Сон Хе Гё қайда жүр?

Сон Хе Гё қайда жүр?

Оңтүстік кореялық актриса Сон Хе Гё қазақ көрермендеріне жақсы таныс. Ол басты рөлді сомдаған "Жүрегімде қалған күз", "Ыстық ұя" сериалдары көбіміздің сүйікті сериалымызға айналды. Қазақ көрерменінің жүрегіне жол тапқан Сон Хе Гё қазір қайда жүр? 

Бұл күні Сон Хе Гё Оңтүстік Кореяда өз шығармашылығын шыңдау үстінде. 2015 жылдың аяғында жарыққа шығатын "The Descendant of the Sun" дорамасында басты рөлді сомдады. Түрлі жарнамаға түсіп, бүгінде Оңтүстік Кореядағы сұранысқа ие әртістердің бірі болып отыр. Баспасөз мәслихаттарына, салтанатты шараларға, кино фестивальдеріне, түрлі жиынға, түсірілімдерге қатысады, фотосессия өткізеді, сұхбат береді. Бір сөзбен айтқанда, жұлдызы жанған өнер адамдарының күнделікті өмірі Сон Хе Гёға да тән. Оның жанкүйерлері күннен-күнге артпаса, кеміген емес. 

Жеке өміріне келетін болсақ, 2003 жылы Ли Бён Хонмен кездесіп, бір жылдан кейін екеуі екі жаққа кеткен. Ли Бён Хон 2013 жылы Ли Мин Чжонмен шаңырақ көтергенін жазған едік. 2008 жылы түсірілім барысында Хен Бинмен танысып, жұптары жараспай, 2011 жылы айырылысқан. Жақында өткен баспасөз мәслихатында "Ана болуға дайынмын деп ойламаймын. Алғашқы махаббатымды 17 жасымда жолықтырдым. Махаббатта шектеу жоқ, егер ол жақсы адам болса, қалғаны маңызды емес", - деп жауап берген 34 жастағы актриса. 

Сон Хе Гё - өте салмақты тұлға. Тіпті өзі сұлулығына күмән келтіреді екен. "Сон Хе Гё пластикалық операция көмегіне жүгінген" деген алып-қашпа әңгіме көп айтылса да, актриса бұның бәрін жоққа шығарып, "мен дерматологқа барсам, тек қана терімді емдеу үшін барамын", - деп мәлімдеген. 

Актриса Оңтүстік Корея киноларымен шектелмей, "Өзіңізді үйіңізде отырғандай еркін сезініңіз" атты америкалық фильмге түскен. Сонымен қатар "Гроссмейстер" атты қытайлық фильмде шағын рөлге ие болған. 2009 жылы Азия пандаларының құқығын қорғайтын елші атанған. 2011 жылы әлемдік жұлдыздармен жұмыс істейтін Effigies француз агенттігімен келісімшартқа отырған алғашқы Азия актрисасы болды. 

Оңтүстік Кореядағы ең сұлу актриса аса дарынды. Драмада да, көңілді киноларда да образды толық ашып, көрерменнің жүрегіне жеткізе алады. 

Сон Хе Гёнің сүйікті ісі – саяхаттау, жүзу және мәнерлеп сырғанау. 

Сурет: vk.com/clubsonghyekyo

М. Оңғарова