Қаныштың қисапсыз қыры

Қаныштың қисапсыз қыры
Фото: bayan-muzei.kz

Қазақтың бағына біткен біртуар, қайталанбас тұлға, Алаштың арыс азаматы, геология ғылымының негізін салған, қазақ арасында инженерлік өнерін туғызған ғажайып ғалым – Қаныш Сәтбаевты білмейтін қазақ жоқ шығар. Тек қазақ арасында ғана танылып қоймай, өзінің ұшқыр ойының, терең идеясының, ізденімпаз іскерлігінің арқасында шетелдік ғалымдарды да бас идіре білді. Бала кезінен білімге құмар, білуге құштар болуымен қатар, ешкімнің ойына келмейтін нәрселерді ойлап, кішкене ұғымдарды үлкен миымен зерттеп жүрген екен.

Академик ғалымның геология саласына құштарлығы оянуының өзі аңызға бергісіз әңгіме болып, ел жадында сақталып келеді. Оны жерлесі Қалкен Жәмінов өз естелігінде тілге тиек етеді.

«Қаныш аға бала күнінен-ақ табиғат құбылыстарында көп сыр бар екенін, оны оқыса ғана білетіндігін түсінген. Басқа балаларға қарағанда Қаныштың ойыны да ерекше болған. Қыс мұз бетіне, жаз тақыр жерге әртүрлі затты қойып, қора жасап, өзінше бірнеше белгі орнатып, солардың арасында кейде кешке дейін ойнап жүреді екен. Таудан, өзекшелер етегінен тастардың тәуірлерін жинап алып, сандыққа салып, көшкенде оны бірге ала жүретін болыпты. Әсіресе көп қызыға қарайтыны тесік тастың сыры екен. «Менің геолог маман болуға ынтығуым осы тастардың табиғи жаратылысының құпиясына қызығудан басталды...» деген сөзін бертінде біз де естігенбіз».

Қаныш Сәтбаев өзінің ғылыми жолын жаратылыстану пәнінен сабақ берумен бастап, сол саланың барлық ғылымын түгелдей игеріп, өзгелерге де үйретіп, саналарына сіңіріп кетуге өзінің бар алпыс бес жыл ғұмырын арнады. Жаратылыстану ғылымдарының барлық саласын игерген деген сөзімізге ұлы классик жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Қаныштың бір үлкен ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, тілші-әдебиетшімен де өздерінің ғылым тілінде сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп,  ұғыса біледі. Әр ғылымның саласындағы әрбір кезеңде пісіп келген нақтылы, жауапты мәселелеріне қажет болған мәслихатын айтып, мықты басшылық ете білді. Жұмысқа мойымайтын үлкен ісшілік те бар. Өз басының білімін өсіруде, жан-жақты кең өрісті ғалым болуда тынымы жоқ ізденуші Қаныш – Қазақстан Академиясының ауқымында қызмет ететін ғалымдардың барлығына да анық ұстаз, үлгі боларлық білгіш. Ғылымдағы ұйымдастырушылық талантының тағы бір өзгешелігі – кадрларды өсіру жолындағы талап-қайратынан аса айқын көрінеді»,- деген сөзі анық айғақ бола алады. Бұл бір ауыз сөзден біз ғалымның тек қана жаратылыстану ғылымдарымен шектеліп қалмай, шығармашылық бағытқа да бас бұрғанына, тарихтан, әдебиеттен, өнерден де құр алақан болмағанына көз жеткізе аламыз.

Жалғасы

Ұқсас жазбалар:

Мұқан Төлебаев туралы сіз білуге тиіс 10 дерек

Альберт Эйнштейн өмірінен сыр шертетін суреттер

@. @assel_assanova