен қоса, ыңғайлылық пен жайлылықты қалай құрай алатыны таңырқатады. Егер оны кездестірсем, "өтінемін, менің ұстазым болыңызшы" дер едім. Бірақ алдымен ағылшынша үйрену керек.
Қандай тамақты ұнатасыз? Өзіңіз тамақты жақсы пісіре аласыз ба?
Ли Мин Хо: Еттің барлық түрін ұнатамын. Тамақ пісіру тәсіліне келсек, қуырып, грильде дайындағанды жақсы көремін.
Ұқсас жазбалар:
Оңтүстік Корея жайлы таңғажайып деректер
Сурет: vk.com, showasia.ru
Р. Роза