- Негізгі бет
- Кино
- "Тақиялы періште" -...
"Тақиялы періште" - аты аңызға айналған фильм
Біртуар режиссер Шәкен Аймановтың тамаша көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қызықты сюжетімен есте қалатын ерекше фильмі «Тақиялы періште» 1968 жылы жарыққа шықты.
«Тақиялы періште» деп еркелетін кенже баласының бойдақ жүргені жүрегіне батқан Тана апа баласына қалыңдық іздей бастайды. Жасы 28-ге келген ұлы Тайлақ - география пәнінің мұғалімі, анасының еркесі, нар тұлғалы, мінезі көркем азамат. Баласына қалыңдық іздеу барысында Тана апа Нияз ақсақалдың отбасымен танысады.
Ал ұлы Тайлақ болса, Айша есімді арумен танысып, сөз жарастырғанымен оның таңдауын анасы құптамайды. Айшаның әкесі Тайыр кезінде Тана апаға сөз салып, уәдесінде тұрмағандығы анықталады. Жылдар өтсе де, Тайырға өкпелі Тана апа баласының сүйіктісімен бас қосуына наразылық білдіріп, қалыңдық іздеу жұмыстарын жалғастырады.
Тайлақтың қалыңдығы болуды армандайтын Алтыншаш сыра сатушысы болып істейді. Ол «періштені» өзіне қарату мақсатында неше түрлі амалдарды жасап, қалыңдық болуға талаптанады. Алайда, оның ниетіне оң жауап жібермеген Тайлақ сүйіктісі Айшамен бас қосады. Нияз қарт Тана апаға «екі жарты бір бүтін болайық» деп ұсыныс жасайды. Фильм ұлан-асыр екі тоймен аяқталады.
Фильм барысында 60-жылдардағы Алматы қаласын, сол кездегі жастардың болмысын көрумен қатар, Александр Зацепиннің «Ты куда, Одиссей?!» әні мен Ермек Серкебаевтың орындауындағы бірқатар әндерді тыңдауға болады.
Фильмге Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Али Исмаилов, Шолпан Алтайбаева, Раиса Лунева, Юрий Саранцев, Мұрат Ахмадиев т.с.с әртістер түскен болатын. Ал басты кейіпкер Тайлақ рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков кәсіби әртіс емес. Ол облыстық колхоздардың бірінде механизатор болып қызмет атқарған қарапайым шаруа болатын.
Қызықты деректер:
- Түсірілім жұмыстары сәуір айында басталады. Ол кезде Алматы қаласында қар еріп, киноның жартысын Свердловск қаласында түсіреді.
- Фильм сюжеті бойынша Алтыншаштың тапсырысымен басбұзарлар Тайлақты бассейн маңында ұрып кетеді. Бассейнде су болмай, өрт сөндіруші машиналар шақырылып, бассейн 4-5 машина суымен толтырылады.
- Келін іздеу мақсатында, тіпті Медеуге көтерілген Тана апа конькиші қыз рөлін белгілі спортшы Людмила Воронина сомдаған болатын.
- «Тақиялы періште» киносы жарыққа шыққан соң, ауылдан қалаға келетін қазақ жастарының саны едәуір өскен.
Суреттер Ғаламтор беттерінен алынды